Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімге қол қою және "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою және "Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 желтоқсандағы № 987 қаулысының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 23 тамыздағы № 717 қаулысының күші жойылды деп тану туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 12 мамырдағы № 327 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Əбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      3. "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою және "Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 желтоқсандағы № 987 қаулысының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2023 жылғы 23 тамыздағы № 717 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 12 мамырдағы
№ 327 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісім

      Бұдан әрі "Уағдаласушы тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі

      Уағдаласушы тараптар арасындағы экономикалық қатынастарды олардың тиісті экономикалық басымдықтарына сәйкес нығайту мақсатында инвестицияларды одан әрі көтермелеуді және қорғауды қалай отырып,

      Уағдаласушы тараптардың инвесторлары арасында инвестициялармен неғұрлым жиі алмасу үшін қолайлы жағдайлар мен барынша мол мүмкіндіктер жасауға ниеттене отырып,

      Уағдаласушы тараптар арасындағы инвестициялық бастамаларды ынталандыру және өркендеуге қол жеткізу үшін инвестицияларды көтермелеу және қорғау маңыздылығының өсіп келе жатқанын мойындай отырып,

      осы мақсаттарға отандық корпорациялар үшін денсаулық сақтау, қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, еңбек және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына қатысты Уағдаласушы тараптардың заңнамасын бұзбай қол жеткізуге болатынын, сондай-ақ Уағдаласушы тараптар ратификациялаған Халықаралық еңбек ұйымының шарттарын бұзбай және осылайша тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етуді мойындай отырып,

      осындай инвестициялар нәтижесінде технологияларды берудің, жұмыс орындарын құрудың және адам ресурстарын дамытудың маңыздылығын мойындай отырып,

      әрбір Уағдаласушы тарап өзінің аумағында жүзеге асырылатын шетелдік инвестицияларды реттеу және инвестициялық қызметтің оның ұлттық заңына, саясатына және даму стратегияларына сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдау құқығын өзіне қалдыратынын мойындай отырып,

      осы Келісімдегі ештеңе де Уағдаласушы тараптардың заңды саяси мақсаттарға қол жеткізу үшін шаралар қабылдауын, қолдауын және олардың сақталуын қамтамасыз етуді шектеу құқығы ретінде түсіндірілмеуге және сауда мен бизнестің әдеттегі тәуекелдерінен қорғауды қамтамасыз етуге бағытталмағанын мойындай отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін төмендегі терминдердің оларға берілген мынадай мағыналары болуға тиіс:

      1. "Заңнама":

      (a) Қазақстан Республикасына қатысты – заңдарда көзделген тәртіппен белгіленген және қабылданған Қазақстан Республикасының құқықтық актілерінің жиынтығы.

      (b) Сауд Арабиясы Корольдігіне қатысты – Сауд Арабиясы Корольдігінің қолданыстағы заңдары, ережелері, регламенттері және директивалары.

      2. "Инвестициялар" – инвесторға тікелей тиесілі активтердің кез келген түрі, оның сипаттамалары: белгілі бір қолданылу мерзімін, капиталды немесе басқа ресурстарды салуды, пайданы күтуді, тәуекелді қабылдауды, экономикалық дамуға қосқан үлесін және аумағында инвестициялар жүзеге асырылатын Уағдаласушы тараптың заңнамасына сәйкес білім беруді қамтиды.

      Инвестиция мынадай нысандарда болуы мүмкін:

      (a) қабылдаушы Уағдаласушы тараптың заңнамасына сәйкес олардан туындайтын құқықтарды қоса алғанда, кәсіпорынның үлестері, пай қорлары немесе акционерлік капиталдың басқа да нысандары;

      (b) Уағдаласушы тараптардың заңнамасында көзделген облигациялар, борыштық міндеттемелер және қарыздар;

      (c) құрылысқа, басқаруға, өндіруге немесе кірістерді бөлуге арналған келісімшарттарды қоса алғанда, келісімшарттар бойынша құқықтар;

      (d) Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімде (ТРИПС) көзделген зияткерлік меншік құқықтарына қайшы келмейтін Уағдаласушы тараптар қолданатын зияткерлік меншік құқықтары;

      (e) заңнамаға сәйкес берілген немесе құзыретті орган берген концессиялар, лицензиялар, рұқсаттар және рұқсаттамалар сияқты келісімшарттарға және қолданыстағы заңнамаға сәйкес берілген құқықтар; және

      (f) кез келген басқа да материалдық және материалдық емес, жылжымалы және жылжымайтын мүлік;

      (g) инвестициялық қызметке байланысты ақша қаражатына қойылатын наразылықтар немесе келісімшарт бойынша орындауға қойылатын талаптар;

      (h) осы Келісімнің 2-бабында көзделген ерекшеліктерді қоспағанда, Уағдаласушы тараптардың ішкі қағидаларына сәйкес инвестициялаудың кез келген басқа да танылған нысаны.

      "Инвестициялар" неғұрлым айқын болуы үшін:

      (1) Уағдаласушы тараптың аумағында жеке тұлғаның немесе кәсіпорынның екінші Тараптың аумағындағы жеке тұлғаға немесе кәсіпорынға тауарларды немесе көрсетілетін қызметтерді сатуға арналған коммерциялық келісімшарттардан ғана туындайтын ақшалай қаражатқа қойылатын талаптарды;

      (2) жоғарыдағы (1) тармақшада аталған келісімшарттарды ішкі қаржыландыруды; немесе

      (3) жоғарыдағы (1) немесе (2) тармақшаларға қатысты кез келген бұйрықты, сот шешімін немесе төрелік шешімді;

      (4) портфельдік инвестицияларды, тәуелсіз қарыз құралдарды немесе коммерциялық емес активтерді;

      (5) ішкі заңнамамен қорғалмаған зияткерлік меншік құқығын;

      (6) лицензияны, авторизацияны және рұқсат беру құжаттарын қоса алғанда, инвестиция құрылғанға дейін жұмсалған шығындарды қамтымайды.

      3. "Инвестор" – екінші Уағдаласушы тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асырған Уағдаласушы тараптың жеке тұлғасы немесе кәсіпорны.

      4. "Кәсіпорын" – пайда табу мақсатында ма, жоқ па, оған қарамастан кез келген корпорацияны, трастты, серіктестікті, жеке меншікті, бірлескен кәсіпорынды, қауымдастықты, ұйымды, компанияны немесе филиалды қоса алғанда, оның жеке меншікте немесе Үкіметтің бақылауында болғанына қарамастан тиісті түрде құрылған немесе қолданыстағы заңнамаға сәйкес ұйымдастырылған кез келген заңды тұлға. Осы анықтаманың мақсаты үшін:

      (а) "Бақылау" – инвестордың кәсіпорын директорларының көпшілігін тағайындау немесе оның әрекеттерін өзгедей жолмен заңды түрде бағыттау өкілеттіктері;

      (б) "Иелік ету" – инвестордың кәсіпорынның жарғылық капиталына қатысу үлесінің 50 (елу) пайызынан астамын иеленуі.

      5. "Уағдаласушы тараптың кәсіпорны" – осы Уағдаласушы тараптың заңнамасына сәйкес құрылған немесе ұйымдастырылған және осы Уағдаласушы тараптың аумағында Уағдаласушы тарап болып табылмайтын кәсіпорнының филиалынан немесе өкілдігінен өзгеше елеулі коммерциялық қызметті жүзеге асыратын кәсіпорын.

      Осы Келісімнің мақсаты үшін бір Уағдаласушы тараптың заңнамасына сәйкес құрылған, бірақ екінші Уағдаласушы тараптың азаматтары немесе кәсіпорны тікелей немесе жанама түрде тиімді бақылайтын кәсіпорын соңғы Уағдаласушы тараптың кәсіпорны ретінде қарастырылады.

      6. "Жеке тұлға" – Уағдаласушы тараптың қолданыстағы заңнамасына сәйкес азаматтығы бар адам. Бірнеше азаматтығы бар жеке тұлға тек оның басым және жарамды азаматтығы бар мемлекеттің азаматы болып табылады. Жарамды азаматтықты айқындау кезінде мыналар: адамның экономикалық, әлеуметтік және отбасылық өмірі шоғырланған әдетте тұратын елі және наразылық туындағанға дейін қорғайтын Уағдаласушы тараптың азаматы ретінде өткізілген кезеңнің ұзақтығы назарға алынуға тиіс.

      7. "Инвестициялық қызмет" – инвестицияларды пайдалану, басқару, оларға техникалық қызмет көрсету, пайдалану, қолдану немесе сату.

      8. "ДСҰ келісімі" – 1994 жылғы 15 сәуірде Марракеште жасалған Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісімі.

      9. "Еркін пайдаланылатын валюта" – өзінің Келісіміне сәйкес Халықаралық валюта қоры айқындаған "валюта".

      10. "Аумақ":

      (a) Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін – Қазақстан Республикасының, оның ішінде оларға мемлекеттік егемендігі таралатын құрлық, су, жер қойнауы және әуе кеңістігін қоса алғанда, мемлекеттік шекара шегіндегі аумағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы өзінің халықаралық шарттары мен заңнамасына сәйкес егемендік құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыратын немесе жүзеге асыруды жалғастыра алатын мемлекеттік шекарадан тыс кез келген аймақ;

      (b) Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі үшін – аралдарды, әуе кеңістігін, ішкі суларды, аумақтық теңіз және теңіз түбін, жер бедері мен оның әуе кеңістігін қоса алғанда аудандар, сондай-ақ Сауд Арабиясы Корольдігі халықаралық құқыққа сәйкес егеменді юрисдикцияны немесе құқықтарды жүзеге асыратын кез келген басқа да теңіз аудандары.

      11. "Кірістілік" – инвестициялар нәтижесінде алынған сомалар, атап айтқанда пайда, капитал өсімі, дивидендтер мен комиссиялар. Активтер инвестицияланатын немесе қайта инвестицияланатын нысанның өзгеруі, өзгеріс активтері инвестицияланатын немесе қайта инвестицияланатын Уағдаласушы тараптың заңнамасына қайшы келмеген жағдайда, олардың инвестициялар ретіндегі сипатына әсер етпейді.

      12. "Нью-Йорк конвенциясы" Шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау туралы конвенцияға жатады (Нью-Йорк, 1958 жыл).

      13. "Ерекше экономикалық аймақтар" – осындай аймақтар шегінен тыс осы Уағдаласушы тараптың экономикасынан айырмашылығы бар ерекше бәсекелестік немесе заңнамалық режимді пайдаланатын кез келген Уағдаласушы тараптардың аумағындағы ерекше экономикалық аймақтар.

      14. "Корпоративтік басқару" тетіктері – компаниялардың бизнесі мен қызметіне басшылық жасауға және оларды қадағалауға бағытталған, сондай-ақ байланысты тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын нормативтік актілер мен заңдар.

      15. "ШОБ":

      (a) Қазақстан Республикасы үшін – Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері;

      (b) Сауд Арабиясы Корольдігі үшін – Шағын және орта кәсіпорындар істері жөніндегі бас басқарма бекіткен өлшемшарттарға сәйкес жіктелген кәсіпорын.

      16. "Жекешелендіру келісімшарттары" – әрбір Уағдаласушы тараптың заңнамасына сәйкес айқындалғандай инфрақұрылымға, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге немесе басқа секторларға қатысты шарттық келісім, оның нәтижесінде активтерге меншік құқығын беруге байланысты үкімет пен жеке сектор арасындағы қатынастар болады.

2-бап

Келісімнің қолданылу аясы

      Осы Келісімнің ережелері:

      (1) субсидиялар мен гранттарға;

      (2) мемлекеттік сатып алулар мен тендерлерге;

      (3) салықтық мәселелерге;

      (4) уағдаласушы тараптардың кез келгені ішкі нормативтік актілерге және өзі тарап болып табылатын халықаралық келісімдерге сәйкес Уағдаласушы тараптардың кез келгені шетелдік инвестициялар үшін алып тастай алатын немесе шектей алатын қызмет түрлері мен секторларына;

      (5) ерекше экономикалық аймақтарға;

      (6) ШОБ-қа қатысты нормативтік актілерге;

      (7) жекешелендіру келісімшарттарына қолданылмайды.

3-бап

Инвестицияларды көтермелеу және ұлттық режим

      1. Әрбір Уағдаласушы тарап өз аумағында мүмкіндігінше екінші Уағдаласушы тарап инвесторларының инвестицияларын көтермелейді және мұндай инвестицияларға оның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, оның ішінде шетелдік меншікке және бақылауға қатысты өкілеттіктерді жүзеге асыру құқықтары сақталған жағдайда жол береді.

      2. Әрбір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына оның қолданыстағы заңнамасына сәйкес қабылданғаннан кейін Уағдаласушы тарап осыған ұқсас мән-жайларда өзінің инвесторларына және олардың инвестицияларына инвестициялық қызметке қатысты беретін режимнен кем емес қолайлы режимді ұсынады.

      3. Режим ұқсас мән-жайларда беріледі ме, жоқ па деген мәселе мемлекеттік саясаттың заңды мақсаттары негізінде инвесторлар немесе инвестициялар арасындағы айырмашылықты тиісті режим жүргізеді ме, жоқ па деген мәселені қоса алғандағы мән-жайлар жиынтығын зерттеуді талап етеді.

4-бап

Неғұрлым қолайлы режим

      1. Әрбір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына ол ұқсас жағдайларда Уағдаласушы тарап болып табылмайтын тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына инвестициялық қызметке қатысты беретін режимнен кем емес қолайлы режим ұсынады.

      2. Осы баптың 1-тармағынан ерекшелік ретінде әрбір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына Уағдаласушы тараптың уағдаласушы болып табылмайтын тараппен Кеден одағына, Экономикалық одаққа, жалпы нарыққа немесе еркін сауда аймағына мүшелігіне сәйкес берілетін артықшылықтар ұсынылуы мүмкін.

      3. Осы баптың ережелері осы Келісім күшіне енгенге дейін кез келген Уағдаласушы тарап қол қойған немесе қолданысқа енгізген кез келген екіжақты немесе көпжақты келісімге сәйкес кез келген Уағдаласушы тарапқа берілген режимге қолданылмайды.

      4. Осы баптың 1-тармағының ережелері кез келген Уағдаласушы тарап пен үшінші тарап жасасқан инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы екіжақты шарттарда көзделген инвестор мен мемлекет арасындағы дауларды реттеу туралы ережелерге (ISDS) қолданылмайды.

      5. Басқа халықаралық инвестициялық шарттардағы және басқа да сауда келісімдеріндегі елеулі міндеттемелер өзінен өзі "режимді" білдірмейді, сондықтан осы баптағы кез келген бұзушылықты бағалау кезінде ескерілмеуге тиіс.

      6. Режим ұқсас мән-жайлар кезінде беріледі ме, жоқ па деген мәселе мемлекеттік саясаттың заңды мақсаттары негізінде инвесторлар немесе инвестициялар арасындағы айырмашылықты тиісті режим жүргізеді ме, жоқ па деген мәселені қоса алғандағы мән-жайлар жиынтығын зерделеуді талап етеді.

5-бап

ДСҰ келісімі және көпжақты келісімдер бойынша міндеттемелер

      Осы Келісімде ешнәрсе ДСҰ келісімінің немесе Уағдаласушы тараптардың кез келгені жасаған кез келген басқа екіжақты немесе көпжақты келісімнің ережелеріне сәйкес Уағдаласушы тараптардың кез келгенінің құқықтарына және олардың Дүниежүзілік сауда ұйымындағы міндеттемелеріне нұқсан келтіретіндей етіп түсіндірілмеуге тиіс.

6-бап

Инвестицияларды қорғау

      1. Әрбір Уағдаласушы тарап өз аумағында екінші Уағдаласушы тараптың инвестицияларына және осы Уағдаласушы тараптың инвесторларына олардың инвестицияларына қатысты әділ және тең құқықты режимді, сондай-ақ физикалық қорғау мен қауіпсіздікті ұсынады.

      2. Егер шаралар:

      (a) қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік талқылауда сот төрелігінен бас тартуды; немесе

      (b) сот және әкімшілік талқылаулар барысында ашықтықтың елеулі бұзылуын және сот төрелігіне тиімді қол жеткізуге кедергілерді қоса алғанда, тиісті құқықтық рәсімнің елеулі бұзылуын; немесе

      (c) айқын заңсыз әрекетті; немесе

      (d) қудалауды, мәжбүрлеуді, билікті теріс пайдалануды немесе соған ұқсас жосықсыз әрекетті білдірсе, Уағдаласушы тарап 1-тармақта айтылған әділ жүгіну туралы міндеттемені бұзған болып табылады.

      3. Уағдаласушы тараптар кез келген Уағдаласушы тараптың өтініші бойынша өзара түсіністікті қамтамасыз ету үшін әділ және тең құқықты қатынаспен байланысты міндеттемелердің мазмұнын қайта қарайды.

      4. Неғұрлым айқын болу үшін Уағдаласушы тараптың инвестордың заңды үмітімен сәйкес келмеуі мүмкін әрекеттерді қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту фактісі осы Келісімді бұзу болып табылмайды.

      5. Толық физикалық қорғау мен қауіпсіздік Уағдаласушы тараптың азаматтарына берілетін қорғаудан жақсы қорғауды білдірмейді.

      6. Неғұрлым айқын болу үшін осы Келісімнің немесе кез келген басқа халықаралық келісімнің басқа ережесін бұзу осы бапты бұзу болып табылмайды.

7-бап

Ашықтық

      1. Әрбір Уағдаласушы тарап іс жүзінде мүмкіндігіне қарай өзінің заңнамасын, әкімшілік рәсімдерін және жалпы қолданылатын әкімшілік қаулылары мен сот шешімдерін, сондай-ақ инвестициялық қызметке жататын немесе оған қатысты халықаралық келісімдерді дереу жариялайды немесе өзге де жолмен көпшілікке қолжетімді етеді.

      2. Әрбір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тараптың сауал салуы бойынша сұрақтарға дереу жауап береді және осы екінші Уағдаласушы тарапқа осы баптың 1-тармағында баяндалған мәселелер бойынша ақпарат береді.

      3. 1 және 2-тармақтардың ережелері қандай да бір Уағдаласушы тарапты ашылуы құқық қолдануға кедергі келтіретін немесе қоғамдық мүдделерге өзгеше түрде қайшы келетін немесе жеке өмірге немесе заңды коммерциялық мүдделерге қол сұғылмаушылыққа нұқсан келтіретін құпия ақпаратты ашуды міндеттейтін ережелер ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

8-бап

Кіру, уақытша және тұрақты тұру

      Әрбір Уағдаласушы тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Уағдаласушы тараптың азаматтығы бар, инвестициялық қызмет мақсатында бірінші Уағдаласушы тарапқа кіруге және онда қалуға ниет білдірген жеке тұлғаның кіру, визаға өтініш беру, уақытша немесе тұрақты тұру рәсімдерін жеңілдету үшін барынша күш салады.

9-бап

Экспроприация

      1. Уағдаласушы тараптардың ешқайсысын тиісті құқықтық рәсімге сәйкес, кемсітпеушілік негізде және жедел, барабар әрі тиімді өтемақы төленген кездегі қоғамдық мүдделерді қоспағанда, салдары экспроприациялауға немесе мемлекет меншігіне алуға (бұдан әрі "экспроприация" деп аталатын) тең болатын қандай да бір басқа шара немесе шаралар сериясы арқылы Уағдаласушы тараптың инвестицияларын тікелей немесе жанама түрде экспроприациялауға немесе мемлекет меншігіне алуға тиіс емес.

      2. Мұндай өтемақы нақты шара қабылданған немесе жалпыға белгілі болған кезде қайсысы ерте орын алуына қарай әсер еткен инвестициялардың әділ нарықтық құнын құрауы тиіс, ол экспроприация күнінен бастап төлем күніне дейін коммерциялық негізде басым болатын бағам бойынша табыс нормасын қамтуы керек және Халықаралық валюта қоры келісімінің баптарында анықталғандай, елеулі болуы және еркін берілетін және экспроприация күні қолданыста болатын нарықтық айырбастау бағамы бойынша еркін пайдаланылатын валютаға еркін айырбасталатын болуы тиіс.

      3. Осы баптың 1-тармағының ережелері Уағдаласушы тарап өз аумағының кез келген бөлігінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрылған және екінші Уағдаласушы тараптың инвесторлары акцияларға иелік ететін кәсіпорынның активтерін экспроприациялаған жағдайларда да қолданылады.

      4. Экспроприация тікелей де, жанама да болуы мүмкін:

      (a) тікелей экспроприация инвестицияны мемлекет меншігіне алған немесе меншік құқығын ресми түрде беру немесе тікелей тыйым салу арқылы басқа жолмен тікелей экспроприациялау кезінде орын алады;

      (b) жанама экспроприация Уағдаласушы тараптың тікелей экспроприацияға баламалы әсері бар шарасының немесе шаралар сериясының нәтижесі болып табылады, өйткені ол меншік құқығын ресми бермей немесе тікелей тыйым салмай, өз инвестицияларын пайдалану, игілігін көру және билік ету құқығын қоса алғанда, инвесторды өз инвестицияларындағы меншіктің негізгі атрибуттарынан айтарлықтай айырады.

      5. Осы нақты жағдайда Уағдаласушы тараптың шарасы немесе шаралар сериясы жанама экспроприацияны білдіретінін анықтау әрбір нақты жағдайда фактілерге негізделген тергеп-тексеру жүргізуді талап етеді, ол басқалармен қатар, мына факторларды:

      (a) шараның немесе шаралар сериясының экономикалық әсерін, алайда Уағдаласушы тарап шарасының немесе шаралар сериясының инвестициялардың экономикалық құнына қолайсыз әсер ету фактісі жанама экспроприацияның орын алғанын көрсетпейді,

      (b) Уағдаласушы тарап қабылдайтын шаралар немесе шаралар сериясының ұзақтығын,

      (c) үкіметтің әрекеттері инвестициялармен қамтамасыз етілген нақты, негізделген болжамға қайшы келетін дәрежені,

      (d) шараның немесе шаралар сериясының сипатын, атап айтқанда олардың объектісі мен мазмұнын ескереді.

      6. Осы баптың 1-тармағында баяндалған қағидаттар тұрғысынан және осы Келісімнің 13-бабына (Инвестор мен мемлекет арасындағы дауды реттеу) сәйкес инвестордың құқықтарына нұқсан келтірмей, зардап шеккен инвестордың экспроприациялауды жүзеге асырған Уағдаласушы тараптың сот немесе басқа құзыретті және тәуелсіз органының өз ісін дереу қарауына және оны бағалауға және, осы бапта баяндалған қағидаттарға сәйкес өтемақыларды, оның ішінде инвестицияларды бағалауды және демек, өтемақы алуға құқығы бар.

      7. Осы бап зияткерлік меншік құқықтарына қатысты берілетін мәжбүрлеу лицензияларын беруге, мұндай беру ТРИПС келісімімен үйлесетін шамада қолданылмайды.

      8. Неғұрлым айқын болу үшін мұндай шаралар ТРИПС келісімімен үйлесетін шамада зияткерлік меншік құқығын жою, шектеу немесе құру экспроприацияны білдірмейді. Оның үстіне, бұл шаралардың ТРИПС келісімімен үйлеспейтіндігін анықтау экспроприация үшін негіз болып табылмайды.

      9. Сирек ұшырасатын мән-жайларды қоспағанда, неғұрлым айқындылық үшін Уағдаласушы тараптың денсаулық сақтау, қауіпсіздік және қоршаған орта сияқты қоғамдық әл-ауқаттың заңды мақсаттарын қорғау үшін әзірленген және қолданылатын не инвестордың жеке теріс қылықтарына қатысты Уағдаласушы тараптың қолданыстағы заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге немесе инвестордың қызметі қоғамдық денсаулық, қоршаған орта немесе қоғамдық тәртіп үшін туындауы мүмкін қауіп-қауіптерді азайтуға бағытталған кемсітпеушілік шаралары жанама экспроприация болып табылмайды.

10-бап

Суброгация қағидаты

      Егер Уағдаласушы тарап немесе ол тағайындаған агенттік екінші Уағдаласушы тараптың аумағындағы осындай инвестордың инвестицияларына қатысты өтеу, кепілдік немесе сақтандыру шартына сәйкес осы Уағдаласушы тараптың кез келген инвесторына төлем жүргізсе, екінші Уағдаласушы тарап кез келген құқықты екінші Уағдаласушы тарапқа беруді немесе есебінен төлем жүргізілетін осындай инвестордың талабын таниды. Көрсетілген Уағдаласушы тарап та бірінші Уағдаласушы тараптың немесе ол тағайындаған мекеменің суброгация қағидатына сәйкес, қылмыстық жауаптылықты суброгациялауды қоспағанда, суброгацияға байланысты инвестордың бастапқы құқығы немесе талабы сияқты дәрежеде кез келген осындай құқықты немесе талапты жүзеге асыру құқығын таниды. 9 және 11-баптардың ережелері бірінші Уағдаласушы тарапқа немесе оның тағайындалған мекемесіне құқықты немесе талапты басқаға беру және осындай төлемді басқаға беруге байланысты жүргізілген кез келген төлемге қолданылады.

11-бап

Аударымдар

      1. Әрбір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тарап инвесторының инвестицияларына қатысты барлық аударымның осы Уағдаласушы тарапқа және одан кідіріссіз еркін жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді. Мұндай беру мыналарды:

      (a) инвестицияларды қолдау немесе ұлғайту үшін бастапқы капиталды және қосымша сомаларды;

      (b) инвестициялардан алынған барлық пайданы, капитал өсімін, дивидендтерді, комиссиялық және басқа да ағымдағы кірістерді;

      (c) инвестицияларға байланысты кредит бойынша төлемдерді қоса алғанда, келісімшарт бойынша жүргізілген төлемдерді;

      (d) инвестицияларды толық немесе ішінара сатудан немесе таратудан түсетін түсімдерді;

      (e) Уағдаласушы тараптағы инвестицияларға байланысты жұмыс істейтін келісімшарт бойынша жалданған персоналдың кірістері мен айлықақыларын;

      (f) осы Келісімнің 9 және 10-баптарының ережелеріне сәйкес жасалған төлемдерді; және

      (g) осы Келісімнің 13-бабына сәйкес дауды реттеуден туындайтын төлемдерді қамтуға тиіс.

      2. Әрбір Уағдаласушы тарап осындай аударымдар аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Уағдаласушы тараптың заңнамасына сәйкес аударым күні қолданылатын нарықтық айырбас бағамы бойынша еркін пайдаланылатын валюталарда кідіріссіз жүзеге асырылуын қосымша қамтамасыз етеді. Нарықтық айырбас бағамы болмаған жағдайда бұл айырбас бағамы тиісті валюталарды арнайы қарыз алу құқықтарына айырбастау үшін Халықаралық валюта қоры қолданатын бағамдардан алынған тоғыспалы бағамға сәйкес келуге тиіс.

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына қарамастан, Уағдаласушы тарап мыналарға:

      (a) банкроттыққа, төлем қабілетсіздігіне, міндеттемелерді орындамауға немесе кредит берушілердің құқықтарын қорғауға;

      (b) бағалы қағаздарды шығаруға, олармен сауда жасауға немесе олармен мәмілелер жасасуға;

      (c) қылмыстық немесе қылмыстық жазаланатын құқық бұзушылықтарға, немесе

      (d) бұйрықтардың немесе сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етуге;

      (e) инвестордың қабылдаушы елдегі инвестициялармен байланысты қаржылық міндеттемелеріне;

      (f) валюталық операциялар туралы есеп беруге қойылатын талаптарға;

      (g) ақшаны жылыстатуды және терроризмді қаржыландыруды болғызбауға қатысты өз заңнамасын әділ, кемсітушіліксіз және адал қолдану арқылы беруді кідіртуі немесе болғызбауы мүмкін.

12-бап

Уағдаласушы тараптар арасындағы дауларды реттеу

      1. Әрбір Уағдаласушы тарап осы Келісімнің қолданылуы мен орындалуына әсер ететін кез келген мәселеге қатысты екінші Уағдаласушы тарап жасай алатын осындай мәлімдемелерге түсіністікпен қарайды және оларға қатысты консультациялар жүргізу үшін тиісті мүмкіндік береді.

      2. Уағдаласушы тараптар арасындағы осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты 6 (алты) ай ішінде бейбіт жолмен қанағаттанарлықтай шешілмейтін кез келген дау шешу үшін төрелік сотқа берілетін болады. Мұндай төрелік сот 3 (үш) төрешіден тұратын болады, әрі әрбір Уағдаласушы тарап Уағдаласушы тараптардың бірі екінші Уағдаласушы тараптан дауды төрелік қарау туралы өтінішпен нота алған күннен бастап 60 (алпыс) күн ішінде бір төрешіні тағайындайды. Таңдалған екі төреші, егер үшінші төреші екі Уағдаласушы тарап дипломатиялық қатынастарды жасайтын үшінші мемлекеттің азаматы болса, 30 (отыз) күн ішінде төраға функцияларын орындайтын үшінші төрешінің кандидатурасын келіседі.

      3. Төрелік сот өзінің рәсімдерін айқындайды және осы Келісімнің ережелеріне және Уағдаласушы тараптар таныған халықаралық құқық қағидаттарына сәйкес өз шешімдерін қабылдайды.

      4. Егер осы баптың 2-тармағында көрсетілген соңғы мерзімдер сақталмаса, кез келген Уағдаласушы тарап қандай да бір басқа уағдаластық болмаған кезде Халықаралық сот төрағасына қажетті тағайындаулар жүргізуді ұсына алады. Егер төраға Уағдаласушы тараптардың кез келгенінің азаматы болып табылса немесе оған көрсетілген функцияларды орындауға өзгеше мүмкіндік берілмесе, вице-президент қажетті тағайындауларды жүргізуге тиіс. Егер вице-президент Уағдаласушы тараптардың кез келгенінің азаматы болып табылса немесе оған да аталған функцияны орындауға мүмкіндік берілмесе, Уағдаласушы тараптардың ешқайсысының азаматы болып табылмайтын, келесі жоғары тұрған сот мүшесі қажетті тағайындауларды жүргізеді.

      5. Төрелік сот ақылға қонымды уақыт кезеңі ішінде өз шешімдерін көпшілік дауыспен қабылдайды. Мұндай шешімдер түпкілікті болуға және міндетті түрде орындалуға тиіс.

      6. Әрбір Уағдаласушы тарап өзінің төрешісіне және оның төрелік талқылаудағы өкілдігіне жұмсалған шығыстарды көтереді. Төрелік сот төрағасының өз міндеттерін орындау бойынша шығыстарын және төрелік соттың қалған шығыстарын Уағдаласушы тараптар тең дәрежеде көтереді.

13-бап

Инвестор мен мемлекет арасындағы дауды реттеу

      Анықтамалар

      1. Осы баптың мақсаттары үшін инвестициялық дау - бұл көрсетілген инвесторлардың инвестицияларына қатысты осы Келісімде берілген кез келген құқықтың болжамды бұзылуы себебі бойынша немесе одан туындайтын нұқсан немесе залал шеккен Уағдаласушы тарап пен екінші Уағдаласушы тарап инвесторының арасындағы дау.

      2. Осы бапта ештеңе де инвестициялық даудың тарапы болып табылатын инвесторға (бұдан әрі осы бапта "дау айтушы инвестор" деп аталады) инвестициялық даудың тарапы болып табылатын Уағдаласушы тарапта (бұдан әрі осы бапта "дауласушы тарап" деп аталады) әкімшілік немесе сотта реттелуге қол жеткізуіне кедергі келтіретіндей түсіндірілмеуге тиіс.

      3. Инвестициялық дау мүмкіндігінше дауға қатысушы инвестор мен дауласушы тарап (бұдан әрі осы бапта "дауласушы тараптар" деп аталады) арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешілуге тиіс.

      Ішкі төрелікке жүгіну

      4. Әрбір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тарап инвесторларына осыған ұқсас мән-жайлар кезінде өз инвесторларына немесе мұндай инвесторлардың құқықтарын қамтамасыз ету әрі қорғау үшін Уағдаласушы тарап болып табылмайтын тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына соттар мен әкімшілік трибуналдарға және юрисдикцияның барлық дәрежесіндегі мекемелерге жүгінуге қатысты беретін режимнен қолайлылығы кем емес режимді береді.

      5. Халықаралық инвестициялық шарттар мен басқа да коммерциялық келісімдерде инвесторлар мен мемлекеттер арасындағы инвестициялық дауларды шешу рәсімдерін қамтыған кезде және басқа халықаралық инвестициялық шарттар мен басқа да сауда келісімдерінде елеулі міндеттемелер қамтылған кезде, бұл осы бапқа және осы Келісімнің 4-бабына сәйкес "режимді" білдірмеуге тиіс, демек осы бапты және осы Келісімнің 4-бабын бұзуға алып келмейді.

      Халықаралық төрелікке жүгіну

      6. Егер қандай да бір инвестициялық дауды, дауға қатысушы инвестор жазбаша нысанда консультация немесе келіссөздер сұратқан күннен бастап 6 (алты) ай ішінде бейбіт жолмен реттеу мүмкін болмаса және егер дауға қатысушы инвестор инвестициялық дауды дауласушы тараптың ұлттық соттарына немесе әкімшілік трибуналдарға шешуге бермесе, дауға қатысушы инвестор инвестициялық дауды мынадай халықаралық келісу форумдарының немесе төрелік форумдардың бірінің қарауына:

      (a) егер Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенция (бұдан әрі осы бапта "ИДРХО конвенциясы" деп аталады) Уағдаласушы тараптар арасында қолданылса; және ИДРХО конвенциясының тиісті бабына сәйкес 1980 жылғы 8 мамырда Сауд Арабиясы Корольдігі жіберген хабарлама шартымен ИДРХО конвенциясына сәйкес татуласуға немесе төрелікке;

      (b) егер ИДРХО конвенциясы Уағдаласушы тараптар арасында қолданылмаса, Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың қосымша тетігінің қағидаларына сәйкес татуласуға немесе төрелікке;

      (c) Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) 2010 жылғы Төрелік регламентіне сәйкес төрелікке; немесе

      (d) егер бұл дауласушы тараптар арасында келісілсе, "Астана" халықаралық қаржы орталығының халықаралық төрелік орталығына немесе "Астана" халықаралық қаржы орталығының сотына; немесе

      (e) егер бұл дауласушы тараптар арасында келісілсе, басқа да төрелік қағидаларға сәйкес кез келген төрелік талқылауға беріледі.

      7. Осы баптың 6-тармағына сәйкес инвестициялық дауды татуласуға немесе төрелікке беруге ниет білдірген дауға қатысушы инвестор дауласушы тарапқа наразылық берілгенге дейін кемінде 90 (тоқсан) күн бұрын мұны істеу ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберуге тиіс. Ниет туралы хабарламада мыналар:

      (a) дауға қатысатын инвестордың аты мен мекенжайы;

      (b) дауласушы тараптың нақты шаралары және осы Келісім бойынша бұзылды деп мәлімделген міндеттемелерді қоса алғанда, проблеманы анық көрсету үшін жеткілікті инвестициялық даудың нақты және құқықтық негізінің қысқаша мазмұны;

      (c) осы баптың 6-тармағында көрсетілген, дауға қатысушы инвестор таңдайтын татуласу немесе төрелік; және

      (d) сұратылып отырған өтемақы және мәлімделген залалдың шамалас сомасы көрсетілуге тиіс.

      8. (а) Әрбір Уағдаласушы тарап осымен дауға қатысушы инвестордың
осы баптың 6 және 7-тармақтарында көрсетілген, дауға қатысушы инвестор таңдаған инвестициялық дауларды татуласуға немесе төрелікке беруіне келіседі.

      (b) (а) тармақшаға сәйкес берілген келісім және дауға қатысушы инвестордың төрелікке талап арыз беруі мынадай талаптарды:

      (i) ИДРХО конвенциясының II тарауын немесе даудағы тараптардың жазбаша келісіміне қатысты Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың қосымша көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларын; және

      (іi) Нью-Йорк конвенциясының жазбаша хабарламаға қатысты (II) бабының ережелерін қанағаттандыруға тиіс.

      9. Дау тарапы болып табылмайтын Уағдаласушы тарап төрелік сотты жазбаша хабардар ету арқылы осы Келісімді түсіндіру немесе оның қолданылуы туралы өз пікірін бере алады.

      10. Осы баптың кез келген басқа ережелеріне қарамастан, инвестициялық дауды осы дауға қатысушы инвестор осы Келісімнің бұзылуы мүмкін екендігі және болжамды залалдар туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен соң үш жылдан кейін басталатын күннен бастап осы бапта сипатталған тәсілмен татуласуға немесе төрелікке беруге болмайды.

      11. Егер дауласушы тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы баптың 6-тармағына сәйкес құрылған төрелік сот 3 (үш) төрешіден, дауласушы тараптардың әрқайсысы тағайындаған бір төрешіден және дауласушы тараптардың келісімі бойынша тағайындалған төрағалық ететін төреші болып табылатын үшінші төрешіден тұруға тиіс. Егер дауға қатысушы инвестор немесе дауға қатысушы тарап инвестициялық дау төрелікке берілген күннен бастап 90 (тоқсан) күн ішінде төрешіні немесе төрешілерді тағайындамаса, дау тараптарының кез келгені осы баптың 13 және 14-тармақтарының талаптарын ескере отырып, ИДРХО төрешілер алқасы құрамынан әлі тағайындалмаған төрешіні немесе төрешілерді тағайындау туралы өтінішпен Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың Бас хатшысына жүгіне алады.

      12. Егер дау тараптары өзгеше уағдаласпаса, үшінші төреші Уағдаласушы тараптардың дипломатиялық қатынасы бар үшінші мемлекеттің азаматы болуға тиіс және Уағдаласушы тараптардың ешқайсысында өзінің әдеттегі тұрғылықты жері болмауға, дау тараптарының ешқайсысына жалданбауға, кез келген түрде инвестициялық даумен айналыспауға тиіс.

      13. Төрешілер қажетті дағдыларға ие болуға және өздерінің бейтараптығы мен тәуелсіздігін, сондай-ақ дауды реттеу рәсімін қайта қарауда ақылға қонымды шығындарды қамтамасыз етуге тиіс.

      14. Төрелік талқылау, егер дауласушы тараптар өзгеше уағдаласпаса, шетелдік төрелік шешімдерді тану және оны орындау туралы Нью-Йорк конвенциясына қатысушы болып табылатын елде жүргізіледі.

      15. Осы бапқа сәйкес құрылған Төрелік сот осы Келісімге және халықаралық құқықтың қолданылатын нормаларына сәйкес даулы мәселелерді шешеді.

      16. Төрелік сот дауға қатысушы инвестордың құқықтарын сақтау үшін немесе дауласушы тараптардың кез келгенінің иелігіндегі немесе бақылауындағы дәлелдемелерді қорғау туралы нұсқаманы қоса алғанда, төрелік талқылауды жүргізуді жеңілдету үшін уақытша қорғау шарасын белгілей алады. Төрелік сот тыйым салу туралы қаулы шығармауға немесе осы баптың 1-тармағында айтылған бұзушылық деп мәлімделген шараны қолдануға нұсқама бермеуге тиіс.

      17. Төрелік сот шығарған шешім мыналарды:

      (а) дауласушы тараптың осы Келісім бойынша дауласушы инвесторға және олардың инвестицияларына қатысты қандай да бір міндеттемелерді бұзуының орын алғаны туралы шешімді; және

      (b) егер мұндай бұзушылық орын алса, құқықтық қорғау құралын қамтуға тиіс. Құқықтық қорғау құралы төмендегілердің бірімен немесе екеуімен де:

      (i) қабылдаушы мемлекеттің орталық банкі бекіткен пайданың қолдану нормасы ескеріле отырып, ақшалай залалды төлеумен; және

      (ii) мүліктің реституциясымен шектелуге тиіс және бұл жағдайда төрелік шешім дауласушы тарап реституция орнына қайтарудың қолданылатын нормасына сәйкес ақшалай залалды өтей алатыны көзделуге тиіс.

      18. Осы Келісімнің 17-тармағына сәйкес шығарылған шешім дау тараптары үшін түпкілікті және міндетті болып табылады. Дауға қатысушы тарап төрелік шешімнің ережелерін орындауға және оның орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.

      19. Уағдаласушы тараптардың ешқайсысы екінші Уағдаласушы тарап пен бірінші Уағдаласушы тараптың инвесторы осы баптың 6-тармағында көрсетілген төрелікке беруге келіскен немесе берген инвестициялық дауға қатысты, егер екінші Уағдаласушы тарап осындай инвестициялық дау бойынша шығарылған шешімді ұстануға және орындауға міндеттенбесе, дипломатиялық қорғауды ұсынбайды немесе халықаралық талап-арыз қоймайды. Осы тармақтың мақсаттары үшін дипломатиялық қорғау инвестициялық дауды реттеуге бір ғана жәрдемдесу мақсатымен ғана бейресми дипломатиялық алмасуларды қамтымайды.

      20. Қосымша сенімді болу үшін инвестор, егер инвестиция қулыққа, бүркемелеуге, жаңылыстыруға, жасыруға, сыбайлас жемқорлыққа, шарттар жасасуға, азаматтықты жоспарлауға немесе қатыгездікке алып келетін кез келген шараға негізделген болса, инвестициялық дауды төрелікке беру үшін осы баптың ережелерін пайдаланбауға тиіс.

      21. Осы баптың мақсаттары үшін франшизалар, лицензиялар, рұқсаттар, авторизация немесе кез келген заңды акт немесе осыған ұқсас келісімшарт нақты инвестицияға байланысты дауларды реттеу туралы ережелерді қамтыған кезде көрсетілген дау тек тиісті франшизаларда, лицензияларда, рұқсаттарда, авторизацияларда немесе келісімшартта баяндалған және осы баптың күші қолданылмайтын дауларды реттеу туралы ережелерге сәйкес реттелуге тиіс.

      22. Уағдаласушы тараптар дауға қатысатын инвестор мүдделі Уағдаласушы тараптың құзыретті сотында нақ сол бір инвестициялық дауды реттеу үшін осы бапта көзделген төрелік талқылауларға бір мезгілде жүгіне алмайтынымен келіседі. Құзыретті орган қабылдаған шешім міндетті болып табылады және Уағдаласушы тарап заңнамасының ережелеріне қарамастан, шағымдануға жатпайды.

      23. Осы Келісімде ешнәрсе Уағдаласушы тараптардың орталық банктерінің кез келген иммунитеттерінен, артықшылықтарынан және (немесе) оларға немесе өзге де меншік құқығында тиесілі кез келген қолданылатын құқық пен халықаралық шарттарға сәйкес мүліктен бас тарту немесе оларды өзгерту ретінде түсіндірілмейді.

14-бап

Уақытша қорғау шаралары

      1. Уағдаласушы тарап мынадай жағдайларда:

      (a) төлем балансында күрделі проблемалар мен сыртқы қаржылық қиындықтар немесе олардың туындау қаупі болған; немесе

      (b) капиталдың қозғалысы макроэкономикалық басқаруға, атап айтқанда, ақша-кредит саясаты мен айырбас бағамы саясатына елеулі қиындықтар туғызатын немесе оларды тудыру қаупін төндіретін ерекше мән-жайларда капиталмен жасалатын трансшекаралық операцияларға қатысты осы Келісімнің 4-бабы және осы Келісімнің 12-бабы бойынша оның міндеттемелеріне сәйкес келмейтін шараларды қабылдай алады немесе сақтай алады.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған рәсімдерде мыналар сақталуға тиіс:

      (а) осы баптың 1-тармағында баяндалған мән-жайларды қарау үшін қажетті шаралардан аспауға тиіс;

      (b) уақытша сипатқа ие және шарттар мүмкіндік бере салысымен ғана тоқтатылады;

      (c) екінші Уағдаласушы тарап дереу хабардар етіледі; және

      (d) екінші Уағдаласушы тараптың коммерциялық, экономикалық және қаржылық мүдделеріне қажетсіз нұқсан келтірмеуге тиіс.

      3. Осы Келісімде ештеңе де Уағдаласушы тарап пайдаланатын құқықтарды және Халықаралық валюта қоры Келісімінің баптарына қатысушы ретінде өзіне қабылдаған міндеттемелерді өзгертуші ретінде қарастырылмауға тиіс.

15-бап

Сақтық шаралары

      1. Осы Келісімнің басқа ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы тарапқа инвесторларды, салымшыларды, сақтандыру полистерінің иелерін немесе қаржылық қызметтер ұсынатын кәсіпорын алдында фидуциарлық міндеттемелері бар адамдарды қорғау жөніндегі немесе өзінің қаржы жүйесінің тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған шараларды қоса алғанда, сақтық пайымдаулары бойынша қаржылық қызметтер көрсетудің тұрақтылығына қатысты шаралар қабылдауға тыйым салынбауға тиіс.

      2. Уағдаласушы тарап осы Келісімнің ережелері бойынша міндеттемелерге сай келмейтін, осы баптың 1-тармағына сәйкес қандай да бір шаралар қабылдайтын жағдайларда, мұндай шаралар уақытша, кемсітусіз және жалпы қолданылатын болуға тиіс; мұндай шаралар ерікті болмауға тиіс және қиындықтарды еңсеруге қажет шаралардан аспауға тиіс.

16-бап

Зияткерлік меншік құқығы

      1. Осы Келісімде ештеңе де Уағдаласушы тараптардың кез келгені жасасқан зияткерлік меншік құқықтарын қорғау туралы көпжақты келісімдер бойынша құқықтар мен міндеттемелерді кемітетін ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

      2. Осы Келісімде ештеңе де кез келген Уағдаласушы тарапты екінші Уағдаласушы тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына бұрынғы Уағдаласушы тарап кірген зияткерлік меншік құқықтарын қорғау туралы көпжақты келісімдердің күшімен уағдаласпаушы Тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына берілетін режимді таратуға міндеттейтін ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

      3. Уағдаласушы тараптар зияткерлік меншік құқықтарын тиісінше және тиімді қорғауға тиісті көңіл бөледі және осы мақсатта Уағдаласушы тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша бір-бірімен дереу консультация жүргізеді.

17-бап

Шолу

      Уағдаласушы тараптар осы Келісімді қайта қарау мақсатында осы Келісім күшіне енгеннен кейін 5 (бес) жыл ішінде бір-бірімен консультация жүргізеді және инвестицияларды одан әрі қорғауға және көтермелеуге әкелетін кез келген қажетті қосымша рәсімдерді қабылдайды.

18-бап

Артықшылықтар беруден бас тарту

      1. Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тараптың кәсіпорны болып табылатын екінші Уағдаласушы тараптың инвесторына және оның инвестицияларына, егер кәсіпорын Уағдаласушы тарап болып табылмайтын тараптың инвесторларына тиесілі болса немесе инвесторы бақылайтын болса және егер бас тартушы Уағдаласушы тарап:

      (a) Уағдаласушы тарап болып табылмайтын тараппен дипломатиялық қатынастарды қолдамаса; немесе

      (b) егер осы Келісімнің пайдасы кәсіпорынға немесе оның инвестицияларына берілсе, Уағдаласушы тарап болып табылмайтын, кәсіпорынмен мәмілелерге тыйым салатын немесе бұзылатын немесе айналып өтетін тарапқа қатысты шаралар қабылдаса; немесе

      (c) БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің қарарына сәйкес экономикалық санкцияларды қоса алғанда, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау мақсатында жеңілдіктерден бас тартса, осы Келісімнің артықшылықтарынан бас тарта алады.

      2. Уағдаласушы тарап алдын ала хабардар ету және консультациялар жүргізу шартымен, егер аталған кәсіпорын Уағдаласушы тарап болып табылмайтын мемлекетке тиесілі немесе мемлекет бақылайтын болса немесе қабылдаушы елдің азаматына тиесілі болса, бірақ осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген инвестициялар сипаттамалары бар елеулі кәсіпкерлік қызметті жүргізбесе, екінші Уағдаласушы тараптың инвесторына және осы Уағдаласушы тараптың кәсіпорны болып табылатын оның инвестицияларына осы Келісімнің артықшылықтарынан бас тарта алады.

19-бап

Жалпы ерекшеліктер

      Мұндай шаралар инвесторлар арасындағы еркін немесе негізсіз кемсітушілік құралы ретінде осындай жағдайлар қолданылмайтын түрде немесе инвестициялық ағындарды жасырын шектеумен қолданылмаса, осы Келісімде ештеңе де кез келген Уағдаласушы тараптың мынадай себептер бойынша қажетті деп есептелетін шараларды қабылдауға немесе орындауға кедергі келтіретін ретінде түсіндірілмеуге тиіс:

      (a) ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық моральды, қоғамдық тәртіпті, мәдени және тілдік әртүрлілікті қорғау үшін;

      (b) адам өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау үшін;

      (c) білім беру, сумен жабдықтау және денсаулық сақтау сияқты негізгі көрсетілетін қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ету үшін;

      (d) қабылдаушы елдің даму саласындағы сауда, қаржылық қажеттіліктерін қанағаттандыру және агрессивті салықтық жоспарлаумен күресу сияқты дамуға байланысты неғұрлым жан-жақты қамтылған кепілдіктерді қолдануға рұқсат ету үшін;

      (e) Уағдаласушы тараптардың осы Келісімнің ережелеріне, оның ішінде:

      (i) жаңылыстыратын және алаяқтық әрекеттерді болғызбау немесе инвестициялық келісімдердің орындалмау салдарын жоюға;

      (ii) дербес деректерді өңдеуге және таратуға байланысты жеке және заңды тұлғалардың жеке өміріне қол сұғылмаушылықты қорғауға және жеке және заңды тұлғалардың жазбалары мен есептік жазбаларының құпиялылығын қорғауға;

      (iii) қоғамдық қауіпсіздікке;

      (iv) деректерге және онымен байланысты заңдарға қатысты егемендікке;

      (v) көркем, тарихи немесе археологиялық құндылығы бар ұлттық ескерткіштерді қорғау үшін енгізілгендерге; немесе

      (vi) әр Уағдаласушы тараптың заңнамасына сәйкес сарқылатын табиғи ресурстарды сақтауға қатысты ережелерін қоса алғанда, қайшы келмейтін заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажет.

20-бап

Қауіпсіздік қағидаларынан тыс ерекшеліктер

      Осы Келісімде ештеңе де:

      (a) кез келген Уағдаласушы тараптан ақпараттың ашылуы, өз пікірінше, оның негізгі қауіпсіздік мүдделеріне қайшы келетін кез келген ақпаратқа қол жеткізуді ұсынуды немесе оған рұқсат беруді талап ету; немесе

      (b) кез келген Уағдаласушы тараптың Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы бойынша халықаралық бейбітшілікті немесе қауіпсіздікті қолдауға немесе қалпына келтіруге қатысты немесе өзінің негізгі қауіпсіздік мүдделерін қорғау немесе маңызды экономикалық дағдарыстарды реттеу жөніндегі өз міндеттемелерін орындау үшін қажетті деп есептейтін шараларды қабылдауға кедергі келтіру ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

21-бап

Ақпаратты ашу

      Уағдаласушы тараптар екінші Уағдаласушы тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына қатысты инвестициялық саясаттың, қағидалар мен рәсімдердің ашықтығын арттыру мақсатында ынтымақтасады. Бұл мыналарды:

      (a) инвестициялық ұсыныстарды бағалау үшін басшылыққа алатын қағидаттарын іріктеудің және өлшемшарттардың нақты анықтамаларын ұсынуды;

      (b) инвестициялық құрылым туралы, яғни Уағдаласушы тараптардың аумақтарында шетелдік инвестицияларды енгізу мен олардың жұмыс істеуіне қолданылатын олардың заңнамасы туралы нақты және өзекті ақпарат беруді;

      (c) инвестицияларды көтермелеу бойынша өзінің тиісті агенттіктеріне Уағдаласушы тараптардың инвестициялық саясатына, инвестициялық заңнамасына, сондай-ақ инвестициялауға өтінімдерге қатысты барлық сұрау салуларды алу мен оларға жауап беруді тапсыруды;

      (d) рәсімдердегі, қолданылатын стандарттардағы, техникалық регламенттердегі және басқа да нақты талаптардағы өзгерістер туралы ақпарат беруді;

      (e) корпоративтік басқаруды жетілдіруді және оның ашықтық пен сенім қағидаттарына сәйкестігін қамтамасыз етуді қамтиды.

22-бап

Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім Уағдаласушы тараптың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті олардың мемлекетшілік рәсімдерін аяқтағанын растайтын соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді. Ол күшіне енгеннен кейін он (10) жыл бойы күшінде қалады және осы баптың 2-тармағында көзделгендей, оның қолданылуы тоқтатылғанға дейін күшінде қалады. Осы Келісім күшіне енгенге дейін осы екінші Уағдаласушы тараптың қолданыстағы заңнамасына сәйкес екінші Уағдаласушы тарапта сатып алынған кез келген Уағдаласушы тарап инвесторларының барлық инвестицияларына да осы Келісім қолданылады.

      2. Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тарапқа дипломатиялық арналар арқылы өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарламаны бастапқы онжылдық кезең аяқталған күнге дейін 12 (он екі) ай бұрын немесе одан кейінгі кез келген уақытта жібере отырып, осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады.

      3. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты осы Келісімнің ережелері осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған күннен бастап 5 (бес) жыл бойы қолданылуын жалғастырады.

      4. Осы Келісім орын алған оқиғалардан туындайтын қабылданған шараларға немесе талаптарға немесе ол күшіне енгенге дейін реттелген талаптарға қолданылмайды.

      5. Уағдаласушы тараптар өзара келісім бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамамен ресімделеді және осы баптың 1-тармағында көзделгендей күшіне енеді.

      Осыны куәландыру үшін өздерінің тиісті үкіметтері тиісінше уәкілеттік берген төмендегі қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      20__ жылғы "__" ________ қаласында қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде жасалды әрі барлық мәтін теңтүпнұсқалы болып табылады. Түсіндіру кезінде қандай да бір алшақтықтар туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Сауд Арабиясы КорольдігініңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады