Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне шолу" жобасын іске асыру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 551 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне шолу" жобасын іске асыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Арманұлы Ерғалиевқа  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне шолу" жобасын іске асыру туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 11 шілдедегі
№ 551 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне шолу" жобасын іске асыру туралы келісім

      Бұдан әрі жеке-жеке "Тарап" және бірге "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Келісімнің нысанасы

      1. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын 1-қосымшада және 2-қосымшада сипатталған "Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне шолу" жобасын (бұдан әрі – "Жоба") жүзеге асырады.

      2. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы (бұдан әрі – Бюро) Қазақстан тарапынан Жобаны іске асыруға жауапты мемлекеттік орган болып табылады.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Жоба шеңберінде ЭЫДҰ жүргізетін жұмысты қаржыландыруға келіседі.

      4. Жобаның ұзақтығы осы Келісімге екі Тарап қол қойған күннен бастап 36 айды құрайды.

2-бап. Бюджет және қаржыландыру тетіктері

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ-ға Жобаны іске асыруға арналған шығыстарды жабу есебіне 620000 (алты жүз жиырма мың) еуро сомасында жарна (бұдан әрі – "Жарна") беруге міндеттенеді.

      2. Бюджеттің есеп-қисабы осы Келісімге 1-қосымшада ұсынылған.

      3. Жарна үш кезеңде мынадай түрде төленеді:

      1) осы Келісімге қол қойылғаннан және ЭЫДҰ-дан тиісті шот-фактура алынғаннан кейін 30 (отыз) күн ішінде 280000 (екі жүз сексен мың) еуро мөлшеріндегі бірінші жарна;

      2) ЭЫДҰ-дан тиісті шот-фактура қоса беріліп, Жобаны іске асырудың бірінші жылы туралы қаржылық есепке қол қойылғаннан және ол алынғаннан кейін 12 ай ішінде 170000 (жүз жетпіс мың) еуро мөлшеріндегі екінші жарна;

      3) ЭЫДҰ-дан тиісті шот-фактура қоса беріліп, Жобаны іске асырудың екінші жылы туралы қаржылық есепке қол қойылғаннан және ол алынғаннан кейін 24 ай ішінде 170000 (жүз жетпіс мың) еуро мөлшеріндегі үшінші жарна.

      4. ЭЫДҰ бұл жарнаға қазіргі уақытта жарнаның жалпы сомасының 8,08 %-ы мөлшерінде әкімшілік шығындарды өтеуге ақы төлеуді көздейтін ЭЫДҰ қаржылық ережелеріне және басқа да тиісті ережелеріне, саясаты мен рәсімдеріне сәйкес иелік етеді.

      5. Шығыс бухгалтерлік есептің жалпы қабылданған қағидаттарына сәйкес ЭЫДҰ шоттарында көрсетіледі және ЭЫДҰ аудитінің стандартты қағидаларына сәйкес аудит кезінде тексерілуі мүмкін.

3-бап. Жұмыстардың сипаттамасы және есептілік

      1. ЭЫДҰ Жобаны осы Келісімге 2-қосымшада келтірілген техникалық тапсырмаға сәйкес жүзеге асырады.

      2. Жобаның әрбір аяқталған жылы аяқталғаннан кейін үш ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне осы Келісімге байланысты өткен жылы өткізілген негізгі іс-шаралар қысқаша ұсынылған баяндау нысанындағы іске асырылу барысы туралы аралық есепті ұсынады.

      3. Жоба аяқталғаннан кейін үш ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне баяндау нысанындағы қорытынды есепті ұсынады.

      4. ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жобаның әрбір 12 айлық кезеңі аяқталғаннан кейін үш ай ішінде шығыстар туралы қаржылық есепті және Жоба кезеңі аяқталғаннан кейін үш ай ішінде шығыстар туралы қорытынды қаржылық есепті ұсынады.

      5. Қазақстан Республикасының Үкіметі қаржылық есептілікке қойылатын талаптар ЭЫДҰ есептілігінің стандартты форматына сәйкес шығыстар туралы есепті ұсыну арқылы сақталатынына келіседі.

4-бап. Ақпарат алмасу

      1. Тараптар ЭЫДҰ ресми тілдерінің бірінде, яғни ағылшын немесе француз тілдерінде Жобаны іске асыру мақсатында бір-біріне өзара жәрдем мен қажетті ақпаратты ұсынады.

      2. Тараптар арасындағы кез келген хат-хабар мынадай мекенжайлар бойынша жіберіледі:

      Бюро атына: Жандос Шаймарданов мырза, Бюро басшысы, Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, № 8 үй, "Министрліктер үйі" әкімшілік ғимараты, 4-кіреберіс, тел.: +7 (7172) 74-90-16, +7 (7172) 74-90-19, электрондық мекенжайы: zh.shaimardanov@aspire.gov.kz;

      ЭЫДҰ атына: Жульен Дюпон мырза, Жаһандық қатынастар, ЭЫДҰ Статистика және деректер директораты, 75775, Франция, Париж қаласы, Седекс 16, Андре-Паскаль көшесі, 2, электрондық мекенжайы: julien.dupont@oecd.org.

5-бап. Жобаның нәтижелерін пайдалану

      1. Жобаның нәтижелері кез келген нысанда ЭЫДҰ-ның айрықша меншігі болып табылады.

      2. Үшінші тараптардың құқықтарын, сондай-ақ ЭЫДҰ-ның құжаттарды құпияландыру мен құпиясыздандыруға қатысты қағидалары мен саясатын ескере отырып (егер бұл қолданылса), ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне ағымдағы жарна қаражатынан қаржыландырылатын қызмет шеңберінде дайындалған қорытынды есепті коммерциялық емес мақсаттарда пайдалану, көшіру және тарату құқығын береді. Үкіметтің қорытынды есепті өзінің веб-сайтында және/немесе министрліктер мен басқа да мемлекеттік органдардың веб-сайттарында орналастыруға, сондай-ақ толық мәтінді тек оқуға мүмкіндік беретін форматта (html 5) бөлісуге де құқығы бар.

      3. Үкімет ЭЫДҰ-ның авторлық құқығын қажет болатын барлық жерде әрқашан тиісті түрде мойындайды және көрсетеді.

      4. Қорытынды есеп Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жобаға қосқан үлесін мойындауды қамтиды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің символы есептің ішінде жоғарыда көрсетілген танудың жанында орналастырылады.

      5. Жоба барысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылатын, ЭЫДҰ ұсынған кез келген деректер немесе ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып қалады. ЭЫДҰ-ның өз есебін дайындау мақсатында және Жобаны жүзеге асыру үшін көрсетілген деректер мен ақпаратты пайдалануға және (немесе) қосуға құқығы бар.

6-бап. Дауларды шешу

      1. Осы Келісімнен немесе оған қатысты, оның ішінде оны бұзудан, тоқтатудан немесе жарамсыздығынан туындайтын, бейбіт жолмен реттелуі мүмкін емес кез келген дау, келіспеушілік немесе наразылық 2012 жылғы Төрелік соттың тұрақты палатасының Төрелік регламентіне сәйкес төрелік талқылау жолымен шешілуге тиіс. Төрешілердің саны бірге тең болуға тиіс. Төрелік талқылаудың тілі – ағылшын тілі. Төрелік талқылауды өткізу орны – Париж, Франция. Осы арқылы Тараптар төрелік соттың кез келген шешімін жою немесе орындауға жатпайды деп тану мақсатында оны даулау құқығынан бас тартады.

7-бап. Артықшылықтар мен иммунитеттер

      1. Осы Келісімде ештеңе халықаралық ұйым ретінде ЭЫДҰ пайдаланатын артықшылықтар мен иммунитеттерден бас тарту ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

8-бап. Өзгерістер мен толықтырулар

      1. Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап. Күшіне енуі

      1. Осы Келісім екі Тарап қол қойған күннен бастап күшіне енеді. Ол екі Тарап одан туындайтын барлық міндеттемелерді орындағанға дейін қолданылады және толық күшін сақтайды.

      2. 2023 жылғы "__" _________ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Экономикалық ынтымақтастықжәне даму ұйымы үшін


  Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Экономикалық ынтымақтастық
және даму ұйымы арасындағы
"Қазақстанның ұлттық статистикалық
жүйесіне шолу" жобасын
іске асыру туралы келісімге
  1-қосымша

Бюджеттің пайдаланылуын бағалау

Сметалық шығыстар

Еуро

• Персоналға жұмсалатын шығыстар (ЭЫДҰ штаттық уақыты)

451,058

• Әр адамға қаражатты қайтару/өтеу

55,743

• Миссиялар (іссапар шығыстары)

35,000

• Консультация беру (зияткерлік көрсетілетін қызметтер)

24,000

• Өзге операциялық шығыстар

4,103

• ЭЫДҰ ерікті жарналарын әкімшілендіру төлемі (8,08 %)

50,096

Жалпы сметалық шығыстар

620,000

      Ескертпе: бюджеттің бір бабы бойынша кез келген артық шығын бюджеттің басқа бабы бойынша толық жұмсалмаған шығынмен өтелуі мүмкін, бұл ретте бюджет жалпы шеңберде қалады.

  Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Экономикалық ынтымақтастық
және даму ұйымы арасындағы
"Қазақстанның ұлттық статистикалық
жүйесіне шолу" жобасын
іске асыру туралы келісімге
  2-қосымша

"Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне шолу" жобасы бойынша техникалық тапсырма

      A. Шолудың мақсаты мен қамту саласы

      ЭЫДҰ-ның Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне шолуының (бұдан әрі – Шолу) негізгі мақсаты Қазақстандағы ресми статистиканың Ұлттық статистикалық жүйесінің (ҰСЖ) ЭЫДҰ Кеңесінің тиісінше статистикалық практика жөніндегі ұсынымдарына (бұдан әрі – Ұсыным) сәйкестігін бағалауға, сондай-ақ Ұлттық статистика бюро (бұдан әрі – Бюро) және Қазақстанда ресми статистикалық ақпаратты басқа да тиісті өндірушілер жинайтын және тарататын ресми статистикалық ақпараттың сапасын зерделеуге негізделетін болады.

      Шолу мынадай салаларды қамтиды:

      i. Мемлекеттік статистиканың құқықтық және институционалдық негізі;

      ii. Статистикалық инфрақұрылым (базалық санақтар, зерттеулер, тіркелімдер және сыныптауыштар), халық және тұрғын үй санағын, ауыл шаруашылығы санағын, экономикалық санақты, кәсіпорындар тіркелімін (статистикалық бизнес-тіркелім), жұмыс күшін зерттеуді және үй шаруашылықтарын зерттеуді, кәсіпорындарды зерттеуді, халықаралық стандарттар мен сыныптауыштарды қоса алғанда;

      iii. ЭЫДҰ-ның мынадай негізгі статистикалық пәндік салаларындағы/аяларындағы деректердің сапасы мен салыстырмалылығы:

      a. Ұлттық шоттар (ресурстар мен пайдалану кестелерін қоса алғанда) және мемлекеттік қарыз статистикасы

      b. Кәсіпорындардың құрылымдық және демографиялық статистикасы (Статистикалық бизнес-тіркелім)

      c. Тауарлар мен қызметтердің халықаралық саудасы және кәсіпорындардың сипаттамалары бойынша бөлінген сауда

      d. Баға статистикасы және сатып алу қабілетінің паритеттері

      e. Төлем балансының статистикасы және халықаралық қызметтер көрсету саудасының статистикасы

      f. Қысқа мерзімді еңбек статистикасы және еңбекақы төлеу статистика     

      g. Өндіріс және сұраныс индекстері – нақты көрсеткіштер

      h. Қысқа мерзімді қаржылық статистика

      i. Бизнес-тенденциялар мен тұтынушылардың пікірлеріне сұрау салулар

      j. Кірістерді бөлу

      k. Әл-ауқат көрсеткіштері

      Компоненттің түпкілікті қамтылуы (iii) деректердің салалары/аялары мен Қазақстандағы ресми статистикалық ақпараттың өндірушілері анықталғаннан кейін жоғарыда аталғандардан ерекшеленуі мүмкін.

      Құқықтық және институционалдық базаны шолудың нәтижесі БҰҰ ЕЭК, ЕЕСҚ, Еуростат және ЭЫДҰ жүргізген Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесін жаһандық бағалауға (бұдан әрі – Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесін Жаһандық бағалау) қосқан жазбаша үлес болады. Шолу барлық басқа салаларда анықталған саясат бойынша қорытындылар мен ұсыныстар көрсетілетін жазбаша есеп жасауға да әкеледі.

      Шолу процесі

      Шолуды ЭЫДҰ Статистика және деректер директоратының (СДД) зерттеу тобы үйлестіреді. Бюро ресми статистикалық ақпаратты қалыптастыруға және таратуға жауапты негізгі мемлекеттік орган бола отырып, Ұлттық статистика жүйесінің үйлестірушісі болып саналады. Бюро Шолуды үйлестіру және ол бойынша кейінгі іс-қимылдарға, сондай-ақ ЭЫДҰ Зерттеу тобымен сапалы және уақтылы алмасуға жауапты ішкі үйлестірушіні ресми түрде тағайындайды. Үйлестірушіге қажетті персоналды жедел деңгейде жұмылдыруға және бұл қызметкерлердің Шолуға жеткілікті уақытының болуын қамтамасыз етуге өкілетті болуы маңызды. Осыдан кейін Шолу төменде сипатталғандай үш кезеңде өтеді.

      1-кезең: Ақпарат жинау

      Осы кезеңде ЭЫДҰ зерттеу тобына Қазақстанның мемлекеттік статистика органдары түрлі сауалнамаларды толтыруы қажет болады:

      БҰҰ ЕЭК-ЭЫДҰ бірлескен сауалнамасы Қазақстандағы ресми статистиканың құқықтық және институционалдық негізі туралы ақпарат жинау үшін пайдаланылады.

      ЭЫДҰ зерттеу тобы бірінші жылдың соңында Бюроға басқа сауалнамалар жібереді.

      Бұл ақпаратты растау және толықтыру үшін фактілерді белгілеу миссиялары мен кездесулер ұйымдастырылады:

      Құқықтық және институционалдық негіз туралы толық ақпарат алу үшін БҰҰ ЕЭК-пен фактілерді белгілеу жөніндегі бірлескен миссия.

      Фактілерді белгілеу миссиясы барысында қазақстандық сарапшылар Шолумен қамтылған статистиканың салалары/аялары бойынша статистикалық ақпаратты жоспарлау, өндіру және тарату процестері, дереккөздер, қамту, қолданылатын сыныптау әдістері мен жүйелері, институционалдық және құқықтық өкілеттіктер, сондай-ақ статистиканың салалары/аяларына қатысты болашаққа арналған жоспарлар туралы толық ақпаратты қоса алғанда, статистикалық байқаулар туралы ақпаратты ұсынады.

      i. Мемлекеттік статистиканың құқықтық және институционалдық негізі     

      Мемлекеттік статистиканың құқықтық және институционалдық базасы ЭЫДҰ Кеңесінің тиісінше статистикалық практика жөніндегі ұсынымына сәйкес бағаланады, ол мынадай мәселелерді қамтитын нақты он екі ұсынымды қамтиды:

      • Нақты құқықтық және институционалдық негіз;

      • Кәсіби тәуелсіздік;

      • Ресурстардың жеткіліктілігі;

      • Құпиялылықты қорғау;

      • Әкімшілік деректерге қол жеткізу құқығы;

      • Бейтараптық, объективтілік және ашықтық;

      • Сенімді әдіснама және кәсіптік стандарттар;

      • Статистикалық көрсеткіштер мен процестердің сапасы;

      • Пайдаланушының деректер мен метадеректерге ыңғайлы қол жеткізуі және оларды тарату, пайдаланушылардың деректерді дұрыс түсінбеуіне ден қою міндеттемесі;

      • Статистикалық қызметті үйлестіру;

      • Халықаралық ынтымақтастық;

      • Жаңа және балама деректер көздері мен әдістерін зерделеу.

      Әрбір нақты ұсыным ЭЫДҰ-ның тиісінше статистикалық практикасының көрнекі мысалдары жиынтығымен толықтырылады, олар жиынтығында статистика саласындағы заңнаманы, институционалдық құрылымды зерделеу және оларды практикалық қолдану негізін қамтамасыз етеді.

      Бұл бағалау үшін ЭЫДҰ барлық статистикалық заңнамалық актілерді жинайды және БҰҰ ЕЭК-ЭЫДҰ бірлескен сауалнамасын оларды практикада қолдануға қатысты ақпаратты жинау үшін пайдаланады. Соңында ЭЫДҰ сауалнамаларды Бюро үйлестірушісіне береді, ол оларды толтыруды және ЭЫДҰ-ға үш ай ішінде қайтаруды қамтамасыз етеді.

      Бюро ЭЫДҰ Зерттеу тобына әртүрлі ресми статистикалық ақпарат өндірушілері арасында міндеттерді бөлу, сондай-ақ осы өндірушілердің жұмысын үйлестіруге арналған әдістер мен өкілеттіктер туралы құжаттаманы беруді де ұсынады. Бұл ақпаратты Бюро ағылшын тілінде береді (ұлттық құжаттардың кез келген қажетті аудармасы үшін Қазақстан Республикасы жауап береді). ЭЫДҰ зерттеу тобы ұлттық және халықаралық органдардан (мысалы, ЭЫДҰ, Еуростат, ЕОБ, ХВҚ, Дүниежүзілік банк, БҰҰ ЕЭК және т.б.) елдің статистикалық жүйесіне қатысты барлық тиісті бағалаулар мен түсініктемелерді де мүмкіндігінше қажет болу шамасына қарай жинайды.     

      Осыдан кейін ЭЫДҰ зерттеу тобы БҰҰ ЕЭК-ЭЫДҰ бірлескен сауалнамасының көмегімен жиналған ақпаратты шолу мен талдауға қатысады және кейіннен БҰҰ ЕЭК фактілерін тексеру үшін Бюроға және ҰСЖ-дегі ресми статистикалық ақпараттың басқа да өндірушілеріне ұсынылатын Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесін Жаһандық бағалаудың құқықтық және институционалдық негіздері туралы тараудың жобасын әзірлеуге қатысады.

      ii. Статистикалық инфрақұрылым

      Статистикалық инфрақұрылым мемлекеттік статистика органының қызметі шеңберінде көлденең қызмет деп қаралатын және көп жағдайда жүргізілетін статистикалық байқауларды жинау мен таратуға тікелей әсер ететін және оларды жинау үшін өмірлік маңызы бар қызметті қамтиды:

      • Халық және тұрғын үй қорының санағы

      • Ауыл шаруашылығы санағы

      • Экономикалық санақ

      • Кәсіпорындардың статистикалық тіркелімі, халық тіркелімі (статистикалық бизнес-тіркелім)

      • Жұмыс күшін тексеру және үй шаруашылықтарын зерттеу

      • Кәсіпорындарды зерттеу

      • Уақыттың пайдаланылуын зерттеу

      • Халықаралық стандарттар мен сыныптауыштар

      Кейбір жағдайларда, мысалы, сыныптауыштар, статистикалық көрсеткіштер тікелей жиналмайды. Алайда басқалары: кәсіпорындар тіркелімдерінде, халық, ауыл шаруашылығы санақтарында және экономикалық санақтарда өздерінің дербес көрсеткіштері бар, сондай-ақ басқа статистикалық деректерді жасау кезінде басты компоненттер болып табылады.

      iii. Деректердің сапасы мен салыстырмалылығы

      Шолудың бұл компоненті жоғарыда сипатталғандай, ЭЫДҰ жұмысы үшін негіз қалаушы маңызы бар статистиканың негізгі салаларын/аяларын қамтиды. Басқа нақты салалар/аялар ЭЫДҰ шешіміне сәйкес Қазақстаннан үйлестірушімен консультациядан кейін де қамтылуы мүмкін. ЭЫДҰ-ның "Талаптары" (яғни, әдетте ЭЫДҰ-ға мүше елдер ұсынатын деректер мен метадеректер) Қазақстанның үйлестірушісінің назарына жеткізіледі және ЭЫДҰ Зерттеу тобы әртүрлі салалардағы/аялардағы статистикалық ақпараттың қамтылуы мен егжей-тегжейлігі туралы ақпаратты, сондай-ақ дереккөздер, әдістер және пайдаланылатын сыныптауыштар, жүйелері туралы ақпаратты жинайды.

      2-кезең: Бағалау және бағалау туралы алдын ала есеп

      ЭЫДҰ Зерттеу тобы 1-кезеңде жиналған ақпаратты қарайды және талдайды, елдің, ЭЫДҰ-ға мүше елдермен қалай салыстырылатынын бағалайды және жақсартулар Қазақстанның ресми статистикасы мен статистикалық жүйесін озық халықаралық практикамен сәйкестендіруге мүмкіндік беретін салаларды айқындайды. Бағалау жобасының жекелеген тараулары қарастырылатын пәндік салалардың әрқайсысы үшін әзірленеді, ал ресми статистиканың құқықтық және институционалдық негіздері туралы тарау БҰҰ ЕЭК-пен ынтымақтастықта жасалады. Тараулардың жобалары Бюроға және елдегі басқа ресми өндірушілерге ескертулер мен кері байланыс/фактілерді тексеру үшін ұсынылады. Алынған ескертулер мен тиісті түзетулерді қарағаннан кейін ЭЫДҰ Зерттеу тобы бағалау туралы алдын ала есепті дайындауды аяқтайды, оны кейіннен Бюроға және ҰСЖ-дегі ресми статистикалық ақпаратты басқа да өндірушілерге фактілерді тексеруге ұсынады.

      3-кезең: Бағалау миссиясы және қорытынды есепті дайындау

      Қазақстанға қорытынды бағалау миссиясы бағалау туралы алдын ала есепті талқылау және олқылықтарды жою үшін үшінші жылдың ішінде ұйымдастырылады. Осы бағалау миссиясынан кейін ЭЫДҰ Зерттеу тобы Бюроға және ҰСЖ-дегі ресми статистикалық ақпаратты басқа да өндірушілерге фактілерді тексеру және кез келген іс жүзіндегі қателіктерді немесе ағаттықтарды көрсету үшін жіберілетін миссия нәтижелерін біріктіретін қорытынды есеп дайындайды. Алынған ескертулерді қарағаннан кейін ЭЫДҰ Зерттеу тобы есептің жобасын пысықтайды.

      Осы процестің бүкіл уақытында ЭЫДҰ Зерттеу тобы мен Қазақстаннан үйлестіруші бір-бірін прогресс туралы хабардар ете отырып, сондай-ақ сұрақтар қойып, оларға жауап беріп, үнемі байланысып отырады. Бюро ЭЫДҰ-ның Зерттеу тобы Шолу жүргізіп, тиімді әзірлеу және Шолу мақсатына қол жеткізу үшін қажетті барлық шараларды қабылдай алуы үшін барлық қажетті ақпаратты уақтылы беруді ұсынады.

      ЭЫДҰ Бюродан барлық қажетті ақпарат пен жауаптарды уақтылы алған жағдайда, Шолу грант беру туралы келісім күшіне енген кезден бастап үш жыл ішінде аяқталады деп күтілуде. Персоналдың уақытын, миссияларды, кездесулерді, құжаттаманы, үйлестіруді, басқаруды және әкімшілендіруді қоса алғанда, барлық шығыстар Қазақстанның 620000 еуро көлеміндегі ерікті жарнасы есебінен қаржыландырылатын болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады