Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Челябі мемлекеттік университеті" жоғары білім берудің федералдық мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесі Қостанай филиалының жұмыс істеуі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Челябі мемлекеттік университеті" жоғары білім берудің федералдық мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесі Қостанай филиалының жұмыс істеуі туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 25 қарашадағы № 1001 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Челябі мемлекеттік университеті" жоғары білім берудің федералдық мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесі Қостанай филиалының жұмыс істеуі туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі
Нұр-Сұлтан қаласында жасалған 2022 жылғы 24 ақпандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясында Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдарын және Қазақстан Республикасында Ресей Федерациясының жоғары білім беретін білім беру ұйымдарының филиалдарын құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісімнің ережесін және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссиясының 2024 жылғы 28 наурыздағы төртінші отырысы хаттамасының VI бөлімінің 1-тармағын басшылыққа ала отырып,
жоғары білім беру саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық және өзара іс-қимылды тереңдету мүддесінде
Қазақстан Республикасының аумағында Ресей Федерациясының жоғары білім беретін білім беру ұйымдарының филиалдарында білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
Тараптар осы Келісіммен "Челябі мемлекеттік университеті" жоғары білім берудің федералдық мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесі Қостанай филиалының (бұдан әрі тиісінше – филиал, университет) жұмыс істеу шарттарын бекітеді.
Филиал университет жарғысына және филиал туралы ережеге сәйкес жұмыс істейтін университеттің оқшауланған құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
Филиал қызметті осы Келісімде көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Осы Келісімді іске асыруға жауапты уәкілетті органдар мен ұйымдар:
Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі;
Ресей тарапынан – Ресей Федерациясының Ғылым және жоғары білім министрлігі, университет болып табылады.
Өзінің уәкілетті органының өзгергені туралы бір Тарап екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы дереу жазбаша хабарлама жолдайды.
Филиалда оқыту Ресей Федерациясының федералдық мемлекеттік білім беру стандарттары мен федералдық мемлекеттік талаптарына және Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес қазақ, орыс және басқа да тілдерде жүргізіледі.
Филиал Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес "экономика", "менеджмент", "юриспруденция", "филология" және "лингвистика" даярлау бағыттары бойынша даярлауды жүзеге асырады.
Филиалда оқыту жүзеге асырылуы мүмкін мамандықтар мен даярлау бағыттарының жаңа тізбелерін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссиясы айқындайды.
Филиалда оқыту қашықтан білім беру технологияларын қолдана отырып, күндізгі және күндізгі-сырттай оқыту нысандары бойынша жүзеге асырылады.
Филиалда мемлекеттік қорытынды аттестаттаудан сәтті өткен білім алушыларға Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес белгіленген үлгідегі білімі туралы және (немесе) біліктілік туралы құжаттар беріледі.
Филиалдың білім беру қызметін лицензиялау және аккредиттеу Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Филиалға қатысты білім беру саласындағы мемлекеттік бақылау (қадағалау) Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Филиалда оқуға қабылдау қағидалары Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының заңнамасымен, ал онда реттелмеген бөлікте – университеттің жарғысымен және өзге де жергілікті нормативтік актілерімен реттеледі.
Білім туралы және (немесе) біліктілік туралы құжаттарды тану Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Филиалдың жұмыс істеуін қаржылық қамтамасыз ету филиал қаражаты есебінен және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
Инженерлік коммуникацияларды (электрмен, жылумен, сумен жабдықтау, кәріз) пайдалануға және оқу, оқу-көмекші, спорт алаңдары мен жатақхананы күтіп-ұстауға байланысты шығыстарды жабу филиал қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
Кадрларды даярлау саласында филиал Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасында көзделген әріптестік шарттары мен қағидаттарында Қазақстан Республикасының шаруашылық жүргізуші субъектілерімен ынтымақтастықты және өзара іс-қимылды дамытады.
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты Тараптар арасындағы даулы мәселелер олардың арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
Филиалдың қызметі осы Келісім күшіне енген күнінен бастап оның ережелеріне сәйкес келтірілуге жатады.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Осы Келісімнің қолданысын кез келген Тарап оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу арқылы тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданысы басқа Тарап осындай хабарламаны алған күннен бастап 10 ай өткен соң тоқтатылады.
Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда университет филиалда білім алушыларды осы Келісімнің 3-бабында көзделген даярлау бағыттары бойынша оқытудың аяқталуын қамтамасыз етеді, Тараптар тарату комиссиясын тағайындайды, ол осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген уәкілетті органдардың бекітуі үшін тарату балансын жасайды.
Филиал Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес таратылады.
20__ жылғы "___" ________ _____________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің күші бірдей.
Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар болған жағдайда орыс тіліндегі мәтін пайдаланылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін |