"Режимдік аумақтардың аймақтарын пайдалану тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 қаңтардағы № 45 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 27 қаңтардағы № 26 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Режимдік аумақтардың аймақтарын пайдалану тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 қаңтардағы № 45 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Режимдік аумақтар мен оған іргелес жатқан аумақтардың аймақтарын пайдалану қағидаларын бекіту туралы";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Режимдік аумақтар мен оған іргелес жатқан аумақтардың аймақтарын пайдалану қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Режимдік аумақтардың аймақтарын пайдалану қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 27 қаңтардағы
№ 26 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2003 жылғы 17 қаңтардағы
№ 45 қаулысымен
бекітілген

Режимдiк аумақтар мен оған іргелес жатқан аумақтардың аймақтарын пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Режимдік аумақтар мен оған іргелес жатқан аумақтардың аймақтарын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актiлер мен мемлекеттiк нормативтерге сәйкес әзірленді және режимдiк аумақтар мен оған іргелес жатқан аумақтардың аймақтарын пайдалану тәртiбiн айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) режимдік аумақтардың аймақтары – елді мекендердің шегіндегі және олардан тыс жерлердегі қорғалатын объектілерді орналастыруға арналған аумақтар;

      2) режимдік аумақтардың аймақтарына іргелес жатқан аумақтар – осы Қағидалардың талаптарына сәйкес режимдік аумақтардың шекараларына тікелей жанасып жатқан аумақтар.

2-тарау. Режимдiк аумақтар мен оған іргелес жатқан аумақтардың аймақтарын пайдалану тәртiбi

      3. Осы Қағидалардың талаптары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамаға сәйкес белгіленген режимдiк аумақтар мен оған іргелес жатқан аумақтардың аймақтары шекаралары шегіндегі сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің барлық субъектілеріне қолданылады.

      4. Режимдiк аумақтар мен оған іргелес жатқан аумақтардың аймақтары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің ерекше реттелетін және қала құрылысын регламенттеудің аумақтық объектілері болып табылады.

      5. Режимдiк аумақтар мен оған іргелес жатқан аумақтардың аймақтары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамаға сәйкес санитариялық-қорғалатын және күзетілетін аймақтар белгіленетін ерекше режимдегі объектілер орналастырылатын (орналастырылған) арнаулы аймақтарды қамтиды.

      6. Елді мекендерде күзетілетін объектілерді орналастыруға арналған режимдiк аумақтар мен оған іргелес жатқан аумақтардың аймақтары периметрі бойынша 100 (бір жүз) метр, ал елді мекендерден тыс жерлерде жер учаскесінің сыртқы шекараларынан 1 (бір) километр қашықтықпен шектелген жер учаскелері болып табылады.

      Режимдік аумақтардың аймақтарына іргелес жатқан аумақтарда орналастырылатын жаңа объектілерді салу кезінде арақашықтық, биіктік және қабаттылық бойынша нормалар сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтерде айқындалады.

      7. Осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетiлген аумақтардың шегiнде құрылыс қызметін жүргiзу үшiн жер учаскесiн беру кезінде жер учаскесiн таңдау актісі және беру схемасы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-бабының 2-тармағына, 44-1-бабының 4-тармағына және 44-2-бабының 10-тармағына сәйкес мүдделі мемлекеттік органдармен келісіледі.

      8. Режимдiк аумақтар мен оған іргелес жатқан аумақтардың аймақтарын пайдалану сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамаға сәйкес бекітілген қала құрылысы жобаларына (бас жоспарлар және егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары) сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады