Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Ұлттық тестілеу орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын қайта ұйымдастыру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 10 сәуірдегі № 265 қаулысы.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Ұлттық тестілеу орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны заңнамада белгіленген тәртіппен қайта құру жолымен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Ұлттық тестілеу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – кәсіпорын) болып қайта ұйымдастырылсын.

      2. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган;

      2) кәсіпорын қызметінің негізгі нысанасы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру саласында тестілеу өткізу болып айқындалсын.

      3. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) кәсіпорын жарғысын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне бекітуге енгізсін;

      2) кәсіпорынды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамында мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      4. "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ережеде:

      Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі қарамағындағы мемлекеттік заңды тұлғалардың тізбесінде:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. "Ұлттық тестілеу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны".".

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады