Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік/арнайы паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Әсетұлы Бақаев Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік/арнайы паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің |
|
2023 жылғы 19 желтоқсандағы № 1146 қаулысымен |
|
мақұлданған | |
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік/арнайы паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі
Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігінің дипломатиялық және қызметтік/арнайы паспорттары иелерінің келуін, кетуін және жүріп-тұруын жеңілдету арқылы өздерінің достық қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға ниет білдіре отырып
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес әрекет ете отырып, төмендегілер туралы уағдаласты:
Паспорттардың түрлері
Осы Келісімнің ережелері паспорттардың мынадай түрлеріне қолданылады:
Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:
дипломатиялық паспорт;
қызметтік паспорт.
Сауд Арабиясы Корольдігінің азаматтары үшін:
дипломатиялық паспорт;
арнайы паспорт.
Визадан босату
Әрбір Тарап мемлекетінің азаматтары – жарамды дипломатиялық және қызметтік/ арнайы паспорттардың иелері жарамды дипломатиялық немесе қызметтік/арнайы паспортын көрсету арқылы күнтізбелік 180 (бір жүз сексен) күнді құрайтын әр кезең ішінде барлығы күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге екінші Тарап мемлекетінің аумағына бірнеше рет кіру үшін визалық талаптардан босатылады.
Дипломатиялық өкілдіктердің немесе консулдық мекемелердің қызметкерлері
1. Осы Келісім екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің жарамды дипломатиялық паспорттары бар мүшелерін, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін қабылдаушы Тараптың аккредиттеуі үшін олардың келуіне дейін виза алу қажеттігінен босатпайды.
2. Осы Келісімде ештеңе 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында қамтылған құқықтар мен міндеттерге қайшы келмеуге тиіс.
Визалық шектеулер
Осы Келісімнің 2-бабының ережелері Сауд Арабиясы Корольдігіне діни қажылық жасау мақсатында келетін Қазақстан Республикасының азаматтарына қолданылмайды, өйткені олар осындай мақсаттарға арнайы берілетін визаны алуға тиіс.
Осы Келісімнің 2-бабының ережелеріне сәйкес екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіретін Тараптардың кез келгені мемлекетінің азаматтарына қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес келетін жағдайларды қоспағанда, олардың болу кезінде қандай да бір бизнеспен айналысуға рұқсат етілмейді.
Виза алуға өтініш
Әрбір Тарап мемлекетінің жарамды дипломатиялық және қызметтік/арнайы паспорттардың иелері болып табылатын азаматтары осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген мерзімнен асатын тұрақты тұрғылықты жерін немесе бірнеше тұрғылықты жерін алу үшін виза алуға өтініш береді.
Ресми сапарлар
Тараптардың кез келгенінің мемлекетіне келгенге дейін ресми сапармен келетін азаматтарға қатысты Тараптар өздерінің іс-қимылдарын бір-бірімен дипломатиялық арналар арқылы үйлестіреді.
Кіру және шығу шарттары
Тараптар мемлекеттері азаматтарының – жарамды дипломатиялық және қызметтік/ арнайы паспорттар иелерінің екінші Тарап мемлекетінің аумағына/аумағынан келуі/кетуі екі Тараптың мемлекеттік шекарасы арқылы халықаралық қатынастар үшін ашылған өткізу пункттерінде жүзеге асырылады.
Билік органдарының өкілеттіктері
1. Осы Келісімнің 2-бабының ережелеріне сәйкес екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіретін бір Тарап мемлекетінің азаматтары өздері болатын уақытта болу мемлекетінің ұлттық заңдарын, әдет-ғұрыптарын және екі мемлекет қатысушылары болып табылатын шарттарды сақтайды.
2. Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің аумағында болуы қошталмайтын екінші Тарап мемлекеті азаматтарының келуінен бас тарту немесе болу мерзімін қысқарту құқығын өзінде қалдырады.
Тоқтата тұру
Тараптар ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті және халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын уақытша, ішінара немесе толық тоқтата тұра алады. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдайтын Тарап екінші Тарапты осындай шешім күшіне енген күнге дейін кемінде 48 (қырық сегіз) сағат қалғанда дипломатиялық арналар арқылы хабардар етуге міндетті.
Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру қолданысы тоқтатылғанға дейін екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіріп қойған азаматтардың құқықтарын қозғамайды.
Осы Келісімнің қолданысын уақытша, толық немесе ішінара қайта бастау күнін Тараптар дипломатиялық арналар арқылы келіседі.
Паспорттар мен жол жүру құжаттарының үлгілері
1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жарамды дипломатиялық және қызметтік/арнайы паспорттардың үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
2. Дипломатиялық немесе қызметтік/арнайы паспорттарға өзгерістер енгізілген жағдайда Тараптар жаңа немесе өзгертілген паспорттар күшіне енген күнге дейін кемінде күнтізбелік 60 (алпыс) күн қалғанда дипломатиялық арналар арқылы осы паспорттардың үлгілерімен алмасады.
3. Дипломатиялық және қызметтік/арнайы паспорттар жоғалған немесе бүлінген жағдайларда Тараптар мемлекеттерінің азаматтары бұл туралы оқыс оқиға туындаған жағдайда күнтізбелік 60 (алпыс) күн ішінде болу мемлекетінің құзыретті органдарына дереу хабарлауға міндетті.
4. Мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері осы баптың 3-тармағында көрсетілген азаматтарға болу мемлекетінің аумағынан шығу үшін жаңа паспорттар немесе жол жүру құжаттарын береді.
Деректерді қорғау
Тараптар осы Келісімге сәйкес өзара алмасатын ақпарат пен құжаттардың оларда белгіленген мақсаттарда ғана пайдаланылуын қамтамасыз етуге тиіс. Мұндай ақпарат пен құжаттар мүдделі тараптың жазбаша келісімінсіз қандай да бір үшінші тарапқа берілмеуге тиіс.
Дауларды реттеу
Тараптар осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты өздерінің арасында туындайтын кез келген дауды өздерінің ортақ мүдделеріне қызмет ету үшін консультациялар арқылы Тараптар арасындағы дипломатиялық арналар арқылы бейбіт жолмен реттеуге тиіс.
Түзетулер
Тараптар осы Келісімге өзара келісім бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 14-бабына сәйкес күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізе алады.
Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және тоқтату
1. Осы Келісім Тараптардың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті өздерінің ішкі рәсімдерін аяқтағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім 5 (бес) жыл бойы қолданылады және автоматты түрде ұқсас кезеңдерге ұзартылады. Тараптардың кез келгені Келісімнің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін кем дегенде 6 (алты) ай бұрын екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы оның қолданысын бұзуға немесе ұзартпауға өзінің әзірлігі туралы жазбаша хабарлама жібереді.
Осыны куәландыру үшін өз үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
____________ ______ қаласында әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Сауд Арабиясы КорольдігініңҮкіметі үшін |