Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Суринам Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 25 қаңтардағы № 39 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Суринам Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Ақан Ақасұлы Рахметуллинге Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Суринам Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы "25" қаңтардағы
№ 39 қаулысымен
мақұлданған
Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Суринам Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Суринам Республикасының Үкіметі

      Тараптар мемлекеттері арасындағы достық қарым-қатынасқа жәрдемдесуді қалай отырып,

      өз мемлекеттері азаматтарының Тараптар мемлекеттерінің аумағына кіруін жеңілдету мақсатында

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтары – жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері алғаш кірген сәттен бастап әрбір 180 (жүз сексен) күндік кезең ішінде күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын кезеңге екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу, кету, транзитпен өту, уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады.

      2. Екінші Тарап мемлекетінің аумағында осы баптың 1-тармағында көзделген ең ұзақ кезеңнен ұзағырақ қалғысы келетін Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтары – дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері осы екінші Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес талап етілетін тиісті визаны алуға тиіс.

      3. Форс-мажорлық мән-жайлар салдарынан осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзім ішінде екінші Тарап мемлекетінің аумағынан кетуге мүмкіндігі жоқ Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтары – дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері өздерінің болу мерзімін болу мемлекетінің аумағынан шығу үшін қажетті уақыт кезеңіне ұзартуға рұқсат алу үшін осы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына өтінішпен жүгінуге тиіс.

      4. Екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы дипломатиялық өкілдіктерге, консулдық мекемелерге немесе өз мемлекеттерінің халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктеріне тағайындалған Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтары – дипломатиялық немесе қызметтік паспорттардың иелері өз өкілеттіктерін орындайтын бүкіл кезең ішінде екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіру, шығу, транзитпен өту және онда бол үшін визалық талаптардан босатылады.

      5. Осы баптың 4-тармағының ережелері олардың отбасы мүшелеріне және өздерінің асырауындағы, дипломатиялық немесе қызметтік паспорттары бар тұлғаларға да қолданылады.

2-бап

      1. Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтары – дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынас үшін ашық мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерін пайдаланып кіре алады, шыға алады немесе транзитпен өте алады және соңғы Тарап мемлекетінің шетел азаматтарының кіруіне, шығуына және транзитіне қатысты қолданылатын заңнамасын сақтауға тиіс.

      2. Осы баптың 1-тармағы 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында және 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерге нұқсан келтірмей қолданылады.

3-бап

      Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қабылдайтын мемлекеттің аумағында болуы қошталмайды деп танылған Тараптар мемлекеттері азаматтарының – дипломатиялық және қызметтік паспорттар иелерінің кіруінен бас тарту, олардың болуын қысқарту немесе тоқтату құқығын өзінде қалдырады.

4-бап

      1. Суринам Республикасының аумағында болған уақытта өздерінің паспорттарын жоғалтып алған Қазақстан Республикасының азаматтары – дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері Суринам Республикасының аумағынан тыс Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемелері берген жол жүру құжаттарын пайдаланып шыға алады.

      2. Қазақстан Республикасының аумағында болған уақытта өздерінің паспорттарын жоғалтып алған Суринам Республикасының азаматтары – дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері Қазақстан Республикасының аумағынан тыс Суринам Республикасының дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемелері берген жол жүру құжаттарын пайдаланып шыға алады.

5-бап

      1. Тараптар осы Келісім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік отыз (30) күн ішінде өздерінің дипломатиялық және қызметтік паспорттарының, сондай-ақ 4-бапта аталған жол жүру құжаттарының үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.

      2. Жаңа дипломатиялық және қызметтік паспорттар енгізілген немесе олар өзгерген жағдайларда Тараптар бұл туралы бірін-бірі дереу хабардар етеді және осындай паспорттардың үлгілерін, сондай-ақ олардың қолданылуына қатысты ақпаратты олар ресми енгізілгенге немесе өзгертілгенге дейін кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн қалғанда дипломатиялық арналар арқылы жібереді.

6-бап

      Тараптардың әрқайсысының ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті қорғауды немесе халық денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты жазбаша хабардар ету жолымен осы Келісімнің қолданылуын уақытша, ішінара немесе толық тоқтата тұруға құқығы бар. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткеннен кейін тоқтатыла тұрады. Тараптар осы Келісімнің қолданылуы уақытша, толық немесе ішінара қалпына келтірілетін күнді дипломатиялық арналар арқылы келіседі.

7-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.

8-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемелекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен соң күшіне енеді.

      2. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің қолданылуын екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар ету жолымен тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күннен соң тоқтатылады.

      20__ "_____" _______ _________________ қаласында әрқайсысы қазақ, нидерланд, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
      Суринам Республикасының Үкіметі үшін
     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады