Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бахрейн Корольдігінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 13 мамырдағы № 369 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бахрейн Корольдігінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бахрейн Корольдігінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 13 мамырдағы
№ 369 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бахрейн Корольдігінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бахрейн Корольдігінің Үкіметі

      Тараптар мемлекеттерінің азаматтары – жарамды дипломатиялық паспорттар иелерінің өз елдеріне кіруін жеңілдету мақсатында

      екі мемлекет арасындағы достық қатынас пен ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдіре отырып;

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Визалық талаптардан босату

      Тараптар мемлекеттерінің азаматтары – жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері өздері кірген күннен бастап 180 (жүз сексен) күнді құрайтын әр кезең ішінде 90 (тоқсан) күнге дейінгі мерзімге екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, кете алады, транзитпен өте алады және бола алады.

2-бап

Дипломатиялық өкілдіктердің немесе консулдық мекемелердің қызметкерлері

      Екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме қызметкерлері ретінде тағайындалған Тараптар мемлекеттерінің азаматтары – жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері өздерінің отбасы мүшелерімен қоса екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіргенге дейін осы екінші Тарап мемлекетінің қолданыстағы заңнамасына сәйкес виза алуы қажет.

3-бап

Паспорттардың қолданылу мерзімі

      Тараптар мемлекеттерінің азаматтары ұсынатын паспорттардың қолданылу мерзімі екінші Тарап мемлекетінің аумағына келген кезде кемінде 6 (алты) ай болуға тиіс.

4-бап

Кіру және шығу шарттары

      Тараптар мемлекеттерінің азаматтары – жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері халықаралық тасымалдарға арналған кез келген шекарадан өту пункттері арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіре/шыға алады.

5-бап

Биліктің өкілеттіктері

      1. Тараптар мемлекеттерінің азаматтары – жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған уақытында 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының және 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының ережелеріне нұқсан келтірмей, осы екінші Тарап мемлекетінде қолданыстағы заңнаманы сақтауға міндетті.

      2. Тараптардың әрқайсысы өзі болуын қоштамайтын екінші Тарап мемлекетінің азаматтары – жарамды дипломатиялық паспорттардың иелерінің кіруінен бас тарту, мерзімін қысқарту немесе тоқтату құқығын өзіне қалдырады.

      3. Тараптар мемлекеттерінің азаматтары – жарамды дипломатиялық паспорттардың иелеріне екінші Тарап мемлекетінде екінші Тараптың тиісті визасын алмай қандай да бір кәсіптік немесе коммерциялық қызметпен айналысуға немесе зерттеулер жүргізуге рұқсат етілмейді.

6-бап

Тоқтата тұру

      Осы Келісімінің қолданылуын Тараптардың кез келгені ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, халық денсаулығы пайымы тұрғысынан ішінара немесе толық тоқтатып қоюы мүмкін. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтатып қоятын Тарап екінші Тарапты тоқтатып қойылғанға дейін кемінде 48 (қырық сегіз) сағат бұрын дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етуге тиіс.

      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру тоқтатып қойылғанға дейін екінші Тарап мемлекетінің аумағына кірген азаматтардың құқықтарын қозғамайды.

7-бап

Паспорттардың үлгілері

      1. Тараптар осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы өздерінің жарамды дипломатиялық паспорттарының үлгілерімен алмасады.

      2. Жаңа дипломатиялық паспорттар енгізілген, сондай-ақ қолданыстағыларға өзгерістер енгізілген жағдайда Тараптар кез келген өзгерістер туралы олар қолданылатын күнге дейін кемінде 30 (отыз) күн бұрын бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етеді.

      3. Тараптар мемлекеттерінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында дипломатиялық паспорттары жоғалған немесе бүлінген жағдайда бұл туралы болу мемлекетінің құзыретті органдарына дереу хабарлауға тиіс.

      4. Тиісті дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме өз азаматына жаңа паспорт немесе уақытша жол жүру құжатын береді және болу мемлекетінің билігіне хабарлайды.

8-бап

Басқа халықаралық шарттармен арақатынасы

      Осы Келісім Тараптардың өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

9-бап

Дауларды реттеу

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындауы мүмкін кез келген даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

10-бап

Түзетулер

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 11-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

11-бап

Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және тоқтатылуы

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді аяқтағанын растайтын соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге күшінде қалады және Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң тоқтатуға болады.

      Қолданысын тоқтату екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіріп үлгерген азаматтардың құқықтарын қозғамайды.

      202_ "___"_________________ қаласында әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында қандай да бір сәйкессіздіктер болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҮКІМЕТІ ҮШІН
БАХРЕЙН КОРОЛЬДІГІНІҢҮКІМЕТІ ҮШІН

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады