Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.
2. Тұжырымдаманың іске асырылуына жауапты орталық, жергілікті атқарушы органдар және өзге де мемлекеттік органдар (келісу бойынша):
1) Тұжырымдаманы іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдасын;
2) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде Тұжырымдаманың іске асырылу барысы туралы ақпарат беріп тұрсын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 24 қарашадағы № 1039 қаулысымен бекітілген |
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы
Мазмұны
2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау
3-бөлім. Халықаралық тәжірибеге шолу
4-бөлім. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді дамыту пайымы
5-бөлім. Дамудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
1-бағыт. Әскери-патриоттық жұмыс органдарының құрылымын жетілдіру
4-бағыт. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру үшін материалдық базаны дамыту
5-бағыт. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді ақпараттық қамтамасыз ету
6-бөлім. Нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтиже
1-бөлім. Паспорт
1. Атауы |
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы |
2. Әзірлеу үшін негіздеме | Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалығымен өткен Бүкілармиялық кеңестің 2023 жылғы 5 мамырдағы № 23-01-13.1 хаттамасының 2.5-тармақшасы |
3. Тұжырымдаманы әзірлеуге және іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар | Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, жергілікті атқарушы органдар |
4. Іске асыру мерзімі | 2024 – 2030 жылдар |
2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау
Қазақстан Республикасында өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын ұйымдастыру негізінен құзыреті шегінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің қызметі шеңберінде жүргізіледі.
Елімізде жастарға патриоттық тәрбие беру жүйесін реттеуге алғашқы әрекет әскери-патриоттық тәрбие берудің теориялық және әдіснамалық негізін қамтитын Азаматтарға патриоттық тәрбие берудің 2006 – 2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапты.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2015 жылғы 9 желтоқсандағы № 2250 қарарында ұлттық үкіметтердің жастар саясатын әзірлеуінің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Қазақстанда 2020 жылға дейінгі кезеңге есептелген Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру мақсатында әзірленді. 2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасының жастарын қолдау жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың қабылдануына байланысты жастар саясатын іске асырудың жаңа кезеңі басталды. Одан басқа, жастарды қолдаудың арнайы мемлекеттік шаралары бірқатар жоба мен бағдарлама шеңберінде де ұсынылды. Сонымен қатар елдегі және әлемдегі белгілі бір даму үрдісі қолданыстағы әскери-патриоттық тәрбие жүйесін жаңартуды және жаңа тұжырымдаманы әзірлеуді болжайтынын атап өту қажет.
2022 жылғы 26 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды, онда жастардың жасы 35 жасқа дейін болып айқындалды, бұл халықтың жалпы құрылымындағы жастар үлесін 3,7 млн адамнан 6 млн адамға дейін ұлғайтты.
Жастардың бойында патриотизмді тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам 2023 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы болды, оның шеңберінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын ұйымдастырды.
Еліміздегі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру процесінің негізгі локомотиві Қорғаныс, Оқу-ағарту министрліктері, жергілікті атқарушы органдар мен 2018 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы базасында құрылған "Жас сарбаз" балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы" республикалық қоғамдық бірлестігі (бұдан әрі – "Жас сарбаз" қозғалысы) болып табылады.
"Жас сарбаз" қозғалысының және оның еліміздің барлық өңіріндегі филиалдарының жұмысы арқасында соңғы бес жыл ішінде әскери-патриоттық клубтар саны 2828-ден 8672-ге дейін, ал оған қамтылған бала саны 73 164-тен 260 162-ге дейін артты.
Қорғаныс министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және "Жас сарбаз" қозғалысымен бірлесіп, жыл сайын "Айбын" әскери-патриоттық жастар жиынын өткізеді, оған шамамен екі мың әскери-патриоттық клуб пен 55 мың жас жігіт пен қыз қатысады.
Бүгінгі күні жүргізіліп жатқан әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысы өскелең ұрпақ бойында жауапкершілік, жоғары руханилық, адамгершілік, белсенді азаматтық ұстаным, патриоттық сана, әділеттілік, мақсаттылық, бірлік, туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрмет сияқты қасиеттерді қалыптастыруға және дамытуға бағытталған.
"Жас сарбаз" қозғалысы қатарындағы жас жігіттер Отан қорғаушы мамандығын жиі таңдайды. Дамудың осы векторын ұстанып, қоғам құндылыққа бағдарланған, білімді, руханилық пен адамгершілік негізінде тәрбие алған, патриоттық көзқарастағы азамат ретінде берік платформаны тұрақты түрде қамтамасыз етеді.
Жалпы жергілікті жерде іске асырылатын жобалар мен жүргізілетін іс-шараларды талдау әскери-патриоттық тәрбие берудің мазмұнды құндылығы мен маңыздылығын көрсетеді. Жастар арасында патриотизмге деген көзқарас тек әлеуметтік қана емес, рухани, адамгершілік, мәдени және тарихи компоненттерді біріктіретін маңызды құндылық ретінде кеңінен таралуда.
Сонымен қатар қоғамда әскери-патриоттық тәрбие беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге әлеуметтік сұраныс сақталуда және барлық мүдделі мемлекеттік құрылымды қатысуға тартып, білім беру мекемелерінде жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру сапасын арттыру қажеттілігі туындады.
Жастарға, әскери-патриоттық жиынға қатысушыларға жүргізілген сауалнама жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын ұйымдастыру проблемаларын көрсетті, онда 30,3 % респондент әскери-патриоттық жұмысты ұйымдастыруда бірыңғай жүйенің жоқ екенін атап өтті, 39,5 %-ы елде өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берумен тікелей айналысатын бірыңғай орган құру туралы пікір білдірілді.
Одан басқа, азаматтарды әскери қызметке даярлау жүйесінің маңызды құрамдас элементтерінің бірі ретінде жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын ұйымдастыруда бірқатар басқа да проблемалық мәселе бар.
Біріншіден, бұл мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл мен вертикальдің жүйелі реттелген тетігінің болмауы.
Екіншіден, білім беру мекемелерінде әдістемелік қамтамасыз етуде, әсіресе жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру саласындағы мамандарды даярлау және қайта даярлау бөлігінде қиындықтар бар.
Үшіншіден, Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын іске асыруға бөлінетін қаражат шеңберінде әскери-патриоттық іс-шараларды қаржыландырудың аз мөлшері және төмен үлесі. Бұл Отанды қорғауда ғасырлар бойы қалыптасқан патриотизмнің ең жоғары нысаны ретіндегі әскери-патриоттық тәрбие беру аспектісінің рөлі мен маңызын айтарлықтай төмендетеді.
Төртіншіден, жалпы білім беру мекемелерінде құрылатын "Жас сарбаз" әскери-патриоттық клубтары мен сыныптарында тиісті материалдық және қаржылық қолдау жоқ, ол өз қызметімен жастардың аз бөлігін ғана қамтиды.
Бесіншіден, Қазақстан жастарының елдегі жаңалықтар мен оқиғаларға, саяси реформалар мен қайта құруға деген қызығушылығы төмен деңгейде қалып отыр. Сонымен қатар өскелең ұрпақ функциясы қоғамдық ұйымдардың қызметін мониторингтеу болуға тиіс болашақ азаматтық қоғамның тірегі болып табылады.
"Айбын" республикалық әскери-патриоттық жиынын өткізу барысында жүргізілген сауалнама Қазақстан жастары әлеуметтік желіде күн сайын бірнеше сағат өткізетінін көрсетті. Жастар арасында дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының танымал болмауы туралы кең таралған стереотипке қарамастан, олардың 36,1 %-ы қазақстандық теледидарды, газеттерді, радионы атап өтті. Іс жүзінде әрбір үшінші адам жаңалықтар мен оқиғалар туралы қазақстандық интернет-ресурс (29,5 %) арқылы біледі. Жалпы интернет-контентті пайдаланатын жастар жаңа пікірдегі көшбасшылардың әлеуетті аудиториясын білдіреді, олар оған тартымды идеологияны көрсете алады, жастар арасында беделге ие болады және болып жатқан оқиғаларға өзінің субъективті бағасын насихаттай алады.
Осының бәрі жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің барлық проблемалық мәселесін шешуге бағытталған жұмысты жалғастыру және іс-қимылды үйлестіру қажет екені туралы куәландырады.
Осы Тұжырымдама жастар бойында азаматтықты, патриотизмді, Отанға лайықты қызмет етуге әзір болуды дамытудағы озық тәжірибені, білім мен дәстүрді зерделеу негізінде дайындалды.
Тұжырымдаманың іс-шаралары мынадай бөлімдерге біріктірілген:
әскери-патриоттық жұмыс органының құрылымын жетілдіру;
әскери-патриоттық тәрбие беруді ұйымдастырушылар мен мамандарының кәсіптік даярлығы деңгейін арттыру, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысының нысандары мен әдістерін жетілдіру;
жастар бойында патриоттық қасиеттерді қалыптастыру және дамыту, оларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дәстүр негізінде тәрбиелеу;
жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру үшін материалдық базаны дамыту;
жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді ақпараттық қамтамасыз ету.
Тұжырымдаманың негізгі бағыттарын іске асыру әскери-патриоттықпен қатар педагогикалық, әлеуметтік және адамгершілік сипаттағы проблемаларды да шешуге, жастардың әскери қызметке қызығушылықпен қарауын, Отанды қорғау міндетін лайықты орындауға әзір болуын дамытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тұжырымдама жастарға бағдарланған және әскери-патриоттық тәрбие берудің қалыптасқан жүйесін жетілдіруге бағытталған, осы бағыттағы проблемалардың кең спектрін шешуде мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің бірлескен қызметін кеңейтуді көздейді және осы процеске одан әрі серпін беру үшін арналған.
3-бөлім. Халықаралық тәжірибеге шолу
Өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын ұйымдастыру мен жүргізудің шетелдік тәжірибесін талдау барлық стратегияның негізгі мақсаты Отанды қорғауға дайын патриоттық көзқарастағы жас жігітті тәрбиелеу болып табылатынын көрсетеді.
Тұжырымдама шеңберінде кейбір шет елдердің жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру саласындағы тәжірибесі қаралды.
Өзбекстан Республикасында азаматтарды патриотизм және рухани-идеялық құндылықты дамыту рухында тәрбиелеу бойынша жүйелі және қарқынды жұмыс жүргізілуде. Әскери-патриоттық тәрбие рухани-ағартушылық қызметпен тығыз байланысты және "Отан – қастерлі, оны қорғау – қасиетті борыш!" тұжырымдамалық идеясы негізінде ұйымдастырылған. Өзбекстан азаматтарының руханилығы мен дүниетанымы, Отанға деген адалдық сезімі, патриотизмі мен әскери қызметке деген қызығушылығы мектептен бастап дамытылады. Жалпы білім беретін мектептердің барлық жоғары сынып оқушыларын қамтитын "Ватан Таянчи" әскери-патриоттық қозғалысы құрылып, табысты жұмыс істеуде. Қозғалыс басшылығы тікелей Қорғаныс министрінің орынбасарына бағынады. Өзбекстан Республикасының тәжірибесін "Жас сарбаз" қозғалысының мәртебесін арттыру бойынша шаралар қабылдау үшін және жалпы білім беретін мектептердің барлық жоғары сынып оқушыларының "Жас сарбаз" қозғалысы қатарына кіруі есебінен әскери-патриоттық іс-шаралармен қамтылған жастар санын ұлғайту үшін пайдалануға болады.
Қырғыз Республикасының тәрбие беру тұжырымдамасында Қырғыз халқының достығы рухында, сондай-ақ Қарулы Күштердің дәстүрінде тәрбиелеу арқылы Қарулы Күштердегі жеке құрамға және әскерге шақыру жасына дейінгі жастарға тәрбие беру жүйесін жетілдіруге баса назар аударылған. Бұл тәжірибе Қазақстан үшін Қазақстан халқының мәдениетін, дәстүрі мен тарихын құрметтеуге тәрбиелеу және этносаралық және конфессияаралық қатынасты жақсарту бойынша ерекше өзекті болып табылады.
Түркияда патриотизм – бұл ұлттық идея. Отанды қорғау мәселесі және армияда қызмет ету зор құрмет. Кішкентай кезінен бастап балабақшада сәбилердің бойына мемлекеттің дәстүріне, тарихына, мәдени құндылығына деген сүйіспеншілікті дарытады. Түркия азаматтары мемлекетінің проблемаларына бей-жай қарамайды. Олар әрқашан оның мүдделерін қорғауға дайын. Ал мемлекет өз кезегінде азаматтарына қамқорлық жасайды. Бұл тәжірибе әсіресе қазіргі кезеңде біз үшін өзекті.
Беларусь Республикасының тәжірибесі назар аударуға тұрарлық, онда патриоттық тәрбие беру жүйесі Беларусь менталитетінің негізін қалайтын Беларусь ұлтының тарихи тәжірибесіне, рухани және моральдық дәстүріне, құнды наным-сенімі мен бағдарларына, Беларусь Республикасы мемлекеттік құрылысының қазіргі кезеңінің "Бірлік. Даму. Тәуелсіздік" сияқты базалық қағидаттарына негізделген.
Патриотизмге тәрбиелеуде ұрпақтар арасындағы рухани байланыстың негізі қаланатын және патриоттық сезім мен патриоттық мінез-құлықты қалыптастыруды қамтитын отбасына ерекше роль берілетінін атап өту маңызды. Осы Беларусь Республикасында "отбасылық патриоттық тәрбие" ұғымы қалыптасты, ол туыстары, жақындары және жалпы елі үшін жауапты болуға қабілетті, адамгершілігі жоғары және үйлесімді дамыған тұлғаның барлық қалыптасу кезеңін қамтиды.
Егер әскери-патриоттық аспектіні қарайтын болсақ, онда Беларусь Республикасында ол азаматтық бірегейлікті, елі үшін мақтанышты және оның тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға дайын болуды қалыптастыруға бағытталған.
Беларусь Республикасының тәжірибесі, әсіресе отбасылық тәрбие, туыстарына, жақындарына және жалпы Отанына жауапты болуға дайын тұлғаны қалыптастыру мәселелері біз үшін маңызды.
Ресей Федерациясында әскери-патриоттық тәрбиенің үйлесімді жүйесі құрылған. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясында тәрбие беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясы іске асырылуда.
Әскерге шақыру жасына дейінгі жастармен жұмыс істеудің тиімді нысандарының бірі қорғаныс-спорттық лагерь жұмысын ұйымдастыру болып табылады, мониторингтеу нәтижесі бойынша олардың жалпы саны 2000-нан астамды құрады. Білім беру ұйымдары мен клубтар санының артқанын көрсететін оң үрдіс байқалды, оларға патриоттық тәрбие беру саласындағы жетістігі үшін азаматтардың құрметіне құрметті атау берілген.
Ресей Федерациясының субъектілерінде азаматтарға (жастарға) әскери-патриоттық тәрбие беру және әскери қызметке даярлау орталықтары құрылған. Өскелең ұрпақты дене шынықтыру-спорттық тәрбиелеу жүйесін жетілдіру, оқушыларды дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға жаппай тарту мақсатында жыл сайын президенттік жарыстың мектептегі кезеңіне қатысатын оқушылар саны ұлғайып келеді.
Қытайдағы әскери-патриоттық жұмыс негіздері мен оның стратегиялық бағыттары әрбір бес жыл сайын жаңартылып отыратын Жеке құрамға саяси тәрбие беру бағдарламасында, ал азаматтық секторда патриоттық тәрбие беруге, Қытай рухында тәрбиелеуге, Қытай тарихын, дәстүрі мен мәдениетін зерделеуге бағытталған Адамгершілік тәрбие беру бағдарламасы арқылы қалыптастырылады. Қытай балалары мен жасөспірімдері арасында ерекше танымал болған жазғы әскери-патриоттық лагерь деп аталатын көптеген үйірме мен секция құрылған.
Қытай тәжірибесін өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын ұйымдастыру мен жүргізудің нысандары мен әдістерін жетілдіру үшін пайдалану қажет.
Сонымен, бірқатар елдің әскери-патриоттық тәрбие беру жүйесін талдау патриотизмнің ұлттық идеясын іске асыруға негіз болатын және азаматтың ұлттық санасы мен ұлттық бірегейлігін қалыптастыратын отбасының, қоғам мен мемлекеттің тарихи қалыптасқан базалық құндылығына негізделген.
4-бөлім. Әскери-патриоттық тәрбие беруді дамыту пайымы
2030 жылға қарай жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру саласында нәтижеге бағдарланған жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жүйесі қалыптастырылуға тиіс.
Жастар бойында азаматтық кемелдену, Отанға деген сүйіспеншілік, жауапкершілік, борыш сезімі және дәстүрге адал болу сияқты әлеуметтік өте маңызды қасиеттерді қалыптастыру мен дамыту арқасында олардың қоғам қызметінің әртүрлі, оның ішінде әскери қызмет саласындағы аса маңызды проблемаларын шешуге белсенді қатысу мүмкіндігі біршама артады, қазіргі заманғы жастардың мінез-құлық сапасы жақсаруда, бұл жалпы қоғамға оң әсер етеді. Жастардың жоғары руханилығы, адамгершілігі, белсенді азаматтық ұстанымы, патриоттық санасы еліміздің әлеуетін арттыруға байланысты міндеттерді табысты шешуге ауқымды дәрежеде ықпал ететін болады.
Әскери-патриоттық тәрбие беруді жақсарту мультипликативті түрде ықпал етеді және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне, құқықтық және саяси әлеуетін нығайтуға, елдің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігінің артуына оң әсер етеді. Патриоттық тәрбие алған жастар қазіргі қоғамның жасампаз әлеуетінің ең құнды компонентіне айналу мән-жайы ерекше маңызды, ол, ең алдымен, Қазақстанның болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын болумен айқындалады.
5-бөлім. Дамудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысы мынадай қағидаттарға негізделеді:
Қазақстан Республикасының Конституциясын және мемлекеттік рәміздерді құрметтеу;
адамгершілік, мәдени және рухани құндылықтың басымдығы;
азаматтық, жауапкершілік пен еңбекқорлық;
ұрпақтар тұтастығы мен сабақтастығы.
Тұжырымдаманы іске асыру әскери-патриоттық тәрбие беру іс-шаралары жүйесінде нақтыланған орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кешенді шараларды және үйлесімді іс-қимылды қабылдауын көздейді, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру бойынша туындаған проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.
5.1. Әскери-патриоттық жұмыс органдарының құрылымын жетілдіру:
республикалық деңгейде және өңірлерде Әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі үйлестіру кеңестерін құруды, оның құрамына мүдделі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары (басшылардың орынбасарлары), сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді, бұл "Жас сарбаз" балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы" республикалық қоғамдық бірлестігінің мәртебесін арттыруға ықпал етеді және барлық шашыраңқы жастар ұйымын (әскери-патриоттық, волонтерлік, скауттық және басқа) біріктіруге мүмкіндік береді;
жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысына мемлекеттік және қоғамдық институттарды тартуды, республикалық деңгейде және өңірлерде жастардың тәлімгерлігін, жетекшілік етуін ынталандыруды;
"Жас сарбаз" әскери-патриоттық клубтарын, сыныптарын құру, елдің әрбір мектебінде, колледжінде үйірме жұмысын ұйымдастыру практикасын жалғастыруды және әскери бөлімдердің оларға жетекшілік етуін бекітіп беруді;
еліміздің жалпы білім беретін мекемелерінде "Жас сарбаз" сыныптарын ашуды;
жастар бойында техникалық ойлау қабілетін дамыту үшін "Жас сарбаз" қозғалысы және оның жанынан құрылған "Смарт сарбаз" үйірмелері шеңберінде жұмыс жүргізуді;
анықталған кемшіліктерді жою және оң тәжірибені бекіту мақсатында әскери-патриоттық тәрбие беру субъектілерінің әртүрлі санаты қызметінің нәтижесін зерделеуді, қажетті түзетулерді уақтылы енгізуді және бақылауды ұйымдастыруды болжайды.
5.2. Әскери-патриоттық тәрбие беруді ұйымдастырушылар мен мамандарының кәсіптік даярлығы деңгейін арттыру, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысының нысандары мен әдістерін жетілдіру:
әскери-патриоттық тәрбие беру мәселесімен айналысатын барлық облыстық және аудандық құрылымның тікелей өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етуді және іс-қимылын үйлестіруді;
әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі әдістемелік ұсынымды әзірлеу мен енгізуді;
мемлекеттік және қоғамдық институттарды тең дәрежеде тарту қажеттілігіне негізделген іс-шаралардың теңгерімділігін;
халықтың ауқымды тобының мүддесін және барлық әлеуметтік және кәсіби топтың қатысуын ескеріп, іс-шаралар ықпал етуінің атаулы болуын;
тәрбие беру субъектілерін жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру нысандары мен әдістеріне, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мүддесінде барлық әскери қызмет түрін пайдалана білуге үйретуді;
орталық мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен, сондай-ақ шет мемлекеттердің жастар ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандум жасауды;
"Жас сарбаз" қозғалысының орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен тығыз ынтымақтастығын дамытуды қамтиды.
5.3. Жастарда патриоттық қасиеттерді қалыптастыру және дамыту, оларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дәстүрі негізінде тәрбиелеу:
жастарға мемлекетіміздің ерлікке толы өткенімен, Қазақстан халқының және мемлекеттіліктің қалыптасуындағы ерлігінде Қарулы Күштердің әскери дәстүрінде кешенді әскери-патриоттық тәрбие беру;
мемлекеттік саясаттың басым бағыттары, ата-бабамыздың тарихы, ерлік мұрасы, қазақстандықтардың батырлығы, реформалау процесі мен іс-қимыл стратегиясы туралы, сондай-ақ қауіпсіздікке төнетін сын-қатер туралы хабардар ету;
аудандық, қалалық және облыстық әскери-патриоттық жиын өткізу, республикалық әскери-патриоттық жиынға қатысу үшін үздік әскери-патриоттық клубты іріктеу;
өткізу үшін тиісті салалардағы жетекші қайраткерлерді тартып, жастар бойында батылдық пен патриотизмді қалыптастыруға бағытталған әскери-патриоттық, мәдени-бұқаралық және спорттық-сауықтыру іс-шараларын өткізу;
жастар бойында танымдық психикалық процесті, ерік-жігер қасиеттерін (төзімділік, батырлық, ерлік және басқа), эмоционалды (Отанға деген сүйіспеншілік) және әлеуметтік-психологиялық қасиеттерді (өзара көмек және өзара қолдау) дамыту;
жастар бойында мінез-құлқын бақылай алуын, кейбір сезімді (қорқыныш, қобалжу) басу немесе арылу және басқа сезімін (борыш және абырой) күшейту қабілетін қалыптастыру;
жастарды өз қасиеттерін дербес бағалау және тұлғалық жағымды қасиеттерін жетілдіру және жағымсыз қасиеттерден арылу бойынша өзін-өзі тәрбиелеу процесін жоспарлай білу дағдысына үйрету;
жастар бойында шымырлықты, күштік жүктемеге төзімділік қабілетін қалыптастыру;
әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әскери бөлімнің әскери-патриоттық жұмысына, мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларға белсенді қатысуы;
ұрпақ мұрасы мен сабақтастығын сақтау, Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, аға буынды құрметтеу, халықтың ғасырлар бойғы дәстүрін арттыру бойынша кездесу мен әңгімелесу өткізу;
Қарулы Күштер дәстүрін жастардың назарына жеткізу;
жастарды отбасылық құндылық пен дәстүр қағидаттарына тәрбиелеу;
жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру іс-шараларын өткізу және олардың қатысуы кезеңінде жеке көмек көрсету;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және барлық үлгідегі білім беру мекемесімен тығыз байланысын орнату;
іздестіру жасақтары құрамында жұмысқа тартып, әскери қызметшілердің барлық санатын жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру проблемалары бойынша әртүрлі іс-шараларды (дөңгелек үстел, семинар, конференция және басқа да ғылыми форум) өткізу бойынша шефтік жұмысқа тарту.
5.4. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру үшін материалдық базаны дамыту:
сыныптарды, "Жас сарбаз" әскери-патриоттық клубы мен сыныбының оқушыларымен сабақ өткізу орындарын жиһазбен, Интернет желісіне шығатын компьютермен, фото, бейнеаппаратурамен, басқа да қажетті техникамен жабдықтауды;
әскери-патриоттық қозғалыс, клуб мүшелерін нысанды киіммен, спорттық киім нысанымен, жабдықпен, атрибутикамен, жалаулармен және плакаттармен қамтамасыз етуді қамтиды.
5.5. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді ақпараттық қамтамасыз ету:
әскери-патриоттық тәрбие беру мүддесінде бұқаралық ақпарат құралдарының, ведомстволық және қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіруді;
ведомстволық әлеуметтік желіде жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша әлеуметтік роликтер мен контенттер шығаруды;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы ведомстволық баспасөз басылымында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру тақырыбына мақалалар басып шығаруды;
елді мекенде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы әскери қызметті насихаттайтын көрнекі үгіт-насихат құралдарын орналастыруды қамтиды.
6. Нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтиже
Әскери-патриоттық тәрбие беруге тартылған жастар санының артуымен 2030 жылға қарай:
барлық білім беру деңгейінде және барлық әлеуметтік топта әскери-патриоттық тәрбие берудің жүйелі моделі қалыптасатын;
әскери-патриоттық тәрбие беру міндеттерін шешуде ведомствоаралық өзара іс-қимыл және мемлекеттік әріптестік жүйесі тиімді жұмыс істейтін;
жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді сүйемелдеу мен реттеудің құқықтық базасы өзектілендірілетін;
елі үшін мақтаныш сезіміне (тарихи мұра, мәдениеттің дамуы, спорттағы жетістік, Отанды қорғауға, оның өркендеуіне жәрдемдесуге деген ұмтылыс ынта-жігер) негізделген елде іске асырылатын саясатқа жастардың қанағаттану деңгейі арттырылатын болады.
Мақсатқа қол жеткізу осы Тұжырымдамаға 1-кестеде көрсетілген нысаналы индикаторлармен өлшенетін болады.
2030 жылға қарай күтілетін нәтиже:
жалпы білім беретін мекемелер мен әскери бөлімдер жанындағы әскери-патриоттық ұйымдар (клубтар, үйірмелер, сыныптар мен секциялар) үлесін 19,2 %-ға дейін ұлғайту;
оқу-әдістемелік жиыннан өткен мамандар үлесін 45,9 %-ға дейін ұлғайту;
әскери оқу орындарына оқуға түсуге ниет білдіретін жастар үлесін 7,8 %-ға дейін ұлғайту;
әскери-патриоттық клубтар материалдық-техникалық базасының (сыныптар мен үй-жайларды жабдықтау, нысанды киіммен, атрибутикамен қамтамасыз ету) қамтамасыз етілу үлесін 13,6 %-ға дейін ұлғайту;
жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі жарияланымдар, әлеуметтік роликтер мен контенттер үлесін 41 %-ға дейін ұлғайту.
Ескертпе:
Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар осы Тұжырымдамаға қосымшаға сәйкес Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
1-кесте. Нысаналы индикаторлар
Р/с | Нысаналы индикаторлар | Өлш. бірл. | Ақпарат көзі | Болжам | Жауапты орындаушылар | ||||||
2024 жыл | 2025 жыл | 2026 жыл | 2027 жыл | 2028 жыл | 2029 жыл | 2030 жыл | |||||
1. | Жалпы білім беретін мекемелер мен әскери бөлімдер жанындағы әскери-патриоттық ұйымдар (клубтар, үйірмелер, сыныптар мен секциялар) үлесін ұлғайту | % | Қорғанысмині | 2,7 | 5,5 | 8,2 | 11- | 13,7 | 16,5 | 19,2 |
ЖАО, Қорғаныс мині, ТЖМ, ІІМ, ҰҚК (келісу бойынша), |
2. | Оқу-әдістемелік жиыннан өткен мамандар үлесін ұлғайту | % | Қорғанысмині | 6,4 | 12,9 | 19,3 | 26 | 32 | 39,3 | 45,9 |
ЖАО, "Жас сарбаз" қозғалысы (келісу бойынша), |
3. | Әскери оқу орындарына оқуға түсуге ниет білдіретін жастар үлесін ұлғайту | % | Қорғанысмині | 5,4 | 5,8 | 6,2 | 6,6 | 7 | 7,4 | 7,8 |
ЖАО, Қорғаныс мині, "Жас сарбаз" қозғалысы (келісу бойынша)МАМ, ОМ, |
4. | Әскери-патриоттық клубтар материалдық-техникалық базасының (сыныптар мен үй-жайларды жабдықтау, нысанды киіммен, атрибутикамен қамтамасыз ету) қамтамасыз етілу үлесін ұлғайту | % | Қорғанысмині | 1,9-ға дейін | 3,7-ге дейін | 5,5-ке дейін | 7,6-ға дейін | 9,6-ға дейін | 11,6-ға дейін | 13,6-ға дейін |
ЖАО, Қорғаныс мині |
5. | Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі жарияланымдар, әлеуметтік роликтер мен контенттер үлесін ұлғайту | % | Қорғанысмині | 6,4 | 12,1 | 17,8 | 23,6 | 29,4 | 35,2 | 41 |
Қорғанысмині, |
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына қосымша |
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары
Р/с | Іс-шара атауы |
Аяқтау |
Орындау | Жауапты орындаушылар | |
1 | 2 | 3 | 4 | 6 | |
1-бағыт. Әскери-патриоттық жұмыс органдары құрылымының жүйесін жетілдіру | |||||
Нысаналы индикатор: Жалпы білім беретін мекемелер мен әскери бөлімдер жанындағы әскери-патриоттық ұйымдар (клубтар, үйірмелер, сыныптар мен секциялар) үлесін ұлғайту (2024 ж. – 2,7 %, 2025 ж. – 5,5 %, 2026 ж. – 8,2 %, 2027 ж. – 11 %, 2028 ж. – 13,7 %, 2029 ж. – 16,5 %, 2030 ж. – 19,2 %) | |||||
1 | Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі республикалық және өңірлік үйлестіру кеңесін құру |
Қорғанысминінің бұйрығы, | 2025 жылғы желтоқсан | Қорғанысмині, ЖАО | |
2 | Жалпы білім беретін мекемелерде және әскери бөлімдер мен мекемелер жанынан әскери-патриоттық клуб ашу | Аудандық білім беру басқармасында (бөлімде) тіркеумен әскери-патриоттық клуб ашу туралы акт (айына кемінде бір клубтан) | Жарты жылда бір рет келесі айдың 10-ы күніне қарай Қорғанысминіне ақпарат | ЖАО, Қорғанысмині, ТЖМ, ІІМ, ҰҚК (келісу бойынша) | |
3 | Жалпы білім беретін мекемелерде "Жас сарбаз" әскери-патриоттық сыныбын ашу | Аудандық білім беру басқармасында (бөлімде) тіркеумен "Жас сарбаз" әскери-патриоттық сыныбын ашу туралы акт (жылына кемінде бір сыныптан) | Жарты жылда бір рет келесі айдың 10-ы күніне қарай Қорғанысминіне ақпарат | ЖАО | |
4 | Мамандандырылған мектеп пен техникалық колледжде "Смарт сарбаз" үйірмесін ашу |
Аудандық білім беру басқармасында (бөлімдер) "Смарт сарбаз" үйірмесін ашу туралы акт | Жарты жылда бір рет келесі айдың 10-ы күніне қарай Қорғанысминіне ақпарат | ЖАО, Қорғанысмині, ІІМ, ҰҚК (келісу бойынша) | |
5 | Жастар үйі мен Қазақстан халқының Ассамблеясы базасында "Жас сарбаз" қозғалысының үйірме жұмысын ұйымдастыру |
Үйірме ашу туралы акт | Жыл сайын сәуір | Ассамблея жастары (келісу бойынша), Қорғанысмині, ЖАО | |
2-бағыт. Әскери-патриоттық тәрбие беруді ұйымдастырушылар мен мамандарының кәсіби даярлығы деңгейін арттыру, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысының нысандары мен әдістерін жетілдіру | |||||
Нысаналы индикатор: Оқу-әдістемелік жиыннан өткен мамандар үлесін ұлғайту (2024 ж. – 6,4 %, 2025 ж. – 12,9 %, 2026 ж. – 19,3 %, 2027 ж. – 26 %, 2028 ж. – 32 %, 2029 ж. – 39,3 %, 2030 ж. – 45,9 %) | |||||
6 | "Жас сарбаз" қозғалысы филиалының төрағаларымен оқу-әдістемелік жиын өткізу | Қорғанысминінің бұйрығы | Жыл сайын қараша | Қорғанысмині, "Жас сарбаз" қозғалысы (келісу бойынша), ЖАО | |
7 | Облыстық (қалалық, аудандық) "Айбын" жиынын өткізу шеңберінде әскери-патриоттық клуб жетекшілерімен және бастапқы әскери және технологиялық даярлық оқытушыларымен оқу-әдістемелік жиын өткізу | Әкімдердің өкімі | Жыл сайын сәуір-мамыр | ЖАО | |
8 | "Айбын" республикалық жиынын өткізу шеңберінде әскери-патриоттық тәрбие беруді дамытуға тартылған мамандармен оқу-әдістемелік жиын өткізу | Қорғанысминінің бұйрығы | Жыл сайын маусым | Қорғанысмині, ЖАО | |
9 | Жастармен әскери-патриоттық жұмысты ұйымдастыру бойынша оқу-әдістемелік жиынға әдістемелік ұсыным дайындау | Ұлттық қорғаныс университеті ғылыми кеңесі отырысының хаттамасы | Жыл сайын сәуір-мамыр, маусым, қараша | Қорғанысмині, "Жас сарбаз" қозғалысы (келісу бойынша), ЖАО | |
3-бағыт. Жастардың бойында патриоттық қасиеттерді қалыптастыру және дамыту, оларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дәстүрі негізінде тәрбиелеу | |||||
Нысаналы индикатор: Әскери оқу орындарына оқуға түсуге ниет білдіретін жастар үлесін ұлғайту (2024 ж. – 5,4 %, 2025 ж. – 5,8 %, 2026 ж. – 6,2 %, 2027 ж. – 6,6 %, 2028 ж. – 7 %, 2029 ж. – 7,4 %, 2030 ж. – 7,8 %) | |||||
10 | "Айбын" республикалық әскери-патриоттық жастар жиынын өткізу | Қорғанысминінің бұйрығы | Жыл сайын маусым | Қорғанысмині, ЖАО, МАМ | |
11 | "Айбын" республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының аудандық, қалалық, облыстық іріктеу кезеңін өткізу | Әкімдердің өкімі | Жыл сайын сәуір-мамыр | ЖАО, Қорғанысмині, "Жас сарбаз" қозғалысы (келісу бойынша) | |
12 | Отан қорғаушы күніне арналған оқу орындарында жауынгерлік оқу-жаттығу және қызмет үздіктерінің, Қарулы Күштер ардагерлерінің, интернационалист жауынгерлердің қатысуымен "Ерлік сабағы" ашық сабағын ұйымдастыру және өткізу | Қорғанысминінің бұйрығы | Жыл сайын мамыр, қыркүйек (Отан қорғаушы күні және 1 қыркүйекте Білім күні қарсаңында) | ЖАО, Қорғанысмині, ОМ, ТЖМ, ІІМ, ҰҚК (келісу бойынша), МКҚ (келісу бойынша) | |
13 | Отан қорғаушы күніне арналған үздік "Жас сарбаз" әскери-патриоттық клубы мен мамандандырылған сыныбының (әрбір өңірден бір клубтан) салтанатты концертке қатысуы | Қорғанысминінің бұйрығы | Жыл сайын мамыр | Қорғанысмині, ТЖМ, ІІМ, ҰҚК (келісу бойынша), ЖАО | |
4-бағыт. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру үшін материалдық базаны дамыту | |||||
Нысаналы индикатор: Әскери-патриоттық клубтар материалдық-техникалық базасының (сыныптар мен үй-жайларды жабдықтау, киім нысанымен, атрибутикамен қамтамасыз ету) қамтамасыз етілу үлесін ұлғайту (2024 ж. – 1,9 %, 2025 ж. – 3,7 %, 2026 ж. – 5,5 %, | |||||
14 | Әскери-патриоттық клуб пен "Жас сарбаз" сыныбының оқушыларымен сабақ өткізу орындарын жиһазбен, Интернет желісіне шығатын компьютермен, фото, бейнеаппаратурамен, басқа да қажетті техникамен қамтамасыз ету | Орындалған жұмыс актісі | Жыл сайын қыркүйек | ЖАО, Қорғанысмині | |
15 | Әскери-патриоттық қозғалыс, клуб мүшелерін нысанды киіммен, спорттық киім нысанымен, жабдықпен, атрибутикамен, жалаулармен, плакаттармен және т.б. қамтамасыз ету | Орындалған жұмыс актісі | Жыл сайын Қорғанысминіне ақпарат сәуір, қазан | ЖАО, Қорғанысмині | |
5-бағыт. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді ақпараттық қамтамасыз ету | |||||
Нысаналы индикатор: Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша жарияланымдар, әлеуметтік роликтер мен контенттер үлесін ұлғайту (2024 ж. – 6,4 %, 2025 ж. – 12,1 %, 2026 ж. – 17,8 %, 2027 ж. – 23,6 %, 2028 ж. – 29,4 %, 2029 ж. – 35,2 %, 2030 ж. – 41 %) | |||||
16 | Жастарға әлеуметтік желіде әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша әлеуметтік роликтер мен контенттер шығару | Әлеуметтік желіні ақпаратпен толықтыру | Ай сайын | Қорғанысмині, ЖАО, "Жас сарбаз" қозғалысы (келісу бойынша), ТЖМ, ҰҚК (келісу бойынша), ІІМ, МКҚ (келісу бойынша) | |
17 | Жастарға Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның және Шекара қызметінің ведомстволық баспа басылымында әскери-патриоттық тәрбие беру тақырыбына мақалалар басып шығару | Мақала жариялау | Тоқсан сайын | Қорғанысмині, ЖАО, ТЖМ, ҰҚК (келісу бойынша), ІІМ, МКҚ (келісу бойынша) "Жас сарбаз" қозғалысы (келісу бойынша) | |
18 | Елді мекенде ҚР Қарулы Күштеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы әскери қызметті насихаттайтын үгіт-насихат құралдарын орналастыру |
Орындалған жұмыс актісі | Жыл сайын Отан қорғаушы күніне қарай жаңарту | ЖАО, Қорғанысмині, ТЖМ, ҰҚК (келісу бойынша), ІІМ, МКҚ (келісу бойынша) |
Аббревиатуралар мен қысқартулардың толық жазылуы:
Ассамблея жастары | – | "Ассамблея жастары" республикалық қоғамдық бірлестігі |
ЖАО | – | жергілікті атқарушы органдар |
"Жас сарбаз" қозғалысы | – | "Жас сарбаз" балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы" республикалық қоғамдық бірлестігі |
Қорғанысмині | – | Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі |
МАМ | – | Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі |
МКҚ | – | Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі |
ОМ | – | Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі |
ТЖМ | – | Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі |
ҰҚК | – | Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті |
ІІМ | – | Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі |