"Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрлiктерінің кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 23 желтоқсандағы № 1098 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрлiктерінің кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысына мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi туралы ережеде:

      15-тармақта:

      57) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "57) айналасындағыларға қауіп төндіретін ауруы болса, Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, баспана іздеп жүрген адамдарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі медициналық көмектің тізбесін және көлемін айқындау;";

      мынадай мазмұндағы 57-1), 57-2), 57-3), 57-4), 57-5), 57-6), 57-7) және 57-8) тармақшалармен толықтырылсын:

      "57-1) Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде анықталған және сәйкестендірілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі медициналық көмектің тізбесін және көлемін айқындау;

      57-2) адам саудасының алдын алу бойынша шаралар қабылдау;

      57-3) адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалауға және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды барынша азайту жөнінде ұсыныстар енгізуге қатысу;

      57-4) адам саудасының құрбандарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін жіберуге қатысу;

      57-5) ішкі істер органдарын адам саудасына байланысты дайындалып жатқан не жасалған, белгілі болған қылмыс фактілері туралы хабардар ету;

      57-6) жұртшылықты адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің нәтижелері туралы хабардар ету;

      57-7) адам саудасының құрбандарына тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсыну жөніндегі жұмысты үйлестіру;

      57-8) басқа мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп адам саудасының алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысу;".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады