"Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органының заң қызметі туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы № 1072 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 18 мамырдағы № 394 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органының заң қызметі туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы № 1072 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органының заң қызметі туралы үлгі ережеде:

      9-тармақтың 9) және 10) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда мемлекеттік органның пайдасына қабылданбаған сот актісіне шағым жасау жөнінде осы Үлгі ережеге қоса берілетін алгоритмді сақтай отырып шаралар қабылдау, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен прокуратура органдарына наразылық білдіру туралы өтінішхатпен жүгіну;

      10) осы Үлгі ережеге қоса берілетін алгоритмді сақтай отырып, құрылымдық бөлімшелермен бірге сот актілеріне апелляциялық, кассациялық шағым жасау құқығын келісу туралы сұрау салуды қарау және тиісті лауазымды тұлғаға ұстанымды енгізу.";

      Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органының заң қызметі туралы үлгі ережеге қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 18 мамырдағы
№ 394 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасының
орталық және жергілікті
атқарушы органының заң
қызметi туралы үлгі ережеге
қосымша

Сот актілеріне апелляциялық, кассациялық шағым жасау құқығын келісу туралы сұрау салуды қарау алгоритмі

      1. Сот актілеріне апелляциялық, кассациялық шағым жасау құқығын міндетті түрде келісу (бұдан әрі – келісу) Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 401-бабының екінші бөлігінде және 435-бабының 1-1-бөлігінде көзделген.

      Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 1-бабы үшінші бөлігінің екінші абзацына сәйкес, егер ӘРПК-де өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) ережелері қолданылады.

      2. Азаматтық сот ісін жүргізу үшін келісу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары тиісті орталық мемлекеттік органдармен келісуді жүзеге асырады;

      2) орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері тиісті орталық мемлекеттік органдармен келісуді жүзеге асырады;

      3) орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының аумақтық бөлімшелері орталық мемлекеттік органдардың тиісті ведомстволарымен келісуді жүзеге асырады;

      4) аумақтық департаменттердің аумақтық бөлімшелері орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық департаменттерімен келісуді жүзеге асырады;

      5) тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдігі құрған, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті әкімімен немесе осы алгоритмнің 8-тармағына сәйкес өзге тұлғамен келісуді жүзеге асырады;

      6) аудан әкімдері тиісті облыс әкімімен келісуді жүзеге асырады;

      7) қаладағы аудан әкімдері қаланың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың тиісті әкімімен келісуді жүзеге асырады;

      8) аудандық маңызы бар қаланың, ауылдық округтің, кенттің және ауылдық округтің құрамына кірмейтін ауылдың әкімдері тиісті аудан әкімімен келісуді жүзеге асырады.

      Келісу жөніндегі талаптар сот актілеріне апелляциялық шағымды немесе дау айту туралы өтінішхатты орталық мемлекеттік органдардың, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің, Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының, оның ішінде прокуратура органдарының ведомстволары мен білім беру мекемесінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ведомстволарының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірыңғай құрылымын құрайтын филиалдардың, өкілдіктердің, ведомстволар мен ұйымдардың өздері берген жағдайда қолданылмайды.

      3. Әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен әкімшілік практиканың біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсiздiгіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды тұлға үшін Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін, Қазақстан Республикасының Үкіметін қоспағанда, бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды тұлға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ӘРПК-ның 13, 14 және 15-тарауларында белгіленген қағидалар бойынша шағымдарды қарауға уәкілеттік берілген өзге де әкімшілік орган, лауазымды тұлға шағымды қарайтын жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды тұлға болып танылады.

      4. Сот актілеріне апелляциялық шағым жасау құқығын келісуді әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) бірінші сатыдағы сотта шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды тұлғаға қатысты органдардың, лауазымды тұлғалардың бағыныстылығы тәртібімен жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды тұлға немесе заңға сәйкес шағымдарды қарауға уәкілеттік берілген өзге де орган (тұлға) жүзеге асырады.

      5. Сот актілеріне кассациялық шағым жасау құқығын келісуді апелляциялық шағым жасау құқығын келіскен, органдардың, лауазымды тұлғалардың бағыныстылығы тәртібімен жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды тұлға немесе заңға сәйкес шағымдарды қарауға уәкілеттік берілген өзге де орган (тұлға) жүзеге асырады.

      Мұндай жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды тұлға болмаған жағдайда кассациялық шағым жасау құқығын келісуді апелляциялық шағым жасау құқығын келіскен әкімшілік орган, лауазымды тұлға қайтадан жүзеге асырады.

      6. Сот актілеріне апелляциялық, кассациялық шағым жасау құқығын келісу туралы сұрау салу тиісті орган басшысының не оны алмастыратын тұлғаның қолы қойылған жазбаша нысанда жіберіледі.

      Сұрау салуға АПК талаптарына сәйкес ресімделген жоғары тұрған сот сатыларында сот актісін қайта қарау туралы шағымның, өтінішхаттың жобасы, сондай-ақ шағым жасалатын сот актісі қоса беріледі.

      Сұрау салу АПК-да және ӘРПК-де белгіленген жоғары тұрған сот сатыларында шағым жасау мерзімдері өткенге дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі.

      7. Сұрау салуды келісуші органның заң қызметі немесе өзге құрылымдық бөлімшесі қажет болған жағдайда салалық құрылымдық бөлімшелерді тарта отырып, сот шешіміне шағым жасау бойынша заңнамада көзделген негіздердің болуы тұрғысынан қарайды.

      Келісуші органның заң қызметі немесе келісуші органның өзге құрылымдық бөлімшесі келісуші органның басшысына немесе осы алгоритмнің 8-тармағына сәйкес өзге тұлғаға сот актісіне апелляциялық немесе кассациялық шағым жасау құқығын келісу немесе мұндай келісуден бас тарту туралы ұсыныс енгізеді.

      8. Келісу туралы шешімді әкімшілік органның бірінші басшысы (не оны алмастыратын тұлға) қабылдайды. Растайтын құжаттарды (тағайындау, функционалдық міндеттерді жүктеу және бөлу туралы бұйрық) қоса бере отырып, әкімшілік органның бірінші басшысының орынбасарымен немесе заң қызметіне жетекшілік ететін аппарат басшысымен (не оны алмастыратын тұлғамен) келісуге жол беріледі.

      Келісу немесе келісуден бас тарту туралы шешім қабылдау жөніндегі өкілеттіктер жүктелген тұлға сұрау салу келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күнінен аспайтын мерзімде тиісті шешім қабылдайды.

      Келісу немесе келісуден бас тарту туралы шешім сұрау салуды жіберген органға осындай шешім қабылдау жөніндегі өкілеттіктер жүктелген тұлғаның қолы қойылған жазбаша нысанда жіберіледі.

      Келісу туралы шешім міндетті түрде жоғары тұрған әкімшілік органның атауын; соттың атауын; талап қою нысанасын; қабылданған шешімнің негіздемесімен қоса келісу/келісуден бас тарту туралы шешімді қамтуға тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады