Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Фатихұлы Жақсылықовқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 12 маусымдағы № 455 қаулысы |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі
Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын назарға ала отырып,
әлемде тәртіп пен қауіпсіздікке ықпал етуге ұмтыла отырып,
әріптестік пен ынтымақтастық рухында әрекет етіп, қорғаныс саласындағы достық қатынасты дамытуға ниет білдіре отырып,
өзара құрметті, сенім мен түсіністікті күшейту мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісімнің мақсаттары Тарап мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптар арасындағы теңдік және өзаралық қағидаттары негізінде қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты орнату және дамыту болып табылады.
1. Осы Келісімді іске асыруға жауапты уәкілетті органдар:
Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;
Сербия тарапынан – Сербия Республикасының Қорғаныс министрлігі болып табылады.
2. Уәкілетті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
3. Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптардың уәкілетті органдары жекелеген шарттар жасай алады.
Тараптар мынадай салаларда ынтымақтастықты жүзеге асырады:
1) қорғаныс саясаты және қауіпсіздік;
2) әскери білім;
3) әскери қызметшілерді кәсіби даярлау;
4) тылдық қамтамасыз ету;
5) әскери медицина;
6) бейбітшілікті қолдау операцияларына байланысты мәселелер бойынша консультациялар;
7) Тараптар немесе олардың уәкілетті органдары келіскен ынтымақтастықтың басқа да салалары.
Тараптар мынадай нысандарда ынтымақтастықты жүзеге асырады:
1) Тарап өкілдерінің ресми сапарлары;
2) Тарап делегацияларының жұмыс кездесулері;
3) тәжірибе алмасу және консультациялар өткізу;
4) оқыту жобаларына, тағылымдамаларға және біліктілікті арттыру курстарына қатысу;
5) конференциялар мен семинарларға қатысу;
6) құжаттамамен және ғылыми еңбектермен алмасу;
7) әскери оқу-жаттығулар өткізу;
8) кәсіби даярлау және білім беру бағдарламалары;
9) қару-жарақ пен әскери техника көрмелеріне қатысу;
10) әскери саладағы мәдени және спорттық іс-шаралар;
11) Тараптар немесе олардың уәкілетті органдары келіскен ынтымақтастықтың басқа да нысандары.
Егер Тараптар арасында өзгеше келісілмесе, Тараптардың әрқайсысы осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын шығыстарды өз мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
1. Осы Келісімді іске асыру кезінде Тараптар құпия емес ақпаратпен ғана алмасады.
2. Тараптар арасындағы ынтымақтастық барысында алмасатын ақпарат Тараптар мемлекеттерінің мүдделеріне нұқсан келтіру үшін пайдаланылмайды.
3. Құпия ақпаратпен алмасу және оны қорғау Тараптар арасындағы жеке халықаралық шарт негізінде реттеледі.
1. Осы Келісімге сәйкес қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында өткізілетін іс-шаралар барысында жіберуші Тараптың персоналы қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын сақтауға міндетті.
2. Осы Келісім шеңберінде жіберуші Тараптың персоналы қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында болған уақытта қабылдаушы Тарап органдарына тәртіптік жауаптылық бойынша есеп бермейді.
3. Қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында тараптардың әскери немесе азаматтық персоналының мүлкіне залал келтірілген жағдайда Тараптар наразылықты тікелей келіссөздер арқылы шешеді. Өзара келiсiм болмаған және залалды өтеу мәселесі шешiлмеген кезде Тараптар аумағында оқыс оқиға болған мемлекеттің сотына өтiнiш жасайды.
Қажет болған жағдайда қабылдаушы Тарап осы Келісімді іске асыру мақсатында өз мемлекетінің аумағындағы жіберуші Тараптың персоналына тегін шұғыл медициналық көмек көрсетеді.
9-бап
Басқа халықаралық шарттармен үйлесімділік
Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің басқа мемлекеттермен немесе халықаралық ұйымдармен жасалған басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде туындауы мүмкін даулар басқа мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымдардың араласуынсыз, Тараптар арасындағы өзара консультациялар немесе келіссөздер арқылы ғана шешіледі.
11-бап
Өзгерістер мен толықтырулар
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімнің 12-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
12-бап
Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және тоқтатылуы
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
2. Осы Келісім Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді олардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
3. Әрбір Тарап екінші Тарапқа жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады. Осы Келісім осындай жазбаша хабарлама алынған күннен бастап алты ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
Егер Тараптар арасында өзгеше келісілмесе, осы Келісімнің қолданылуын тоқтату осы Келісім шеңберінде бұрын басталған бағдарламалар мен жобалардың орындалуына әсер етпейді.
202_ "___" _________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, серб, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіннің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
|
|