Келісімшарттық қызметшілерді тарту қағидаларын, келісімшарттық қызметшілер тартылатын жобалардың түрлерін, еңбекке ақы төлеу шарттары мәселелерін және олардың қызметін реттеудің өзге де мәселелерін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 маусымдағы № 482 қаулысы.

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 64-1-бабы 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Келісімшарттық қызметшілерді тарту қағидалары, келісімшарттық қызметшілер тартылатын жобалардың түрлері, еңбекке ақы төлеу шарттары мәселелері және олардың қызметін реттеудің өзге де мәселелері бекітілсін.

      2. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 16 маусымдағы
№ 482 қаулысымен
бекітілген

Келісімшарттық қызметшілерді тарту қағидалары, келісімшарттық қызметшілер тартылатын жобалардың түрлері, еңбекке ақы төлеу шарттары мәселелері және олардың қызметін реттеудің өзге де мәселелері 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Келісімшарттық қызметшілерді тарту қағидалары, келісімшарттық қызметшілер тартылатын жобалардың түрлері, еңбекке ақы төлеу шарттары мәселелері және олардың қызметін реттеудің өзге де мәселелері (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 64-1-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және келісімшарттық қызметшілерді тарту тәртібін, келісімшарттық қызметшілер тартылатын жобалардың түрлерін, еңбекке ақы төлеу шарттары мәселелерін және олардың қызметін реттеудің өзге де мәселелерін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) келісімшарттық қызметшінің келісімшарты (бұдан әрі – келісімшарт) – мемлекеттік орган мен Қазақстан Республикасының азаматы арасындағы оның құқықтары мен функционалдық міндеттерін, еңбек жағдайларын, сондай-ақ еңбек нәтижелерімен (сандық және (немесе) сапалық көрсеткіштер) өзара байланысты еңбекке ақы төлеу жағдайларын, еңбек нәтижелеріне қол жеткізбегені үшін жауапкершілігін және басқа да жеке жағдайларды белгілейтін еңбек шарты;

      2) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттік қызмет саласында біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;

      3) мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісі (бұдан әрі – келісімшарттық қызметші) – ұлттық жобаларды және Жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларға сәйкес өзге де жобаларды (бұдан әрі – жоба) іске асыру үшін Заңда көзделген ерекшеліктермен келісімшарт бойынша мемлекеттік органға тартылған Қазақстан Республикасының азаматы.

2-тарау. Келісімшарттық қызметшілерді тарту тәртібі

      3. Жобаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органның (бұдан әрі – мемлекеттік орган) бірінші басшысы келісімшарттық қызметшіні тарту қажеттілігі туралы шешім қабылдай алады.

      4. Осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген шешім қабылданған жағдайда уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік органның лауазымды адамы келісімшарттық қызметшінің біліктілік талаптарын (бұдан әрі – біліктілік талаптары) бекітеді.

      5. Біліктілік талаптары бекітілгеннен кейін мемлекеттік органның бірінші басшысына оның орынбасарының немесе мемлекеттік органның жобаны іске асыруға жауапты өзге де лауазымды тұлғасының ұсынуы бойынша келісімшарттық қызметшінің кандидатурасы ол біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда енгізіледі.

      6. Кандидатурасын мемлекеттік органның бірінші басшысы мақұлдаған тұлғаны келісімшарттық қызметші ретінде тарту келісімшарт жасасу және жұмыс берушінің актісін шығару жолымен жүзеге асырылады.

      7. Келісімшарттық қызметшілер мемлекеттік лауазымды атқара алмайды.

      Келісімшарттық қызметші ретінде тартылатын азаматтар Заңның 64-1-бабының 8-тармағында көрсетілген талаптарға және біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      8. Мүдделер қақтығысына жол бермеу үшін жобаны іске асыруға тартылған мемлекеттік қызметшілердің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаты болып табылатын азамат келісімшарттық қызметші ретінде қабылданбайды.

      Мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу, сондай-ақ оларға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау туралы міндеттемелер келісімшартта жазылады.

3-тарау. Келісімшарттық қызметшілер тартылатын жобалардың түрлері

      9. Мемлекеттік органдарға келісімшарттық қызметшілер ұлттық жобаларды және Жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес өзге де жобаларды іске асыру үшін тартылуы мүмкін.

4-тарау. Келісімшарттық қызметшінің еңбегіне ақы төлеу шарттары мәселелері және оның қызметін реттеудің өзге де мәселелері

      10. Келісімшарттық қызметшінің еңбегіне ақы төлеу шарттары келісімшарттық қызметшінің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына және сапасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес өзге де еңбек жағдайларына байланысты тараптардың келісімі бойынша келісімшартта белгіленеді.

      Келісімшарттық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу мемлекеттік органды ұстауға не жобаны іске асыруға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен жүзеге асырылады.

      11. Келісімшарттық қызметшіге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес ұзақтығы күнтізбелік жиырма төрт күн болатын жыл сайынғы ақысы төленетін еңбек демалысы беріледі.

      12. Уәкілетті орган мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілердің кадр құрамының жай-күйіне мониторинг жүргізеді.

      Уәкілетті органмен келісу бойынша жобаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органның лауазымды тұлғасы келісімшарттық қызметшінің мемлекеттік органмен өзара іс-қимыл алгоритмін бекітеді.

      13. Мемлекеттік құпиялармен жұмысты көздейтін келісімшарттық қызметшілердің қызметі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      14. Келісімшарт тараптардың келісімі бойынша бұзылуы мүмкін, келісімшартты бұзудың өзге шарттары, сондай-ақ оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу келісімшартта жазылады.

      Келісімшарттық қызметші мен мемлекеттік орган арасындағы даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады