Орталық Азияда жерүсті көлігінің өзара байланысын нығайту туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 8 қыркүйектегі № 774 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Орталық Азияда жерүсті көлігінің өзара байланысын нығайту туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Кәрімжанұлы Қарабаевқа Орталық Азияда жерүсті көлігінің өзара байланысын нығайту туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 8 қыркүйектегі
№ 774 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Орталық Азияда жерүсті көлігінің өзара байланысын нығайту туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстанның және Өзбекстан Республикасының Үкіметтері,

      Тараптар мемлекеттері арасындағы өзара сенімді, достық қарым-қатынасты және тең құқылы ынтымақтастықты нығайтуға ұмтыла отырып,

      Тараптар мемлекеттері арасындағы сыртқы сауда байланыстарын дамыту үшін сенімді және тиімді халықаралық тасымалдарды қамтамасыз етудің маңыздылығын мойындай отырып,

      төтенше жағдайлар кезінде көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында Тараптардың келісілген іс-қимылдарын жүргізу қажеттілігін мойындай отырып,

      Тараптар мемлекеттерінің экономикасының қажеттіліктері көлік саласындағы күш-жігерді үйлестірумен үнемі байланысты тұрақты жеткізілім тізбегінің болуын талап ететінін атап өтіп,

      қолда бар тәжірибе мен тиісті халықаралық шарттардың негізінде жүктерді, жолаушыларды халықаралық тасымалдау және туристік саланы дамыту шарттарын жетілдіруге ниет білдіре отырып,

      азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап көрсете отырып,

      қоршаған ортаға көлік келтіретін залалды азайту, сондай-ақ сенімді және қолжетімді жүріп-тұру құралдарына деген сұранысты қанағаттандыруды қамтамасыз ету қажеттілігін мойындай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Келісімнің мақсаттары

      Осы Келісімнің негізгі мақсаттары:

      жерүсті көлігімен жасалатын халықаралық тасымалдарды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау;

      Орталық Азия өңірінде көлік қызметтерін көрсету нарығында бәсекелестік ортаны қамтамасыз ету;

      халықаралық дәліздердің, оның ішінде мультимодальды дәліздердің тиімділігін арттыру және жаңа дәліздерді қалыптастыру;

      жерүсті көлігімен тасымалдау және транзиттеу процесін жеңілдету;

      қазіргі заманғы көліктік-логистикалық көрсетілетін қызметтерді дамыту;

      инновациялық технологияларды енгізу және пайдалану, оның ішінде жерүсті көлігімен тасымалдау процесін цифрландыру;

      көліктің экологиялық таза түрлерін пайдалану практикасын көтермелеу және дамыту болып табылады.

2-бап

Жерүсті көлігімен жасалатын халықаралық тасымалдарды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау

      Осы Келісімге сәйкес Тараптар жерүсті көлігімен жасалатын халықаралық тасымалдарды дамыту үшін, оның ішінде:

      Тараптар мемлекеттері арасында уақтылы көлік қатынасын қамтамасыз ету;

      Тараптар мемлекеттерінің аумағы арқылы интеграцияланған халықаралық көлік дәліздері желісін қалыптастыруға жәрдемдесу;

      бірыңғай өлшеу әдістемесін әзірлеп, бекіту және жүк автомобильдерін өлшеу сертификаттарын өзара тану тәртібінің мүмкіндігі;      

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтары арқылы тасымалданатын жолаушыларды міндетті жеке сақтандыру проблемасын шешу;

      өңір елдерінің көлік қызметтерін көрсету нарығына қатысудың бірыңғай қағидаттары мен шарттарын қалыптастыруға ұмтылу;

      көлік қызметтерін көрсету нарығын зерделеу және дамыту мақсатында тиісті іс-шаралар өткізу;

      тез бұзылатын жүктермен, оның ішінде темір жолдармен шекараларды кесіп өту рәсімдерін оңайлату мақсатында жасыл дәлізді ұйымдастыруға жәрдемдесу;

      автокөлік құралы үшін мемлекеттік шекаралардың шекаралық өткелдерінің өткізу қабілетін ұлғайтуға жәрдемдесу арқылы қолайлы жағдайлар жасауға уағдаласты.

3-бап

Жаңа халықаралық көлік дәліздері

      Тараптар:

      жүктерді тиімді, уақтылы, үздіксіз және қауіпсіз жеткізу;

      жүктерді мультимодальды және интермодальды тасымалдаудың, оның ішінде Каспий өңірінің теңіз порттары арқылы тасымалдаудың артықшылықтарын пайдалану;

      халықтың ұтқырлығын арттыру, сондай-ақ өңірдің көліктік қолжетімділігін жақсарту;

      жүктерді және жолаушыларды тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын жетілдіру;

      жаңа технологияларды пайдалана отырып, жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру;

      халықаралық дәліздерде жүк көлік құралдарының қозғалысына жағдай жасау және оны мониторингілеу тетігін әзірлеу мақсатында жаңа халықаралық көлік дәліздерін қалыптастыру бойынша үйлестірілген күш-жігер жұмсауға уағдаласты.

4-бап

Көлік-логистикалық көрсетілетін қызметтерді дамыту

      Тараптар көлік-логистикалық көрсетілетін қызметтерді дамыту бойынша, оның ішінде:

      логистикалық ақпараттық жүйелерді құру үшін жалпыға ортақ техникалық стандарттарды әзірлеу және қабылдау;

      интеграцияланған ақпараттық-логистикалық және көліктік-логистикалық орталықтарды құру;

      көліктік-логистикалық қызметті реттейтін жалпыға ортақ терминология мен нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге ұмтылу;

      көлік логистикасы саласындағы жалпыға ортақ қағидаттар мен әдістерді әзірлеу және ендіру;

      халықаралық көліктік-логистикалық орталықтарды құруға жәрдемдесу;

      көліктік-логистикалық көрсетілетін қызметтер сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз ету;

      көлік логистикасы бойынша мамандарды даярлау және оқыту арқылы барлық қажетті шараларды қабылдауға уағдаласты.

5-бап

Жерүсті көлігін цифрландыру

      Тараптар жерүсті көлігімен жасалатын тасымалдарды және олармен байланысты көліктік-логистикалық операцияларды цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ инновациялық технологияларды ендіруге және пайдалануға ықпал етуге, оның ішінде:

      көлік дәліздерін цифрландыру бойынша бірлескен шаралар қабылдауға;

      көліктік-логистикалық операцияларды цифрландыру саласында озық тәжірибе мен ақпарат алмасуға;

      көлік кешені кадрларын тиісті түрде даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға жәрдемдесуге;

      көлікте пайдаланылатын цифрлық технологияларды үйлестіру және олардың функционалдық үйлесімділігі үшін стандарттарды әзірлеуге және ендіруге;

      цифрлық технологиялардың функционалдық үйлесімділігі мен интеграциясы қағидаттары негізінде жерүсті көлігінің әртүрлі түрлерінде электрондық деректер алмасуды дамытуға уағдаласты.

6-бап

Көліктің экологиялық таза түрлерін дамыту

      Тараптар:

      экологиялық таза ("жасыл") көлік түрлерінің белсенді дамуына жәрдемдесуге;

      ұтқырлық пен жүк тасымалдарына сұраныстың өсуі жағдайында энергия тиімділігін арттыруды және СО2 шығарындыларының көлемін азайтуды қамтамасыз ететін шаралар қабылдауға;

      көлік құралдары мен пайдаланылатын отын түрлері үшін энергетикалық тиімді технологияларды ендіруге;

      бос көлік құралдарының қозғалу жиілігі мен арақашықтығын азайтуды қамтамасыз ететін көліктік-логистикалық технологияларды дамытуға;

      көлік құралдары үшін шығарындыларды бақылаудың үйлестірілген стандарттарын енгізуге;

      тұтынушыларға төмен көміртекті отын түрлерінің қолжетімділігін арттыру үшін практикалық шараларды әзірлеуге және ендіруге;

      экологиялық таза көлік түрлеріне қызмет көрсету мен жөндеудің интеграцияланған инфрақұрылымдарын құруға жәрдемдесуге уағдаласты.

7-бап

Бірлескен комиссия

      Тараптар осы Келісімнің орындалуын бірлесіп бақылауды жүзеге асыру үшін құзыретті органдарының өкілдерінен тұратын бірлескен комиссияны құрады.

      1. Бірлескен комиссия мынадай:

      а) Келісім ережелерін келісілген түрде және бірізді қолдану үшін қызметті мониторингілеу және үйлестіру және оны іске асыру барысында туындайтын мәселелерді шешу;

      б) Тараптардың құзыретті органдарына өз мемлекеттерінің жерүсті көлігімен жасалатын тасымалдарына қатысты қолданыстағы заңнамасы туралы, олардағы өзгерістер туралы ақпарат, сондай-ақ осы Келісімнің нысанасына қатысты басқа да ақпарат алмасуға жәрдемдесу;

      в) жерүсті көлігі түрлерімен тасымалдауды жүзеге асыру жағдайларын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу және олар бойынша нақты шараларды талқылау;

      г) Тараптардың құзыретті органдарына көлік кешенінің жұмысына әсер ететін төтенше жағдайдың туындауы туралы жедел хабарлау, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде өзара көмек көрсету шараларын әзірлеу;

      д) осы Келісімге қатысты басқа да мәселелерді талқылау функцияларын орындайды:

      2. Бірлескен комиссияға төрағалық ету жыл сайын орыс тілінің алфавитіне сәйкес алфавиттік тәртіппен бір Тараптан екінші Тарапқа ротация тәртібімен ауысады.

      3. Бірлескен комиссияның отырысы жылына бір рет өткізіледі.

      Тараптардың бірінің сұрау салуы бойынша және басқа Тараптардың келісуі кезінде кезектен тыс отырыстар өткізілуі мүмкін.

      Бірлескен комиссияның шешімдері консенсуспен қабылданады.

      4. Жыл сайынғы тұрақты отырыстар бірлескен комиссияның төрағасы болып табылатын Тарап мемлекетінің аумағында өткізіледі. Бірлескен комиссияның кезектен тыс отырыстарын өткізу уақытын, орнын және нысанын Бірлескен комиссияның төрағасы болатын Тарапы айқындайды.

8-бап

Төтенше жағдайлардың туындауы туралы хабардар ету

      1. Көлік кешенінің жұмысына ықтимал немесе іс жүзінде әсер ететін төтенше жағдай туындаған немесе оның Тараптар мемлекеттерінің бірінің аумағында туындау қаупі пайда болған жағдайда, аталған Тарап осы кезде Бірлескен комиссияның төрағасы болып табылатын Тараптың құзыретті органына мүмкіндігінше қысқа мерзімде тиісті хабарламаны жібереді.

      2. Хабарламада, әдетте, мынадай тармақтар:

      а) хабарлау күні;

      6) тиісті мемлекеттің атауы;

      в) төтенше жағдайдың атауы және сипаттамасы;

      г) осы жағдайдың дамуын және ол қамтыған ауданның географиялық жағдайының сипаттамасы;

      д) төтенше жағдайдың сақталуының болжамды мерзімі;

      е) көлік кешенінің жұмысына әсер ететін, туындаған төтенше жағдайды бақылау және оған қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық деңгейде қабылданатын шаралар;

      ж) жоғарыда көрсетілген шаралардың қолданылу мерзімі;

      з) қажет болған жағдайда, азаматтарды олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін төтенше жағдайдың әсеріне ұшыраған аумақтан әкетуге (эвакуациялауға), хабарлаушы Тарапта мұндай мүмкіндік болмағанда, көмек көрсету жөнінде басқа Тараптарға сұрау салу;

      и) бірлескен комиссияның кезектен тыс отырысын шақыру туралы сұрау салу (қажет болған жағдайда);

      к) хабарлаушы Тарап хабарлау маңызды деп санайтын төтенше жағдай туралы басқа да ақпарат қамтылуы мүмкін.

      3. Бірлескен комиссияның төрағасы болатын Тарапы құзыретті органы мұндай хабарламаны алғаннан кейін оны мүмкіндігінше қысқа мерзімде осы Келісімнің басқа Тараптарына жібереді.

      4. Егер көрсетілген хабарламада төтенше жағдайға байланысты бірлескен комиссияның кезектен тыс отырысын шақыру туралы сұрау салу қамтылған болса, бірлескен комиссияның төрағасы болатын Тарапы басқа Тараптар келіскен кезде осындай кезектен тыс отырысты шақыруға құқығы бар.

9-бап

Құзыретті органдар

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар өзінің құзыретті органдары туралы депозитарийді ол күшіне енген күннен бастап 60 (алпыс) күн ішінде хабардар етеді. Депозитарий Тараптардың құзыретті органдары туралы Тараптарды хабардар етеді.

      Құзыретті органдардың атауында немесе құрамында өзгерістер болған жағдайда Тараптар депозитарийді дереу хабардар етеді.

10-бап

Басқа да халықаралық шарттар

      Осы Келісім Тараптардың өздері қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

11-бап

Түсіндіру және қолдану

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар бірлескен комиссия шеңберіндегі келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.

12-бап

Келісімге басқа елдердің қосылу тетігі

      1. Осы Келісім күшіне енгеннен кейін оған қосылуға ниет білдірген кез келген мемлекеттің қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы қосылуы үшін ашық болады.

      2. Қосылушы мемлекет үшін осы Келісім осындай қосылуға келісуі туралы осы Келісім мемлекеттерінің соңғы жазбаша хабарламаларын депозитарий алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

13-бап

Ескертпелер

      Осы Келісімнің ережелеріне қатысты ескертпелерге жол берілмейді.

14-бап

Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің 17-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

15-бап

Келісімнен шығу

      Әрбір Тарап бұл туралы депозитарийді жазбаша хабардар ете отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      Осындай Тарапқа қатысты осы Келісім депозитарий осындай хабарламаны алған күннен бастап алты ай өткен соң қолданысын тоқтатады.

16-бап

Депозитарий

      1. Осы Келісімге қол қойған Тараптарға оның куәландырылған көшірмелерін жіберетін Тәжікстан Республикасы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады.

      2. Депозитарий Тараптарды осы Келісімге басқа мемлекеттердің қосылуы туралы, сондай-ақ Тараптардың кез келгеніне қатысты оның қолданылуын тоқтату туралы хабардар етеді.

17-бап

Келісімнің қолданылу мерзімі

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және депозитарий Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күні 30 (отыз) күн өткеннен кейін күшіне енеді.


18-бап

Қорытынды ереже

      20__ жылғы " " " " " " қаласында екі төлнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, қырғыз, тәжік, түрікмен, өзбек және орыс тілдерінде жасалды әрі барлық мәтіннің күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру үшін орыс тіліндегі мәтін пайдаланылады.


      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қырғыз РеспубликасыныңҮкіметі үшін
      Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін
Түрікменстан Үкіметі үшін
      Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады