"Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 10 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 14 ақпандағы № 85 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 10 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентінде:

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Кеңестер Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарларының арасында міндеттерді бөлуге сәйкес олардың басшылығымен:

      1) Президенттің және (немесе) Әкімшілік Басшысының тікелей тапсырмасы болған кезде;

      2) қоғамдық, әскери, саяси, экономикалық, ақпараттық және экологиялық қауіпсіздікке қатер туындаған жағдайда;

      3) табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар, тұтас елде немесе жекелеген өңірлерде жағдай тұрақсызданған, террористік шабуыл немесе эпидемиологиялық аурулардың таралу қатері кезінде;

      4) орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін ведомствоаралық үйлестіру, тұжырымдамалық сипаттағы және қаржылық қамтамасыз ету мәселелері бойынша еңсерілмейтін келіспеушіліктерді реттеу қажет болған кезде;

      5) Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарларының тапсырмалары бойынша өзге де жағдайларда өткізілуі мүмкін.";

      мынадай мазмұндағы 27-1-тармақпен толықтырылсын:

      "27-1. Осы Регламенттің 27-бабының 4) тармақшасында көзделген негіздемелер бойынша кеңес өткізілген жағдайда кеңес мынадай шарттар сақталып өткізіледі:

      1) Үкімет Аппаратына жүгінгенге дейін мемлекеттік органдар келіспеушіліктерді реттеу жөніндегі қолданыстағы заңнамада белгіленген барлық шараларды қабылдады;

      2) Үкімет Аппаратына жүгінген кезде келіспеушіліктер хаттамасы қоса беріледі;

      3) дау тарапының бірі Үкімет құрамына кіретін мемлекеттік орган болуға тиіс.

      Жолданым Үкімет Аппаратына түскеннен кейін оны мүдделі мемлекеттік органдарды шақырып қараудың нәтижелері бойынша жауапты құрылымдық бөлімше Үкімет Аппараты Басшысының жетекшілік ететін орынбасарымен бірлесіп Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарларының немесе Үкімет Аппараты Басшысының төрағалығымен кеңес өткізудің қажеттігі/қажет еместігі туралы шешім қабылдайды.

      Кеңестің қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер Премьер-Министр немесе оның орынбасарлары немесе Үкімет Аппаратының Басшысы қол қоятын хаттамамен ресімделеді және оны барлық мүдделі мемлекеттік органдардың орындауы міндетті болады.";

      36-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;

      43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "43. Мемлекеттік құпияларды қамтитын жобалар қағаз түрінде келісіледі және Үкімет Аппаратына енгізіледі.

      Таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын жобалар электрондық құжат айналымы жүйесі (бұдан әрі – ЭҚЖ) арқылы электрондық форматта беру мүмкіндігі болмаған кезде айрықша жағдайларда ғана қағаз түрінде келісіледі және Үкімет Аппаратына енгізіледі.";

      45-тармақ мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:

      "9) ағымдағы жылға арналған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу жоспары.";

      52-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) жоба ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылуға жататын болса, Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша жобаны жария талқылаудың аяқталуы туралы есеп;";

      55-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "55. Үкімет Аппараты жобаларды жұмыс күндері күн сайын сағат 9.00-ден бастап 18.00-ге дейін ЖКАЖ арқылы электрондық форматта, таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын жобаларды ЭҚЖ арқылы, электрондық форматта беру мүмкін болмаған кезде айрықша жағдайларда ғана қағаз түрінде қабылдайды. Мемлекеттік құпияларды қамтитын жобалар әр парағы дәйектеліп, келісу парағымен бірге қағаз жеткізгіштерде және электрондық жеткізгіште (CD-диск) сағат 9.00-ден бастап 17.00-ге дейін қабылданады.";

      56-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "56. Үкімет Аппаратының құрылымдық бөлімшесі жобаны қабылдаған кезде оның осы Регламенттің 52-тармағына сәйкестігін алдын ала тексеруді жүзеге асырады.

      Осы Регламенттің 52-тармағында көрсетілген құжаттар болмаған, сондай-ақ осы Регламенттің талаптары өзгеше бұзылған жағдайларда жоба қабылданбайды.";

      57-тармақтың 4) тармақшасы алып тасталсын;

      78-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      3) заң жобасын әзірлеуге жауапты органдар, ұйымдар және бірінші басшының орынбасарынан төмен емес лауазымды тұлғалар көрсетілуге тиіс.";

      4-тараудың 5-параграфының тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-параграф. Заң, Үкімет қорытындылары мен Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары жобаларының таныстырылымын жүргізу тәртібі

      105, 106 және 107-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "105. Заң, Үкімет қорытындылары мен Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары жобаларының таныстырылымы, әдетте, Үкімет отырысына дейін кемінде 1 (бір) жұмыс күні қалғанда жүргізіледі және жобалардың негізгі ережелерімен танысу, оларды қарастыру және талқылау, олардың жобамен реттелетін салаларда жүргізілетін мемлекеттік саясатқа сәйкестігін айқындау мақсатында, сондай-ақ оларды кейіннен Үкімет отырысына енгізу үшін жүзеге асырылады.

      106. Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының жоспарын, Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпыұлттық жоспарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ Президенттің, Премьер-Министрдің, Президент Әкімшілігінің және Үкіметтің тапсырмаларын орындау үшін әзірленген заң жобалары таныстырылады.

      107. Мыналар да міндетті түрде таныстырылады:

      1) Парламент депутаттары бастама жасаған заң жобалары бойынша Үкімет қорытындыларының жобалары;

      2) Парламент палаталарының қарауындағы заң жобалары бойынша Парламент депутаттарының түзетулеріне Үкімет қорытындыларының жобалары;

      3) заң жобасын Қазақстан Республикасының Парламентінде қарау барысында Президент пен Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша бастама жасалатын түзетулер бойынша мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымдары.

      Әдетте, халықаралық шарттарды ратификациялау мен олардың күшін жою және оларға қосылу туралы заң жобалары бойынша таныстырылым жүргізілмейді.

      Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша өзге нормативтік құқықтық және құқықтық актілер де таныстырылымға шығарылуы мүмкін.";

      110-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "110. Жобаларды әзірлеуші мемлекеттік органдар ресми электрондық пошта арқылы таныстырылым өткізу туралы тапсырманы алғаннан кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде жобаның таныстырылымына бастама жасаған Үкімет Аппаратының құрылымдық бөлімшесіне мынадай материалдарды ұсынады:

      1) жоба қабылданған жағдайда жобаның негізгі ережелері және болжанатын әлеуметтік-экономикалық және (немесе) құқықтық салдар жөніндегі қысқаша ақпарат, бір интервал арқылы көлемі 3 (үш) парақтан аспайтын және өлшемі 14 Times New Roman қарпімен электрондық құжат форматында (docx, xlsx, pdf);

      2) жоба бойынша слайдтар (көлемі 10 (он) мегабайттан аспайтын және қаріп өлшемі 20-дан кем емес, 16:9 көрнекі ақпаратты көрсету форматына сәйкес келетін түрлі-түсті слайдтар);

      3) жобаның таныстырылымына шақырылатын тұлғалар тізімі.

      Бұл ретте Үкімет Аппаратының құрылымдық бөлімшесі:

      материалдардың толықтығын, дұрыстығын және сапасын тексеруді;

      кейіннен таныстырылымды өткізуге жауапты құрылымдық бөлімшеге уақтылы беруді қамтамасыз етеді.

      Таныстырылымды өткізуге жауапты Үкімет Аппаратының құрылымдық бөлімшесі құрылымдық бөлімшелер ұсыныстарының негізінде таныстырылымға материалдарды (күн тәртібі, жүргізу тәртібі, қатысушылардың тізімі) жинақтауды және дайындауды қамтамасыз етеді.

      Таныстырылымға бастама жасаған жауапты құрылымдық бөлімше шақырылған адамдардың қатысуын қамтамасыз етеді.";

      120-тармақтың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Үкімет қорытындысының жобасы мемлекеттік органда келісуде 3 (үш) жұмыс күнінен артық болған және ол бойынша жауап ұсынылмаған жағдайда мұндай жоба әдепкі қалпы бойынша "келісілген" деп саналады. Бұл ретте жинақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган ұсынылған ақпараттың мемлекеттік органмен "әдепкі қалпы бойынша" келісілгені туралы өзінің ілеспе хатында міндетті түрде көрсетеді.";

      125-тармақтың үшінші және төртінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "Үкімет қорытындысының жобасы мемлекеттік органда 5 (бес) жұмыс күнінен артық келісуде болған және ол бойынша жауап берілмеген жағдайда мұндай жоба әдепкі қалпы бойынша "келісілген" деп саналады. Бұл ретте жинақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган ұсынылған ақпараттың мемлекеттік органмен "әдепкі қалпы бойынша" келісілгені туралы өзінің ілеспе хатында міндетті түрде көрсетеді.

      Бірыңғай ұстаным болмаған кезде 2 (екі) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ведомствоаралық кеңес өткізіледі, онда бірыңғай ұстаным тұжырымдалады не дәлелді негіздемелері бар ескертулер ресімделеді, олар қорытынды жобасымен бірге Үкімет Аппаратына енгізіледі. Келіспеушіліктері бар Үкімет қорытындысының жобасы енгізілген жағдайда мәселе шешімдер қабылдау үшін Премьер-Министрде немесе оның орынбасарларында немесе Үкімет Аппараты Басшысында өтетін отырыста қаралады.";

      мынадай мазмұндағы 141-1-тармақпен толықтырылсын:

      "141-1. Ведомстволар мен ведомстволық бағынысты ұйымдар өздерінің негізгі қызметі шеңберінде Үкімет атына тек жоғары тұрған уәкілетті орган арқылы, сондай-ақ олардың атына берілген Үкімет және Үкімет Аппараты басшылығының тікелей тапсырмаларына жауап берген кезде өз бетінше жүгіне алады.";

      142-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бұл ретте, егер бірлесіп орындаушы мемлекеттік орган белгіленген мерзімде жауап ұсынбаған жағдайда жинақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган өзінің ілеспе хатында ұсынылған ақпаратты мемлекеттік органның "әдепкі қалпы бойынша" келіскені туралы міндетті түрде көрсетеді. Бұл талап Үкімет Аппаратына барлық бірлесіп орындаушылардың ұстанымдарын ескере отырып дайындалған, жинақтаушы мемлекеттік органдарға Мемлекет басшысының жауаптарының (тапсырмаларды орындау жөніндегі ақпараттың) жобаларын жіберген кезде қолданылмайды.";

      мынадай мазмұндағы 146-1-тармақпен толықтырылсын:

      "146-1. Үкімет Аппаратына бастамашылық хаттарды енгізген кезде мемлекеттік органдар мен ұйымдар тиісті нормативтік құқықтық актілерге сілтеме жасай отырып, құжаттарды енгізу негіздемесін міндетті түрде көрсетеді.";

      148-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "148. Премьер-Министр және Үкімет жауаптарының жобалары Үкімет Аппаратына ілеспе хатпен енгізіледі, онда міндетті түрде тапсырманың нөміріне, күніне және нақты тармағына сілтеме, оның мазмұны келтіріледі не оны дайындаудың бастама жасау тәртібі көрсетіледі. Қажет болған жағдайда Үкімет Аппаратының құрылымдық бөлімшелері алдын ала келісу үшін тиісті жауап жобаларын жұмыс тәртібімен сұрата алады.";

      150-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) "қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар қызметтік хат-хабарлар сағат 9.00-ден бастап 18.00-ге дейін ЭҚЖ арқылы электрондық форматта беру мүмкіндігі болмаған кезде айрықша жағдайларда ғана қағаз түрінде келісіледі және Үкімет Аппаратына енгізіледі (көрсетілген уақыттан кейін келіп түскен құжаттар келесі жұмыс күні қабылданады).

      Бұл ретте мемлекеттік құпияларды қамтитын жобалар қағаз түрінде келісіледі және Үкімет Аппаратына сағат 9.00-ден бастап 18.00-ге дейін енгізіледі;";

      154-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "154. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері биліктің заң шығарушы және сот тармақтары органдарымен, Президент Әкімшілігімен хат алмасуды, сондай-ақ Ұлттық архив қорына қатысты құжаттарды қоспағанда, коммуникация мен ақпарат алмасудың ресми құралы ретінде қызметтік электрондық поштаны пайдаланады.

      Үкімет Аппаратының ресми электрондық поштасының домендері – @ukimet.kz, @m.ukimet.kz, @ukimet.gov.kz.";

      160-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "160-тармақ. Мыналар:

      1) осы Регламентте белгіленген талаптарды бұзып ресімделген құжаттар мен оларға қосымшалар;

      2) факсимиле, түзетулер және өзге де ластанған, қандай да бір зақымдалған жерлер бар, оның ішінде тескішпен тесілген, шимайқағаздарда және мемлекеттік органдар бланкілерінің көшірмелерінде орындалған қағаз хат-хабар;

      3) мекенжайы дұрыс көрсетілмеген (Үкімет Аппаратының атауы, Үкімет және Үкімет Аппараты басшылығының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) дұрыс жазылмаған) хаттар;

      4) электрондық құжаттар (ЭЦҚ-ны тексерудің теріс нәтижесі, электрондық түзетулер (мәтінде бөліп көрсету, түзетпелер) бар, берілген тапсырмаға сәйкес келмейтін ақпарат қоса берілген, құжат жеткізгіштің типі ("қағаз құжаттың электрондық көшірмесі" және "электрондық құжат"), парақтар саны сәйкес келмейтін, міндетті деректемелер жоқ және (немесе) бланк нысанында көзделген деректемелер, сондай-ақ мәтін дұрыс орналаспаған);

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін электрондық құжаттар;

      6) осы Регламенттің 27-тармағының 3-1) тармақшасында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, Үкімет басшылығының төрағалығымен кеңестер өткізу туралы өтініш жасалған хаттар;

      7) нормативтік құқықтық актілердің және өзге де құжаттардың жобаларын қарауды жылдамдату туралы өтініш жасалған хаттар;

      8) Қаржы министрлігімен алдын ала талқыламай, республикалық бюджеттен немесе Үкімет резервінен ақшалай қаражат бөлу туралы өтініш жасалған хаттар.

      Бұл ретте Қаржы министрлігінің теріс қорытындысынан кейін республикалық бюджеттен немесе Үкімет резервінен ақшалай қаражат бөлу туралы өтінішті қамтитын хаттар Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарларының немесе Үкімет Аппараты Басшысының ауызша тапсырмасы негізінде қабылданады;

      9) бақылауға қойылмаған тапсырмаларға жауаптар Үкімет Аппаратында қабылданбайды.";

      165-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "165. Үкімет Аппараты Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Регламентке сәйкес Президент, Премьер-Министр, Үкімет актілерінің, сондай-ақ Президенттің, Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің, Президент Әкімшілігі Басшысының, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының, Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының өзге де басшылығының тапсырмалары бар құжаттардың орындалуын бақылау жөніндегі ұйымдастырушылық және талдамалық жұмысты жүзеге асырады, атқарушылық тәртіп мәселелері бойынша Премьер-Министрді жүйелі түрде хабардар етіп тұрады.

      Бұл ретте бақылау:

      1) жоспарлы көрсеткіштерден ауытқуларға жол бермеу мақсатында тапсырмалардың орындалуына мерзімді мониторинг жүргізу арқылы проактивті тәсіл, оның ішінде жобалық басқару, онлайн-сервистер, бейнесервистер және ақпараттық жүйелерде, әлеуметтік желілерде және басқа цифрлық дереккөздерде орналастырылған деректерді мониторингтеу;

      2) қажетті ақпаратты, оның ішінде қызметтік электрондық поштаны, "Smart Data Ukimet" ақпараттық-талдамалық жүйесінің және өзге де мемлекеттік ақпараттандыру объектілерінің базасын пайдалана отырып талап ету;

      4) орындау туралы есептер мен баяндамаларды тыңдау және талқылау;

      5) ревизия және құжаттамалық тексерудің өзге де нысандары;

      6) жергілікті жерге барып тексеру;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да тәсілдер арқылы жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 165-1, 165-2 және 165-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "165-1. Үкіметтің және мемлекеттік органдардың (Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды қоспағанда) бақылауына берілген Президент актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды Үкімет Аппараты жүзеге асырады.

      Бұл ретте Президенттің тиісті актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды Үкімет Аппараты тапсырмаларды мониторингтеу арқылы жүзеге асырады.

      Үкіметтің бақылауына берілген актілер мен тапсырмалар бойынша жиынтық есеп жыл қорытындысы бойынша Президент Әкімшілігіне Премьер-Министр орынбасарының немесе Үкімет Аппараты Басшысының қолы қойылып, жетекшілік ететін бағыттарға байланысты және құрылымы бойынша Үкімет құрылымына кіретін министрліктер жетекшілік ететін салалардағы тапсырмалардан тұруға тиіс.

      165-2. Үкімет Аппараты қажет болған кезде мерзімді негізде (ай сайын, тоқсан сайын немесе жартыжылдық, жылдық негізде) ресми хабардар ететін аралық бақылау мерзімін белгілеу туралы шешім қабылдауы мүмкін.

      Премьер-Министрдің атына жіберілетін хаттарды қоспағанда, аралық есептерді Үкімет Аппаратына мемлекеттік органдардың бірінші басшылары орынбасарларының қолын қойғызып енгізуге болады. Бұл ретте ілеспе хатта ақпараттың бірінші басшымен келісілгенін көрсету қажет.

      Егер тапсырмада Үкімет Аппаратын хабардар етудің аралық мерзімдері белгіленбесе, оның орындалу барысын мониторингтеу мен бақылау осы Регламенттің 165-тармағына сәйкес Үкімет Аппаратының құрылымдық бөлімшелері деңгейінде жұмыс тәртібімен, оның ішінде ресми электрондық пошта арқылы ақпарат алмасу, ақпараттық жүйелердің тиісті функционалын қолдану, тыңдау және тексерулер жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

      Тапсырмаларды сапалы, уақтылы орындамау тәуекелдері және орындамаудың өзге де елеулі проблемалары болған кезде мемлекеттік органдардың басшылары Премьер-Министрге немесе оның орынбасарларына хабарлайды және тиісті ұсыныстар енгізеді.

      165-3. Жекелеген тапсырмалардың орындалу барысын мониторингтеу мен бақылау тұрақты мерзімді есептілік нысанын қолданбай, оның ішінде мынадай мәселелер бойынша жүзеге асырылады:

      1) инспекциялық бару арқылы, сондай-ақ қашықтан мониторингтеу жүйелерінің функционалдық мүмкіндіктерін, оның ішінде бейнебақылауды қосу, фото- және бейнетүсірілімдерді беруді пайдалана отырып, онлайн-қашықтан басқару режимінде – құрылыс объектілерін, монументтік өнер құрылыстарын салу және пайдалануға беру немесе оларды реконструкциялау (жөндеу);

      Бұл ретте аталған объектілер бойынша фото- және бейнетүсірілімдерді беруді, сондай-ақ бейнебақылауды оған Үкімет Аппараты жауапты қызметкерлерінің қол жеткізуі мүмкіндігімен орындаушы мемлекеттік орган қамтамасыз етеді;

      2) тестілік немесе ақпараттық жүйенің, өзге де ақпараттандыру объектілерінің тәжірибелік пайдалануға берілген функционалын таныстыру арқылы, сондай-ақ өндірістік пайдалануға берілген ақпараттық жүйеге қол жеткізу құқығын беру мүмкіндігімен – цифрландыру;

      3) жауапты мемлекеттік органдардан заңнамалық тапсырмалардың іске асырылу, Парламенттегі заңнамалық процестің жай-күйін мониторингтеу, сондай-ақ заң шығару процесінің ақпараттық жүйесін пайдалану барысы туралы ақпаратты жұмыс тәртібінде сұрату арқылы – заңнамалық түзетулерді немесе жаңа заңнамалық актіні қабылдау;

      4) іс-шараны ұйымдастыру барысына жұмыс бабындағы бақылау және Президенттің, Президент Әкімшілігі, Үкімет басшылығының, Президент Әкімшілігі немесе Үкімет Аппаратының жауапты қызметкерлерінің қатысуымен немесе бұқаралық ақпарат құралдарында көшелер мен мемлекет меншігіндегі объектілерге атау беру іс-шарасының, фактісінің жариялануымен расталған іс-шараны өткізу фактісі бойынша нәтижесін бақылау арқылы – қоғамдық маңызы бар, мерейтойлық және халықаралық іс-шараларды өткізу, көшелер мен мемлекет меншігіндегі объектілерге атау беру;

      5) жалпыға қолжетімді мемлекеттік ақпараттандыру объектісінде орналастырылған ақпаратты талдау арқылы – заңнамалық актілерді уақтылы іске асыру, оның ішінде заңға тәуелді актілерді әзірлеу және қабылдау.";

      166-тармақтың екінші бөлігінің 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) елдің стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігі;

      3) нақты күтілетін нәтижесі мен тиімділігі (нақты түпкі нәтижесі көрсетіледі);";

      170-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "170. Мынадай, оның ішінде құпия құжаттар бақылауға алынады (бұдан әрі – бақылаудағы құжаттар):

      1) Президенттің, Премьер-Министрдің және Үкіметтің актілері не актілерінің тармақтары;

      2) өңірлік сапарлардың, халықаралық және қоғамдық маңызы бар іс-шаралардың, Президент мәлімдемелерінің (жолданымдарды қарау шеңберіндегі), Президенттің қатысуымен өткен жұмыс кеңестерінің, Үкіметтің кеңейтілген отырыстарының, Президент басшылық ететін консультативтік-кеңесші органдар, Қауіпсіздік Кеңесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы (сессиясы мен Кеңесі) және өзге де органдар отырыстарының қорытындысы бойынша берілген Президенттің тапсырмалары не тапсырмаларының тармақтары;

      3) Президенттің жеке тапсырмалары, сондай-ақ оның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында және Президент Әкімшілігінің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған тапсырмалары;

      4) қағаз жеткізгіштерде "Бақылауға алынды" деген мөртабан немесе құжаттың электрондық карточкасында бақылау мәртебесі туралы белгі болған кезде Президенттің қызметтік және өзге құжаттар, жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша тапсырмалары не тапсырмаларының тармақтары;

      5) Үкімет отырыстарының, Премьер-Министрдегі және Үкіметтің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарындағы немесе бұқаралық ақпарат құралдарындағы тапсырмалары, оның орынбасарларындағы, Үкімет Аппараты Басшысындағы кеңестердің хаттамалары;

      6) мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тапсырмалар берілетін Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының, Үкімет Аппаратының Басшысы мен оның орынбасарларының, оның ішінде халықаралық, сондай-ақ өңірлік сапарлардың қорытындысы бойынша тапсырмалары;

      7) "өте шұғыл", "шұғыл", "жеделдетілсін" деген белгілері бар, орындау мерзімі көрсетілген немесе бақылауға алу туралы нұсқау бар Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының, Мемлекеттік кеңесшінің, Президент Әкімшілігі Басшысының, Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің өзге де басшылығының Үкімет Аппаратына, Үкімет Аппаратының Басшысына (оның міндетін атқарушы тұлғаға) берген тапсырмалары;

      8) Премьер-Министрдің жедел тапсырмалары;

      9) депутаттық сауалдар, депутаттар бастама жасаған заңдардың жобаларына және өздерінің қарауындағы заңдардың жобаларына түзетулерге Үкімет қорытындысын беруді сұраған Парламент палаталарының жолданымдары;

      10) прокурорлық қадағалау актілері;

      11) Конституциялық Соттың сауалдары, нормативтік қаулылары мен жолдаулары;

      12) Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілген сауалдары, ұсынымдары;

      13) мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарында, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқықтық және кадр саясаты мәселелерінде жаңа тәсілдерді тұжырымдауға және іске асыруға байланысты, сондай-ақ басқару салаларындағы жүйелік проблемаларды шешуге бағытталған тапсырмалар;

      14) заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді немесе жаңа кодекс немесе заң қабылдауды талап ететін тапсырмалар;

      15) маңызды ірі индустриялық-өнеркәсіптік, әлеуметтік және өзге де жобаларды іске асыруға байланысты тапсырмалар;

      16) Президенттің немесе Президент Әкімшілігі басшылығының шешіміне сәйкес өзге де маңызды тапсырмалар;

      17) заңнамада белгіленген тәртіппен Үкіметтің және мемлекеттік органдардың бақылауына берілген Президенттің және Президент Әкімшілігінің тапсырмалары.

      Үкіметтің бақылауына берілген тапсырмалар бойынша жиынтық есептік ақпаратты Ұлттық экономика министрлігі қалыптастырады.

      Мемлекеттік органдар есепті жылдан кейінгі 31 қаңтарға қарай Ұлттық экономика министрлігіне көрсетілген тапсырмаларды орындау жөнінде ақпарат береді.

      Ұлттық экономика министрлігі есепті жылдан кейінгі 10 ақпанға қарай Үкімет Аппаратына осы Регламентке 14-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Үкіметтің бақылауына берілген Президент актілері мен тапсырмаларының (не тапсырмалар тармақтарының) орындалуы бойынша жиынтық есептік ақпарат енгізеді.

      Президент Әкімшілігіне жиынтық есептік ақпаратты Үкімет Аппараты есепті жылдан кейінгі 31 наурызға қарай енгізеді.";

      181-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Депутаттық сауалдарға жауаптардың жобалары өздерінің бағыттары бойынша Үкімет Аппаратының құрылымдық бөлімшелерімен алдын ала жұмыс тәртібімен келісіледі.

      Қойылған мәселелерді заңнамада белгіленген мерзімдерде шешу мүмкін болмаған жағдайда Премьер-Министрдің жетекшілік ететін бағыт бойынша орынбасарының немесе Үкімет Аппараты Басшысының қолы қойылған аралық хат (бір реттен артық емес) жіберіледі.";

      185-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "185. Мемлекеттік органдар осы Регламентке 15, 16 және 18-қосымшалардың негізінде азаматтардың жолданымдарымен жұмыс бойынша тоқсан сайынғы негізде талдау жүргізеді.

      Жоғарыда көрсетілген деректер тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-і күніне қарай мемлекеттік органның ресми сайтында жарияланады.";

      189-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "189. Премьер-Министрдің тапсырмаларын орындау мерзімдерін қайта ұзартуға Премьер-Министр орынбасарының немесе Үкімет Аппараты Басшысының тиісті ұсынысы негізінде (міндеттерді бөлуге немесе бақылауды тиісті бекітуге сәйкес) айрықша жағдайларда ғана жауапты мемлекеттік органның және ұйымның бірінші басшысына, сондай-ақ бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдардың (ұйымдардың) бірінші басшыларының тиісті орынбасарларына қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қолдану туралы мәселені қараумен жол беріледі.";

      190-тармақ алып тасталсын;

      191-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Үкімет және Үкімет Аппараты басшылығының тапсырмаларына ақпарат енгізу мерзімдерін бұзғаны үшін жауапты мемлекеттік орган лауазымды адамды тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы бұйрық енгізеді.";

      193-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "193. Бақылаудағы құжатты тапсырмаға қол қойған немесе оны берген лауазымды тұлға бақылаудан алады.

      Премьер-Министрдің бақылау тапсырмаларын тиісті тапсырманы үйлестіру, бақылау және іске асыру ресми түрде жүктелген Премьер-Министрдің орынбасары немесе Үкімет Аппаратының Басшысы бақылаудан алып тастай алады.

      Президенттің актілерін және (немесе) Үкіметке берілген тапсырмаларын бақылаудан алу және орындау мерзімдерін ұзарту мәселелерін Президент Әкімшілігі қарайды.

      Президент актілері мен Президент Кеңсесінің бастығына, Президенттің көмекшілері мен кеңесшілеріне берілген тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы аралық есептік ақпаратты Үкімет Аппаратының Басшысы орынбасарларының қолын қойғызып енгізуге болады.

      Жобалық басқару шеңберінде берілген тапсырмаларды бақылаудан алу Жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларына және Жобалық басқарудың үлгілік регламентіне сәйкес жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 195-1-тармақпен толықтырылсын:

      "195-1. Осы Регламенттің 165-3-тармағында көрсетілген тапсырмаларды бақылаудан алу мемлекеттік органның ресми есебін ұсынбай және Үкімет Аппаратының жауапты құрылымдық бөлімшесінің қорытындысын енгізбей, түпкілікті нәтижеге қол жеткізу фактісі бойынша жүзеге асырылады.";

      200-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "200. Президент Әкімшілігіне әзірлеуші жіберетін ақпарат Президенттің актісінде белгіленген актілер мен тапсырмалардың іске асырылу барысы туралы талаптарға сәйкес келуге тиіс.";

      6-тарау мынадай мазмұндағы 4-параграфпен толықтырылсын:

      "4-параграф. Президент және оның Әкімшілігі, Үкімет, Премьер-Министр және оның орынбасарлары тапсырмаларының іске асырылу барысы мен оларды орындаудың түпкілікті нәтижелеріне Үкімет Аппаратының тексеру жүргізу тәртібі

      203-1. Президент және оның Әкімшілігі, Үкімет, Премьер-Министр және оның орынбасарлары тапсырмаларының іске асырылу барысы мен оларды орындаудың түпкілікті нәтижелерін бақылауды Үкімет Аппараты тексеру объектісіне барып жоспарлы немесе жоспардан тыс тексерулер жүргізу арқылы жүзеге асыра алады.

      Жоспарлы тексерулер мемлекеттік органдар мен ұйымдарды тексерудің бекітілген графигіне сәйкес жүргізіледі.

      Жоспардан тыс тексерулер өңірлік инспекторлардың, сондай-ақ Үкімет Аппараты құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің инспекциялық және тақырыптық баруы шеңберінде жүргізіледі.

      Тексеру:

      1) қажетті ақпаратты (қағаз және электрондық жеткізгіштегі, оның ішінде ақпараттандыру объектілерінде орналастырылған құжаттарды) сұрату, сондай-ақ ақпарат алу үшін тексеру объектісінің лауазымды тұлғаларын шақырту;

      2) автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділікті қамтамасыз ету;

      3) ревизиялар және құжаттамалық тексерудің өзге де нысандары;

      4) заңнамаға қайшы келмейтін өзге де тәсілдер арқылы жүргізіледі.

      Үкімет Аппараты құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандарын, консультанттары мен сарапшыларын тексеруге қатысуға тарта алады.

      Тексерудің нәтижелері бойынша:

      1) өзекті мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарды қамтитын талдамалық жазбалар;

      2) қажет болған жағдайда лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс дайындалады.";

      осы қаулыға қосымшаға сәйкес осы Регламентке 14-1-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 14 ақпандағы
№ 85 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің регламентіне
14-1-қосымша

Үкіметтің және мемлекеттік органдардың бақылауына берілген Президент актілері мен тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы жиынтық есептік ақпарат

Р/с №

Тапсырманың деректемелері

Тапсырманың мазмұны

Орындалу мәртебесі (орындалды,орындалуда)

Егер тапсырма орындалса, түпкілікті нәтижесін баяндау

Егер тапсырма орындалып жатса, аралық нәтижесін қысқаша баяндау (оның ішінде мерзімдерін ұзарту, орта мерзімді/ұзақ мерзімді бақылауға ауыстыру, жаңа мерзімдерді белгілеу фактілерін көрсетіп)

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласында

1






Денсаулық сақтау саласында

1






Оқу-ағарту саласында

1






……………… саласында

1







Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады