Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 14 қазандағы № 910 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Кәрімжанұлы Қарабаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 14 қазандағы
№ 910 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қытай Халық Республикасының Үкіметі

      2023 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды тереңдету жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумның ережелерін басшылыққа ала отырып,

      екі мемлекет басшыларының "Бір белдеу – бір жол" бастамасы мен "Нұрлы жол" жаңа экономикалық саясатының ұштасуын нығайту жөніндегі уағдаластықтарын назарға ала отырып,

      Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін ынтымақтастық жөніндегі екі ел арасындағы және Транскаспий халықаралық көлік бағытының (бұдан әрі – ТХКБ) бойында орналасқан елдер арасындағы тығыз сауда қатынастарын ескере отырып,

      ТХКБ Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы практикалық ынтымақтастықтың негізгі жобаларының бірі болып табылатынын мойындай отырып,

      халықаралық аралас тасымалдардың әлеуетін, сауда мен инвестицияларды ұлғайтуды ынталандыруға ниет білдіре отырып,

      Тараптар мемлекеттерінің мүдделі шаруашылық жүргізуші субъектілерінің экономикалық тиімді ұзақ мерзімді шарттар жасасуы үшін жағдайлар жасауға ұмтылысына сүйене отырып,

      тең әріптестік, өзара тиімділік және сыйластық қағидаттарына сүйене отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары Тараптардың ТХКБ дамыту саласындағы ынтымақтастықты бірлесіп ілгерілетуі және көлік байланыстары интеграциясының өсуіне, тасымалдардың тиімділігін арттыруға, сауда-экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастыққа жәрдемдесуге, сондай-ақ Қытайдан Азияға/Азия арқылы және одан әрі Еуропаға жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған Қытай – Еуропа бағыты бойынша контейнерлік тасымалдарды дамыту болып табылады.

2-бап

      1. Тараптардың осы Келісімді іске асыруды үйлестіретін құзыретті органдары (бұдан әрі – құзыретті органдар):

      Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі;

      Қытай Тарапынан – Қытай Халық Республикасының Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті болып табылады.

      2. Тараптар осы баптың 1-тармағында көрсетілген Тараптардың құзыретті органдары атауларының өзгергені туралы, сондай-ақ көрсетілген мәселелердің басқа органдардың құзыретіне жатқызылуы туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етеді.

      Тараптар жалпы даму мен өркендеуге қол жеткізіп, өзара сенім мен өзара тиімді ынтымақтастықты негізге ала отырып, ТХКБ-ны бірлесіп дамыту, салу және пайдалану қағидаттарын ұстанады.

      Тараптардың әрқайсысы Тараптар мемлекеттерінің қолданыстағы заңнамасына және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес ТХКБ-ны дамытудағы ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге күш-жігерін жұмсайды.

3-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберінде ТХКБ-ны одан әрі дамыту мақсатында мыналарға:

      1) ынтымақтастықты жүзеге асыруға және мынадай:

      Тараптар мемлекеттерінің аумағында көлік инфрақұрылымы объектілерін тиісті түрде пайдалану жай-күйін және олардың жеткілікті өткізу қабілетін қамтамасыз ету;

      магистральдық құбыржолдар мен порт инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыруды қамтамасыз ету;

      ТХКБ-ның тұрақты және кедергісіз жұмыс істеуін қолдау үшін қолайлы даму ортасын бірлесіп қалыптастыру;

      екі Тарап бағытында мақсатқа бағытталған, практикалық және тиімді эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;

      халықаралық өткізу пункттерінде жүк автокөлік құралдары мен теміржол құрамдарының бос тұрып қалуына жол бермеу үшін Тараптарды алдын ала хабардар ету тетігін енгізу, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумағында жылжымалы құрамды қадағалау бойынша деректер алмасуға жәрдемдесу;

      өз аумақтары шегінде транзиттік тасымалдауды жүзеге асыратын пойыздардың немесе көлік құралдарының өтуін жеңілдету үшін екі Тараптың тасымалдауды ұйымдастырудың оңтайлы нұсқаларын зерделеуі және транзиттік жүк көздерін игеруі бағыттары бойынша іс-қимылдарды үйлестіруді қамтамасыз етуге;

      2) "Бір белдеу – бір жол" бастамасы шеңберінде Қазақстан аумағы арқылы көлік дәліздерін білдіретін жаңа Еуразиялық континенттік көпір арқылы экспорттық-импорттық және транзиттік контейнерлік тасымалдарды ынталандыру және арттыру жөніндегі ынтымақтастықты:

      транзиттік және сыртқы сауда жүктерін ТХКБ бойынша Қытайдан Еуропаға және кері бағытта тарту жөніндегі қызметті белсенді үйлестіру;

      ТХКБ-ның мұнай құбыржолдары, порт инфрақұрылымдық жобаларын қаржыландыруға жәрдемдесу;

      шекаралық және кедендік рәсімдерге және порттар мен түйісу станцияларында жүктер мен контейнерлерді қайта өңдеуге байланысты әкімшілік кедергілерді азайтуға жәрдемдесу;

      логистикалық және көлік операцияларын оңтайландыру, тасымалдау уақытын қысқарту, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру жолымен ТХКБ-мен одан әрі интеграциялай отырып дамытуға ұмтылады.

4-бап

      Тараптар көлік секторына жетекшілік ететін министрліктер деңгейінде, сондай-ақ өкілеттіктеріне осы Келісімді іске асыруға, сондай-ақ ТХКБ бойынша жүк көлемін дамытуға және ұлғайтуға байланысты мәселелер жататын өзге де органдар мен ұйымдардың өкілдерінен ТХКБ-де жүктерді тасымалдау жөніндегі жұмыс тобын (бұдан әрі – жұмыс тобы) құрады.

      Жұмыс тобының Қазақстан және Қытай бөліктерінің құрамын Тараптар бекітеді. Жұмыс тобы ТХКБ бойынша жүктерді тасымалдаудың әлеуетті жыл сайынғы көлемін қарайды және болжайды.

      Жұмыс тобы Тараптардың бірінің құзыретті органының бастамасы бойынша жиналады. Отырысты өткізу орны, мерзімі және оның күн тәртібі құзыретті органдар арасындағы уағдаластық бойынша айқындалады.

      Жұмыс тобы хаттамалармен ресімделетін шешімдер қабылдайды. Жұмыс тобының жұмыс регламентін (тәртібін) ол дербес белгілейді.

5-бап

      Осы Келісім бойынша уағдаластықтардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ тасымалдауды ұйымдастыру мәселелері туындаған жағдайда, Тараптар өзара қолайлы шешімдерді әзірлеу үшін қажетті екіжақты консультацияларды жүзеге асыратын болады.

6-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 8-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

7-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты Тараптар арасында туындайтын мәселелер мен келіспеушіліктер Тараптардың құзыретті органдары арасындағы келіссөздер мен консультациялар арқылы, оның ішінде дипломатиялық арналарды пайдалана отырып шешіледі.

8-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.

      Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналармен екінші Тарапқа тиісті жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарламаны алған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң тоқтатылады.

      202__ жылғы " ___" ____ ____________ әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қытай Халық РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады