Қызметін Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт не Қазақстан Республикасының Үкіметімен немесе құзыретті органмен 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған өнімді бөлу туралы келісімдер (келісімшарттар) бойынша жүзеге асыратын және міндетті салық сараптамасынан өткен жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының теміржол станциясы және (немесе) Ақтау порты – Баку – Джейхан бағыты бойынша Жерорта теңізінің порттарын пайдалану арқылы өткізген кезде экспортталатын шикі мұнай мен газ конденсатына баға белгілеу қағидаларын (әдістемесін) бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 26 қазандағы № 944 қаулысы.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз

      "Трансферттік баға белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 10-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қызметін Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт не Қазақстан Республикасының Үкіметімен немесе құзыретті органмен 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған өнімді бөлу туралы келісімдер (келісімшарттар) бойынша жүзеге асыратын және міндетті салық сараптамасынан өткен жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының теміржол станциясы және (немесе) Ақтау порты – Баку – Джейхан бағыты бойынша Жерорта теңізінің порттарын пайдалану арқылы өткізген кезде экспортталатын шикі мұнай мен газ конденсатына баға белгілеу қағидалары (әдістемесі) бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2023 жылғы 1 ақпаннан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 26 қазандағы
№ 944 қаулысымен
бекітілген

Қызметін Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт не Қазақстан Республикасының Үкіметімен немесе құзыретті органмен 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған өнімді бөлу туралы келісімдер (келісімшарттар) бойынша жүзеге асыратын және міндетті салық сараптамасынан өткен жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының теміржол станциясы және (немесе) Ақтау порты – Баку – Джейхан бағыты бойынша Жерорта теңізінің порттарын пайдалану арқылы өткізген кезде экспортталатын шикі мұнай мен газ конденсатына баға белгілеу қағидалары (әдістемесі) 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қызметін Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт не Қазақстан Республикасының Үкіметімен немесе құзыретті органмен 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған өнімді бөлу туралы келісімдер (келісімшарттар) бойынша жүзеге асыратын және міндетті салық сараптамасынан өткен жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының теміржол станциясы және (немесе) Ақтау порты – Баку – Джейхан бағыты бойынша Жерорта теңізінің порттарын пайдалану арқылы өткізген кезде экспортталатын шикі мұнай мен газ конденсатына баға белгілеу қағидалары (әдістемесі) (бұдан әрі – әдістеме) "Трансферттік баға белгілеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 10-тармағы 3) тармақшасының негізінде әзірленді және шикі мұнайға, газ конденсатына, оның ішінде Қазақстан Республикасының теміржол станциясы және (немесе) Ақтау порты – Баку – Джейхан бағыты бойынша Жерорта теңізінің порттарын және Каспий теңізінің порты FOB* шарттарында Каспий теңізінің порттарын пайдалана отырып өткізген кезде баға белгілеу әдістемесін айқындайды.

      Осы Әдістеме Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт не Қазақстан Республикасының Үкіметімен немесе құзыретті органмен 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған өнімді бөлу туралы келісімдер (келісімшарттар) бойынша және міндетті салық сараптамасынан өткен жер қойнауын пайдаланушылар өндірген шикі мұнайға және газ конденсатына жасалатын мәмілелерге қолданылады.

      Шикі мұнай мен газ конденсатының (бұдан әрі – тауар) нарықтық бағасын анықтау үшін сатып алу-сату келісімшартында айқындалған ресми ақпарат көздері пайдаланылады.

      2. Осы әдістемеде мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) алдын ала төлем – жоспарланған, бірақ әлі тиеп-жөнелтілмеген тауарды жеткізу үшін алдын ала төлем;

      2) белгіленім кезеңі – мәміле шарттарына сәйкес мәміле тараптары тиісті биржалық тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің), сондай-ақ бағалары биржалық тауарлардың белгіленімдеріне байланыстырылған биржалық емес тауарлардың күнделікті орташа арифметикалық баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәні айқындалатын кезең ішінде тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізуге арналған келісімшартта белгіленген, бірақ биржадағы баға белгіленімдері жарияланған, қатарынан күнтізбелік отыз бір күннен аспайтын баға белгілеу кезеңі;

      3) дифференциал – мәміле бағасын немесе ақпарат көзінен алынған бағаны салыстырмалы экономикалық шарттарға келтіру үшін қолданылатын түзету мөлшері;

      4) коносамент – жөнелтілген тауарды кеменің алғанын растайтын құжат;

      5) мәміле (өткізу) бағасы – тауарды сатып алу-сату келісімшартының валютасында көрсетілген және осы әдістемеге сәйкес есептелген тауарды сатып алу-сату келісімшарттарына сәйкес бір өлшем бірлігі үшін тауар құны;

      6) мерзімінен бұрын төлеу – сатып алу-сату келісімшарттарында көрсетілген төлем мерзімдерінен бұрын тиеп-жөнелтілген тауар үшін ақы төлеу;

      7) мұнайға баға белгіленімі – ресми ақпарат көздерінде жарияланатын баға белгіленімі;

      8) мұнайды қабылдау–тапсыру актісі – тауарды құбыржол арқылы тасымалдау кезінде тауар тасымалдаушысы жүк иесіне беретін құжат;

      9) өзге де ақпарат көздері – Заңның 18-бабына сәйкес тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) нарықтық бағасын және нарықтық бағаны айқындау әдістерін қолдану үшін қажетті өзге де деректерді айқындау үшін пайдаланылатын ақпарат көздері;

      10) өтпелі тариф – Ақтау порты бағыты бойынша Джейхан портына дейін тауарды жеткізуге байланысты барлық тасымалдау шығыстарын қамтиды;

      11) ресми ақпарат көзі – нарықтық бағалар туралы ресми танылған ақпарат көздерінің тізбесіне енгізілген ақпарат көзі;

      12) сапа бойынша түзету – тауардың сапалық (тығыздығы, күкірттің, судың, механикалық қоспалардың болуы) сипаттамалары бойынша мәміле бағасын түзету;

      13) Солтүстік теңіз баға эталоны – ресми ақпарат көздерінде жарияланатын "Brent (Dated)" немесе "North Sea Dated" немесе "BFOE" мұнайының баға белгіленімі;

      14) спрэд – ресми ақпарат көздерінде жарияланатын әртүрлі белгіленімдер арасындағы баға айырмашылығы;

      15) тәуелсіз инспекция есебі – халықаралық практика мен корпоративтік стандарттардың нормаларына сәйкес тәуелсіз инспекция беретін және жүкті тиеп-жөнелту, алу кезінде немесе бағыттың тұтастай учаскесінде оның саны мен сапасын тексеру қорытындылары туралы ақпаратты қамтитын ресми құжат;

      16) тиеу портындағы позициялық график – тиеу портында танкерлерге жүк тиеу (орналастыру) графигі;

      17) транзиттік шарт – көлік компаниясымен жасалған тауар транзиті шарты.

      Ескертпе:

      * - Incoterms сауда терминдерінің халықаралық қағидаларының қолданыстағы редакциясына сәйкес жеткізу шарттары.

2-тарау. Шикі мұнай мен газ конденсатының мәміле (өткізу) бағасын айқындау әдістемесі

      3. Меншік құқығы тауарды Ақтау портындағы танкерге тиеу кезінде сатушыдан сатып алушыға берілетін тауардың мәміле (өткізу) бағасы Джейхан портындағы танкерге нақты тиеп-жөнелтілгеннен кейін қалыптастырылады.

      4. Жерорта теңізі порттарын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының теміржол станциясы және (немесе) Ақтау порты – Баку – Джейхан бағыты бойынша сату кезінде тауардың мәміле (өткізу) бағасы мынадай формула бойынша есептеледі:

      P = B + S – D,

      мұндағы:

      P – тауарға мәміле (өткізу) бағасы;

      B – тауар Джейхан портында тиелген күннен бастап белгіленім кезеңін ескере отырып, тауарды сатып алу-сату келісімшартының Джейхан портынан әрбір тиеп-жөнелтуге ресми ақпарат көзінде жарияланған талаптарына сәйкес тиісті нарықта қолданылатын 1 (бір) баррель үшін тауарға орташа белгіленімдердің орташа мәні.

      Осы нарықтағы белгіленімдер мынадай ақпарат көздерінде жарияланады:

      1) Platts: Brent (Dated) не BTC, не Azeri Light FOB/CIF;

      2) Argus Media: North Sea Dated (NSD) не BTC, не Azeri Light;

      3) Refinitiv: даталанған BFOE (RIC <BFO-E>), Azeri Light CIF Аугуста (RIC <AZR-E>), CIF Аугуста (RIC <URL-80-135>) базисіндегі 80 мың тонна және 140 мың тонна көлемдегі партиялар арасындағы дифференциал;

      S – спрэд, 25-ші күннен бастап Джейхан портындағы тиеу терезесінің бірінші күніне дейін қатарынан 5 (бес) күн аралығындағы кезеңде ресми ақпарат көздерінде жарияланатын бірнеше дәйекті орташа белгіленімдердің бірі немесе орташа мәні. Джейхан портындағы тиеу терезелері бекітілген ресми позициялық график негізінде анықталады.

      Осы нарықтағы спрэдтің белгіленімдері Platts-та: "Spread vs fwd Dated Brent" Azeri LT FOB Ceyhan Afra немесе Azeri Lt FOB Ceyhan Suez немесе Azeri Light CIF жолдарында, шарттың талаптарына сәйкес жарияланады.

      Белгіленімдер мен спрэдті анықтау үшін ресми ақпарат көзін таңдау сатушы мен сатып алушы арасында келісіледі және тауарды сатып алу-сату келісімшартында белгіленеді;

      D – сатып алу-сату келісімшартында айқындалған тауарды жеткізу талаптарына байланысты есепке алынатын, Заңға сәйкес ресми ақпарат көзінен бағаны салыстырмалы экономикалық шарттарға келтіру үшін қолданылатын және мұнайды одан әрі жеткізу бағытымен айқындалатын, мыналарды қамтитын дифференциал:

      1) транзит шартында Ақтау портынан Джейхан портына дейінгі бағыт бойынша тауарды жеткізуге байланысты көзделген көлік шығыстары;

      2) Ақтау портында (демерредж) тұрып қалғаны үшін шығыстар;

      3) Баку портында (демерредж) тұрып қалғаны үшін шығыстар;

      4) Джейхан портында (демерредж) тұрып қалғаны үшін шығыстар;

      5) Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбыры үшін мұнай сапасына сыйлықақы/жеңілдік (сапа банкі);

      6) Ақтау портынан Джейхан портына дейін тауарды тасымалдау кезіндегі ысырап бойынша шығыстар;

      7) жүк инспекциясы бойынша шығыстар;

      8) жүкті сақтандыруға арналған шығыстар;

      9) Ақтау портындағы порттық алымдар;

      10) трейдер маржасы;

      11) тауарды Ақтау портынан Джейхан портына дейін тасымалдау кезінде сатып алушы шеккен басқа да шығыстар.

3-тарау. Дифференциал құрауыштарын пайдалану

      5. Ресми ақпарат көзінен бағаны салыстырмалы экономикалық шарттарға келтіру мақсатында Заңның 13-бабына сәйкес тауарды жеткізу шарттарына байланысты дифференциалға сатып алушының негізделген және құжатпен расталған шығыстары немесе Заңның 18-бабына сәйкес тауарды тиісті межелі нарыққа жеткізуге байланысты ресми ақпарат көздерінің немесе өзге де ақпарат көздерінің деректері кіреді.

      6. Дифференциал құрамдастарының мөлшерлері ресми ақпарат көзіне енгізілген мерзімді басылымдар мен баспагерлердің ақпараттық-талдамалық жүйелеріндегі нарықтық бағалар диапазонына сәйкес болған кезде қабылданады.

      7. Бастапқы құжаттар болмаған кезде дифференциал құрамдастарының мөлшері сатушы мен сатып алушы таңдаған және тауарды сатып алу-сату келісімшартында белгіленген ресми ақпарат көзіне енгізілген мерзімді басылымның және (немесе) баспагердің ақпараттық-талдамалық жүйесіндегі нарықтық бағалар диапазонының орташа мөлшері ретінде қабылданады.

4-тарау. Дифференциал құрамдастарын айқындау және бастапқы құжаттар

      8. Транзит шартында өтпелі тариф көзделген жағдайда мұндай тариф төлем шотымен (invoice) расталады, өзге жағдайларда осы тарауда көрсетілген бастапқы құжаттар ұсынылады.

      9. Осы әдістемеде операцияның немесе оқиғаның жасалу фактісін және оны жасау құқығын құжаттамалық куәландыру, оның ішінде электрондық құжаттар не электрондық пошта арқылы алынған құжаттар бастапқы құжат деп түсініледі.

      10. Теңіз тасымалының құны (фрахт) фрахт шарттарымен (charter party, time-charter), немесе танкердің фрахт шарттарынан үзінді-көшірмелермен (CP recap), кеме иелерінің немесе оның агенттерінің төлем шоттарымен (invoice) немесе ресми ақпарат көздерінің деректерімен расталады.

      11. Кемені жалдау құны кеме жоспарланған тиеуге ұсынылған кезде белгілі болған жалдау мөлшерлемесін айқындай отырып, кемені жалдау күні айқындалады.

      Кемені жалдау бойынша бастапқы құжаттар болмаған жағдайда жалдау құны теңіз коносаменті күніне дейінгі оныншы күннен бастап жиырма бесінші күнге дейінгі кезеңдегі орташа мән болып айқындалады. Жалдау құнын есептеген кезде тауардың тиісті партиясын тиеп-жөнелту үшін пайдаланылатын танкердің (Aframax және Suezmax**) жүк көтергіштігі, flat rate базалық мөлшерлемесі және тауарға баға белгіленімі қолданылған ресми ақпарат көздерінің баспагері жариялайтын Worldscale шамасы ескеріледі.

      12. Банк шығыстары немесе сатып алушының ерте төлеу және алдын ала төлеу бойынша қаржылық шығыстары дифференциал құрамдастары болып табылмайды және сатып алу-сату келісімшарттарының талаптарымен айқындалады.

      13. Тасымалдау кезіндегі ысырап мөлшері дифференциалда, тауарды өткізу кезінде қолданылатын мынадай құжаттарға:

      Қазақстан Республикасының аумағында – Қазақстан Республикасындағы табиғи кему нормалары бойынша ұлттық стандарттарға;

      басқа елдердің аумағында – осы елдердің табиғи кему нормалары бойынша нормативтік құжаттарына немесе тәуелсіз инспекцияның есептеріне немесе ресми ақпарат көздерінің деректеріне сәйкес ескеріледі.

      Бұл ретте ысырап мөлшері ресми ақпарат көздеріндегі бағалаудан аспауға тиіс.

      14. Сатып алушы маржасы ресми ақпарат көзіне енгізілген мерзімді басылымдар мен баспагерлердің ақпараттық-талдамалық жүйелерінде және басқа да ақпарат көздерінде жарияланған деректердің орташа мәні ретінде қабылданады.

      15. Теңіз, теміржол немесе өзге де көлікпен тасымалдау кезінде жүкті сақтандыру құны шарттармен немесе сақтандыру полистерімен немесе сақтандыру компаниясының немесе оның агентінің төлем шоттарымен (invoice), сатып алушының сақтандыру құнының есеп-қисабымен расталады.

      16. Жүктің сапасы мен санын айқындау бойынша жүк инспекциясының құны инспекторлық қызметтер көрсету шарттарымен, инспекциялық қызметтер көрсететін компаниялардың төлем шоттарымен (invoice), сатып алушының инспекция құнының есеп-қисаптарымен, тәуелсіз инспекторлық компаниялардың есептерімен расталады. Қажет болған кезде инспекция Ақтау портынан Джейхан портына дейінгі бағыт бойынша бірнеше пунктте жүргізіледі.

      17. Порттағы порттық алымның құны қызмет көрсетуге арналған шарттармен, порттық/агенттік қызметтерді көрсететін компаниялардың төлем шоттарымен (invoice) расталады. Қажет болған кезде порттық алым кемені жалдау құнына қосылады.

      18. Порттардағы ауыстырып-тиеу бойынша шығыстардың құны ауыстырып-тиеу қызметтерін көрсететін компаниялардың шарттарымен, инвойстарымен (invoice) расталады.

      19. Танкердің нормативтен артық тұрып қалуы (демерредж) бойынша шығыстардың құны таймшитпен (time sheet) және инвойспен (invoice) расталады.

      20. Дифференциал құрауыштары құжатпен, оның ішінде шарттармен (келісімшарттармен), тауарды тиісті тауарды межелі (жеткізу) нарығына жеткізуге және оны өткізуге байланысты өткізу шығыстары бойынша көрсетілетін қызметтерді қабылдау-тапсыру актілерімен расталады.

      21. Өзге шығыстарды дифференциалға енгізу мүмкін болмаған кезде мұндай шығыстарды сатушы сатып алу-сату келісімшартында жазылған талаптар бойынша сатып алушыға бөлек төлейді немесе өтейді.

      Ескертпе:

      ** - қолданылатын акваторияға және көлеміне байланысты танкерлердің түрлері.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады