Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Белиз Үкіметі арасындағы дипломатиялық, қызметтік және ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 31 мамырдағы № 433 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2022 жылғы 14 желтоқсанда Нью-Йоркте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Белиз Үкіметі арасындағы дипломатиялық, қызметтік және ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Ескерту. Нормативтік құқықтық
актіге қоса тіркелген
халықаралық Келісімнің
мәтіні ресми болып
табылмайды. ҚР халықаралық
Келісімінің жасасқан тілдердегі
ресми куәландырылған
көшірмесін ҚР халықаралық
Келісімдерін тіркеуге,
есептеуге және сақтауға
жауапты ҚР Сыртқы істер
министрлігінен алуға болады
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 31 мамырдағы
№ 433 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Белиз Үкіметі арасындағы дипломатиялық, қызметтік және ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Белиз Үкіметі

      достық қарым-қатынастарды дамытуға және тереңдетуге, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы экономикалық, сауда, мәдени, ғылыми және басқа да қатынастарды нығайтуға жәрдемдесу ниетін басшылыққа ала отырып,

      екі мемлекет азаматтарының сапарлары үшін құқықтық негіз белгілеу мақсатында

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Шекарадан өту құқығын беретін Қазақстан Республикасының немесе Белиздің жарамды дипломатиялық, қызметтік және ресми паспорттарының (бұдан әрі – паспорттар) иелері болып табылатын бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына бірінші келген күннен бастап әрбір 180 (бір жүз сексен) күндік кезең ішінде 30 (отыз) күнге дейін визасыз келе алады, кете алады, транзитпен өте алады және онда бола алады.

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында 30 (отыз) күннен астам болуға не оның аумағында еңбек немесе коммерциялық қызметті жүзеге асыруға ниет білдірсе, екінші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес оның дипломатиялық өкілдігінен немесе консулдық мекемесінен тиісті виза алуға тиіс.

2-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің аумақтарына шетел азаматтарының келуі, онда болуы және кетуі режимінің өзгеруі туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабардар етеді.

3-бап

      Бір Тарап мемлекетінің аумағында дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің қызметкерлері ретінде қызметтік іссапардағы екінші Тарап мемлекетінің жарамды паспорттары бар азаматтары, сондай-ақ жарамды паспорттары бар олардың отбасы мүшелері оларды аккредиттеу мерзімінде Тараптар мемлекеттерінің аумағына виза ресімдемей келе алады, онда бола алады және кете алады.

4-бап

      1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерге нұқсан келтірместен, осы Келісімге сәйкес визалық талаптардан босатылған бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған уақытта осы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын, оның ішінде шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар үшін белгіленген тіркеу, болу және жүру қағидаларын сақтауға міндетті.

5-бап

      Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті және қоғамдық денсаулықты қамтамасыз ету мақсатында қабылдаушы мемлекеттің аумағында болуы қолайсыз деп танылған Тараптар мемлекеттері азаматтарының келуінен бас тарту, олардың болу мерзімін қысқарту немесе тоқтату құқығын өзінде қалдырады.

6-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болу уақытында паспорттың қолданылу мерзімі өткен, жоғалған немесе бүлінген кезде бұл туралы осы мемлекеттің құзыретті органдарына және өз мемлекетінің дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне дереу хабарлауға міндетті.

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болу уақытында паспорттың қолданылу мерзімі өткен, жоғалған немесе бүлінген кезде өз мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі берген және өз мемлекетіне қайту құқығын беретін жаңа жарамды паспорттың немесе жеке басын куәландыратын уақытша құжаттардың негізінде осы мемлекеттің аумағынан визасыз кете алады.

      Бір Тарап мемлекетінің аумағынан күтпеген жағдайлар салдарынан (табиғи апат, ауру және т.б.) осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген мерзімде кету мүмкіндігі жоқ екінші Тарап мемлекетінің азаматтары оны растайтын құжаттық немесе басқа сенімді дәлелдемелері болғанда осы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес оның аумағынан кету үшін қажетті кезеңге оның аумағында болу мерзімін ұзартуға рұқсат алуға тиіс.

7-бап

      Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп немесе қоғамдық денсаулықты сақтау немесе басқа да ұлттық мүдде тұрғысынан осы Келісімнің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата алады. Мұндай шешім туралы ол күшіне енгенге дейін 7 күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде екінші Тараптың назарына жеткізіледі.

      Осы баптың бірінші абзацында көрсетілген себептер бойынша осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған Тарап ең қысқа мерзімде екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы мұндай себептердің жойылғаны тоқтатылғаны туралы хабардар етеді.

8-бап

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы паспорттардың және шекарадан өтуге құқық беретін осы Келісімнің 6-бабында көрсетілген уақытша құжаттардың үлгілерімен алмасады.

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары паспорттарға және шекарадан өтуге құқық беретін уақытша құжаттарға қатысты кез келген өзгерістер туралы осы өзгерістер қолданысқа енгізілгенге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей бір-бірін жазбаша түрде хабардар етеді және бір мезгілде бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы өзгертілген жол жүру құжаттарының үлгілерін береді.

9-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

11-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 12-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім Тараптардың бірінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 90 (тоқсан) күн өткен соң өзінің қолданысын тоқтатады.

      20__ жылғы __________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Мәтіндер арасында сәйкессіздіктер болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін Белиз Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады