Қазақстанмен танысу үшiн сапарда жүрген, еңбек контракттары бойынша жұмысқа, экономикалық қарым-қатынастарды жолға қою мен қайырымдылық iстерi бойынша, туған-туысқандарымен дидарласып қайтуға, сондай-ақ оқуға түсу үшiн келген шетелдердегi қазақ диаспорасы өкiлдерiнiң республика территориясында жүрiп-тұруына қолайлы жағдайлар туғызу мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Шетелдiк қазақ диаспорасының өкiлдерiне Қазақстан территориясында болған кезiнде ведомстволық бағынысына қарамастан мейманханалардағы жамбаспұл үшiн, республикалық әуе жолдары ұшақтары мен республика iшiндегi темiр жол көлiгiне алынған билет үшiн республика азаматтарына белгiленген төлеу тәртiбi қолданылатын болсын.
2. Басқа мемлекеттердiң азаматтары болып табылатын қазақ жiгiттерi мен қыздарына кәсiптiк-техникалық, орта арнаулы және жоғары оқу орындарына, аспирантураға оқуға түсулерiне, сондай-ақ тағылымдамадан өтулерiне Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей хұқық берiлсiн, олар стипендиямен, басқа да қажеттi материалдық жағдайлармен мемлекет есебiнен қамтамасыз етiлсiн.
3. Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгi бiр ай мерзiм iшiнде басқа мемлекеттердiң азаматтары саналатын қазақ жастарын бiлiми және кәсiби бейiмдеудiң, оларды әлеуметтiк-экономикалық қолдаудың бағдарламасын және ведомстволық бағынысына қарамастан орта арнаулы және жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау шарттарын әзiрлеп, оны Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне енгiзетiн болсын.
4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне, облыстардың әкiмдерiне, Алматы қаласының әкiмiне басқа елдерде тұратын қазақ ұлтының адамдарына өндiрiстiк ғимараттар, тұрғын үйлер салуға жер учаскелерiн бөлуде, тұрғын үй құрылысы кооперациясына қатысуда, асханаларды, дүкендердi, тұрмыстық қызмет шеберханаларын жалға алуда, бiрлескен кәсiпорындар құруда, мемлекеттiк меншiктiң барлық нысандарын жекешелендiру жөнiндегi аукциондарға қатысуда белгiлi бiр жеңiлдiктер мен басымдықтар беру жөнiнде шаралар қолдану ұсынылсын.
5. Мыналар:
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi-шетелдiк қазақ диаспорасы өкiлдерiнiң республикамызда болған кезiнде олардың емдеу-сауықтыру жәрдемiн пайдалануының тәртiбiн белгiлесiн, республика азаматтарына ортақ негiзде санаторийлiк-курорттық емделулерiн қамтамасыз етсiн;
Қазақстан Республикасының Туризм, дене мәдениетi және спорт министрлiгi - мүдделi ұйымдармен бiрлесiп, шетелдiк отандастардың ұлттық-этникалық мүддесiн ескере отырып, республикамыздың аймақтары бойынша таныстық сапарлары үшiн арнайы туристiк маршруттар белгiлесiн;
Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi - шетелдiк қазақ диаспорасы өкiлдерiне белгiленген тәртiп бойынша республикамызға келу визасын беру және "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Заңға сәйкес республика азаматтығын алуға қатысты құжаттарды ресiмдеу шараларын белгiлесiн;
Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi - шетелдiк қазақ диаспорасының келген өкiлдерiнiң уақтылы тiркелуi мен олардың республика территориясында жүрiп-тұруына қажеттi құжаттарды әзiрлеу жөнiнде тиiстi шаралар қолдансын. "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға ниет бiлдiрген әрi түпкiлiктi тұруға рұқсат алған азаматтардың қажеттi iс қағаздарын ресiмдеудi қамтамасыз етсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi