Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Конго Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 30 шілдедегі № 614 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Конго Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Конго Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 30 шілдедегі
№ 614 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Конго Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім

      Бұдан әрі жеке-жеке Тарап және бірлесіп Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Конго Республикасының Үкіметі

      екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ұмтыла отырып,

      Қазақстан Республикасы мен Конго Республикасының азаматтары – жарамды дипломатиялық паспорттар иелерінің екі мемлекет арасындағы өзара сапарларын жеңілдетуге ниет білдіре отырып,

      өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес әрекет ете отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары – жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағында алғаш келген күннен бастап күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге көп мәрте келуге/кетуге, транзитпен өтуге және визасыз болуға құқылы.

2-бап

      Бір Тарап мемлекетінің аумағында дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің қызметкері ретінде қызметтік іссапарда жүрген Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары – жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері – жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына өздері аккредиттелген кезеңге визасыз келе алады, одан кете алады, және онда бола алады.

3-бап

      Тараптардың әрқайсысы мемлекеттері азаматтарының дипломатиялық паспорттарының қолданылу мерзімі екінші Тарап мемлекетінің аумағына келген күннен бастап 6 (алты) айдан кем болмауға тиіс.

4-бап

      1. Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтарының – жарамды дипломатиялық паспорттар иелерінің екінші Тарап мемлекетінің аумағына келуі, кетуі және транзиті екі мемлекеттің халықаралық қатынас үшін ашық ресми өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады.

      2. Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары – жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған кезеңде 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының ережелеріне залал тигізбей, осы Тарап мемлекетінің қолданыстағы ұлттық заңнамасын сақтауға міндетті.

5-бап

      Тараптардың әрқайсысында келуін өзі қош көрмейтін екінші Тарап мемлекеті азаматтарының – жарамды дипломатиялық паспорттар иелерінің өз мемлекетінің аумағына келуіне рұқсат беруден бас тарту не болу мерзімін қысқарту құқығы сақталады.

6-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе қоғамдық денсаулықты қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын уақытша, ішінара немесе толық тоқтатып қоя алады.

      2. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ оның қолданылуын қайта бастау туралы шешім қабылдаған Тарап ол күшіне енгенге дейін кемінде 72 (жетпіс екі) сағат бұрын екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы өзінің осындай шешімі туралы хабардар етеді. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру екінші Тарап мемлекетінің аумағында жүрген, осы Келісімнің 1 және 2-баптарында аталған Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтарының құқықтарын қозғамайды.

7-бап

      Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жарамды дипломатиялық арналар арқылы дипломатиялық паспорттардың үлгілерімен алмасады. Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық паспорттарға өзгерістер енгізілген жағдайда олар қолданылатын күнге дейін кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын бұл туралы екінші Тарапты хабардар етуге міндетті.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген келіспеушілік немесе дау Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.

9-бап

      Осы Келісімге өзара келісім бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын, жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 10-бабының 1-тармағына сәйкес күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы тиісті жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 (алты) ай өткенге дейін күшінде қалады.

      202__ жылғы "__"__________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және француз тілдерінде 2 (екі) данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтық болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Конго РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады