"Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының заң қызметтерi туралы үлгi ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы № 1072 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 24 қазандағы № 938 қаулысы

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы № 1072 қаулысына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының заң қызметтерi туралы үлгi ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы № 1072 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органының заң қызметі туралы үлгі ережені бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органының заң қызметі туралы үлгi ереже (бұдан әрi – Үлгi ереже) бекiтiлсiн.";

      2-тармақ алып тасталсын;

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының заң қызметтерi туралы үлгi ереже осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 24 қазандағы
№ 938 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2006 жылғы 9 қарашадағы
№ 1072 қаулысымен
бекiтiлген

Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органының заң қызметi туралы үлгi ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Заң қызметі________________________________________________________

      (орталық және жергiлiктi атқарушы органның, орталық атқарушы орган ведомствосының, сондай-ақ* Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органның (келісу бойынша) атауы)

      _______________________________құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

      2. Заң қызметі өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Заң қызметінің жұмысы ұлттық заңнаманың тұтастығын қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызға ие және тиісті салада мемлекеттік саясатты іске асыруды құқықтық қамтамасыз етуге бағытталған.

      4. Заң қызметіне мемлекеттік орган аппаратының басшысы не мемлекеттік органның бірінші басшысы немесе оның шешімі бойынша оның орынбасарларының бірі заңнамада көзделген жағдайларда жетекшілік етеді.

      5. Заң қызметінің құрылымын және штат санын мемлекеттік органның уәкілетті лауазымды адамы штат санының лимиті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітеді.

      Бұл ретте заң қызметі қызметкерлерінің штат саны мемлекеттік орган қызметкерлерінің жалпы штат санының кемінде 5 %-ын құрауға тиіс. Орталық аппаратының штат саны 500 және одан көп бірлікті құрайтын мемлекеттік органдарға қатысты 5 %-ды есептеу 500-ден жүргізіледі;

      6. Заң қызметі мыналардан**:

      1)______________________________________;

      2)______________________________________;

      3) ______________________________________ тұрады.

      Ескертпе:

      * Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органға осы Үлгі ережені өзінің құрылымын әзірлеу және осы Үлгі ережеде көрсетілген негізгі міндеттерді, құқықтар мен міндеттерді, функцияларды осы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерде айқындау кезінде пайдалануға ұсынылады;

      **осы тармақты құрамына кіретін бөлімшелері бар заң қызметтері толтырады.

2-тарау. Заң қызметінің міндеттері, құқықтары және міндеттемелері

      7. Заң қызметiнiң мiндеттерi:

      1) мемлекеттiк органның қызметiнде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету;

      2) әзірленетін құқықтық актілер жобаларының Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкестігін қамтамасыз ету;

      3) мемлекеттiк оpгандардың заңнаманы қолдану практикасын қорыту;

      4) мемлекеттік органның құзіретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын түсiндiру, мемлекеттiк органда құқықтық насихаттауды ұйымдастыру;

      5) нормативтік құқықтық актілердің, шарттардың, процестік құжаттардың, және құқықтық сипаттағы өзге де құжаттардың жобаларын әзірлеуге қатысу.

      8. Заң қызметiнiң құқықтары:

      1) Үлгi ереженің 9-тармағына сәйкес мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінен өз функцияларын орындауға қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұрату;

      2) мемлекеттік органның құқықтық мәселелер жөніндегі құқықтық актілері мен өзге де құжаттарының жобаларын әзірлеу, сондай-ақ құқықтық насихаттау жөніндегі іс-шараларды іске асыру үшін басқа құрылымдық бөлімшелерді тарту;

      3) біліктілікті арттыру курстарынан және (немесе) әділет органдарында, сондай-ақ жоғары тұрған органдардың заң қызметтерінде тағылымдамадан өту арқылы өз қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру;

      4) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына норма шығармашылық қызметтің қызығушылық танытатын мәселелері бойынша дәрістер мен семинарлар өткізу туралы ұсыныстар енгізу;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша материалдық ынталандыру алу.

      Заң қызметiнiң міндеттемелері:

      1) мемлекеттiк орган қызметiнiң құқықтық мәселелерiн қарау кезiнде сотта, сондай-ақ басқа да ұйымдарда белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органның мүдделерiн бiлдiру;

      2) мемлекеттік орган әзірлейтін құқықтық актілердің, шарттардың, процестік құжаттарың және құқықтық сипаттағы өзге де құжаттардың жобаларын әзірлеуге, оның ішінде оларды мемлекеттік органның басқа да құрылымдық бөлімшелері әзірлеген жағдайда келісу арқылы әзірлеуге қатысу;

      3) құқықтық актілердің жобаларын әзірлеумен айналысатын құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері үшін тоқсан сайын тағылымдамалар мен семинарлар өткізу;

      4) заңды күшіне енген сот актілерін орындау жөніндегі шаралардың қабылдануын қамтамасыз ету.

      9. Заң қызметiнiң функциялары:

      1) Қазақстан Республикасының Парламентінде заң жобаларын қарауға, сондай-ақ Үкімет Аппаратында Парламент депутаттары бастама жасаған заң жобаларына немесе Үкімет бастама жасаған заң жобаларына енгізілетін депутаттардың түзетулеріне Үкімет қорытындыларының жобаларын, Үкімет Аппаратында және Әділет министрлігінде мемлекеттік орган әзірлеушісі болып табылатын Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының, Үкімет қаулыларының және Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын жұмыс тәртібінде пысықтау кезінде қатысу;

      2) Астана қаласынан тыс жерде орналасқан, өздерінен өкілеттік берілген тұлғалар қатысатын мемлекеттік органдарды қоспағанда, Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысына қатысу;

      3) мемлекеттік органның бірінші басшысының тапсырмасы бойынша құқықтық актілердің жобаларын және құқықтық сипаттағы өзге құжаттарды, соның ішінде құқықтық насихаттау бойынша жыл сайынғы іс-шаралар жоспарларын әзірлеу;

      4) мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша құқықтық актілерге түсіндірме беру;

      5) мемлекеттік орган әзірлеген және қабылдаған нормативтік құқықтық актілерді жүйелі есепке алуды ұйымдастыру;

      6) жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мемлекеттік органның норма шығармашылық қызметіне, оның ішінде құқықтық актілердің жобаларын қарау нәтижелері бойынша әділет органдарының ескертулеріне талдау жасау, және оның нәтижелерін:

      норма шығармашылық қызметті жетілдіру және анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі ұсыныстармен бірге жоғары тұрған басшыны;

      қабылданған шаралармен бірге әділет органын хабардар ету;

      7) тиісті сот талқылауына алып келген негізгі себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында мемлекеттік органның қатысуымен даулар бойынша талап қою жұмысының, сот практикасының жай-күйін жартыжылдықта бір реттен сиретпей талдау жүргізу және мемлекеттік органның бірінші басшысына немесе мемлекеттік органның аппарат басшысына оларды жою және кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныстар енгізу;

      8) мемлекеттік органда құқықтық мониторинг жүргізу жұмысын үйлестіру;

      9) заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда, осы Үлгі ережеге қоса берілетін алгоритмді сақтай отырып, барлық сот сатыларында мемлекеттік органның пайдасына қабылданбаған сот актісіне шағымдану жөнінде уақтылы шаралар қабылдау, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен прокуратура органдарына наразылық келтіру туралы өтінішхатпен жүгіну;

      10) Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 434-бабының бірінші бөлігінде көзделген сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығын немесе сот актілеріне дау айту туралы өтінішхат беру құқығын келісу туралы сұрау салуды қарау және осы Үлгі ережеге қоса берілетін алгоритмді сақтай отырып, тиісті лауазымды адамға ұстанымды енгізу.

3-тарау. Заң қызметінің жұмысын ұйымдастыру

      10. Заң қызметінің заңнамалық актілерге, Қазақстан Республикасы Президентінің ақтілеріне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзіне жүктелген міндеттерді іске асыруға қажетті құқықтар мен міндеттерге ие.

      Заң қызметіне осы Үлгі ережеде және заңнамалық актілерде көзделмеген функцияларды жүктеуге жол берілмейді.

      11. Заң қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын басшы басқарады.

      12. Заң қызметі басшысы заңнамада белгіленген жағдайларда:

      заң қызметіне жалпы басшылық жасайды және заң қызметіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады;

      мемлекеттік органның басшылығына заң қызметінің құрылымы мен штат саны бойынша ұсыныстар береді;

      оның орынбасары (орынбасарлары) болады.

      13. Заң қызметінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша заң қызметі атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға заң қызметінің басшысы, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын тұлға қол қояды.

      14. Мемлекеттік органдар әділет органдарына жетекшілік ететін салаларда Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына түсіндірме беру туралы хаттар жіберген кезде оған мемлекеттік органның заң қызметінің тиісті түсіндірмесі қоса беріледі.


  Қазақстан Республикасының
орталық және жергілікті
атқарушы органының заң
қызметi туралы үлгі ережеге
қосымша

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 434-бабының бірінші бөлігінде көзделген сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығын немесе сот актілеріне дау айту туралы өтінішхат беру құқығын келісу туралы сұрау салуды қарау алгоритмі

      Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 434-бабының бірінші бөлігінде көзделген сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығын немесе сот актілеріне дау айту туралы өтінішхат беру құқығын міндетті түрде келісу (бұдан әрі – келісу) мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары тиісті орталық мемлекеттік органдармен келісуді жүзеге асырады;

      2) орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері тиісті орталық мемлекеттік органдармен келісуді жүзеге асырады;

      3) орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының аумақтық бөлімшелері орталық мемлекеттік органдардың тиісті ведомстволарымен келісуді жүзеге асырады;

      4) аумақтық департаменттердің аумақтық бөлімшелері орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық департаменттерімен келісуді жүзеге асырады;

      5) тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдігі құрған жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар осы алгоритмнің тоғызыншы бөлігіне сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті әкімдерімен немесе өзге адаммен келісуді жүзеге асырады;

      6) аудан әкімдері облыстың тиісті әкімдерімен келісуді жүзеге асырады;

      7) қаладағы ауданның әкімдері қаланың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың тиісті әкімімен келісуді жүзеге асырады;

      8) ауылдық округтің, кенттің және ауылдық округтің құрамына кірмейтін ауылдың әкімдері тиісті аудан әкімімен келісуді жүзеге асырады.

      Орталық мемлекеттік органдардың өздері, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомстволары, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірыңғай құрылымын құрайтын филиалдар, өкілдіктер, ведомстволар мен ұйымдар сот актілеріне апелляциялық шағым немесе дау айту туралы өтінішхат берген жағдайда, келісу жөніндегі талаптар қолданылмайды.

      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери бөлімдері мен мекемелері апелляциялық шағым немесе сот актілеріне дау айту туралы өтінішхат берген жағдайда, келісу тиісті мемлекеттік органдардың басшылары бекіткен тәртіппен жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 434-бабының бірінші бөлігінде көзделген сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығын немесе сот актілеріне дау айту туралы өтінішхат беру құқығын келісу туралы сұрау салу (бұдан әрі – сұрау салу) тиісті орган басшысының қолы қойылған жазбаша нысанда жіберіледі.

      Сұрау салуға Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің талаптарына сәйкес ресімделген апелляциялық шағымның немесе сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттың жобасы қоса беріледі.

      Сұрау салу Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген апелляциялық шағым немесе сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат беру мерзімдері өткенге дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі.

      Сұрау салуды келісуші органның заң қызметі немесе келісуші органның өзге құрылымдық бөлімшесі сот актісіне шағым жасау жөніндегі заңнамада көзделген негіздердің болуы тұрғысынан қарайды. Келісуші органның заң қызметі немесе келісуші органның өзге құрылымдық бөлімшесі осы алгоритмнің тоғызыншы бөлігіне сәйкес сот шешіміне апелляциялық немесе кассациялық шағым жасау құқығын келісу немесе мұндай келісуден бас тарту туралы ұсынысты келісуші органның басшысына немесе өзге тұлғаға енгізеді.

      Келісу туралы шешімдерді келісуші органның басшысы қабылдайды.

      Келісу немесе келісуден бас тарту туралы шешімді қабылдау жөніндегі өкілеттік келісуші орган басшысының орынбасарларына, аппарат басшыларына және (немесе) заң қызметі басшысына осындай орган басшысының тиісті шешімімен жүктелуі мүмкін.

      Келісу немесе келісуден бас тарту туралы шешім қабылдау жөніндегі өкілеттіктер жүктелген тұлға сұрау салу түскен күннен бастап жеті жұмыс күнінен аспайтын мерзімде тиісті шешім қабылдайды.

      Келісу немесе келісуден бас тарту туралы шешім сұрау салуды жіберген органға осындай шешімді қабылдау жөніндегі өкілеттіктер жүктелген адамның қолы қойылған жазбаша нысанда жіберіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады