Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Құдайбергенұлы Ақкенженовке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 26 сәуірдегі № 276 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі
электр энергетикасы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында
1999 жылғы 17 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Тәжікстан Республикасының Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Орталық Азия мемлекеттері энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуі туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Энергетика және су ресурстары министрлігі арасындағы 2023 – 2032 жылдары "Рогун ГЭС" ААҚ өндіретін электр энергиясын жеткізу жөніндегі ниеттер туралы өзара түсіністік туралы меморандумды басшылыққа ала отырып,
электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында екі мемлекет арасындағы достық қатынастарды негізге ала отырып,
халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын негізге ала отырып,
электр энергетикасы саласындағы дәстүрлі байланыстарды қолдауға және дамытуға деген ұмтылысты назарға ала отырып,
Тараптар мемлекеттерінің ұзақ мерзімді және тұрақты негізде өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастыққа мүдделілігін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1. Тараптар мен Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру осы Келісімнің (бұдан әрі – Келісім) мақсаты болып табылады.
2. Келісім мақсаттар мен басымдықтарға қол жеткізуге, сондай-ақ Тараптардың энергетикалық қауіпсіздік саласындағы міндеттемелерін орындауға, экологиялық таза технологияларға көшуге және шығарындыларды азайтуға жәрдемдесетін жобаларды ілгерілетуге бағытталған.
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
"Энергия" ҮДО" – Орталық Азияның Біріккен энергия жүйесіне кіретін энергия жүйелерінде және энергия объектілерінде жедел-технологиялық қызметті үйлестіруді жүзеге асыратын "Энергия" үйлестіру-диспетчерлік орталығы (бұдан әрі – "Энергия" ҮДО");
"Мемлекетаралық электр беру желілері" – электр энергиясының мемлекетаралық ток ағымдары жүзеге асырылатын электр беру желілері;
"Транзит" – Орталық Азия мемлекеттерінің аумағы арқылы Рогун ГЭС-інен Қазақстанның энергия жүйесіне электр энергиясын жеткізуді жүзеге асыру бойынша көрсетілетін қызмет.
1. Мыналар:
Қазақстан Республикасының Үкіметінен – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі;
Тәжікстан Республикасының Үкіметінен – Тәжікстан Республикасының Энергетика және су ресурстары министрлігі осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар болып табылады.
Мыналар:
Қазақстан Республикасынан (Сатып алушы) – Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылатын "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – "ЖЭК жөніндегі ҚЕАО" ЖШС);
Тәжікстан Республикасынан (Сатушы) – "Рогунская ГЭС" ашық акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Рогунская ГЭС" ААҚ) осы Келісім шеңберінде жоспарлы электр энергиясын сатып алу-сату операторлары болып табылады.
2. Уәкілетті органдар мен ұйымдардың ресми атауы өзгерген немесе олар қайта құрылған жағдайларда Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы бұл туралы дереу хабардар етеді.
1. Тараптар Тәжікстан Республикасының Орталық Азияның энергия жүйелерімен шекарасында және Қазақстан Республикасының Орталық Азияның энергия жүйелерімен шекарасында электр энергиясын сағаттық есепке алуды ұйымдастыру бойынша барлық қолжетімді шараларды қабылдайды.
2. Тәжікстан тарапы Өзбекстан Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Қырғыз Республикасының энергия жүйелерін байланыстыратын Мемлекетаралық электр беру желілері бойынша телеметриялық ақпаратты Қазақстан Республикасының жүйелік операторы "Kazakhstan Electricity Grid Operating Company" акционерлік қоғамына (бұдан әрі – "KEGOC"АҚ) беруді қамтамасыз етеді.
3. Тәжікстан Республикасынан Қазақстан Республикасына жоспарлы электр энергиясын жеткізу Тәжікстан Республикасынан Қазақстан Республикасына берілетін жоспарлы электр энергиясын сатып алу шартында (бұдан әрі – Шарт) көрсетілген мемлекетаралық электр беру желілері бойынша Қазақстан энергия жүйесі желілерінің Орталық Азия елдерінің энергия жүйелерімен теңгерімдік тиесілігін бөлу шекарасында жүзеге асырылады.
4. "ЖЭК жөніндегі ҚЕАО" ЖШС мен "Рогунская ГЭС" ААҚ арасындағы Шарт осы Келісімге сәйкес жасалады және онда мынадай талаптар көзделетін болады:
1) "Рогунская ГЭС" ААҚ-дан жоспарлы электр энергиясын жеткізу "Рогунская ГЭС" ААҚ-дан Қазақстан Республикасының шекарасына дейін жоспарлы электр энергиясын транзиттеуді жүзеге асыру үшін шектес елдердің техникалық мүмкіндігі негізге алына отырып, Қазақстанның энергия жүйесін Орталық Азия елдерінің энергия жүйелерімен байланыстыратын мемлекетаралық электр беру желілері арқылы Қазақстан Республикасының шекарасына дейін Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің солтүстік-оңтүстік аймағындағы жоспарлы тапшылық сағаттарында ғана жүзеге асырылады. Шартқа сәйкес "Рогунская ГЭС" ААҚ-дан жоспарлы электр энергиясын біркелкі емес графикпен жеткізу қуатты реттеу бойынша көрсетілетін қызмет болып табылмайды;
2) электр энергиясын жеткізудің жоспарлы көлемі "KEGOC" АҚ бекітетін электр энергиясын өндіру-тұтынудың тәуліктік графиктеріне енгізіледі және түзетуге жатпайды. Есептеу кезеңінің қорытындылары бойынша осы тәуліктік графиктерде көрсетілген көлем сомасы "Энергия" ҮДО деректерімен расталады және Сатушы мен Сатып алушының кедендік декларациялауы үшін негіз болып табылады;
3) Шарттың қолданыс мерзімі – 10 жылға ұзарту мүмкіндігімен Шарт күшіне енген күннен бастап 20 жыл;
4) Шартта көрсетілетін Тәжікстан Республикасынан Қазақстан Республикасына жоспарлы электр энергиясын жеткізудің болжамды көлемі Сатушы мен Сатып алушы арасында қаржылық не өзге де міндеттемелердің туындауы үшін негіз болып табылмайды;
5) электр энергиясының жоспардан тыс ток ағымдарын реттеу шектес мемлекеттердің қатар жұмыс істейтін энергия жүйелері арасындағы электр энергиясының жоспардан тыс ток ағымдарын реттеуге арналған шарттар бойынша жүзеге асырылады, олар осы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес электр энергиясының жоспардан тыс ток ағымдарын реттеуді жүзеге асыруға уәкілетті шектес энергия жүйелерінің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында жасалады;
6) "Рогунская ГЭС" ААҚ-дан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына дейін электр энергиясын транзиттеуді "Рогунская ГЭС" ААҚ қамтамасыз етеді;
7) есептеу кезеңі (айы) үшін жоспарлы электр энергиясының бағасы мынадай құндары:
электр энергиясын жеткізудің бекітілген тәуліктік графиктеріне сәйкес көлемдердің сомасына 1 кВт-сағат үшін 0,034 АҚШ доллары (нөлдік "0 %" мөлшерлеме бойынша төленетін ҚҚС есепке алғанда) есебінен "Рогунская ГЭС" ААҚ-дан жоспарлы электр энергиясының құны;
Орталық Азияның шектес мемлекеттерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына дейін электр энергиясын транзиттеуді жүзеге асыру кезінде Сатушының шеккен шығындарын негізге ала отырып транзит құны (Сатушының шеккен шығындарын растау талабымен) сомаларының электр энергиясын жеткізудің бекітілген тәуліктік графиктеріне сәйкес көлемдерінің сомасына қатынасы ретінде айқындалады;
8) "Рогунская ГЭС" ААҚ-дан электр энергиясының құнын индекстеу жоспарлы электр энергиясын жеткізудің екінші жылынан бастап, жылына бір рет АҚШ Еңбек министрлігі, АҚШ Статистика бюросы жариялайтын АҚШ өндірушілерінің баға индексі негізінде жүргізіледі;
9) техникалық талаптар бөлігінде Шартты келісу Сатушының, Сатып алушының, сондай-ақ "Рогунская ГЭС" ААҚ-дан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына дейін электр энергиясын транзиттеуді жүзеге асыратын Орталық Азияның шектес мемлекеттерінің уәкілетті ұйымдар өкілдерінің (жүйелік операторлар, ұйымдар) қолтаңбаларының болуымен расталады;
10) Төрелік өткізілетін орын – Сингапур халықаралық төрелік орталығы (SIAC);
11) Сатып алушы есептеу кезеңі аяқталған күннен бастап күнтізбелік отыз бес күн ішінде жоспарлы электр энергиясы үшін уақтылы ақы төлеуге кепілдік береді.
Сатып алушы Сатып алушының қалауы бойынша айқындалатын "ВВВ- " рейтингінен төмен емес Standard & Poor’s Ratings Services, "ВВВ- " рейтингінен төмен емес Fitch Ratings Limited, "Ваа3" рейтингінен төмен емес Moody’s Investors Service, Inc тиісті рейтингі бар екінші деңгейдегі қазақстандық банктен талап етудің басым құқығымен Шарттың қолданысы аяқталғанға дейін 3 жыл қолданыс мерзімімен және ұзарту мүмкіндігімен 3 айлық төлемдер мөлшерінде банктік кепілдік береді;
12) "Рогунская ГЭС" ААҚ-дан сатып алынған электр энергиясының әрбір бірлігі үшін Сатып алушы Рогун ГЭС-і пайдалануға берілгеннен кейін көміртек кредиттерінің тиісті мөлшерін өтеусіз алады;
13) Шарт Сингапур заңнамасында, ал Тараптардың валюталық құқықтық қатынастары Тараптар мемлекеттерінің валюта заңнамасында түсіндіріледі және реттеледі;
14) Шарт мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда Сатушы мен Сатып алушы Шарт бұзылған күнге дейін туындаған міндеттемелер бойынша өзара есеп айырысулар жүргізеді;
15) Шарт және Шартқа байланысты барлық хабарлама орыс тілінде жасалады.
5. Шарт жасасу кезінде осы Келісімнің 4-бабының 4-тармағында көрсетілген сатып алудың негізгі талаптары түпкілікті сипатта болады және онда "Рогунская ГЭС" ААҚ-дан жоспарлы электр энергиясын сатып алудың қосымша талаптары көзделмеуге тиіс.
Форс-мажор өртті, су тасқынын, жер сілкінісін, соғысты (жарияланған және жарияланбаған), көтерілісті, ереуілді, азаматтық соғысты немесе тәртіпсіздіктерді қоса алғанда, бірақ онымен шектелмей, осы Келісімде көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруға тікелей немесе жанама кедергі келтіретін кез келген мән-жайларды білдіреді.
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 8-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Келісімде көзделген өз міндеттемелерін Тараптардың бірінің орындауына кедергілер тудыратын мән-жайлар не осы Келісімнің ережелерін қолдануға және (немесе) түсіндіруге қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптардың уәкілетті органдары көрсетілген мән-жайларды не келіспеушіліктерді еңсеру және осы Келісімнің орындалуын қамтамасыз ету бойынша өзара қолайлы шешімдер қабылдау мақсатында консультациялар мен келіссөздер жүргізеді.
Тараптардың уәкілетті органдары арасында консультациялар мен келіссөздер арқылы шешілмеуі мүмкін келіспеушіліктер Тараптар арасында келіссөздер арқылы шешіледі.
1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді және оның күші 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
2. Осы Келісім күшіне енгенге дейін оған қол қойылған күннен бастап 15 күн өткен соң уақытша қолданылады. Жоспарлы электр энергиясын сатып алу-сату операторлары осы Келісімді уақытша қолдану кезеңінде Шарт жасасады.
3. Осы Келісім он жылға ұзарту мүмкіндігімен жиырма жыл мерзімге жасалады.
4. Осы Келісімнің қолданылуын Тараптар өзара келісу арқылы не Тараптардың бірінің бастамасы бойынша екінші Тарапқа дипломатиялық арналар бойынша тиісті жазбаша хабарлама жіберу арқылы ол тоқтатылған күнге дейін он екі айдан кешіктірмей тоқтата алады.
2025 жылғы _______ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіннің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының | Тәжікстан Республикасының |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |