Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кіруі (әкелінуі) және оларды Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану қағидалары мен талаптарын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 24 қарашадағы № 1031 қаулысы.

      "Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 9-1-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кіруі (әкелінуі) және оларды Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану қағидалары мен талаптары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 24 қарашадағы
№ 1031 қаулысымен
бекітілген

Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кіруі (әкелінуі) және оларды Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану қағидалары мен талаптары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кіруі (әкелінуі) және оларды Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану қағидалары мен талаптары (бұдан әрі – Қағидалар мен талаптар) "Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 9-1-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кіруінің (әкелінуінің) және оларды Қазақстан Республикасының аумағында пайдаланудың тәртібі мен талаптарын айқындайды.

      2. Осы Қағидалар мен талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) автокөлік құралдарының электрондық паспорттарының (автокөлік құралдарының шассиі паспорттарының) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттарының жүйесі (бұдан әрі – электрондық паспорт жүйесі) – есептеуіш және коммуникациялық жабдықты, бағдарламалық қамтылымды, лингвистикалық құралдарды, ақпараттық ресурстарды, жүйелік персоналды және осы жүйеде белгіленген қағидалар бойынша өзара іс-қимыл жасайтын қатысушылар мен пайдаланушыларды қамтитын, сондай-ақ осы жүйенің белгіленген функцияларын орындаудың ақпараттық технологиясын іске асыратын құрылымдалған кешен;

      2) автокөлік құралы – автобусты, шағын автобусты, жеңіл және жүк автомобилін, троллейбусты, автомобиль тіркемесін, ершікті тартқышқа жартылай тіркемені, сондай-ақ мамандандырылған автомобильді (жүктің белгілі бір түрін тасымалдауға арналған) және арнайы автомобильді (негізінен көліктік емес әртүрлі жұмысты орындауға арналған) қамтитын автомобиль көлігінің жылжымалы құрамының бірлігі;

      3) автокөлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік – автокөлік құралының жол жүрісі жүйесіне қатысуға жіберілгенін растайтын құжат;

      4) автокөлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі – мемлекет меншігі болып табылатын және механикалық көлік құралына берілетін жеке әріптік-цифрлық белгіден тұратын және ұлттық стандарт талаптарына сәйкес жасалған бұйым. Бұл ұғым "Транзит" нөмірлік белгісіне қолданылады;

      5) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша халықаралық қозғалыстағы автокөлік құралы – Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты жоқ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам пайдаланатын және бір уақытта мынадай шарттарға сәйкес келетін автокөлік құралы:

      тұрғылықты жері немесе болатын жері Қазақстан Республикасынан тыс жердегі жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі;

      Қазақстан Республикасында тіркелмеген;

      Қазақстан Республикасына уақытша әкелінген;

      6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы (бұдан әрі –Мемлекеттік шекара) – Қазақстан Республикасы аумағының (құрлық, су, жер қойнауы, әуе кеңістігі) шегін және Қазақстан Республикасы мемлекеттік егемендігі қолданылатын кеңістіктік шегін айқындайтын сызық және ол бойынша өтетін тік жазықтық;

      7) міндетті техникалық қарап-тексеру – автокөлік құралдарының және оларға тіркемелердің техникалық жай-күйін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан диагностикалаудың кезеңдік процесі;

      8) Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті (бұдан әрі – өткізу пункті) – теміржол, автомобиль вокзалы немесе станциясы, теңіз немесе өзен порты, халықаралық әуежай немесе әуеайлақ шегіндегі аумақ (акватория), сондай-ақ адамдарды, көлік құралдарын, жүк пен тауарды өткізу жүзеге асырылатын, тиісті инфрақұрылымы бар, Мемлекеттік шекараға тікелей жақын жерде арнайы бөлінген өзге де жергілікті жер учаскесі.

2-тарау. Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кіру (әкеліну) тәртібі мен талаптары

      3. Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кіруі (әкелінуі) "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және мыналар:

      1) автокөлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік;

      2) автокөлік құралының меншік иесі туралы мәліметтерді, автокөлік құралының сәйкестендіру белгілерін, осындай автокөлік құралы жеткізілетін орын және оны қабылдау шарттары туралы (автокөлік құралдары автокөлік құралдарын тасымалдау бойынша көрсетілген қызметтер пайдаланылып әкелінген жағдайда) мәліметтерді қамтитын Қазақстан Республикасының аумағына автокөлік құралын тасымалдау туралы қызмет көрсетуге арналған шарт;

      3) көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассиінің паспорттары) және өздігінен жүретін машина мен техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттары жүйесінен алынған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген автокөлік құралдарының сәйкестендіру белгілері және оларды тіркеу есебі туралы мәліметтер болған кезде өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың 3) тармақшасының талаптары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көлік құралдары электрондық паспорттарының (көлік құралдары шассиі паспорттарының) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттарының жүйелерін интеграциялау процестері аяқталғанға дейін қолданылмайды.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.12.2023 № 1096 қаулысымен.

      4. Осы Қағидалар мен талаптардың 3-тармағында көзделген құжаттарды тексеруді өткізу пунктінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (бұдан әрі – Шекара қызметі) жүзеге асырады.

      5. Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағына кіргізуді (әкелуді) жүзеге асыруға ниет білдірген тұлғалар Мемлекеттік шекарадан өткен кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары мен Шекара қызметі өкілдерінің талабы бойынша осы Қағидалар мен талаптардың 3-тармағында көзделген құжаттарды ұсынады.

      6. Осы Қағидалар мен талаптардың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген құжатты тексеруді Шекара қызметі автокөлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікте көрсетілген мәліметтерді (автокөлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі, тану белгісі, сәйкестендіру нөмірі) Шекара қызметінің ақпараттық жүйесіне енгізу арқылы жүзеге асырады, олар Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ақпараттық жүйесімен интеграциялау арқылы автоматты режимде халықаралық іздестіруде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іздестіруде (бұдан әрі – іздестіру) болуы тұрғысынан тексеруден өтеді.

      Автокөлік құралының іздестіруде болуы анықталған кезде мұндай автокөлік құралын Шекара қызметі аумақтық тиесілігі бойынша Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына береді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 желтоқсандағы № 1291 қаулысымен бекітілген Соттың, прокуратура, қылмыстық қудалау және сот сараптамасы органдарының қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелерді, алып қойылған құжаттарды, ұлттық және шетелдік валютадағы ақшаны, есірткіні, психотроптық заттарды алып қою, есепке алу, сақтау, беру және жою қағидаларының 38-тармағында айқындалған тәртіппен сақталады.

      Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары Шекара қызметінің сұратуы бойынша көрсетілген автокөлік құралдарына қатысты қабылданған шешім туралы хабардар етеді.

      7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары осы Қағидалар мен талаптардың 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген құжаттарды тексеруді жүзеге асырады.

      Осы тармаққа сәйкес жүргізілетін құжаттарды тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары рұқсат белгісін қояды.

      Осы Қағидалар мен талаптардың 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың біреуі болмаған жағдайда рұқсат белгісі қойылмайды.

      8. Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағына кіргізуді (әкелуді) Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органының рұқсат белгісі бар болса, Шекара қызметі жүзеге асырады.

      Көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелу құқығына мемлекеттік кіріс органдарының немесе өзге де бақылаушы органдарының рұқсат белгісі болмаған жағдайда Шекара қызметі басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне (әкелінуіне) жол бермейді.

3-тарау. Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану

      9. Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану:

      1) автокөлік құралдарын тиісті құжаттар мен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін беріп, мемлекеттік тіркеу және есепке алу;

      2) автокөлік құралдарын міндетті техникалық қарап-тексеруден өткізу;

      3) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша халықаралық қозғалысқа жіберу үшін шарттарды орындау;

      4) автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру арқылы жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың 3) тармақшасының талабы Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты жоқ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам пайдаланатын көлік құралына қатысты қолданылады.

      10. Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 63-бабына сәйкес міндетті мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін жол беріледі.

      Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген, халықаралық жол жүрісіне қатысатын және Қазақстан Республикасына бір жылдан аспайтын мерзімге әкелінетін автокөлік құралдары міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайды.

      11. Шығарылған жылын қоса алғанда, шығарылғанына жеті жылдан аспаған, автомобиль көлігі саласындағы кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын M1 санатындағы автокөлік құралдарын қоспағанда, басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген, міндетті техникалық қарап-тексеруден өтпеген автокөлік құралдары пайдалануға жатпайды.

      Жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын және жүргізушінің орнынан басқа отыруға арналған орын сегізден аспайтын көлік құралдары M1 санатындағы көлікке жатады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары Қазақстан Республикасының аумағы бойынша халықаралық жол жүрісіне қатысқанына Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген (кіргізілген) күннен бастап қатарынан күнтізбелік тоқсан күн толмаған автокөлік құралдарына және оларға тіркемелерге қолданылмайды.

      12. Автокөлік құралы "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 65-бабының 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келген жағдайда ол Қазақстан Республикасының аумағы бойынша халықаралық жол жүрісінде деп саналады.

      Халықаралық жол жүрісіне қатысатын автокөлік құралы Мемлекеттік шекарадан өткен кезден бастап бір жылға дейін Қазақстан Республикасының аумағында бола алады.

      Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін халықаралық жол жүрісіндегі автокөлік құралы ұзақтығы кемінде қатарынан күнтізбелік отыз күн болатын мерзімге Қазақстан Республикасының аумағының шегінен тыс жерге әкетілуге тиіс.

      Халықаралық жол жүрісіндегі автокөлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағында жол жүрісіне қатысуға жіберу Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес берілген:

      1) автокөлік құралын, тіркемені мемлекеттік тіркеу туралы куәлік;

      2) автокөлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі;

      3) мемлекеттің айырым белгісі;

      4) автокөлік құралының тану белгісі;

      5) автокөлік құралының техникалық қарап-тексеруден өту фактісін растайтын құжат;

      6) автокөлік құралы иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты;

      7) көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассиінің паспорттары) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттары жүйесінен алынған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген автокөлік құралдарының сәйкестендіру белгісі және оларды тіркеу есебі туралы мәліметтер) болған кезде жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың 7) тармақшасының талаптары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көлік құралдары электрондық паспорттарының (көлік құралдары шассиі паспорттарының) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттарының жүйелерін интеграциялау процестері аяқталғанға дейін қолданылмайды.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.12.2023 № 1096 қаулысымен.

      13. Қазақстан Республикасының аумағында автокөлік құралдарын пайдалануға олардың иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі міндетті сақтандырылған жағдайда ғана жол беріледі.

      Автокөлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабына сәйкес жасалады.

      14. Көлік құралдарын пайдалануға "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 51-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда жол берілмейді.

      Жол жүрісіне қатысатын автокөлік құралын пайдалануға тыйым салу мұндай тыйым салуға негіз болған себептер жойылғанға дейін жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады