Аса ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 қарашадағы № 1062 қаулысы

      "Қазақстан Республикасы Президентінің "Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым" сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы № 2 Жарлығының 45-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Аса ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспары (бұдан әрі – Кешенді жоспар) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, Кешенді жоспардың орындалуына жауапты ұйымдар (келісу бойынша) Кешенді жоспарда көзделген іс-шаралардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Іс-шаралардың уақтылы іске асырылуына жауапты ұйымдар жылына екі рет, есепті жартыжылдықтан кейінгі 5 шілдеден және 5 қаңтардан кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне Кешенді жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат беріп тұрсын.

      4. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі жылына екі рет, есепті жартыжылдықтан кейінгі 15 шілдеден және 15 қаңтардан кешіктірмей, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына Кешенді жоспардың орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат беріп тұрсын.

      5. Кешенді жоспардың орындалуын бақылау және үйлестіру Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне жүктелсін.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 30 қарашадағы
№ 1062 қаулысымен
бекітілген

Аса ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспары

      Кешенді жоспар Қазақстандағы мұнай-газ жобаларының іске асырылуын мониторингтеу мен басқарудың негізгі құралы болып табылады, сонымен қатар жобаларды сәтті аяқтау үшін ықтимал кешігулер мен проблемаларды уақтылы анықтауды және жоюды қамтамасыз ете отырып, жобалардың іске асырылу барысын жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік береді.

      Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласы өнеркәсіп өндірісінің жетекші салаларының бірі ретінде экономикалық дамудың негізі болып табылады және көп жағдайда еліміздің экономикалық және энергетикалық тәуелсіздігін айқындайды.

      2020 – 2022 жылдар кезеңінде мұнай өндіру: 2020 жылы – 85,6 млн тоннаны, 2021 жылы – 85,9 млн тоннаны, 2022 жылы – 84,2 млн тоннаны құрады.

      Сонымен қатар еліміздегі мұнай өңдеу өнеркәсібінің басты міндеті экономикалық өсуді және ішкі нарықтың сапасы жоғары жанар-жағармайға сұранысын қамтамасыз ету болып табылады.

      Бұл міндетті отандық 3 мұнай өңдеу зауыты орындайды: жалпы өңдеу көлемі жылына 18 млн тоннаға дейін "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС, "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС, "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС (мұнай өнімдерін өндіру) және "Caspi Bitum" БК" ЖШС (битум өндірісі).

      2020 – 2022 жылдар кезеңінде: 2020 жылы 15,8 миллион тонна, 2021 жылы 17 миллион тонна, 2022 жылы 17,9 миллион тонна өңделген.

      Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі бүгінде іске асырылған бірқатар жобалардан тұрады, олардың негізгілері: "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС хош иісті көмірсутектерді (бензол, параксилол), "KPI" ЖШС полипропилен, "Компания Нефтехим ЛТД" ЖШС полипропилен, "Hill Corporation" ЖШС майлау материалдары, "Лукойл Лубрикантс Центральная Азия" ЖШС жағармай, "Шымкент химия компаниясы" ЖШС бензин қоспалары (метил терт-бутил эфирі) және т.б. өндірісі, жалпы өндіру қуаты жылына шамамен 1,350 мың тоннаны құрайды.

      2020 – 2022 жылдар кезеңінде мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру: 2020 жылы 359,3 мың тоннаны, 2021 жылы 190,1 мың тоннаны, 2022 жылы 271,4 мың тоннаны құрады.

      Ірі мұнай-газ жобалары

      Қазақстанда 104 мұнай-газ өндіру кәсіпорны 295 кен орнын игеруде.

      Еліміздің үш ірі кен орнында – Теңіз, Қарашығанақ және Қашағанда көмірсутектерді өндіру ел бойынша жалпы өндірістің 60 %-ын құрайды.

      Теңіз жобасы аса ірі кеңейту жобасын аяқтау сатысында: келешекте кеңейту жобасы (бұдан әрі – ККЖ), ұңғыма ернеуінің қысымын басқару (бұдан әрі – ҰЕҚБ) жобасы. 2022 жылы Әріптестер жобаның жаңартылған құны мен графигін мақұлдады. Акционерлер мен Қазақстан Республикасы үшін экономикалық құндылығын қамтамасыз ете отырып, жобаны келісілген бюджет пен мерзімдерге сәйкес іске қосу күтіледі. Жұмыстың жалпы ілгерілеуі – 98,8 %. Жобаның жалпы құны 46,7 млрд долларды құрайды.

      Қарашығанақ кен орнын болашақта игеру жоспарында өндіру деңгейін ұстап тұру жөніндегі инвестициялық жоба (бұдан әрі – ӨДҰТ) мен Қарашығанақты кеңейту – I кезең (ҚКЖ1) жобасын іске асыру көзделген:

      Қарашығанақты кеңейту жобасы – 1А (ҚКЖ-1А).

      Қарашығанақты кеңейту жобасы – 1Б (ҚКЖ-1Б).

      Көрсетілген жобалардың бәрі сұйық көмірсутектерді өндірудің ағымдағы деңгейін жылына 11 млн тонна деңгейінде ұстап тұруға бағытталған. Бұл жобаларды 2020 – 2027 жылдары іске асыру жоспарланған.

      Қарашығанақты кеңейту жобасы (ҚКЖ-1А) қосымша 5-ші шикі газды кері айдау компрессорын енгізуді ескере отырып, сұйық көмірсутектерді өндіру деңгейін одан әрі ұстап тұруға бағытталған. Іске асыру кезеңі: 2011 жылғы КОТИ-ға № 18 толықтыруды бекітілген 1-қайта қаралуына сәйкес 2020 – 2025 жылдар. Жоба бюджеті – 970 млн АҚШ доллары. Жоба бойынша түпкілікті инвестициялық шешім (ТИШ) 2020 жылғы 11 желтоқсанда қабылданды. Жобаны іске асырудағы жалпы ілгерілеу – 91,8 %. Жобаның игерілген сомасы жобадағы 970 млн АҚШ долларының 617,2 млн АҚШ долларын құрайды.

      Қарашығанақты кеңейту жобасы (ҚКЖ-1Б) шикі газды кері айдайтын қосымша 6-шы компрессорды енгізуді ескере отырып, сұйық көмірсутектерді өндіру деңгейін одан әрі ұстап тұруға бағытталған. Іске асыру кезеңі: 2022 – 2027 жылдар. ҚРЖ-1Б жобасы бойынша түпкілікті инвестициялық шешім (ТИШ) 2022 жылғы 25 қарашада қабылданды. Жобаның алдын ала бюджеті – 734,6 млн АҚШ доллары. Жобаны іске асырудағы жалпы ілгерілеу 32,1 %-ды құрайды. Жобаның игерілген сомасы жобадағы 734,6 миллион АҚШ долларының 148,9 АҚШ долларын құрайды.

      Солтүстік Каспий жобасын іске асыру шеңберінде Қашағанды толық көлемде игеру тұжырымдамасы әзірленуде, оның барысында Шығыс Қашағанда мұнай өндіру тәулігіне 450 мың баррельден 900 мың баррельге дейін (II кезең) және одан әрі Батыс Қашағанда тәулігіне 1100 мың баррельге дейін (III кезең) ұлғайтылады. Бұл жобаларды іске асыру мерзімі 2027 – 2042 жылдар.

      Газ жобалары

      Газ саласы Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік игілігінде шешуші рөл атқарады. Еліміз аса бай газ ресурсын иеленген.

      Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-ші және ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-ші орында. Бекітілген алынатын қорлар – 3,8 трлн м3, оның ішінде ілеспе газ – 2,2 трлн м3, бос газ – 1,6 трлн м3.

      Барлық барлау жүргізілген газ қорының шамамен 98 %-ы Қазақстанның батысында, оның 87 %-ы аса ірі мұнай-газ және мұнай-газ конденсаты кен орындарында шоғырланған.

      Өз құрылымы бойынша республикада өндірілетін газ негізінен ілеспе мұнай газы болып табылады.

      Қазақстанда шамамен 80 % газ өндіруді Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол жобалары қамтамасыз етеді.

      Газдың болжамды теңгеріміне сәйкес 2030 жылға қарай ілеспе газды өндіру көлемі 94,1 млрд м3 құрайды, өткізуге арналған тауарлық газ 36,5 млрд м3 деңгейінде болады.

      Газ саласында 2022 жылдың қорытындысы бойынша ілеспе газды өндіру 53,2 млрд м3, өткізуге арналған тауарлық газ – 23,9 млрд м3 (өз қажеттіліктерін есепке алмағанда) құрады, оның ішінде ішкі тұтыну – 19,3 млрд м3 (2020 жылғы тұтыну – 17 млрд м3), экспорт 4,6 млрд м3 құрады.

      Қазақстан Республикасының аумақтарын одан әрі газдандыру және ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету газ саласындағы негізгі басымдық болып табылады.

      Қазақстан экономикасының дамуымен ішкі нарықтың газға деген қажеттілігі де үнемі артып келеді. Көбейіп келе жатқан жаңа тұтынушыларды газбен қамтамасыз етуден басқа, электр энергиясы жобаларын, мұнай-газ химия саласындағы жаңа инвестициялық жобаларды газбен қамтамасыз ету және өнеркәсіптік кәсіпорындарды газға ауыстыру қажеттігі туындап отыр.

      Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау және газ саласын одан әрі тұрақты дамыту үшін ресурстық базаны кеңейту қажет.

      Артып келе жатқан қажеттілік жаңа кен орындарын пайдалануға беру және газ өңдеу қуаттарын кеңейту есебінен жабылады деп күтілуде.

      Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі НКОК акционерлерімен Қашаған кен орнын игерудің 2А-кезеңін іске асыру шеңберінде қуаты жылына 2,5 млрд м3 газ өңдеу зауытын салу бойынша келіссөздер жүргізуде.

      Қазақстан Республикасының ішкі нарығына жеткізу үшін Қарашығанақ кен орнының жылдық көлемі 9 млрд м3 дейінгі шикі газы Орынбор газ өңдеу зауытында (бұдан әрі – ОГӨЗ) өңделеді.

      Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. (бұдан әрі – ҚПО) бағалауы бойынша Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімнің (бұдан әрі – ӨБТК) аяқталу мерзімі – 2037 жылға дейін сұйық көмірсутектерді өндіруге елеулі әсер етпестен, компанияның кен орнынан шикі газ өндіруді жылына 9 млрд м3-тен 13 млрд м3-ке (+4 млрд м3) дейін ұлғайту мүмкіндігі бар.

      Алдағы іс-қимылды мақұлдау мақсатында ҚПО "PSA" ЖШС-мен (бұдан әрі – өкілетті орган) бірге іс-қимылды мақұлдау мақсатында Газ стратегиясын іске асыру жол картасын (2028 жылы газ өңдеу зауытын (бұдан әрі – ГӨЗ) іске қосу арқылы жобаны асыру жеделдетілген іске жоспары бөлінісінде) (бұдан әрі – Жол картасы) әзірледі.

      Жол картасына сәйкес ГӨЗ салу жобасын іске асыру жөніндегі стандартты графикке 2030 жылы пайдалануға беру әзірлігімен 6-7 жыл уақыт кетеді. Алайда 2023 жылы жеделдетілген тәртіппен барлық негізгі шешімдер қабылданып, оңайлатылған рәсімдер шеңберінде іске асыру келісілген жағдайда ҚПО жобаны іске асыру мерзімдерін қысқарту және құрылысты 2028 жылы аяқтау ықтималдығы туралы айтты.

      Газ бойынша қуаттарды кеңейту мүмкіндігіне жаңа ұңғымалар мен кәсіпшілік ішінде құбыржолдарды пайдалану, Қарашығанақ қайта өңдеу кешеніндегі (ҚҚК) қондырғыларды модификациялау, газды кешенді дайындау жаңа қондырғысы (ГКДЖҚ-4), сондай-ақ 2028 жылы пайдалануға беруге нысаналы әзірлікпен экспорттық құбыржолдар жатады.

      Мұнай-газ химиясы және мұнай өңдеу жобалары

      Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі еліміздің өңдеу саласын дамытудың перспективалы бағыты болып табылады және жоғары мультипликативтік әсерге ие және аралас салалардағы (құрылыс, автомобиль өнеркәсібі, медицина, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тағы басқалар) өнеркәсіптік өндірістің дамуын ынталандырады.

      Отандық мұнай-газ химиясы хош иісті көмірсутектерді (бензол, параксилол), полипропиленді, майлау майларын, метил-терт-бутил эфирін өндіретін кәсіпорындардан тұрады, олардың жалпы қуаты жылына шамамен 1350 мың тоннаны құрайды.

      Мұнай-газ химиясы өндірістерін кешенді дамыту үшін "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі – "ҰИМХТ" АЭА) жұмыс істейді, салықтық және кедендік жеңілдіктер, дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделген.

      "ҰИМХТ" АЭА аумағында қуаты жылына 339 мың тонна бутадиен мен оның туындыларын өндіретін зауыт салу және 1,25 млн тонна полиэтилен өндіру жөніндегі жобаларды іске асыру жоспарланған.

      "Самұрық-Қазына" АҚ мен "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ стратегиялық инвестор – "СИБУР" компаниясымен полиэтилен жобасын (жылына 1,25 млн полиэтилен) бірлесіп іске асыру және полипропилен жобасын (жылына 550 мың полипропилен) бірлесіп басқару туралы келісімге қол қойған.

      Бутадиен жобасы бойынша "Бутадиен" ЖШС мен Lummus Technology LLC арасында екінші іске қосу кешені шеңберінде базалық жобаны әзірлеуге арналған лицензиялық келісімге және шартқа қол қойылды, жобалық жұмыстар жүргізілуде.

      Сонымен қатар ПҚОП Шымкент МӨЗ-дің мұнай өңдеу қуаттарын жылына 6-дан 12 млн тоннаға дейін кеңейту жобасы бойынша алдын ала ТЭН әзірлеуді аяқтауда.

      Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің жұмыс тобы Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратына енгізу және бекіту үшін техникалық-экономикалық негіздемені, жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді, EPC-келісімшартын жасасу және іске асыру және оны ПҚОП-тың екінші қатысушысы – CNPC компаниясымен, сондай-ақ Қытай мемлекеттік органдарымен келісу кезеңдерін қамтитын Жобаның жол картасын бекітті.

      Бұған қоса Атырау – Кеңқияқ мұнай құбырының кері бағыттағы қуатын ұлғайту (жылына 6-дан 15 млн тоннаға дейін және Кеңқияқ – Құмкөл 10-нан 20 млн тоннаға дейін) қазақстандық мұнай өндіру компанияларына, оның ішінде Шымкент МӨЗ қуатын жылына 6-дан 12 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды ескере отырып, батыс өңірлері (Атырау, Маңғыстау облыстары) кен орындарынан ҚР МӨЗ-ге мұнай жеткізуді ұлғайтуға, сондай-ақ Атасу-Алашанькоу мұнай құбыры арқылы ҚХР-ға, оның ішінде Батыс Қазақстаннан қазақстандық жүк жөнелтушілердің экспорттық көлемдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

      Жер қойнауын пайдалану

      Еліміздің мұнай кен орындарының негізгі қорының табиғи сарқылуынан бөлек күрделі шығындар мен геологиялық барлауға инвестициялаудың жеткіліксіздігі мұнай өндіру деңгейінің төмендеуінің бірден-бір негізгі себебі болды.

      Мәселен, жер қойнауын пайдаланушылардың геологиялық барлау жұмыстарына салған инвестициялары 2019 жылы 133,4 миллиард теңгені құрады, 2020 жылы 95,3 миллиард теңгеге дейін төмендеді, 2021 жылы 80,9 миллиард теңгені, 2022 жылы 135,7 миллиард теңгені құрады. Осылайша 2019 жылмен салыстырғанда кен орнын игеруді одан әрі дамытуға және игеру тиімділігін арттыруға салынатын инвестициялар серпінінің теріс сипаты байқалады.

      Жалпы республикадағы барлық кен орындары бойынша мұнай алудың ағымдағы коэффициентінің орташа мәні шамамен 0,15 құрайды, ал мұнай алу әдістерін қолданудың әлемдік тәжірибесін талдау осы коэффициент бойынша шамамен 0,4 – 0,5 мәнге қол жеткізуге болатынын көрсетеді.

      Тұтастай алғанда еліміздің мұнай өндіру саласы жұмыс істеп тұрған кен орындары сарқылуының жоғары деңгейімен, жеңіл мұнай дәуірінің аяқталуымен, теңіздегі және құрлықтағы күрделі кен орындары сияқты жер қойнауының әлеуетті жаңа учаскелерін игерудің күрделенуімен сипатталады.

      Сонымен қатар Қазақстанның жер қойнауында барлау жұмыстары жүргізілмеген ірі көмірсутек қоры шоғырланған.

      Мәселен, ҚР шөгінді бассейндерін кешенді зерттеу есебіне сәйкес (Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің тапсырысы бойынша орындалған) Қазақстанда көмірсутектер бойынша барлығы шамамен 76 млрд тонна шартты отынды құрайтын болжамды ресурстарымен 15 шөгінді бассейн бар (5 – игерілген, 5 – аз зерттелген және 5 – келешегі аз). Бағалау бойынша зерттелмеген және терең жатқан көкжиектерде 40 млрд тоннаға дейін көмірсутектің болжамды ресурстары шоғырланған.

      Әлеуетті инвесторлар үшін болжамды ресурстары жеткілікті аз зерттелген және күрделі учаскелер жобалардың капиталды көп қажет ететіндігіне және өзекті геологиялық деректер болмауына байланысты тартымды болмай отыр.

      Халықаралық дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес барлау табысы коэффициентінің орташа мәні 20 – 25 %-ды құрайды.

      Осыған байланысты жер қойнауын пайдалануды дамыту мәселелері мемлекеттің маңызды және басым міндеті болып табылады.

      Геологиялық барлауды ынталандыру және мұнай-газ кен орындарын (теңіз, құрлықтағы күрделі және газ) игеру мақсатында 2022 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдалануға арналған жақсартылған модельдік келісімшарт қабылдады.

      Тартымды реттеушілік және фискалдық преференциялар жаңа күрделі жобаларды игеруді ынталандыратын болады, құрлықтағы және теңіздегі капиталды көп қажет ететін жобалар жеңілдіктер түріндегі мемлекеттік қолдаумен қамтылатын болады. Жетілген кен орындарында жаңа ынталандырушы салық режимі қолданылатын болады.

      Еліміздің аса ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамыту жөніндегі өткір проблемаларды шешумен қатар, Кешенді жоспар орнықты дамуды қамтамасыз етуге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және бизнестің экономикалық белсенділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.


Р/с

Іс-шаралардың
атауы

Аяқталу
нысаны

Орындалу мерзімі

Жауапты орындаушылар

Қаржыландыру көлемі

Қаржыландыру көздері


1

2

3

4

5

6

7

Аса ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асырудан күтілетін нәтижелер:
1) ел бойынша мұнай өндіру деңгейін 2023 жылғы 90,3 миллион тоннадан 2027 жылға қарай 105,5 миллион тоннаға дейін ұлғайту;
2) газ өндіру көлемін 2023 жылғы 58,7 млрд м3-ден 2027 жылға қарай 82,1 млрд м3-ге дейін ұлғайту және тиісінше, шикі газдың қосымша көлемін өңдеу, ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету;
3) 2027 жылға қарай мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемін жылына 1049 мың тоннаға дейін ұлғайту, қосылған құны жоғары өнім алу;
4) мұнай өңдеу қуатын жылына 6-дан 12 млн тоннаға дейін арттыру, шикізатты қайта өңдеу және мұнай өнімдерін өндірудің қосымша мүмкіндіктерін қамтамасыз ету.

Аса ірі мұнай-газ жобаларын дамыту

1

Теңіз кен орнында келешекте кеңейту жобасын/ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасын аяқтау

ККЖ/ҰЕҚБЖ объектілерін іске қосу

2025 жыл

ҚР ЭМ

46,7 млрд АҚШ доллары

басқа көздер

2

Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы – 1 А кезеңі (ҚКЖ-1А жобасы)

шикі газды кері айдайтын қосымша 5-ші компрессорды енгізу

2025 жыл

ҚР ЭМ

0,970 млрд АҚШ доллары

басқа көздер

2.1

Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу

компрессор іргетасын аяқтау

2024 жыл




2.2

Іске қосу-баптау жұмыстары

объектіні пайдалануға қабылдау актісі

2025 жыл

3

Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы – 1Б кезеңі (ҚКЖ-1Б жобасы)

шикі газды кері айдайтын қосымша
6-шы компрессорды енгізу

2027 жыл

ҚР ЭМ

0,734 млрд АҚШ доллары

басқа көздер

3.1

Өндіру объектілерін жобалау

жоба

2024 жыл

3.2

Мұнай айдау объектілері бойынша құрылыс жұмыстары

аралық қабылдау актісі
 

2025 жыл

3.3

Компрессорлық алаңдар салу

аралық қабылдау актісі

2026 жыл

3.4

Іске қосу-баптау жұмыстары

объектіні пайдалануға қабылдау актісі

2027 жыл

Газ жобалары (жаңа газ өңдеу қуаттарын салу)

4

Қуаты жылына 1 млрд м3 Қашаған газ өңдеу зауытын салу

объектіні пайдалануға қабылдау актісі

2025 жыл

ҚР ЭМ, "Qazaq Gaz" ҰК" АҚ,

391 млрд теңге

басқа көздер

4.1

Құрылыс-монтаждау жұмыстары

құрылыс-монтаждау жұмыстарының аяқталуы

2025 жыл

5

Қуаты жылына 2,5 млрд м3 Қашаған газ өңдеу зауытының құрылысын базалық жобалауды әзірлеу, 2А-кезең

базалық жобалау

2025 жыл

ҚР ЭМ
 

анықталады

басқа көздер

5.1

Жобалау, сатып алу және құрылыс бойынша бас мердігерді таңдау

мердігермен жобалау, сатып алу және құрылыс бойынша шарт жасасу

2025 жыл




5.2

СК ӨБТК-ні өзгерту немесе қосымша келісім

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы

2025 жыл

5.3

Түпкілікті инвестициялық шешім қабылдау

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен мердігер компаниялар арасындағы шарт

2025 жыл

6

Қарашығанақ кен орны шикізаты негізінде қуаты жылына 4 млрд м3 (қазіргі жылына 9 млрд м3 қоса) газ өңдеу зауытын салуға базалық жобалауды әзірлеу

базалық жобалау

2024 жыл

ҚР ЭМ

анықталады

басқа көздер

6.1
 

Жобалау, сатып алу және құрылыс бойынша бас мердігерді таңдау

мердігермен жобалау, сатып алу және құрылыс бойынша шарт

2024 жыл

6.2

Түпкілікті инвестициялық шешім қабылдау

Қарашығанақ жобасын басқару жөніндегі бірлескен комитеттің қарары

2024 жыл




7

"Бейнеу – Бозой – Шымкент" МГҚ 2-ші желісін салу (1-кезең)

объектіні пайдалануға қабылдау актісі

2026 жыл

ҚР ЭМ

2,7 трлн теңге

басқа көздер

7.1

ТЭН әзірлеу

мемлекеттік сараптаманың қорытындысы

2024 жыл

7.2

ЖСҚ әзірлеу
 

мемлекеттік сараптаманың қорытындысы

2025 жыл

Мұнай-газ химиясы және мұнай өңдеу жобалары

8

Қуаты жылына 339 мың тоннаға дейін бутадиен мен оның туындыларын өндіретін зауыт салуға жобалық құжаттама әзірлеу

мемлекеттік сараптаманың қорытындысы

2025 жыл

ҚР ЭМ
 

0,9 млрд АҚШ доллары

басқа көздер

8.1

Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу

аралық қабылдау актісі

2027 жыл

9

Қайта өңдеу қуаты 9,1 млрд м3 газ сепарациялық кешенді қаржыландыруды келісу

Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің хаттамалық шешімі

2024 жыл

ҚР ЭМ

анықталады

Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің шешімі бойынша

9.1

Жобалық құжаттама әзірлеу

мемлекеттік сараптаманың қорытындысы

2024 жыл

ҚР ЭМ

1,162 млн АҚШ доллары

басқа көздер

10

Қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін салуға техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу

мемлекеттік сараптаманың қорытындысы

2024 жыл

ҚР ЭМ, ҚМГ (келісу бойынша)

7,7 млрд АҚШ доллары

басқа көздер

10.1

ЖСҚ әзірлеу
 

мемлекеттік сараптаманың қорытындысы

2025 жыл

10.2

Құрылыс бойынша мердігерді анықтау

мердігермен шарт

2025 жыл

11

"ПКОП" ЖШС өндірістік қуаттарын жылына 12 млн тоннаға дейін кеңейту жобасын іске асыру және оны өңдеуге арналған шикізатпен қамтамасыз ету

құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау

2027 жыл

ҚР ЭМ, ҚМГ (келісу бойынша)

анықталады

басқа көздер

11.1

ТЭН әзірлеу

мемлекеттік сараптаманың қорытындысы

2024 жыл




11.2

ЖСҚ әзірлеу
 

мемлекеттік сараптаманың қорытындысы

2026 жыл

12

Қытайлық қатысушымен "Кеңқияқ – Атырау мұнай құбырының қуатын ұлғайту (жылына 6 млн тоннадан 15 млн тоннаға дейін)" жобасын іске асыру стратегиясы туралы қатысушымен бірлескен шешім қабылдау

хаттама

2024 жыл

ҚР ЭМ, ҚМГ (келісу бойынша
 

анықталады

басқа көздер

13

Қытайлық қатысушымен Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырының қуатын ұлғайту (жылына 10 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін) жобасын іске асыру стратегиясы туралы бірлескен шешім қабылдау

хаттама

2024 жыл

ҚР ЭМ, ҚМГ (келісу бойынша
 

анықталады

басқа көздер

Жер қойнауын пайдалану жобалары

14

Көмірсутектерді іздеу бойынша Торғай палеозой (8-учаске) геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу

тереңдігі 5 500 метр іздеу ұңғымасын бұрғылау

2025 жыл

ҚР ЭМ, ҚМГ (келісу бойынша)

581 млн АҚШ доллары

басқа көздер

15

Қаламқас/Хазар күрделі теңіз жобасы бойынша өндіруге дайындық

кен орнын жайластыру

2027 жыл

ҚР ЭМ, ҚМГ (келісу бойынша

6,6 млрд АҚШ доллары

басқа көздер

16

Құрлықтағы Қаратон – Тұз асты күрделі жобасы бойынша геологиялық барлау жұмыстарын бастау

- барлау жұмыстары жобасын әзірлеу;
- бірінші іздеу ұңғымасын бұрғылау және сынау (зертханалық зерттеулерді қоса алғанда);
- қорларды жедел есептеу

2027 жыл

ҚР ЭМ, ҚМГ (келісу бойынша)

2,4 млрд АҚШ доллары

басқа көздер

17

"Рожков" кен орнын жайластыру жобасы – өнеркәсіптік игерудің 1-кезеңі

объектіні пайдалануға қабылдау актісі

2024 жыл

ҚР ЭМ, ҚМГ (келісу бойынша)

75,7 млн АҚШ доллары

басқа көздер

17.1

Бірінші ұңғыманы пайдалануға беру (U-21)

объектіні пайдалануға қабылдау актісі

2023 жыл




17.2

Жайластыру объектілерін жобалау әзірлігі

жоба

2023 жыл

17.3

Құрылыс-монтаждау жұмыстары

аралық қабылдау актісі

2024 жыл

18

Өріктау жобасын дамыту

объектіні пайдалануға қабылдау актісі

2027 жыл

ҚР ЭМ, ҚМГ (келісу бойынша

анықталады

басқа көздер

18.1

ТЭН әзірлеу

мемлекеттік сараптаманың қорытындысы

2024 жыл

18.2

ЖСҚ әзірлеу
 

мемлекеттік сараптаманың қорытындысы

2025 жыл

18.3

Іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізу, объектіні пайдалануға беру

объектіні пайдалануға қабылдау актісі

2027 жыл

19

Абай кен орнында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу

тереңдігі 2500 метр іздеу ұңғымасын бұрғылау

2025 жыл

ҚР ЭМ, ҚМГ (келісу бойынша)

14796 млн теңге

басқа көздер

20

әл-Фараби кен орнында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу

3D сейсмикасының мерзімі мен көлемінің өзгеруін ескере отырып, барлау жұмыстарының жобасына толықтыруды бекіту

2025 жыл

ҚР ЭМ, ҚМГ (келісу бойынша)

20097 млн теңге

басқа көздер

      Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:

      ГБЖ – геологиялық барлау жұмыстары;

      ҚМГ – "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы;

      ҚПО – Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.;

      ҚР ЭМ – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі;

      НКОК – Норт Каспиан Оперейтинг компаниясы Н.В.;

      ПҚОП – "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;

      ЖСҚ – жобалау-сметалық құжаттама;

      ТШО – "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;

      ТЭН – техникалық-экономикалық негіздеме;

      УО – "Урихтау Оперейтинг" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;

      УОГ – "Урал Ойл энд Газ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;

      EPC – Engineering Procurement Construction;

      ЖШС – жауапкершігі шектеулі серіктестік;

      ШМӨЗ – Шымкент мұнай өндеу зауыты;

      ККЖ – келешекте кеңейту жобасы;

      ҰЕҚБ – ұңғыма ернеуінің қысымын басқару;

      ӨДҰТ – өндіру деңгейін ұстап тұру;

      ТИШ – түпкілікті инвестициялық шешім;

      ОГӨЗ – Орынбор газ өңдеу зауыты;

      ӨБТК – өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім;

      ГӨЗ – газ өндеу зауыты;

      ҚҚК – Қарашығанақ қайта өңдеу кешені;

      "ҰИМХТ" АЭА – "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағы;

      КОТИ – кен орындарын толық игеру.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады