Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сент-Кристофер (Сент-Китс) және Невис Федерациясының Үкіметі арасындағы қысқа мерзімді визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 25 қаңтардағы № 38 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сент-Кристофер (Сент-Китс) және Невис Федерациясының Үкіметі арасындағы қысқа мерзімді визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Ақан Ақасұлы Рахметуллинге Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сент-Кристофер (Сент-Китс) және Невис Федерациясының Үкіметі арасындағы қысқа мерзімді визалық талаптардан босату туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 25 қаңтардағы
№ 38 қаулысымен
мақұлданған
Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сент-Кристофер (Сент-Китс) және Невис Федерациясының Үкіметі арасындағы қысқа мерзімді визалық талаптардан босату туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сент-Кристофер (Сент-Китс) және Невис Федерациясының Үкіметі

      Тараптар мемлекеттері арасындағы достық қарым-қатынасқа жәрдемдесуді қалай отырып,

      өз мемлекеттері азаматтарының Тараптар мемлекеттерінің аумағына кіруін жеңілдету мақсатында

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтары – жарамды жол жүру құжаттарының иелері алғаш кірген сәттен бастап әрбір 365 күндік кезең ішінде күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын кезеңге екінші Тарап мемлекетінің аумағына бір немесе бірнеше мәрте кіру, одан шығу, транзитпен өту, онда уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады.

      2. Екінші Тарап мемлекетінің аумағында осы баптың 1-тармағында көзделген ең ұзақ кезеңнен ұзағырақ қалғысы келетін Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтары – жарамды жол жүру құжаттарының иелері екінші Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес талап етілетін тиісті визаны алуға тиіс.

      3. Екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы өз мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктеріне және консулдық мекемелеріне тағайындалған Тараптардың бірі мемлекеттерінің азаматтары – дипломатиялық немесе қызметтік паспорттардың иелері бүкіл аккредиттеу кезеңіне екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіру, одан шығу және транзитпен өту үшін визалық талаптардан босатылады.

      4. Осы баптың 3-тармағының ережелері олардың отбасы мүшелеріне және өздерінің асырауындағы, жарамды дипломатиялық немесе қызметтік паспорттары бар тұлғаларға да қолданылады.

2-бап

      Қазақстан Республикасының жарамды жол жүру құжаттары:

      дипломатиялық паспорт;

      қызметтік паспорт;

      Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;

      қайтып оралуға (тек Қазақстан Республикасына қайтып оралу үшін) арналған куәлік;

      теңізшінің жеке куәлігі (кеме тізіміндегі жазба немесе одан үзінді бойынша).

      Сент-Кристофер (Сент-Китс) және Невис Федерациясының жарамды жол жүру құжаттары:

      дипломатиялық паспорт;

      ресми паспорт;

      Сент-Кристофер (Сент-Китс) және Невис Федерациясы азаматының паспорты;

      Сент-Кристофер (Сент-Китс) және Невис Федерациясына қайтып оралу үшін (тек Сент-Кристофер (Сент-Китс) және Невис Федерациясына қайтып оралу үшін) жарамды уақытша жол жүру құжаты;

      теңізшінің жеке куәлігі (кеме тізіміндегі жазба немесе одан үзінді бойынша).

3-бап

      Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынаста саяхаттаушылар үшін ашық пункттер арқылы кіре алады және одан шыға алады немесе транзитпен өте алады және соңғы Тарап мемлекетінің шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар үшін кіруге, шығуға және транзитке қатысты қолданылатын заңнамасын сақтауға тиіс.

4-бап

      1. Осы Келісім Тараптардың өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе халық денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында екінші Тарап мемлекеті азаматтарының кіруінен немесе болуына рұқсат беруден бас тарту құқығын шектемейді.

      2. Осы Келісім Тараптардың екінші Тарап мемлекетінің болуы қошталмайды деп танылған азаматтарының өз мемлекетінің аумағына кіруіне тыйым салу немесе себептерін көрсетпей өз мемлекетінің аумағында болуын тоқтату құқығын шектемейді.

5-бап

      1. Сент-Кристофер (Сент-Китс) және Невис Федерациясының аумағында болған уақытта өздерінің жол жүру құжаттарын жоғалтып алған Қазақстан Республикасының азаматтары Сент-Кристофер (Сент-Китс) және Невис Федерациясының аумағынан тыс Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі берген жол жүру құжаттарын пайдалана отырып шыға алады.

      2. Қазақстан Республикасының аумағында болған уақытта өздерінің жол жүру құжаттарын жоғалтып алған Сент-Кристофер (Сент-Китс) және Невис Федерациясының азаматтары Қазақстан Республикасының аумағынан тыс Сент-Кристофер (Сент-Китс) және Невис Федерациясының дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі берген жол жүру құжаттарын пайдалана отырып шыға алады.

6-бап

      Форс-мажорлық мән-жайлар салдарынан алғаш кірген сәттен бастап әрбір 365 күндік кезең ішінде 90 (тоқсан) күнтізбелік күн ішінде екінші Тарап мемлекетінің аумағынан кетуге мүмкіндігі жоқ Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтары өздерінің болу мерзімін болу мемлекетінің аумағынан шығу үшін қажетті уақыт кезеңіне ұзартуға рұқсат алу үшін осы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына өтінішпен жүгінуге тиіс.

7-бап

      1. Тараптар осы Келісімінің 2-бабында көрсетілген өздерінің жарамды жол жүру құжаттарының үлгілерімен осы Келісім күшіне енген кезге дейін кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн қалғанда дипломатиялық арналар арқылы алмасады.

      2. Жаңа жол жүру құжаттары енгізілген немесе қолданыстағылары өзгерген жағдайларда Тараптар бұл туралы бірін-бірі дереу хабардар етеді және осындай жол жүру құжаттарының үлгілерін, сондай-ақ олардың қолданылуына қатысты ақпаратты олар ресми енгізілгенге немесе өзгертілгенге дейін кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн қалғанда дипломатиялық арналар арқылы жібереді.

8-бап

      1. Тараптардың әрқайсысының екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу арқылы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе халық денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын уақытша, ішінара немесе толық тоқтата тұруға құқығы бар. Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң тоқтатыла тұрады. Тараптар осы Келісімнің қолданылуы уақытша, толық немесе ішінара қалпына келтірілетін күнді дипломатиялық арналар арқылы келіседі.

      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұруды іске асыратын Тараптың аумағында жүрген екінші Тарап мемлекеті азаматтарының құқықтарын қозғамайды.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.

10-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

11-бап

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемелекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен соң күшіне енеді.

      2. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің қолданылуын дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты жазбаша хабардар ету жолымен тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күннен соң тоқтатылады.

      20__ "__" _______ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
      Сент-Кристофер (Сент-Китс) және      Невис Федерациясының Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады