"Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 16 сәуірдегі № 246 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі туралы ережеде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) мәдениет, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану, кинематография, мемлекеттік рәміздер, архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету, электрондық құжат айналымы және электрондық архивтер, ономастика, креативті индустриялар және шығармашылық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, ақпарат, масс-медиа, қоғамдық кеңестердің қызметі, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, діни қызмет, мемлекеттік жастар және отбасы саясаты, қоғамдық сананы жаңғырту, қайырымдылық, волонтерлік қызмет, медиация, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, конфессияаралық және этносаралық келісім, ақпаратқа қол жеткізу, онлайн-платформалар және онлайн-жарнама салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.";

      15-тармақта:

      9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) Министрліктің құзыретіне жатқызылған қызмет салаларында салааралық үйлестіруді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру;";

      58) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "58) Министрлік реттейтін салаларда жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді және оған әдiстемелiк басшылық жасауды жүзеге асыру;";

      84) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "84) волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізу жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту;";

      133) тармақша алып тасталсын;

      168) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "168) масс-медиа саласындағы уәкілетті органның нұсқамасы бойынша интернет-ресурстарға, шетелдік онлайн-платформаларға және лездік хабар алмасу сервистеріне қолжетімділікті шектеу туралы қағидаларды әзірлеу және бекіту;";

      180) тармақша алып тасталсын;

      231) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "231) мемлекеттік органдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, оның іске асырылу мониторингі және нәтижелерін бағалау, мемлекеттік гранттар ұсыну және стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асыру;";

      256) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "256) "Қазақстан жастары" ұлттық баяндамасын дайындау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру;";

      274) тармақша алып тасталсын;

      323) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "323) мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға "Академиялық" мәртебе берудің тәртібі мен шарттарын айқындау;";

      380) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "380) өз құзыреті шегінде республика (ауылдық, кенттік, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық) мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру, мәдениет мәселелері бойынша шығармашылық одақтармен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;";

      387) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "387) тауар белгілерін, қызмет көрсету белгілерін, географиялық нұсқамалар мен тауарлар шығарылған жерлердiң атауларын қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның сұрау салуына сәйкес Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениетiнiң игiлiгi болып табылатын белгiленімдерді тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі, географиялық нұсқамалар мен тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары ретінде пайдалану үшін келiсу не келiсуден бас тарту;";

      424) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "424) тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар жоспарын мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын ескере отырып, алдағы күнтізбелік жылға қалыптастыру және бекіту;";

      446) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "446) кинематография саласындағы халықаралық байланыстарды дамыту, кинематографиялық қызмет субъектілерінің халықаралық комиссияларға, кинофестивальдарға, конференцияларға және кинематография саласындағы өзге де іс-шараларға қатысуын ұйымдастыру;";

      457) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "457) Ұлттық архив қорының құжаттарын орталықтандырылған мемлекеттік есепке алу қағидаларын бекіту;";

      460) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "460) Орталық сараптау-тексеру комиссиясы мен орталық мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік архивтердің сараптау-тексеру комиссиялары туралы ережелерді бекіту;";

      494) және 495) тармақшалар алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 496-31), 496-32), 496-33), 496-34), 496-35), 496-36), 496-37), 496-38) және 496-39) тармақшалармен толықтырылсын:

      "496-31) креативті индустрияға мемлекеттік қолдау көрсету және оны ынталандыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      496-32) Қазақстан аумағындағы археологиялық жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары тапқан барлық материалдар мен олжаларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беру қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      496-33) Министрліктің құзыретіне жатқызылған қызмет салаларында техникалық (ғылыми) тұрғыдан негізделген, еңбек жөніндегі бірыңғай салааралық немесе салааралық үлгілік немесе үлгілік нормалар мен нормативтерді әзірлеу және бекіту;

      496-34) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша өзі белгілеген тәртіппен Министрліктің құзыретіне жатқызылған қызмет салаларында ұйымдардың еңбек жөніндегі үлгілік нормалары мен нормативтерін бекіту;

      496-35) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын ақпаратпен толықтыру қағидаларын және олардың мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту;

      496-36) ақпаратқа қол жеткізу саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      496-37) археологиялық жұмыстар жоспарын мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын ескере отырып, алдағы күнтізбелік жылға қалыптастыру және бекіту;

      496-38) Қазақстан Республикасының шетелдегі мәдениет орталықтарын қаржыландыру қағидаларын әзірлеу;

      496-39) Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру және оларды күтіп-ұстауға жағдай жасау қағидаларын әзірлеу және бекіту;".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады