Ұрлау туралы іс жөніндегі сот тәжірибесі туралы

Күшін жойған

Қаулы Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумы 1985-жылғы 28-маусым N 5, Пленумның 1996-жылғы 20-желтоқсандағы N 11 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен бірге. (Қазақстан Республикасы (Қазақ КСР) Жоғарғы Соты Пленумы қаулыларының жинағы, 1997 ж., 1 том, 79 бет). Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі N 8 нормативтік қаулысымен.

      Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Пленумы

      Қаулы етеді:

      1. Соттардың назары мемлекеттік және қоғамдық мүлікті ұрлау туралы істер жөніндегі сот тәжірибесінде кездесетін кемшіліктерді жоюға, материалдық және іс жүргізу заңы қалыптарын, КСРО Жоғарғы Соты мен Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының басшылыққа алуға тиісті түсіндірмелерін бұл сипаттағы істерді қарағанда оның дұрыс және уақытылы қаралуын қамтамасыз етуге аударылсын.

      Заң талаптары мен КСРО Жоғарғы Соты Пленумының "Мемлекеттік және қоғамдық мүлікті ұрлау туралы істер жөніндегі сот тәжірибесі туралы" 1972 жылғы 11-шілдедегі N 4 қаулысының 1-тармағында айтылған нұсқауларға сәйкес соттар бұл санаттағы істерді қарағанда ұрлықтың тәсілі мен мөлшерін, әр оқиға бойынша жасалған ұрлығы үшін әр адамға қатысты мән-жайларды, ұрлыққа қатысушылардың және ұрлыққа итермелеген адамның барлығының анықталғанын тексеріп, олардың жауаптылығы туралы мәселенің шешілгенін анықтап, зерттеп отыруы қажет.

      2. Соттар ұрлағаны үшін айыпты деп танылған әр адамға қатысты жазаның түрі мен мөлшерін тағайындағанда оған жеке-жеке қарау туралы заң талаптарын қатаң сақтауға тиіс.

      Соттар халық байлығын қасақана талан-таражға салушыларға, қылмысты ұйымдастырушыларға, рецидивистерге қатаң шаралар тағайындай отырып, бір мезгілде қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін алғаш қылмыс жасаған адамдарға бас бостандығынан айыруға қатысы жоқ жаза шараларын қолдану мүмкіндігі туралы мәселені де талқылауға тиіс.

      3. Ұрлау туралы істер жөніндегі жазаның мақсаты оның алдын алуға және тәрбиелеуге жету үшін мүлікті тәркілеу және белгілі бір қызметті атқару немесе белгілі бір кәсіппен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза шараларын дұрыс тағайындаудың үлкен мәні барын соттардың ескергені жөн.

      Заңда айыптыға мүлкін тәркілеуді тағайындау көрсетілген барлық жағдайда соттар оны қолдану немесе қолданбау мәселесін талқылауға тиіс. Егер заң бойынша мүлікті тәркілеу міндетті болса, оны қолданбау тек, ҚК-тің 39-бабында көрсетілген мән-жайлардың негізінде ғана болуы мүмкін және соттың мұндай шешімінің дәлелдері үкімде міндетті түрде көрсетілуі керек.

      Айыптыға тиесілі мүлік іс қаралған кезде болмаса, тәркілеуді қолданбауға өз-өзінен негіз бола алмайды, себебі ондай мүлік үкімді орындау барысында ашылуы мүмкін.

      4. Үйге немесе басқа да қоймаға "кіру" белгісі бойынша ұрлықты саралау туралы мәселені шешкенде КСРО Жоғарғы Соты Пленумының "КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының "Қылмыстық және еңбек-түзеу заңын одан әрі жетілдіру туралы" 1982-жылғы 26-шілдедегі және "КСРО-ның кейбір заң құжаттарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" 1982-жылғы 15-қазандағы жарлықтарын қолданғанда сот тәжірибесінен туындайтын кейбір мәселелер туралы" 1984-жылғы 26-сәуірдегі N 2 қаулысының 14-тармағындағы "кіру" дегеніміз үй-жайға немесе өзге қойма орындарына ұрлау, тонау немесе шабуыл жасап тонау мақсатымен ашық немесе жасырын кіру деген түсіндірмелерді соттар басшылыққа алуы керек.

      Бұл саралау белгісі жасырын немесе ашық ұрлыққа кірісудің алдында туған ойдан орын алуы мүмкін.

      "Өзге қойма орындарын" қоршау, яки техникалық құралдармен жабдықталған немесе басқа да күзетпен қамтамасыз етілген материалдық байлықты тұрақты немесе уақытша сақтауға бөлінген аумақ учаскесі деп түсінген жөн.

      Сондықтан да күзет қойылмаған, яки кіруге кедергісі жоқ ыңғайластырып жасалған қалқалары бар комбайндардың шанағы, автомашиналардың ашық қораптары, платформалар мен жартылай вагондар "өзге қойма орындарына" жатпайды.

      5. Ұрлық жасауға оқталудан аяқталған ұрлықты шектегенде соттар жоғарыда аталған КСРО Жоғарғы Сотының 1972 жылғы 11-шілдедегі N 4 қаулысының 10-тармақтарында түсіндірілгендей айыптының ұрланған затты өз қалауымен жұмсауға немесе оны пайдалануға нақты мүмкіндігі болған-болмағанын біліп алуы керек. Ондайда айыптының өздігінен қамтудың бір бөлімінен немесе секциясынан мүлікті жасырын алып, магазиннің басқа бөліміне (секциясына) немесе фойесіне барып, ұрланған затты өз қалауымен жұмсап немесе пайдалануға нақты мүмкіндік алатын сауда қызметін көрсетудің жаңа түрлерінің ерекшеліктерін де ескерген жөн.

      (Алтыншы, жетінші, сегізінші және тоғызыншы тармақтар Пленумның 1996-жылғы 20-желтоқсандағы N 11 қаулысымен күшін жойды деп танылған).

      10. Соттардың ұрлықтан болған материалдық зиянның орнын дер кезінде және толық толтыру туралы заң талаптарын қатаң орындауға тиіс. Осы мақсатқа байланысты іс сотқа түскен кезеңде материалдық зиянның орнын толтыру жөнінде шаралар қолданылғанын және іс бойынша азаматтық талап арыз берілгенін анықтап алғаны жөн.

      Азаматтық талап арыз берілмеген жағдайда зиян шеккен кәсіпорын, мекеме, ұйымдарға талап арыз беру құқығын түсіндіріп, соттың араласуымен материалдық зиянның орнын толтыру жөнінде мәселе қарауға мүмкіндік жасайтын шараларды қолдану керек. Сот өз бастамасы бойынша ұрлықтан болған зиянның орнын толтыруды сотталушының міндетіне арту туралы шешім қабылдауы мүмкін.

      КСРО Жоғарғы Соты Пленумының "Кәсіпорындарда агроөнеркәсіп кешені ұйымдарында социалистік меншікті сақтау, мемлекеттік, шарттық және еңбек тәртібін нығайту жолындағы күресте соттардың ролін одан әрі арттыру туралы" 1984 жылғы 15-қарашадағы N 21 Қаулысының 21-тармағында айтылған ұсыныстарға сәйкес, соттар мал, астық, жем және ауыл шаруашылығының басқа да өнімдерін ұрлаудан келген зиянның орнын зат түрінде толтыруға шара қолдануы қажет.

      (Он бірінші тармақ Пленумның 1996-жылғы 20-желтоқсандағы N 11 қаулысымен күшін жойды деп танылған).

      12. Соттар әр іс бойынша ұрлықтың жасалуына септігін тигізген себептер мен жағдайларды терең де жан-жақты зерттеп, оны жоюға бағытталған шараларды қолдануға тиіс.

      13. Қазақ КСР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы, облыстық және Алматы қалалық соттары заңды дұрыс және бірізді қолдану, сот қателіктерінің алдын алып, оны дер кезінде түзету шараларын қолданулары тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады