2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 18 қазандағы № 870 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеуге 2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 18 қазандағы
№ 870 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама

      2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) қол қойған Тараптар болып табылатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Хатшылығы

      Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі Хатшылығының функцияларын тиісінше орындау мақсатында Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттарын жақсартуға ұмтыла отырып,

      Келісімнің 7-бабының 3-тармағын басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптар Келісімге мынадай өзгерістер енгізуге келісті:

      1) 1-баптың 2-тармағының (f) және (g) тармақшалары алып тасталсын;

      2) 1-баптың 2-тармағының (h) тармақшасы жаңа (f) тармақша болып саналсын;

      3) 1-баптың 2-тармағының (i) тармақшасы жаңа (g) тармақша болып саналсын және ол мынадай редакцияда жазылсын:

      "(g) "Бас хатшы" – Кеңестің бас лауазымды адамы;";

      4) 1-баптың 2-тармағының (j) тармақшасы жаңа (h) тармақша болып саналсын және ол мынадай редакцияда жазылсын:

      "(h) "кәсіби персонал мүшелері" – Бас хатшы мен Бас хатшының орынбасарынан басқа мүше мемлекеттер Хатшылыққа жұмысқа жіберілетін адамдар;";

      5) 1-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы жаңа (i) тармақшасымен толықтырылсын:

      "(i) "жалпы/көмекші персонал мүшелері" – белгілі бір қызметтерді көрсету үшін уақытша жалданғандарды қоспағанда, мүше мемлекеттердің азаматтары арасынан келісімшарттық негізде Хатшылыққа жұмысқа қабылданған адамдар;";

      6) 1-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы жаңа (j) тармақшасымен толықтырылсын:

      "(j) "Хатшылықтың персонал мүшелері" – Бас хатшы, Бас хатшының орынбасары, кәсіби персонал мүшелері және жалпы/көмекші персонал мүшелері;";

      7) 1-баптың 2-тармағының (k) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "(k) "отбасы мүшелері" – қабылдаушы тарап аумағында Хатшылықтың персонал мүшесімен тұрақты түрде бірге тұратын отбасы мүшелері (жұбайы/зайыбы, ата-анасы және 18 жасқа дейінгі балалары).";

      8) 2-баптың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Хатшылықтың қабылдаушы тарап аумағында оның функцияларын орындау үшін қажетті құқықтық қабілеті бар, ол заңды тұлғаның құқықтарын пайдаланады және атап айтқанда:";

      9) 2-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Банк шоттарын ашады және қаржы операцияларын жасайды, өз қызметін жүзеге асыру үшін қорлар мен басқа да қаржы тетіктерін құрады, Хатшылықтың персонал мүшелерін зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандырудың жеке жүйелерін құрады.";

      10) 2-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Осы бапта көзделген құқықтарды Хатшылық атынан Бас хатшы немесе ол болмаған кезеңде Бас хатшының орынбасары немесе Бас хатшы уәкілеттік берген Хатшылықтың персонал мүшесі жүзеге асырады.";

      11) 3-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Хатшылықтың мүлкі, оның ішінде үй-жайлары мен көлік құралдары, сондай-ақ ресми хат-хабарларды қоса алғанда, оның архиві мен құжаттары қандай жағдайда болсын тінту, реквизициялау, тәркілеу, тыйым салу және атқарушылық іс-қимыл жасау объектісі бола алмайды.";

      12) 3-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Хатшылық, оның активтері, қорлары, банк шоттары, кірістері және басқа да меншігі:

      i. Қабылдаушы тарап аумағында өндіріп алынатын барлық тікелей салықтар мен алымдардан, қосылған құн салығынан (ҚҚС) (оның ішінде қабылдаушы тараптың заңнамасына сәйкес қайтару нысанындағы) босатылады.

      ii. Хатшылық қызмет бабында пайдалануға арналған заттарды әкелген және әкеткен кезде кедендік төлемдерден, баждар мен алымдардан, шектеулер мен тыйым салулардан босатылады. Ортақ қағидалардан алып тастау үшін әкелінетін заттар Үкіметпен келісілген шарттарда болмаса, қабылдаушы тарапта сатылмайды.

      iii. Меншікті баспа өнімдерін әкелген және әкеткен кезде кедендік төлемдерден, баждар мен алымдардан, шектеулер мен тыйым салулардан босатылады.";

      13) 3-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Бас хатшының ұсынысы бойынша Аға лауазымды тұлғалар комитеті иммунитеттен бас тарту туралы шешім қабылдайтын жағдайларды қоспағанда, Хатшылықтың үй-жайлары, мүлкі және активтері, оның ішінде қорлары мен банк шоттары, әкімшілік немесе соттың араласуының кез келген нысанынан иммунитетті пайдаланады.";

      14) 3-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Қабылдаушы тарап билігінің тиісті жергілікті органдарының өкілдері Бас хатшының немесе ол болмаған кезде Бас хатшы орынбасарының немесе Бас хатшы уәкілеттік берген Хатшылықтың персонал мүшесінің келісімімен және олар мақұлдаған шарттармен болмаса, Хатшылықтың үй-жайларына кіре алмайды.";

      15) 3-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Форс-мажор жағдаяттары кезінде ғана, онда да Бас хатшының немесе ол болмаған кезде Бас хатшы орынбасарының немесе Бас хатшы уәкілеттік берген Хатшылықтың персонал мүшесінің келісімімен ғана кіретін кезден басқа, қабылдаушы тараптың уәкілетті мемлекеттік органдарының өкілдері Хатшылықтың үй-жайларына кіре алмайды.";

      16) 5-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Бас хатшының немесе ол болмаған кезде Бас хатшы орынбасарының немесе Бас хатшы уәкілеттік берген Хатшылықтың персонал мүшесінің өтініші бойынша қабылдаушы тараптың уәкілетті мемлекеттік органдары қабылдаушы тарап шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларына беретіннен қолайлылығы кем емес шарттармен Хатшылыққа қажетті коммуналдық қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін болады.";

      17) 6-баптың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Хатшылықтың персонал мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттері";

      18) 6-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Хатшылықтың персонал мүшелері қандай да бір мүше мемлекет және/немесе үкімет, ұйым немесе жеке адам тарапынан жасалатын ықпалдан тәуелсіз және азат болуға тиіс. Осыған байланысты олардан нұсқаулықтар алмауға тиіс.";

      19) 6-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қабылдаушы тарап Хатшылықтың персонал мүшелерінің функцияларының халықаралық сипатын, Бас хатшының, Бас хатшы орынбасарының, кәсіби персонал мүшелерінің дипломатиялық агентінің мәртебесін және жалпы/көмекші персонал мүшелерінің халықаралық азаматтық қызметші мәртебесін мүлтіксіз құрметтеуге және өздері қызметтік міндеттерін атқару кезінде оларға ықпал жасамауға міндеттенеді.";

      20) 6-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Хатшылықтың персонал мүшелері қабылдаушы тараптың аумағында:

      i. Өздері айтқан немесе жазған сөздері үшін және қызметтік міндеттерін атқару кезінде Хатшылықтың персонал мүшелері ретінде өздері жасаған барлық әрекеттері үшін қылмыстық, азаматтық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды, бұларға мыналар кірмейді:

      a. Хатшылыққа немесе Хатшылықтың персонал мүшелеріне тиесілі көлік құралдарынан не олар басқаратын көлік құралдарынан туындаған жол-көлік оқиғаларына байланысты зиянды өтеу туралы талаптар.

      b. Хатшылықтың персонал мүшелері тарапынан болған әрекеттерден не олар басқаратын көлік құралдарынан туындаған өлімге немесе дене жарақатына байланысты зиянды өтеу туралы талаптар.

      ii. Ағымдағы немесе бұрынғы қызметі үшін немесе Хатшылықтағы қызметіне байланысты Хатшылықтан алатын жалақыға және өзге де сыйақыларға, өтемақыларға, зейнетақы төлемдері мен әлеуметтік төлемдерге салынатын салықтардан босатылады.

      iii. Қабылдаушы тараптың мемлекеттік міндеттіліктерінен босатылады.

      iv. Отбасы мүшелерімен бірге көшіп келу жөніндегі шектеулерден және шетелдіктер ретінде тіркелуден босатылады.

      v. Валюталық операциялар саласында қабылдаушы тараптың аумағында дипломатиялық агенттерге берілетін дәл сондай артықшылықтарды пайдаланады.

      vi. Отбасы мүшелерімен бірге халықаралық дағдарыстар кезінде дипломатиялық агенттер пайдаланатын отанына оралу жөніндегі дәл сондай жеңілдіктерді пайдаланады.

      vii. Лауазымға орналасуына байланысты қабылдаушы тарапқа алғашқы келген және миссиясының немесе еңбек шартының тоқтатылуына байланысты қабылдаушы тараптан кеткен кезде қызмет көрсетудің нақты түрлеріне төлем болып табылатындарды қоспағанда, қабылдаушы тараптың заңнамасына сәйкес олардың жеке пайдалануына арналған автокөлік құралын қоса алғанда, кедендік баждарды, салықтар мен алымдарды төлеместен, мүлікті әкелуге/әкетуге құқығы бар.

      viii. Хатшылықтың персонал мүшелері ғылыми, зияткерлік немесе білім беру қызметін қоспағанда, жеке пайдасы немесе өзге адамдардың пайдасы мақсатында кәсіби немесе коммерциялық қызметпен айналыспауға тиіс.";

      21) 6-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Осы баптың 3-тармағының v, vi және vii тармақшаларының ережелері Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын Хатшылықтың персонал мүшелеріне қолданылмайды, ал iii тармақша оларға былайша қолданылады: Бас хатшының өтініші бойынша Хатшылықтың негізгі жұмысының үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін Үкімет атынан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік міндеттіліктерді өтеу үшін шақырылатын адамдарды уақытша кейінге қалдырады және Хатшылықтағы қызметтік міндеттеріне байланысты мемлекеттік міндеттіліктерден толық босатуды бекіте алады.";

      22) 6-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Осы баптың 3-тармағында бекітілген артықшылықтар мен иммунитеттерден бөлек Бас хатшы, Бас хатшының орынбасары және кәсіби персонал мүшелері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері халықаралық құқыққа сәйкес дипломатиялық агенттерге және олардың отбасы мүшелеріне берілетін басқа да артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.";

      23) 6-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Хатшылықтың персонал мүшелерінің қызметтік автокөлік құралдарын қоса алғанда, Хатшылықтың автокөлік құралдарын Хатшылық тиісті түрде сақтандыруға тиіс. Хатшылықтың персонал мүшелерінің және олардың отбасы мүшелерінің жеке автокөлік құралдарын да олардың иелері тиісті түрде сақтандыруға тиіс.";

      24) 6-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Хатшылықтың персонал мүшелері және олардың отбасы мүшелері тағайындалған орнына бара жатқан кезде қабылдаушы тараптың аумағына олар келген кезден бастап немесе егер олар осы аумақта жүріп жатса, Хатшылықтың персонал мүшесі өзінің міндеттерін орындауға кіріскен кезден бастап осы Келісімде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.";

      25) 6-баптың 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Хатшылықтың персонал мүшесінің функциялары тоқтатылған кезде оның артықшылықтары мен иммунитеттері, сондай-ақ отбасы мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттері қабылдаушы тарапты өзі тастап шыққан кезден бастап немесе атқаратын лауазымын тоқтатқаннан кейін 1 ай өткен соң тоқтатылады.";

      26) 6-баптың 9-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Хатшылықтың персонал мүшесі қайтыс болған жағдайда, отбасы мүшелері өздеріне берілген иммунитеттер мен артықшылықтарды қабылдаушы тарапты тастап шыққан кезге дейін, бірақ ол қайтыс болған күннен бастап 2 айдан асырмай пайдалануды жалғастырады.";

      27) 6-баптың 10-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Хатшылықтың персонал мүшелеріне артықшылықтар мен иммунитеттер көрсетілген адамдардың жеке пайдасы үшін емес, Кеңестің мүдделері үшін өздерінің ресми функцияларын тиімді, тәуелсіз түрде орындауы үшін беріледі.";

      28) 6-баптың 11-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Иммунитеттен бас тарту.

      i. Бас хатшы мен Бас хатшының орынбасарына қатысты иммунитеттен бас тарту құқығы Аға лауазымды тұлғалар комитетінің ұсынуы бойынша мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне тиесілі болады.

      ii. Хатшылықтың кәсіби персонал мүшелеріне және жалпы/көмекші персонал мүшелеріне қатысты иммунитеттен бас тарту құқығы Аға лауазымды тұлғалар комитетінің келісуімен Бас хатшыға тиесілі болады.

      iii. Иммунитеттен бас тарту құқығы анық білдірілуге тиіс.";

      29) 6-баптың 12-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Осы Келісімде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерге нұқсан келтірместен, Хатшылықтың персонал мүшелері және отбасы мүшелері қабылдаушы тараптың заңнамасын құрметтеуге міндетті. Олар сондай-ақ қабылдаушы тараптың ішкі істеріне араласпауға міндетті.";

      30) 6-баптың 13-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Хатшылықтың персонал мүшелерінің:

      i. Олардың лауазымға орналасуға арналған шақыру хаты болған кезде немесе қызметтік іссапарлар кезінде жеделдетілген тәртіппен және ақысыз негізде визаларды ресімдеуге;

      ii. Бұл Кеңестің іс-шаралары үшін қажет болған жағдайда және егер бұл қабылдаушы тарап заңнамасының ережелеріне сай келетін болса, оның аумағында еркін жүріп-тұруға құқығы бар.";

      31) 6-баптың 15-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Аккредиттеу карточкалары.

      i. Хатшылықтың ресми жолданымы бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі өз Үкіметінің атынан Хатшылықтың персонал мүшелеріне және олардың отбасы мүшелеріне тиісті аккредиттеу карточкаларын береді.

      ii. Үкіметтің уәкілетті лауазымды адамының талап етуі бойынша осы тармақтың і тармақшасында көрсетілген адамдар өздерінің аккредиттеу карточкаларын көрсетуге тиіс.

      iii. Хатшылықтың персонал мүшелерінің өкілеттік мерзімі өткен соң немесе оларды басқа қызметтерге/лауазымдарға ауыстырған кезде Хатшылық барлық тиісті аккредиттеу карточкаларының Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы Үкіметке уақтылы қайтарылуын қамтамасыз етеді.";

      32) 7-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Хатшылық пен Үкімет кез келген қажетті қосымша келісімдер жасаса алады.".

2-бап

      1. Осы Хаттама қол қойылған күнінен бастап Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде уақытша қолданылады.

      2. Осы Хаттама Қазақстан Республикасының ратификациялауына жатады және Хатшылық ратификациялау туралы құралды алған күннен бастап күшіне енеді.

      202_ жылғы _________ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Хатшылық осы Хаттаманың және енгізілген өзгерістермен Келісімнің куәландырылған көшірмелерін әрбір мүше мемлекетке жібереді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Азиядағы өзара іс-қимылжәне сенім шаралары кеңесінің
      Хатшылығы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады