Сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 25 шiлдедегi № 601 қаулысы.

      Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 110-бабының алтыншы бөлігіне және 111-бабының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Азаматтарды анықтау, алдын-ала тергеу, прокуратура органдарына немесе сотқа шақыруға байланысты олардың шығындарын өтеу мен оларға сыйақы төлеудің тәртібі мен мөлшері туралы нұсқауды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 25 ақпандағы № 152 қаулысы;

      2) "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 25 ақпандағы № 152 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 30 қарашадағы № 1209 қаулысы.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 25 шілдедегі
№ 601 қаулысымен
бекітілген

Сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 110 және 111-баптарына сәйкес әзірленді және азаматтық істер шеңберінде сарапшыларға, мамандар мен аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу тәртібін айқындайды.

      2. Өздерінің сотқа келуіне байланысты жол жүру, үй-жай жалдау үшін сарапшылар, мамандар және аудармашылар жұмсаған шығыстар өтеледі және "Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысына сәйкес іссапарларға жіберілетін адамдар үшін белгіленген мөлшерде тәулікақы төленеді.

      3. Сарапшы мен маманға тапсырылған жұмысты орындау кезінде өздері жұмсаған, өздеріне тиесілі химиялық реактивтердің және басқа да шығыс материалдарының құны, сондай-ақ жұмысты орындау үшін жабдықтарды пайдаланғаны, коммуналдық қызметтер үшін олар төлеген ақы да өтеледі.

      4. Бір рет тартылған сарапшылардың, сондай-ақ мамандардың қызметтік міндеттерінің аясына кірмейтін, соттың тапсырмасы бойынша орындаған жұмысына ақы төленеді.

      Ақы мөлшерін сот тараптармен келісім бойынша айқындайды және өтінішхат берген тарап Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен ашылған шотқа алдын ала енгізеді.

      5. Сарапшыларға, мамандарға сомаларды төлеу, сондай-ақ сот сараптамасы органдары жүргізген сараптамаға ақы төлеуді өтінішхат берген тарап жүргізеді. Егер өтінішхатты екі тарап та берсе не сараптама тағайындау, маман тарту соттың бастамасы бойынша жүргізілсе, талап етілетін соманы тараптар тең бөліктермен төлейді.

      6. Сот сараптамасы органының сараптама жүргізгені үшін төленуге тиіс сомаларды өтінішхат берген тарап (тараптар) не өзіне сот осындай міндет жүктеген тарап тиісті бюджетке алдын ала төлем нысанында енгізеді. Сот белгілеген мерзімдерде сома енгізілмеген жағдайда сараптама жүргізуге байланысты шығындар осы Кодекстің 109-бабының екінші бөлігіне сәйкес істі қараудың нәтижелеріне қарамастан, соттың шешімі бойынша төлемді жүзеге асырмаған (уақтылы жүзеге асырмаған) тұлғаға жүктеледі.

      7. Бір тарап немесе екі тарап та шығындарды төлеуден босатылған жағдайда сарапшылар мен мамандарға тиесілі сомаларды төлеу істі қарау нәтижелері бойынша сот шешімінің негізінде бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

2-тарау. Сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу тәртібі

      8. Сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу азаматтық істі қарау кезінде судья шығарған сот актісінің негізінде жүргізіледі.

      Өз міндеттерін орындағаннан кейін аталған тұлғалар сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның немесе облыстардағы, астанадағы және республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшенің қаржы қызметіне мынадай растайтын құжаттармен қоса тиесілі сомаларды төлеу туралы өтінішпен жүгінеді:

      1) көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу туралы судья шығарған сот актісі;

      2) "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған жеке куәлік;

      3) ағымдағы банктік шоттың нөмірі.

      9. Сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға төленуге тиіс сомалар "Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде адамдардың шыққан шығыстарын өтеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 қазандағы № 1070 қаулысына сәйкес айқындалады.

      10. Сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті органның немесе облыстардағы, астанадағы және республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшенің қаржы қызметі сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу туралы сот актісі келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде төленуге тиіс соманы соттың есептеуін тексереді.

      11. ⁠Тексеру нәтижелері бойынша сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті органның немесе облыстардағы, астанадағы және республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшенің қаржы қызметі төленуге тиіс сомаларды республикалық бюджеттен көрсетілген мақсаттарға арнайы бөлінетін және тиісті қаржыландыру жоспарларында көзделген қаражаттан дереу төлейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады