Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералды Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 27 ақпандағы № 103 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералды Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Әсетұлы Бақаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералды Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 27 ақпандағы
№ 103 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералды Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім

            Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералды Үкіметі

            Қазақстан Республикасының және Аустрия Республикасының дипломатиялық паспорттар иелерінің Қазақстан Республикасының және Аустрия Республикасының кіруін жеңілдетуге ниет білдіре отырып,

            төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Визалардан босату

            1. Қазақстан Республикасының азаматтары – жарамды дипломатиялық паспорттардың иелерінен Аустрия Республикасының аумағына немесе 1985 жылғы 14 маусымдағы ортақ шекаралардағы тексерулерді біртіндеп алып тастау туралы 1990 жылғы 19 маусымдағы Шенген келісімін іске асыратын Шенген конвенциясы қолданылатын кез келген басқа мемлекеттің аумағына кірген кезден бастап есептелетін 180 (жүз сексен) күн ішінде 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге Аустрия Республикасының аумағына кіру үшін виза талап етілмейді.

      2. Аустрия Республикасының азаматтары – жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері Қазақстан Республикасының аумағына кірген күннен бастап 180 (жүз сексен) күн ішінде 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге олардан виза алу талап етілмейді.

2-бап

Кіру және шығу шарттары

            Қазақстан Республикасы мен Аустрия Республикасының жарамды дипломатиялық паспорттарының иелері екінші Тараптың аумағына құзыретті иммиграциялық орындар осы мақсаттар үшін айқындаған кез келген өткізу пункті арқылы қауіпсіздік, иммиграциялық, кедендік, санитариялық және басқа нормалардың ережелеріне сәйкес белгіленген және осындай жарамды паспорттарды ұстаушыларға заңды түрде қолданылуы мүмкін шектеулерден басқа қандай да бір шектеусіз кіре алады және шыға алады.

3-бап

Ұзақ мерзімді болу, жұмысқа орналасу

            Осы Келісімнің 1-бабының ережелері екінші Тарап мемлекетінің аумағында 1-бапта көрсетілген кезең ішінде болуды жоспарлайтын немесе жұмысқа орналасуға ниетті адамдарға қолданылмайды.

4-бап

Артықшылықтар мен иммунитеттер қолданатын азаматтар

            Халықаралық құқыққа сәйкес артықшылықтары мен иммунитеттері бар және қабылдаушы ел берген тиісті сәйкестендіру картасының иелері болып табылатын Тараптардың кез келгені мемлекеттерінің азаматтарына осы сәйкестендіру картасы жарамды болған және кірген кезде Қазақстан Республикасының немесе Аустрия Республикасының жарамды дипломатиялық паспортымен бірге ұсынылған жағдайда, осы Тарап мемлекетінің аумағында болу немесе аумағына қайта кіру үшін виза немесе тұруға ықтиярхат талап етілмейді.

5-бап

Ақпарат алмасу бойынша міндеттемелер

      1. Тараптар осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 30 (отыз) күн ішінде осы Келісімнің 1-бабына сәйкес Тараптардың кез келгені пайдаланатын паспорттардың үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады, Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа кез келген жаңа немесе өзгертілген дипломатиялық паспорттың үлгісін осындай паспорттар берілгенге дейін кемінде 30 (отыз) күн бұрын ұсынады.

      2. Екі Тарап паспорттарды беруге қатысты өздерінің тиісті ұлттық заңнамалары мен нормативтік актілеріне енгізілген кез келген өзгерістер туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы тиісті түрде хабарлайды.

      3. Егер Тараптардың бірінің азаматы екінші Тараптың аумағында осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген өзінің жарамды дипломатиялық паспортын жоғалтып алса, ол бұл туралы қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органдарына хабарлайды. Тиісті дипломатиялық немесе консулдық мекеме жоғарыда аталған азаматқа жаңа паспорт немесе жол жүру құжатын береді және осы туралы қабылдаушы елдің құзыретті органдарын хабардар етеді.

6-бап

Құқықтар мен міндеттер

            1. Осы Келісім Тараптардың кез келгені мемлекеттерінің азаматтарын шетелдіктердің келуіне, болуына және кетуіне қатысты екінші Тараптың заңдары мен қағидаларын сақтау міндетінен босатпайды.

            2. Екі Тарап қошталмайды немесе қоғамдық тыныштыққа, тәртіпке, денсаулыққа немесе ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді деп саналатын адамдардың кіруінен бас тарту немесе олардың болу мерзімін қысқарту құқығын өзіне қалдырады.

7-бап

Дауларды реттеу

            Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындайтын кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы тікелей консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.

8-бап

Қолданысын тоқтата тұру

            1. Тараптардың әрқайсысы қоғамдық тәртіп, ұлттық қауіпсіздік, халық денсаулығы, екінші Тарап мемлекетінің аумағынан заңсыз көші-қонның едәуір өсуі немесе екінші Тараптың өз азаматтарының реадмиссиясына қатысты ынтымақтастығының болмау пайымы тұрғысынан осы Келісімнің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұра алады.

      2. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру және қайта бастау туралы шешім қабылдайтын Тарап бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда дереу хабардар етеді. Осы шешімнің қолданысы екінші Тараптың ресми хабарламасын алғаннан кейін 14 (он төрт) күннен кейін күшіне енеді. Шұғыл жағдайларда осы Келісімнің қолданылуы дереу күшіне енуімен тоқтатылады. Бұл туралы дереу, бірақ тоқтата тұру туралы шешімнен кейін үш күннен кешіктірмей, тоқтата тұру үшін негіздер көрсетіле отырып, екінші Тарапқа хабарланады.

9-бап

Түзетулер

            Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 10-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

Күшіне енуі, қолданысын тоқтатуы

            1. Осы Келісім Тараптар дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің күшіне енуі үшін олардың тиісті ұлттық заңнамасында көзделген барлық талаптарды орындағаны туралы бір-бірін хабардар еткен айдан кейінгі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді. Соңғы хабарлама алынған күн түпкілікті болып табылады.

            2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан, осы Келісім Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералдық Үкіметі арасындағы Заңсыз болған адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісім күшіне енген күннен кейін күшіне енеді.

            3. Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы жазбаша нысанда хабарлама жіберіп, осы Келісімнің қолданысын кез келген уақытта тоқтата алады. Мұндай жағдайда Келісім екінші Тарап осындай хабарлама алған сәттен бастап 3 (үш) айдан кейін өз қолданысын тоқтатады.

            Келісім 2025 жылғы 28 ақпанда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, неміс, ағылшын және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Аустрия Республикасының ФедералдыҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады