Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытудың 2024 – 2028 жылдарға арналған кешенді жоспары (бұдан әрі – Кешенді жоспар) бекітілсін.
2. Кешенді жоспарды орындауға жауапты орталық мемлекеттік органдар, мемлекеттік органдар, сондай-ақ өзге де ұйымдар (келісу бойынша):
1) Кешенді жоспарда көзделген іс-шаралардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етсін;
2) тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 5-і күніне дейін, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Кешенді жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат беріп тұрсын.
3. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жылына екі рет, 15 ақпанға және 15 тамызға қарай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына Кешенді жоспардың орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат беріп тұрсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жүктелсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы № 1221 қаулысымен бекітілген |
Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытудың 2024 – 2028 жылдарға арналған кешенді жоспары
1. Кіріспе
Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытудың 2024 – 2028 жылдарға арналған кешенді жоспары (бұдан әрі – Кешенді жоспар) Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау мақсатында әзірленді.
Құжат еліміздің сирек металдар (бұдан әрі – СМ) мен жерде сирек кездесетін металдар (бұдан әрі – ЖСМ) саласын біртіндеп реформалаудың және кешенді дамытудың 2028 жылға дейінгі кезеңге арналған пайымы мен негізгі тәсілдерін айқындайды.
Бүгінгі күні отандық СМ мен ЖСМ саласының негізгі проблемалары мыналар:
геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу деңгейінің төмен болуы;
техногендік минералдық түзілімдер (бұдан әрі – ТМТ) объектілерін бағалау мен коммерциялық пайдалану деңгейінің төмен болуы;
кейбір СМ мен барлық ЖСМ баланстық қорларына ашық қолжетімділіктің болмауы (деректер мемлекеттік құпияға жатады);
СМ мен ЖСМ өнімдерінің, оның ішінде жоғары технологиялар индустриясының ел ішінде тұтынылмауы;
кәсіпорындардың негізгі қорларының тозуы;
барлау, алу және қайта өңдеу озық технологиясының болмауы;
СМ мен ЖСМ саласының нормативтік құқықтық базасының дамымауы.
Құжатта мынадай бағыттар бойынша саланы тиімді дамытудың қажетті бастамалары жазылған:
1) кен орындарын барлауға, игеруге және коммерциялық пайдалануға, оның ішінде ТМТ өңдеуге инвестициялар тарту есебінен ресурстық базаны ұлғайту;
2) жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттарды жаңғырту және кеңейту, өнімнің жаңа түрлерін шығаруды игеру;
3) СМ мен ЖСМ салаларының жаңа өндірістерін құру;
4) СМ мен ЖСМ саласының нормативтік құқықтық базасын реформалау.
Кешенді жоспардың мақсаты отандық және шетелдік капиталды, оның ішінде барлаудың, алу мен қайта өңдеудің маңызды технологияларының трансферін қамтитын арнаулы қорларды тарту арқылы Қазақстан Республикасының СМ мен ЖСМ саласын дамытудың тиімді сценарийін жасау, сондай-ақ дайын бұйымдардағы жаһандық қосылған құн тізбегіне кіру болып табылады.
Кешенді жоспардың негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының саласын жаңғырту үшін қаржылық және технологиялық ресурстары бар инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау;
2) ресурстық базаны кеңейту, СМ мен ЖСМ кешенді алу технологияларын енгізу;
3) жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру;
4) СМ мен ЖСМ жаңа түрлерінің, сондай-ақ СМ мен ЖСМ бұйымдары мен олардың қорытпаларының өндірісін игеру;
5) СМ мен ЖСМ саласын реттейтін нормативтік құжаттарды әзірлеу.
Кешенді жоспардың міндеттеріне қол жеткізу осы Кешенді жоспар іс-шараларын іске асыру арқылы қамтамасыз етілетін болады.
Көзделген міндеттерді орындау қосылған құнның жаһандық өндірістік тізбегіндегі Қазақстан Республикасының орнын нығайтуға және болашақта өнімді өткізудің ұзақ мерзімді кепілдіктерін алуға мүмкіндік береді.
2. Ағымдағы жағдайды талдау
2.1 СМ және ЖСМ әлемдік нарығының қазіргі жай-күйі
СМ және ЖСМ әлемдік экономикадағы жетекші салалардың сұранысына ие шикізаттың аса маңызды түрлеріне жатады, ол "жасыл" энергетикаға көшу, цифрлық технологияларды, қорғаныс, аэроғарыш, медицина бағыттары мен жоғары технологиялы өзге де бағыттарды дамытуға көшуі үшін қажет.
Research Nester консалтингтік компаниясының болжамы бойынша 2023 – 2035 жылдары ЖСМ жаһандық нарығының орташа жылдық өсу қарқыны 8 %-ды құрайды. Бұл ретте алдағы онжылдықтарда ұсыныстың аз болу тәуекелі бар.
Бүгінгі күні әлемде ЖСМ-нің дәлелденген қоры шамамен 132 млн тоннаны құрайды (1-сурет). Шамамен 90 % ЖСM Қытайда, АҚШ-та және Аустралияда өндіріледі. Салыстырмалы түрде алғанда Вьетнам, Бразилия, Ресей мен Үндістанда да ірі ресурстар бар.
Әлемдік СМ мен ЖСМ нарығының конъюнктурасын неғұрлым толығырақ бағалау өнеркәсіптің жоғары технологиялы секторларында СМ мен ЖСМ пайдаланылуы туралы көптеген деректердің жабық болуына байланысты күрделене түскен.
USGS мәліметтері бойынша 2022 жылы ЖСМ әлемдік өндірісі 300 мың тоннаны (шамамен 9,4 млрд АҚШ доллары) құрады. Бұл ретте әлемнің кейбір елдері, оның ішінде АҚШ, іс жүзінде ішкі қайта өңдеу қуаттары болмағандықтан, өз шикізатының 90 %-дан астамын одан әрі қайта өңдеу үшін Қытайға жібереді.
1-сурет. ЖСМ әлемдік қорлары, мың тонна
ЖСМ өндірісі бойынша Қытай көш бастап тұр (2-сурет), жерде сирек кездесетін металдардың әлемдік көлемінің 60 %-ы, өңдеу қуатының 85 %-ы және ЖСМ-нен жасалатын өте берік тұрақты магниттердің 90 %-ынан астамы тиесілі.
2-сурет. Әлемдік ЖСМ өндірісі, мың тонна
Дереккөз: USGS
ЖСМ-ді әлемдік тұтыну динамикасына жүргізілген талдауда 2028 жылға қарай ЖСМ-ге жаһандық сұраныс көлемі 7,8-8 % орташа жылдық өсу қарқынымен 420 мың тоннаға жетуі мүмкін екенін көрсетіп отыр, бұл шамамен 13,1 млрд АҚШ долларын құрайды (3-сурет).
Әлемдік СМ нарығының жай-күйі, өндіріс көлемі мен құны туралы деректер нарықтың сыйымдылығын көрсетеді. Келесі онжылдықтарда СМ-ге сұраныс қарыштап өсетін болады, себебі энергетикалық технологиялар нарығы он есеге жуық өседі деген болжам бар.
3-сурет. ЖСМ әлемдік нарығының даму болжамы
Әлемдік индустрияның СМ-ге сұранысы жыл сайын орта есеппен 6-7 % өсіп отыр. Талданатын 19 металдың 17-сінің нарық көлемі 2022 жылы 14,5 миллиард АҚШ долларын құрады және 2028 жылға қарай 26,9 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін. СМ мен ЖСМ бағасының құбылмалылығы және саланың жеткізу тізбегінің бұзылуына сезімтал болуы саланың дамуының тежеуші факторлары болып отыр.
Қазіргі уақытта СM мен ЖСM әлемдік өндірісі негізінен жаһандық сұранысты қамтамасыз етеді. Алайда әлемде тұтынудың болжамды өсуіне, сондай-ақ елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың нашарлауына байланысты болашақта жеткізудегі тапшылыққа қатысты айтарлықтай тәуекелдер бар.
2.2. Қазақстан Республикасының минералды-шикізат базасы
Бүгінгі күні Қазақстанда 124-ке жуық СМ және ЖСМ кен орындары анықталды (ашық көздер бойынша). Елімізде қосымша барлау және өндіру үшін мына СМ мен ЖСМ кен орындары:
ванадий бойынша – Құрымсақ, Бала Сауысқандық;
титан және цирконий бойынша – Қараөткел, Обуховская, Шоқаш, Шпаковка, Құмкөл, Сабындыкөл, Прогнозное, Горьковское, Березовское, Заячья, Дружба, Ақеспе;
тантал мен ниобий бойынша – Жоғарғы Ырғыз, Кварцевое, Қалайтапқан, Жоғарғы Баймырза;
литий бойынша – Юбилейное, Жоғарғы Баймырза, Бакенное, Белогорское, Ахметкино, Медведка;
молибден және вольфрам бойынша – Көктенкөл, Дрожиловское, Жоғарғы Қайрақты, Смирновское, Оңтүстік Жауыр, Жанет, Батыстау, Ақшатау, Қараоба, Байназар;
бериллий бойынша – Нұраталды, Қаражал, Дарат;
жерде сирек кездесетін металдар бойынша – Ақбұлақ, Құндыбай, Жоғарғы Еспе, Мойынқұм, Ақдала, Талайрық, Меловое, Томақ, Тайбағар, Тасмұрын анағұрлым тартымды болып табылады.
Бұған қоса, молибден мен вольфрамның, фосфориттердің, ванадийдің, титан мен цирконийдің және қазба көмірдің жекелеген кен орындарында жерде сирек кездесетін металдарды ілеспе өндіруге болады.
СМ мен ЖСМ саласының минералды-шикізат базасына тау-кен металлургиясы және химия өндірістерінің ТМТ объектілері де кіреді. TMТ мазмұнын талдаудан СM мен ЖСM алу үшін кейбір объектілердің коммерциялық перспективасы байқалады. Бүгінгі күні ҚМБ есебінде СМ мен ЖСМ бар 41 ТМТ объектісі бар, оның 31 объектісі жер қойнауын пайдалануға берілген. "МАСТ" тобына кіретін "SARECO" ЖШС экспортқа сату үшін ЖСМ ұжымдық концентраты мен скандий флюсін шығарып, ТМТ қайта өңдеуді жүргізеді. Қалған ТМТ нысандары зерттелуде.
Қазақстан кен орындарының басым бөлігіндегі кен кешенді болып келеді. Кен орындарының өндірістік құндылығын айқындайтын негізгі компоненттерден басқа, олардың құрамында СМ мен ЖСМ қоспалары да бар.
Алайда отандық кәсіпорындардың көпшілігінің технологиялары негізгі компоненттерді алуға бағытталған. Бұл ретте СM мен ЖСM көптеген түрлері үйінділерге түседі, олардың көлемі үнемі өсу үстінде және пайдаланылмайды.
Бүгінгі күні СМ мен ЖСМ саласын дамыту тұрғысынан айтарлықтай қызығушылық тудырып отырғанымен, келісімшарттық алаңдардан тыс орналасқан ТМТ құнды компоненттер құрамы тұрғысынан зерттелмеген. Бұрын құрылған ТМТ әлеуетін бағалау мақсатында есепке алынбаған және жер қойнауын пайдаланудан бос ТМТ объектілерін анықтау бойынша жұмыс жүргізу және пайдалы қазбалардың көлемі мен орташа құрамын көрсете отырып, олардың кадастрлық есебін қамтамасыз ету ұсынылады.
Барлық барланған пайдалы қазбалар мен ТМТ кен орындарын СМ мен ЖСМ саласының ресурстық базасына тарту әлеуеті бар. Заманауи технологиялар негізгі металдар мен химиялық өнімдерді алу процесінде СМ және ЖСМ алуға мүмкіндік береді.
Минералды-шикізат базасын толықтыру мақсатында 2025 жылға қарай СМ мен ЖСМ анықтау тұрғысынан 11 алаңда іздеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда (оның ішінде 2024 жылы – 10 объект, 2025 жылы – 1 объект). Шығыс Қазақстан облысында жер қойнауын геологиялық зерттеуді озыңқы ғылыми қамтамасыз ету шеңберінде сирек-жерде сирек кездесетін металл кеніне айналуы тұрғысынан облыстың коллизия аймақтарының гранитоидтарын болжамды бағалау және Қалба-Нарым аймағының литий түзгіштігі мен сирек және жерде сирек кездесетін кешенді металл кеніне айналуы тұрғысынан перспективалы алаңдарын анықтай отырып, Орталық Қалба аумағын перспективалы бағалау жоспарлануда.
Баянкөл алаңы шегіндегі, Қалба-Нарым кен аймағындағы жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу литийдің байырғы кен орындарын іздестіруге, ал Арал және Каспий өңірлерінің шегінде минералданған тұзды ерітінділерден, көлдер мен тұзды батпақтардан литий іздестіруге бағытталған. Бұл Қазақстандағы литийдің минералды-шикізат базасын нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда қайта өңдеу мен кәдеге жарату жүргізілмейтін кәдеге жаратылатын электр қозғалтқыштары мен тартқыш литий-ионды батареялардың қалдықтарын қоса алғанда, электронды қалдықтар СМ мен ЖСМ-нің перспективалы көзі болуы мүмкін. Осылайша, Біріккен Ұлттар Ұйымының оқу және ғылыми-зерттеу институтының (UNITAR) деректері бойынша елімізде электронды қалдықтардың түзілу көлемі 2019 жылы 136,1 мың тоннадан 2050 жылы 432 мың тоннаға дейін артады. Бұл қалдықтардың құнды компоненттерін шығарып алып, отандық кәсіпорындарда кәдеге жарату және қайта өңдеу мүмкіндігін қарастырған жөн.
Мыс, уран, мұнай салалары мен өнеркәсіптің өндіріс қалдықтары, технологиялық ерітінділер мен жуу қышқылдары СM мен ЖСM алудың қосымша көзі болуы мүмкін.
Тұтастай алғанда, Қазақстанның СМ мен ЖСМ минералды-шикізат базасын жұмыс істеп тұрған және жаңа кен орындарын, ТМТ-ны кешенді игеру, кәсіпорындардың технологиялық қалдықтары мен электронды сынықтарды қайта өңдеу есебінен айтарлықтай кеңейтуге болады.
2.3. Қазақстан Республикасындағы СМ және ЖСМ өндірісі
Экономиканың жоғары технологиялы секторлары тарапынан сұраныс өсіп келе жатқандықтан, сондай-ақ тапшылыққа, оның ішінде елдер арасындағы сауда қақтығыстары нәтижесінде қолдан жасалған тапшылыққа байланысты қазақстандық СМ мен ЖСМ салаларына қызығушылық айтарлықтай өсті.
Қазіргі уақытта Қазақстан тарапынан Еуропалық Одақтың, Ұлыбританияның, Америка Құрама Штаттары мен Корея Республикасының атқарушы органдарымен және өндірістік компанияларымен СМ мен ЖСМ өндіру, қайта өңдеу және олардың сауда-саттығы мәселелері бойынша іскерлік қатынастар жолға қойылды.
Бүгінгі күні Қазақстанның СМ мен ЖСМ саласының 70 жылдық тарихы бар және өзінің экспорттық әлеуетін нығайту үшін әлемде қалыптасып келе жатқан трендтерді пайдалануына болады. Қазіргі уақытта "Өскемен титан-магний комбинаты" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "ӨТМК" АҚ) әлемдік титан өндірушілер арасында, "Үлбі металлургия зауыты" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "ҮМЗ" АҚ) бериллий мен тантал өндірушілер арасында көш бастап тұр. 2004 жылға дейін "Жезқазғансирекмет" республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – "Жезқазғансирекмет" РМК) рений шығару бойынша әлемде екінші орынды иеленіп келеді. Бірқатар СМ мен ЖСМ базалық металдардың ірі өндірістері негізінде ілеспе өнім ретінде өндіріледі.
"ҮМЗ" АҚ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аумағындағы тантал, ниобий және бериллийден жасалған бұйымдардың жалғыз өндірушісі, бірақ өзінде мұндай шикізат көзі жоқ.
Бүгінгі күні зауыт шикізат ретінде бериллий шикізат қорын пайдаланады және мұндай кен орындарын Қазақстандағы жер қойнауын пайдаланушылар игермейтіндіктен, бериллий және тантал-ниобий шикізатын сатып алады. Шығарылатын өнім ULBA маркасымен экспортқа жөнелтіледі және халықаралық өлшемшартқа сәйкес келеді.
"ӨТМК" АҚ титан губкасын, құймалар мен слябтарды шығарады, титан қорытпалары мен ванадий пентаоксидін шығаруға қуаты бар. Титан өнімдері шетелдік тұтынушыларға жеткізіледі ("Boeing", "Airbus", "Nippon Steel", "SNECMA", "General Electric").
"Жезқазғансирекмет" РМК "Қазақмыс корпорациясы" жауапкерлігі шектеулі серіктестігі мыс балқыту зауытының қалдықтарынан 69,2 % ренийден тұратын аммоний перренатын шығарады, ол кейіннен шетелдік тұтынушыларға жөнелтіледі. Қазіргі уақытта кәсіпорын әлемдік рений өндірушілерінің ондығына кіреді.
"Казцинк" жауапкерлігі шектеулі серіктестігінің негізгі өніміне жатпайтын тазартылмаған селен мен висмут өндіріп экспорттайды. Селен мен висмут қорғасын зауытында құрамында қорғасын бар шикізатты өңдеу нәтижесінде алынады.
"Қазақмыс Смэлтинг" жауапкерлігі шектеулі серіктестігі экспортқа Балқаш мыс балқыту зауытының шламдарынан мыс теллуриді қосылысы түрінде теллур өндіреді.
"Қазақмыс Прогресс" жауапкерлігі шектеулі серіктестігі Балқаш мыс балқыту зауытының бағалы металдар өндірісінің үйінді қождарынан тазартылмаған селен шығаратын қазақстандық инновациялық технологиясын енгізді.
"Қазақстан алюминийі" акционерлік қоғамының сазбалшық зауытының алюминат ерітінділерінен галлий алуға қуаты бар. Галлий компанияның негізгі өнімі емес. Рентабельділігінің төмен болуына байланысты галлий шығару учаскесі 2015 жылы консервацияланған.
ЭҚТЖЖ | Қызмет атауы | 2021 | 2022 |
24455 | Сирек, жерде сирек кездесетін металдар мен жартылай өткізгіш материалдар өндірісі, млрд теңге | 41,3 | 57,2 |
24452 | Титан, титан, магний, вольфрам және молибден ұнтағы өндірісі, млрд теңге | 63,6 | 77,1 |
СМ және ЖСМ салалары өндірісінің жалпы көлемі | 104,9 | 134,3 | |
Өнеркәсіптегі СМ және ЖСМ саласының үлесі | 0,3 % | 0,3 % | |
Өңдеу өнеркәсібіндегі СМ және ЖСМ саласының үлесі | 0,6 % | 0,6 % | |
Металлургиядағы СМ және ЖСМ саласының үлесі | 1,4 % | 1,5 % |
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 134,3 млрд теңге сомасына СМ мен ЖСМ өндірілді. Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібіндегі саланың үлесі 0,6 %, металлургияда 1,5 %-ды құрайды.
Саланың негізгі проблемасы – импорттық шикізатқа тәуелділігі. Мәселен, "ӨТМК" АҚ және "ҮМЗ" АҚ титан, тантал, ниобий өндіру үшін импорттық шикізатты, бериллийді өндіру үшін бұрын жинақталған бериллий концентратының қорларын пайдаланады.
Кәсіпорындардың технологиялары мен жабдықтарының моральдық және физикалық тұрғыдан тым тозуы СМ мен ЖСМ өндірісін дамытудағы кедергілердің бірі болып табылады. Бұл технологиялық шығындарға байланысты өндіріс шығасыларының артуына және жоспардан тыс жөндеу үшін авариялық тұруға әкеледі.
Негізгі жабдықтың жай-күйі қолданыстағы қуаттар негізінде СM мен ЖСM қосымша түрлерін шығаруды игеруге мүмкіндік бермейді. Вольфрам-тантал және никель-кобальт концентраттарын бөлек-бөлек вольфрам, тантал, кобальт және никель металдарына бөлу технологиясын енгізуге әрекет жасаған кезде "Жезқазғансирекмет" РМК осы проблемамен бетпе-бет келді. Кәсіпорынды техникалық қайта жарақтандыру қажет, бұл "Жезқазғансирекмет" РМК-ге аммоний перренаты өндірісін әлемдік көшбасшы деңгейіне дейін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл ретте аммоний перренаты металл рений етіп қайта өңделетін жаңадан өңдеп-жасау сатысын енгізу мүмкіндігі пайда болады.
Қазақстан Республикасында СМ мен ЖСМ-ді ішкі тұтынуды ұлғайтатын ғылым мен техниканың перспективалы салаларын дамытуға ерекше назар аудару қажет.
Осыған байланысты Қазақстанда ең жаңа технологиялық жетістіктер негізінде аккумуляторлық батареялар мен жоғары технологиялы басқа да өнімдерге (композиттік және "ақылды" материалдар, аддитивті өндіріске арналған металл ұнтақтары) арналған компоненттерді/жиынтықтарды өндіру қуаттарын құрудың орындылығын (экономикалық және құқықтық аспектілері) зерделеу қажет.
Жалпы Қазақстанның СМ мен ЖСМ саласында жоғары деңгейде өңдеп-жасалған өнімдер көлемі аз.
2024 – 2028 жылдары Қазақстанда сала кәсіпорындарын техникалық қайта жарақтандыруға, технологиялар трансферті негізінде жаңа 5 өндірісті пайдалануға беруге, сондай-ақ СМ мен ЖСМ-ден 5 жаңа өнім түрін шығаруды жолға қоюға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда.
2.4. Салалық реттеу
Қазақстан Республикасында СМ мен ЖСМ саласын реттейтін базалық нормативтік құқықтық құжаттар жоқ. СМ мен ЖСМ саласындағы терминдерді біркелкі түсіндіру үшін металдардың тізбесі көрсетілген "сирек металдар", "жерде сирек кездесетін металдар" ұғымдары заңнамалық түрде бекітілмеген. Салыстыратын болсақ, Ресей Федерациясында МемСТ Р 59129-2020 "Түсті металдар. Терминдер мен анықтамалар" ұлттық стандарты қабылданған, онда тиісті терминология анықталып, жүйеге келтірілген. СМ және ЖСМ тізбесі осы стандарт негізінде қалыптастырылған.
Қазақстанда СМ мен ЖСМ саласындағы ұғымдық аппаратты заңнамалық бекіту саланың өндірістік процестері мен СМ мен ЖСМ қамтылған өнімдер бойынша стандарттарды әзірлеуге негіз болады. Бұл СM және ЖСM айналымы саласындағы есепке алу жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді, бұл жүйе өнімде СM мен ЖСM болуына қарай оның нақты тұтынушылық құндылығын көрсетеді, оның салық базасына әсері оң болмақ.
Кейбір СМ және барлық ЖСМ баланстық қорлары туралы мәліметтерді мемлекеттік құпияға жатқызу салаға инвестициялар тарту процесіне теріс әсерін тигізеді. Бұл ақпарат әлеуетті инвесторлар үшін қолжетімді болуға тиіс, оларда СМ мен ЖСМ бар кен орындары мен ТМТ жөніндегі өзекті деректер болуы керек. 2021 жылғы тәжірибе бірқатар СМ баланстық қорларын, оның ішінде литий қорын құпиясыздандыру осы салаға инвестиция тартуға мүмкіндік бергенін көрсетті. Нәтижесінде қазақстандық екі жер қойнауын пайдаланушы литий кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, кейін литий өнімін алуға еуропалық компаниямен шарт жасасты.
Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытудың 2024 – 2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының іс-шаралары
Р/с | Атауы | Аяқталу нысаны | Орындалу мерзімі | Жауапты орындаушылар | Қаржыландыру көлемі | Қаржыландыру көздері |
---|---|---|---|---|---|---|
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 |
Күтілетін нәтижелер: | ||||||
1. | 1-бағыт. Минералды-шикізат базасын дамыту | |||||
1.1. | Қорлардың мемлекеттік теңгерімінде тұрған ТМТ кен орындары мен объектілерінде СМ мен ЖСМ неғұрлым перспективалы түрлерін әзірлеуге және байытуға қазақстандық және шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу | инвестиция салу келісімшарты | 2024 – 2028 жылдар | ӨҚМ, СІМ, ҰЭМ, Қаржымині | талап етілмейді | - |
1.2. |
11 объектіде ЖСМ анықтау бойынша іздестіру жұмыстарын жүргізу | орындалған жұмыстар актісі | 2024 – 2025 жылдар, желтоқсан | ӨҚМ |
2024 жылы – | РБ (089 бюджеттік бағдарламасы) |
1.3. | СМ мен ЖСМ бойынша жер қойнауын геологиялық зерттеуді озық ғылыми қамтамасыз етуді жүргізу | орындалған жұмыстар актісі | 2024 – 2026 жылдар | ӨҚМ |
2024 жылы – | РБ (089 бюджеттік бағдарламасы) |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 |
1.4. | Техногенді минералдық түзілімдерге ревизия жүргізу | ТМТ паспорттары | 2025 жылғы желтоқсан | ӨҚМ, "ҰГҚ" АҚ (келісу бойынша) | талап етілмейді | - |
1.5. | Баянкөл алаңы, Қалба-Нарым кен аймағы шегіндегі литийдің байырғы кен орындарын іздестіру, сондай-ақ Арал және Каспий өңірі шегінде минералданған тұзды ерітінділерден, көлдер мен тұзды батпақтардан литий іздестіру әуелетін талдау | Орындалған жұмыстар акті | 2024 – 2027 жылдар | ӨҚМ | талап етілмейді | - |
2. | 2-бағыт. СМ мен ЖСМ өндірісін дамыту | |||||
2.1. | Рений сульфидін және басқа да сирек металдарды ала отырып, ыстыққа төзімді никель қорытпаларын металлургиялық өндіру қалдықтары түріндегі импорттық шикізатты қайта өңдеуді дамыту ("Жезқазғанстирекмет" РМК жарғылық капиталын ұлғайту) | МИЖ, ҚЭН, есеп | 2025 – 2026 жылдар | ӨҚМ, ҰЭМ, Қаржымині, "Жезқазғансирекмет" РМК (келісу бойынша) | талап етілмейді | - |
2.2. | "Жезқазғансирекмет" РМК базасында металл рений өндірісі | Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына рений өндірісі туралы есеп | 2025 – 2028 жылдар | ӨҚМ, "Жезқазғансирекмет" РМК (келісу бойынша) | талап етілмейді | - |
2.3. | Аммоний перренатынан металл бұйымдарын (шыбық, штабик, сым, құбыр) алу үшін жабдықтарды іріктеу және технологияларды сынақтан өткізу бойынша ақпараттық-талдамалық және консультациялық көрсетілетін қызметтер. Тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар | орындалған жұмыстар актісі, ӨҚМ-ге есеп | 2024 жылы | ӨҚМ, "Жезқазғансирекмет" РМК (келісу бойынша) | талап етілмейді | - |
2.4. | Арнайы материалдар негізінде Қазақстан Республикасында салааралық ғылыми-техникалық ақпараттың мемлекеттік жүйесін құру және іске асыру | орындалған жұмыстар актісі, ӨҚМ-ге есеп | 2024 – 2028 жылдар | ӨҚМ, ҰТБО (келісу бойынша) |
2024 жыл – | РБ (090 бюджеттік бағдарламасы) |
3. | 3-бағыт. Салалық реттеу | |||||
3.1. | СМ мен ЖСМ-нің жер қойнауындағы баланстық қорлары туралы мәліметтер мен өндірісі туралы деректерден құпия грифін алып тастау | құпиялардың ведомстволық тізбесіне өзгерістер | 2024 – 2025 жылдар | ӨҚМ | талап етілмейді | - |
3.2. | СМ мен ЖСМ саласындағы ұлттық және салалық стандарттарды әзірлеу және бекіту | ұлттық және салалық стандарттарды бекіту | 2024 – 2028 жылдар | ӨҚМ, СИМ | талап етілмейді | - |
3.3. | СМ мен ЖСМ-ге баға белгілеу қағидаларын әзірлеу және бекіту | ҚРҮҚ | 2024 жылғы желтоқсан |
ӨҚМ, Қаржымині, | талап етілмейді | - |
3.4. | Арнаулы халықаралық іс-шаралар мен іскерлік кездесулер ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру | өткізілген іс-шаралар туралы есеп | 2024 – 2026 жылдар | ӨҚМ | талап етілмейді | - |
Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:
Қаржымині – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі;
ҚРҮҚ – Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы;
ҚЭН – қаржы-экономикалық негіздеме;
МИЖ – мемлекеттік инвестициялық жоба;
НҚА – нормативтік құқықтық актілер;
ӨҚМ – Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі;
РБ – республикалық бюджет;
СИМ – Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі;
СІМ – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі;
"ҰГҚ" АҚ – "Ұлттық геологиялық қызмет" акционерлік қоғамы;
ҰТБО – Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің "Ұлттық технологиялық болжау орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны;
ҰЭМ – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі;
ЭТРМ – Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі.