1. Вильнюс қаласында 1993 жылғы 21 шiлдеде қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Литва Республикасы Үкiметiнiң арасындағы "Жолаушылар мен жүктердiң автомобиль көлiгiмен халықаралық тасымалдары туралы", "Темiр жол қатынасы және темiр жол көлiгi саласындағы ынтымақтастық туралы", "Әуе қатынасы туралы" келiсiмдер бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi осы Келiсiмдердiң бекiтiлгенi туралы Литва Республикасының Үкiметiн хабардар етсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Литва Республикасы
Yкiметi арасындағы жолаушылар мен жүктердің автомобиль
көлігімен халықаралық тасымалдары туралы
КЕЛІСІМ
(Келісім 1993 жылғы 3 желтоқсаннан бастап күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2004 ж., N 2, 5-құжат)
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Литва Республикасы, бұдан былай "Келісуші Жақтар" деп аталатын болады,
екіжақтық сауда-экономикалық қатынастардың қолайлы дамуын еске ала отырып,
екі ел арасындағы автомобиль қатынасын одан әрі дамытуға, сондай-ақ өз территориялары бойынша транзитпен өткізуге деген ынталықты басшылыққа ала отырып,
осы Келісімді жасауға шешім қабылдады:
Осы Келісімге сәйкес екі елдің арасында және олардың территориялары бойынша үшінші елдерге транзитпен өтетін автокөлік құралдарымен жолаушылар мен жүктердің жүйеленген және жүйеленбеген тасымалдары жасалатын болды.
1. Жолаушылар тасымалдайтын көлік құралы деп, жүргізушіні қосып есептегенде, 9 адамнан артық жолаушыларды тасу үшін жасалып, жабдықталған игерімді көлік құралын түсіну қажет.
2. Жолаушылардың жүйеленген тасымалдары деп осы Келісімге сәйкес алдын-ала келісілген және жарияланған қозғалыс кестесі мен тарифтер бойынша жолаушыларды мінгізіп-түсіріп отыратын пункттері бар белгілі маршрут бойынша нақтылы жиілікпен жасалатын тасымалдарды түсіну қажет.
3. Келісуші Жақтар арасында немесе олардың территориясы бойынша транзитпен өтетін жүйеленген жолаушылар тасымалдарын жасау үшін Келісуші Жақтардың құзырлы органдары тарапынан берілетін рұқсат қағаздар талап етіледі. Рұқсат қағаздар өзара келісім бойынша әрбір Келісуші Жақтың өзінде қалыптасқан тәртіппен беріледі. Рұқсаттардың 3 жылдық мерзімге берілуі ықтимал Келісуші Жақтардың әрқайсысының құзырлы органдары рұқсатты маршруттың өз территориясындағы бөлігіне ғана бере алады.
4. Жүйеленген тасымалдарды ұйымдастыру туралы ұсыныстарды Келісуші Жақтардың құзырлы органдары бір-біріне күнібұрын беріп отырады. Бұл ұсыныстарда тасымалдаушының (фирманың) қалай аталуы мен мекен-жайына, жол жүру маршрутына, қозғалыс кестесіне, шекарадан болжамды өту мерзіміне, тарифке, тасымалдаушының жолаушыларды мінгізіп-түсіріп отыратын аялдама пункттеріне, сондай-ақ тасымалдардың белгіленген орындалу кезеңі мен жиілігіне қатысты деректер болуы қажет.
1. Осы Келісімнің 4-бабында ескертілген тасымалдарды қоспағанда, екі елдің арасында немесе солардың территориялары арқылы транзитпен жолаушылардың жүйеленбеген тасымалдарын жасау үшін Келісуші Жақтардың құзырлы органдары тарапынан берілетін рұқсаттар талап етіледі.
2. Тасымалдаушы осы баптың 1-тармағында ескертілген жолаушылардың жүйеленбеген тасымалдарын жасауға қажетті рұқсат берілуі жөніндегі өтінішін өз елінің құзырлы органына жібереді, ал ол орган бұл өтінішті екінші Келісуші Жақтың құзырлы органына жолдайды.
3. Осы Келісімнің 4-бабында ескертілген тасымалдарды қоспағанда, жолаушылардың әрбір жүйеленбеген тасымалына жеке рұқсат берілуі қажет, сөйтіп рұқсатта басқадай ештеңе көрсетіліп айтылмаса, бұл рұқсат тек бір рейстің әрі барып, кері қайтуына ғана құқық береді. Рұқсатта тасымалдың өзгешелік түрі мен көлік құралының барған елінде қаншалық мерзім болатындығы туралы мәліметтер болуы қажет.
1. Жүйеленбеген жолаушы тасымалдарын атқару үстінде мына жағдайларда рұқсат талап етілмейді:
а) бір құрамдағы тасымалданатын жолаушылар тобы бүкіл жол бойы бір көлікпен тасымалданатын болса және ол көліктің жүретін жол маршруты соның өзі тіркелген Келісуші Жақтың территориясында бітетін болса;
б) тасымалдау жұмысы көлік тіркелген Келісуші Жақтың территориясында басталып, екінші Келісуші Жақтың территориясында бітетін болса және сол көлік өзі тіркелген Келісуші Жақтың территориясына бос қайтып келетін болса;
в) көлік құралы екінші Келісуші Жақтың территориясына бос барып, сол жақтан тасымалдаушының көлік құралдарымен бұрынырақ жеткізіліп тасталған жолаушылар тобын көлік құралының тіркелген еліне қайта алып келетін болса;
г) жүйеленбеген транзиттік рейс болса.
2. Бұзылған көлік құралын басқа көлік құралымен ауыстырған кезде де рұқсат талап етілмейді.
3. Осы баптың 1-тармағында ескертілген тасымалдарды жасаған кезде көлік құралын жүргізушінің қолында жолаушыларының тізімі болуы тиісті.
1. Осы Келісімнің 6-бабында ескертілген тасымалдарды қоспағанда, екі елдің арасындағы немесе олардың территориялары арқылы транзитпен өтетін жүк тасымалдары Келісуші Жақтардың құзырлы органдары тарапынан берілетін рұқсаттар негізінде тіркемесі немесе жартылай тіркемесі бар, болмаса ондай тіркемелері жоқ жүк автомобильдерімен жасалып отырады.
2. Әрбір жүк тасымалына жеке рұқсат берілуі тиісті, егер рұқсат қағазда басқадай ештеңе жазылмаған болса, бұл рұқсат бір рейстің әрі барып, кері қайтуына ғана құқық береді.
1. Мына тасымалдарды атқарғанда рұқсат қағаздар талап етілмейді:
а) көшіп-қону кезінде жылжымалы мүліктерді тасымалдауда;
б) жәрмеңкелер мен көрмелерге апаруға арналған жәдігерлерді (экспонаттарды), құралдар мен материалдарды тасымалдауда;
в) көлік құралдарын, малдарды, сондай-ақ спорттық ойын-шараларын өткізуге арналған инвентарлар мен мүліктерді тасымалдауда;
г) театр декорациялары мен реквизиттерін, музыкалық аспаптарды, кино түсіруге, радио және телевизия хабарларын жасауға қажетті құрал-жабдықтарды тасымалдауда;
д) қайтыс болған адамның мәйіті мен табытын тасымалдауда;
е) жүк көтерім шамасы 3,5 тоннаға дейінгі автомобильдермен жалпы салмағы 6 тоннадан аспайтындай тасымалдар жасауда;
ж) бұзылған көлік құралдарын немесе соларға техникалық жәрдем көрсету үшін қажетті құралдарды тасымалдауда;
з) пошта тасымалдауда;
и) табиғи апаттар кезінде көмек көрсетуге қажетті медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектерді тасымалдауда.
2. Осы баптың 1-тармағының б, в, г тармақшаларында көрсетілген ескертпелер көлік үстіндегі жүк тек сол автокөлік тіркелген елге қайтарылып әкелінетін болғанда ғана немесе үшінші елдің территориясына транзитпен тасымалданатын болғанда ғана өз күшінде болады.
1. Жүксіз немесе жүкпен келе жатқан автокөлік құралының сыртқы шектік көлемі болмаса салмағы екінші Келісуші Жақтың территориясында орнықтырылған мөлшерден артық болған жағдайда, сондай-ақ қауіпті жүктерді тасымалдаған жағдайда, тасымалдаушы екінші Келісуші Жақтың құзырлы органынан арнайы рұқсат алуы тиісті.
2. Егер осы баптың 1-тармағында ескертілген рұқсатта автокөлік құралының нақтылы бір маршрут бойынша жүруі көрсетілсе, онда тасымал сол маршрутпен жасалуы тиісті.
1. Келісуші Жақтардың құзырлы органдары жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға берілетін рұқсаттардың өзара келісілген санын бір-біріне жылма-жыл беріп отыратын болады.
Ол бланкілерде рұқсат берген құзырлы органдардың мөрі мен жауапты адамның қолы қойылуы тиісті.
2. Келісуші Жақтардың құзырлы органдары рұқсат бланкілерімен алмасу тәртібін өзара келісіп шешеді.
1. Осы Келісімде көрсетілген тасымалдарды өз елінің ішкі заңдарына сәйкес халықаралық тасымалдар атқаруға тиісті рұқсат алған тасымалдаушылар ғана жасайтын болады.
2. Халықаралық тасымалдар атқарушы автокөлік құралдарында өз елінің ұлттық тіркеу және айырмашылық белгілері болуы тиісті.
1. Екінші Келісуші Жақтың құзырлы органының рұқсаты болмаса Келісуші Жақтардың бірінің тасымалдаушыларына екінші Келісуші Жақтың территориясындағы екі пункт арасында жолаушылар мен жүктердің тасымалдарын жасауға рұқсат етілмейді.
2. Егер тасымалдаушы екінші Келісуші Жақтың құзырлы органының арнайы рұқсатын алған болса, онда ол екінші Келісуші Жақтың территориясынан үшінші елдің территориясына, сондай-ақ үшінші елдің территориясынан екінші Келісуші Жақтың территориясына тасымалдар жасай алады.
Осы Келісімде көрсетілген жүк тасымалдары жалпылама қабылданған халықаралық үлгілерге сәйкес келетін жүк қағаздары (накладная) бойынша орындалып отырады.
1. Көлік құралын жүргізушінің қолында ұлттық немесе халықаралық жүргізуші куәлігі мен көлік құралының ұлттық тіркеу құжаттары болуы тиісті.
2. Ұлттық немесе халықаралық жүргізуші куәліктері жол қозғалыс туралы Халықаралық конвенцияда бекітілген үлгіге сәйкес болулары тиісті.
Келісуші Жақтардың бірінің территориясында тіркелген және уақытша екінші Келісуші Жақтың территориясында жүрген автокөлік құралдары осы территорияда жүргені үшін немесе оның басқа елге тиістілігі үшін алынатын барлық алымдар мен салықтардан босатылады.
Осы Келісім негізіндегі тасымалдар осы тасымалдарды атқарушы әрбір автокөлік құралының азаматтық жауапкершілігін алдын-ала міндетті түрде қауіпсіздендірген жағдайда ғана жасалады.
Ауыр науқасты адамдарды, жүйеленген түрде жолаушыларды, сондай-ақ жануарлар мен тез бұзылатын жүктерді тасымалдағанда шекаралық, кедендік және санитарлық бақылаулар кезексіз түрде өткізіледі.
1. Осы Келісім негізінде тасымал атқарған кезде кедендік алымдардан және рұқсат қағаз алудан екінші Келісуші Жақтың территориясына апарылатын мынадай заттар босатылады:
а) әрбір автокөлік құралының моделіне арнайы қондырылып, оның қозғағышын көріктендіретін жүйемен технологиялық және конструкциялық түрде байланысқан сыйымдылық ішіндегі жанармай;
б) шекарадан кірген кезде автокөлік құралында болған, тасымалдау кезінде пайдалану үшін қажет болатын жағармай материалдары;
в) халықаралық тасымал атқарушы автокөлікті бұзылғанда жөндеу үшін қажет болатын қосалқы бөлшектер.
2. Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер кері қайтарылып әкетіледі де, ауыстырылған қосалқы бөлшектер ол елден шығарылады немесе жойылады, болмаса тиісті Келісуші Жақтың территориясында қалыптасқан тәртіп бойынша тапсырылады.
Келісуші Жақтардың бірінің тасымалдаушылары екінші Келісуші Жақтың территориясында жүрген кезде сол территориядағы пәрменді ережелер мен нормаларды сақтауы тиісті.
Бұл Келісім бұзылған жағдайда Келісім бұзылған жердегі елдің құзырлы органның өтініші бойынша тасымалдаушысы бар елдің құзырлы органы Келісімнің орындалуын қамтамасыз ететіндей қажетті шаралар қолдануы тиісті.
Қолданылған шаралар туралы тасымал атқарушы елдің құзырлы органы екінші елдің құзырлы органын оның өтініші бойынша хабардар етеді.
Тасымалдаушы барған жеріндегі елдің заңын бұзған жағдайда бұл баптың ережелері оны жауапкершіліктен босатпайды.
Келісуші Жақтардың құзырлы органдары осы Келісімнің орындалуына қатысты мәселелерді талқылау үшін және тәжірибе алмасу үшін өзара кездесулер өткізіп отырады.
Келісуші Жақтар өздерінің құзырлы органдарының өкілдерінен осы Келісімнің орындалуын көздейтін Аралас комиссия құрады.
Осы Келісіммен, сондай-ақ Келісуші екеуі де қатысқан халықаралық келісімдермен реттелмеген мәселелер әрбір Келісуші Жақтың ішкі заңдарына сәйкес шешілетін болады.
Осы Келісімді түсіндіруге және пайдалануға байланысты туындайтын барлық даулы мәселелерді Келісуші Жақтар өзара келіссөздер арқылы және Келісуші Жақтардың Аралас комиссиясының кеңесі арқылы шешіп отырады.
Егер Келісуші Жақтардың Аралас комиссиясы келісімге келе алмаса, дау қазылар сотының қарауына тапсырылуы мүмкін. Ол үшін әрбір Келісуші Жақ өз қазысын тағайындайды. Тағайындалған қазылар үшінші қазыны анықтап, оған қазылар Төрағасының міндеті жүктеледі.
Қазылар соты (арбитраж) талапкер орналасқан жерде немесе, екі жақтың келісімімен, басқа жерде де өткізіле береді.
Бұл Келісім Келісуші Жақтардың бұрын жасаған басқадай халықаралық шарттары мен келісімдерінен шығатын құқықтары мен міндеттеріне еш әсерін тигізбейді.
1. Бұл Келісім оның қабылданғанын растайтын дипломатиялық ноталармен алмасу арқылы анықталған күні күшіне енеді.
2. Бұл Келісім 10 жылдық мерзімге жасалып отыр және Келісуші Жақтардың бірі екінші Келісуші Жаққа Келісімнің күшін жою туралы өз тілегін хабарлағаннан кейін 90 күн бойы күшін сақтайды.
Келісім Вильнюс қаласында 1993 жылғы 21 шілдеде екі түпнұсқа дана болып, әрқайсысы қазақ, литва және орыс тілдерінде жасалды да, келіспеушілік туындағандай жағдайда негізіне орыс тіліндегі тексті алынатын болды.
(Қолдары)
Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Литва Республикасы
Yкiметi арасындағы темір жол қатынасы және темір
жол көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
(Келісім 1993 жылғы 3 желтоқсаннан бастап күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2004 ж., N 2, 4-құжат)
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Литва Республикасы Үкіметі, бұдан былай "Келісуші Жақтар" деп аталатын болады,
мемлекетаралық және транзиттік тасымалдардың көлемі мен тиісті сапасына қатысты мәселелер бойынша келісушілікті іске асыру мақсатында,
қозғалыс қауіпсіздігі мен тасымалдаулар тиімділігін қамтамасыз ету үшін тасымал процестерінің технологиялық және коммерциялық негіздерін үйлестіру қажеттілігімен санаса отырып,
сондай-ақ жүктер мен жолаушыларды тасымалдау мұқтаждықтарын мүмкіндігінше толық қамтуға ұмтыла отырып,
мынадай келісімдерге келді:
Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы темір жол қатынасы былайша жасалып отырады:
1.1. Транзиттік түрде Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасына шектес жатқан Беларусь, Латвия, Польша, Россия Федерациясы мемлекеттері арасында, сондай-ақ жүктерді жіберуші және қабыл алушы мемлекеттермен - Клайпеда қаласындағы теміржол-теңіз өткелі арқылы;
1.2. Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасында Беларусь, Россия Федерациясы мемлекеттерінің территориясы арқылы;
1.3. Транзиттік темір жол қатынасы Литва Республикасы мен Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қытай мемлекеттері арасында Қазақстан Республикасының территориясы арқылы.
Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы, сондай-ақ ескертілген басқа да мемлекеттер территориялары арқылы өтетін темір жол қатынасы, шартта басқадай жайлар қарастырылған болмаса, жүктер мен жолаушылардың темір жол қатынастары (СМГС, СМПС) туралы халықаралық келісімдер негізінде жасалады. Бұл Келісімнің заңдылық күші Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы территориялары бойынша өтетін транзиттік темір жол қатынасы мәселелері жөніндегі бұрын жасалған шарттар мен келісімдердің заңдылық күшіне теңдес саналады.
2.1. Екі Жақ та өздері немесе өздеріне қарасты көліктік органдары қатынасқан темір жол қатынасы, пошта тасымалдары, байланыс пен тарифтер саласындағы халықаралық конвенцияларды, шарттар мен келісімдерді мойындайды.
2.2. Осы Келісімді талдап түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындайтын әрбір талас пікір Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Литва Республикасы Қатынас министрлігінің тікелей келіссөздері арқылы шешіліп отырады. Егер ескертілген билік орындары келісімге келе алмаса, дау дипломатиялық каналдар арқылы шешіледі.
2.3. Егер Келісуші Жақтар келіссөздер үстінде келісімге жете алмаса, онда дау мәселесі арбитраждық соттың қарауына тапсырылуы мүмкін. Ол үшін Келісуші Жақтардың әрқайсысы бір-бірден өздерінің арбитрын тағайындайды. Тағайындалған арбитрлар Арбитраждың Төрағалық міндеті жүктелетін үшінші арбитрды анықтайды. Екі Жақ дипломатиялық каналдардан даулы мәселелерді арбитраж арқылы шешу жөніндегі ұсыныстық хабарлама қағаз алғаннан кейін 60 күн ішінде өздерінің арбитрларын тағайындайды. Арбитраж Төрағасы келесі 60 күн ішінде тағайындалады. Егер Келісуші Жақтардың біреуі өз арбитрын тағайындамаса немесе белгіленген мерзім ішінде арбитраждың үшінші мүшесі тағайындалмаса, онда Келісуші Жақтар үшінші арбитрды және (немесе) Арбитраж Төрағасын тағайындау жөніндегі өтінішті Темір Жолдар Ынтымақтастығы Ұйымы Комитетінің Төрағасына бере алады.
2.4. Келісуші Жақтар Арбитраждың немесе үшінші жақтың (ұйымның) осы баптағы 2.3. тармаққа сәйкес қабылдаған шешімдерін орындауға міндеттенеді.
2.5. Келісуші Жақтардың әрқайсысы өзі тағайындаған арбитрдың жұмысына қатысты шығындарды өзіне алады. Арбитраж Төрағасының гонорары мен шығынын, сондай-ақ арбитраж жұмысына қатысты шығындарды екі Келісуші Жақтар теңдес түрде төлейді.
Келісуші Жақтар тасымалдау процестері кезінде адамдардың сәтсіз оқиғаларға ұшырауы, апаттар мен күйреулер нәтижесінде жолаушылар мен жүк иелерінің денсаулығына және мүліктеріне келтірілген зардаптармен байланысты материалдық жауапкершіліктер туралы мәселелерді мына тұрғыдан қарайтын болды:
3.1. Қызмет бабындағы адамдардың сәтсіз оқиғаларға ұшырауына байланысты шыққан зиянның орнын зақымданған адам қай темір жолдың штатында болса, сол темір жол органы өз елінің заңы бойынша толықтыратын болады.
3.2. Қызметтік міндетін атқару кезінде өз жұмыскерінің кінәсынан келтірілген зардап үшін Келісуші Жақтардың бірінің темір жол органдары екінші Келісуші Жақтың темір жол органдары алдында жауапты болады.
3.3. Темір жол қызметкерінің кінәсынан келтірілген зардаптың орнын толықтыру туралы мәселе Келісуші Жақтардың өзара келісімі бойынша шешіледі.
Стихиялық апат салдарынан болған шығындардың орны толтырылмайды.
3.4. Белгілі тәртіппен қабылданған жүктің алушысына тапсырылғанға дейін бұзылғаны немесе ұрланғаны үшін жауапкершілік, басқа келісімдермен ол жөнінде ештеңе ескертілмеген жағдайда, Келісуші Жақтардың қайсысының территориясында жүк бұзылған немесе ұрланған болса, сол жақтың органдарына жүктеледі.
3.5. Келісуші Жақтардың әрқайсысының зардап орнын толықтыру үшін тікелей жауапқа тартылған темір жол органдары, екінші Келісуші Жақтың темір жол органдарында қызмет істеушілердің әрекеті немесе әрекетсіздігі болған жағдайға тікелей қатысты және кінәлі деп ұйғарылса, кері талап қоюға құқықты болады.
Келісуші Жақтар өздеріне қарасты темір жол саласындағы ведомстволардың тұрақты түрдегі ғылыми-техникалық, экономикалық және ғылыми ынтымақтастықтарын орынды деп санайды және қолдайтын болады, оның ішінде ынтымақтастың мынадай түрлері мен бағыттарына қолдау көрсетіледі:
4.1. Туризмді ұйымдастыру бойынша қызмет етуде.
4.2. Тар профильдік мамандар даярлау үшін студенттермен алмасуда.
4.3. Тарифтерді орнықтыру мәселелері жөніндегі қатынастарды жетілдіре түсуде.
4.4. Қазіргі заманның техникасы мен технологиясын енгізу, техникалық пайдалану Ережелері мен басқа да өндірістік нұсқауларды дайындауда бірлесіп жұмыс істеуде.
4.5. Ғылыми зерттеулер және ұсыныстар жасауда.
4.6. Ақпараттармен алмасуда.
Келісуші Жақтар темір жол ведомстволары арасында нақтылы жағдайларда қолдануға қолайлы болатын келісімдер жасау, осы Келісімнің қағидаларын іске асыру тәртібін айқындау үшін өздерінің тиісті органдарына өкілеттіктерін береді.
6.1. Бұл Келісім оның қабылданғанын растайтын дипломатиялық ноталармен анықталған күннен бастап күшіне енеді.
6.2. Бұл Келісім 10 жылдық мерзімге жасалды және Келісуші Жақтардың бірі екінші Келісуші Жаққа оның күшін тоқтату туралы өз пікірін хабарлағаннан кейін 90 күн бойы күшінде болады.
Келісім 1993 жылғы 21 шілдеде Вильнюс қаласында екі дана болып, әрқайсысы қазақ және литва тілдерінде, екі текстінің де күші теңдес етіліп жасалды. Әр данаға оның жұмысшы тілі саналатын орыс тіліндегі ресми аудармасы тіркелді.
(Қолдары)
Қазақстан Республикасы Yкiметi
мен Литва Республикасы Yкiметi
арасындағы әуе қатынасы туралы
КЕЛІСІМ
(Келісім 1993 жылғы 3 желтоқсаннан бастап күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2003 ж., N 11, 78-құжат)
Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Литва Республикасы Yкiметi, бұдан былай "Келiсушi Жақтар" деп аталады,
өздерiне тиiстi территориялар арасында және олардан сыртқары жерлерге әуе қатынасын орнықтыру мақсатымен Келiсiм жасауды қалай отырып,
төмендегiдей келiсiмдерге келдi:
1. Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
а) "Конвенция" терминi -1944 жылы 7 желтоқсанда Чикагода қол қоюға ашық деп қабылданған халықаралық азаматтық авиация туралы Конвенцияны бiлдiредi және де Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы тиiстi түрде танып бекiткен сол Конвенцияға осы Келiсiмнiң Келiсушi Жақтарының қолданыстарына қажеттi дәрежедегi кез келген Конвенция Қосымшасы мен ол Қосымшаға Конвенцияның 90-бабына сәйкес енгiзiлген кез келген түзетулер және Конвенцияның 94-бабына сәйкес оның өзiне енгiзiлген кез келген түзетулер де кiредi;
б) "авиациялық билiк орындары" терминi Қазақстан Республикасына қатысты - Көлiк министрлiгiн, Литва Республикасына қатысты - Қатынас министрлiгiн немесе екi жағдайда да көрсетiлген билiк орындарының мiндетiн атқаруға осы кезде өкiлеттiк алған кез келген адамды әйтпесе органды бiлдiредi;
в) "тағайындалған авиация кәсiпорны" терминi осы Келiсiмнiң 4-бабына сәйкес тағайындалған және өкiлеттiк алған авиация кәсiпорнын бiлдiредi;
г) "территория" терминi Конвенцияның 2-бабында көрсетiлген мағынаны бiлдiредi;
д) "әуе қатынасы", "халықаралық әуе қатынасы", "авиация кәсiпорны" және "коммерциялық емес мақсаттармен аялдама жасау" терминдерi Конвенцияның 96-бабында көрсетiлген мағыналарды бiлдiредi;
e) "сыйымдылық" терминi әуе кемесiне қатысты алғанда сол әуе кемесiнiң бүкiл маршрут бойындағы немесе маршруттың бiр бөлiгiндегi пайдалы (коммерциялық) тием салмағын бiлдiредi;
ж) "сыйымдылық" терминi шарттық әуе жолына қатысты алғанда осы әуе жолында пайдаланылатын әуе кемесiнiң сыйымдылығын белгiлi мерзiм аралығында сол әуе кемесiнiң бүкiл маршрут бойынша немесе маршруттың бiр бөлiгiндегi ұшу жиiлiгiне көбейту арқылы анықталатын тасымалдың салмақ ауқымын бiлдiредi;
ә) "тариф" терминi жолаушыларды, багаждар мен жүктердi тасымалдау үшiн, осындай тасымалдаулар процесiн жүргiзгенде көрсетiлетiн кез келген қосымша қызметтердi қоса есептегенде, алынатын төлемақыларды, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдауға билет сатылғаны үшiн және жүк тасымалы кезiндегi тиiстi ымыраластық алынатын төлемақыларды бiлдiредi. Көрсетiлген терминге тасымалдау үшiн төленетiн төлемнiң немесе делдалдық ақша төлемiнiң қолданылу шарттары да кiредi, төлемақысы мен шарттары кiрмейдi.
2. Осы Келiсiмге тiркелген Қосымша оның ажыратылмас бөлiгi болып табылады.
Әрбiр Келiсушi Жақ екiншi Келiсушi Жаққа осы Келiсiмнiң Қосымшасында көрсетiлген маршруттар бойынша халықаралық әуе жолдарын (бұдан былай сәйкестiк түрде "келiсiлген әуе жолдары" және "белгiленген маршруттар" деп аталады) орнату мақсатында осы Келiсiммен қарастырылған құқықтарды бередi.
3-бап
Ұшуға және тасымалдар жасауға берiлетiн құқықтар
1. Әрбiр Келiсушi Жақ тағайындаған авиация кәсiпорны белгiленген маршрут бойынша келiсiлген әуе жолдарын пайдалану кезiнде мынадай құқықтарға ие бола алады:
а) екiншi Келiсушi Жақтың территориясы үстiнен қонбастан ұшып өте алады;
б) екiншi Келiсушi Жақтың территориясындағы осы Келiсiмнiң Қосымшасында көрсетiлген пункттерге коммерциялық емес мақсаттармен қоныс жасай алады;
в) халықаралық сапардағы жолаушыларды, жүк пен поштаны екiншi Keлiсушi Жақтың территориясындағы пункттерде (пункттерден) тиеп және (немесе) түсiрiп кету мақсатымен екiншi Келiсушi Жақтың территориясындағы осы Келiсiмге тiркелген Қосымшада көрсетiлген пункттерге қона алады.
2. Бұл баптағы қағидалардың ешқайсысы бiр Келiсушi Жақтың тағайындаған авиация кәсiпорнына, үстеме ақы алу үшiн немесе жалдану бойынша, екiншi Келiсушi Жақ территориясындағы пункттер арасында тасымалдау мақсатымен жолаушыларды, пошта мен жүктi әуе кемесiне отырғызып, тиeугe құқық бередi деп қаралмайды.
3. Әрбiр Келiсушi Жақ әуе кемелерiнiң келiсiлген әуе жолдары бойынша ұшу маршруттары мен мемлекеттiк шекарадан ұшып өту пункттерiн өз территориясында белгiлейдi.
4-бап
Авиация кәсiпорындарының тағайындалу, керi
шақырылу тәртiбi және қызмет атқару жағдайлары
1. Әрбiр Келiсушi Жақ белгiленген маршруттар бойынша келiсiлген әуе жолдарын пайдалану мақсатымен екiншi Келiсушi Жақты жазбаша түрде хабардар ете отырып, өз авиация кәсiпорындарын тағайындауға құқықты болады.
2. Екiншi Келiсушi Жақ осындай хабарландыру қағаз алғаннан кейiн, осы баптың 4-тармағындағы қағидаға сәйкес жедел түрде әрбiр тағайындалған авиация кәсiпорнының ұшуына тиiстi рұқсатын бередi.
3. Келiсушi Жақтардың әрқайсысы, екiншi Келiсушi Жақты өз шешiмi туралы жазбаша түрде хабардар ете отырып, бұрын тағайындалған авиация кәсiпорнын керi шақырып, басқасын тағайындауға құқықты болады.
4. Келiсушi Жақтардың бiрiнiң авиациялық билiк орындары ұшу рұқсатын берместен бұрын екiншi Келiсушi Жақ тағайындаған авиация кәсiпорнынан халықаралық әуе жолдарын пайдалану кезiнде осы билiк орындарының дағдылы түрде қолданып жүрген, сонымен бiрге заңдармен және нормативтiк актiлермен, алдын-ала белгiленген шарттарды орындай алатын қабiлетiнiң барлығына дәлелдемелер талап ете алады.
5. Әрбiр Келiсушi Жақ авиация кәсiпорнын тағайындаған екiншi Келiсушi Жақтың, әйтпесе оның азаматтарының тағайындалған авиация кәсiпорны үстiнен айырықша иелiк билiгiн жүргiзе алатындығына және пәрмендi бақылау жасай алатындығына дәлелi жоқ барлық жағдайда, ол авиация кәсiпорнына осы баптың 2-тармағында көрсетiлген ұшу рұқсатын беруден бас тарта алады, немесе одан осы Келiсiмнiң 3-бабында көрсетiлген құқықтарды пайдаланған кезде қажет болады деген әрқилы шарттардың орындалуын өз тарапынан талап ете алады.
6. Тағайындалған және осылайша рұқсат алған авиация кәсiпорны, екi жақтан тағайындалған авиация кәсiпорындары арасында өзара үйлестiрiлген ұшу кестесiн Келiсушi Жақтардың авиациялық билiк орындары бекiткен жағдайда және осы Келiсiмнiң 10 және 11-баптарына сәйкес орнықтырылған тарифтер күшiне енгiзiлген жағдайда, келiсiлген әуе жолын пайдалануды бастай алады.
5-бап
Тасымалдар жасауға берiлген рұқсат
күшiн жою немесе тоқтата тұру
1. Әрбiр Келiсушi Жақ екiншi Келiсушi Жақтың тағайындалған авиация кәсiпорнының ұшуларына берiлген рұқсатты жоюға болмаса осы Келiсiмнiң 3-бабында көрсетiлген құқықтардың пайдалануын уақытша тоқтата тұруға, немесе сол құқықтарды пайдалану үстiнде өз ұйғарымы бойынша қажет болады деген әрқилы шарттардың орындалуын мына жағдайларда талап ете алады:
а) авиация кәсiпорнын тағайындаған Келiсушi Жақтың немесе оның азаматтардың қолында сол авиация кәсiпорнының үстiнен айырықша иелiк билiгi барлығына болмаса пәрмендi бақылау жүргiзе алатындығына сенбегендей барлық жағдайда, немесе
б) егер сол авиация кәсiпорны өзiнiң ұшуына құқық берген Келiсушi Жақтың заңдары мен нормативтiк актiлерiн сақтамаған жағдайда, немесе
в) егер сол авиация кәсiпорны осы Келiсiммен ұйғарылған шарттарды қандай-бiр себептермен болса да, сақтамаған жағдайда.
2. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетiлген рұқсатты жедел түрде жою, уақытша тоқтата тұру немесе шарттардың орындалуын талап ету заңдар мен нормативтiк актiлердiң одан әрi де бұзылуына тыйым салу үшiн қажеттi шара болмаса, онда сол тармақта сөз болған құқық Келiсушi Жақтардың авиациялық билiк орындары арасында кеңес өткiзiлгеннен кейiн барып қолданылады. Авиациялық билiк орындарының арасындағы ондай кездесулер мүмкiндiгiнше қысқа мерзiм iшiнде әрi кеткенде сұраныс алғаннан кейiн 30 (отыз) күннен аспай өткiзiлуi тиiстi.
1. Халықаралық ұшыстар жасап жүрген әуе кемелерiнiң өз территориясында ұшып-қонуын реттейтiн немесе өз территориясы шеңберiнде ұшып жүргенде сол әуе кемелерiн пайдаланушы, әйтпесе оларға навигациялық қызметтер көрсетушi бiр Келiсушi Жақтың заңдары мен нормативтiк актiлерi екiншi Келiсушi Жақ тағайындаған авиация кәсiпорнының әуе кемелерiне де қолданылатын болады.
2. Өз территориясында жолаушылардың, экипаждардың, жүк пен поштаның келуiн, болуын және жөнелтiлуiн сонымен қатар иммиграциялық, паспорттық, кедендiк, валюталық, санитарлық және карантиндiк ережелерге қатысты формальдылықтарды реттейтiн бiр Келiсушi Жақтың заңдары мен нормативтiк актiлерi көрсетiлген территория шеңберiнде жүрiп-тұрып жатқан кезде екiншi Келiсушi Жақ тағайындаған авиация кәсiпорнының әуе Keмелерiндегi жолаушыларға да, экипаждарға да, жүк пен поштаға да қолданылатын болады.
Әрбiр аэропортты, ондағы қызмет ғимараттарын, техникалық, тағы басқа құралдар мен қызмет түрлерiн қоса есептегенде, пайдаланғаны үшiн алынатын түсiм ақшалар мен басқадай төлемдер, сондай-ақ аэронавигациялық құралдарды, байланыс құралдары мен қызмет түрлерiн пайдаланғаны үшiн алынатын барлық төлемақылар әрбiр Келiсушi Жақтың өзiнде қалыптасқан төлем құндары мен тарифтерiне сәйкес жиналып алынып отырылады.
8-бап
Куәлiктер мен растау құжаттар
1. Бiр Келiсушi Жақта берiлген немесе пәрмендiлiгi бар ұшу жарамдылығы туралы куәлiктер, мамандық деңгейi туралы куәлiктерi мен растау құжаттары екiншi Келiсушi Жақта да пәрмендiлiгi сақталған болып танылады, егер де сол куәлiктер мен растау құжаттарының берiлуiне қойылатын талаптар Конвенцияға сәйкес белгiленген ең төменгi стандарттарға лайықты болса, немесе олардан жоғары болып тұрса.
2. Дегенмен, өз территориясының үстiмен ұшу жұмысын атқару мақсатында әрбiр Келiсушi Жақ өз азаматтарының қай-қайсысына болса да екiншi Келiсушi Жақта берiлген мамандық дәрежесi туралы куәлiктер мен растау құжаттарын танымауға өз құқығын сақтай алады.
9-бап
Тiкелей транзиттiк тасымалдар
Күш көрсету актiлерiне немесе әуе қарақшылығына қарсы қауiпсiздiк шараларын қолдану қажеттiлiгi туындаған жағдайларда болмаса, бiр Келiсушi Жақтың территориясы арқылы тiкелей транзитпен ұшып өтетiн, сол мақсатқа бөлiнген аэропорт аймағынан алыстамайтын жолаушылар, багаж бен жүктер жеңiлдетiлген бақылаудан өткiзiледi. Тiкелей транзитпен өтетiн багаж бен жүктен кедендiк баждар мен басқа да сол сияқты салықтар алынбайды.
10-бап
Ұшу сыйымдылығы мен кестесi
1. Келiсушi Жақтардың тағайындалған авиация кәсiпорындарына олардың тиiстi территориялары арасындағы белгiленген маршруттар бойынша келiсiлген әуе жолдарын пайдалануға әдiл де теңдес жағдайлар туғызылады.
2. Келiсушi Жақтардың тағайындалған авиация кәсiпорындары қызмет атқаратын келiсiлген әуе жолдары белгiленген маршруттар бойынша жасалатын тасымалдаулардың жалпылама қабылданған талғамдарына сай бoлулары тиiстi, және де әрбiр авиация кәсiпорынының бiрден-бiр мiндетi - солардың тиiстi территориялары арасындағы жолаушылардың, жүк пен пошта тасымалдарына деген қазiргi және дұрыс болжамды сұранымдарын қанағат ете алатындай лайықты жүктеу коэффициентiн қолдана отырып, қолайлы сыйымдылық бөлу болып табылады.
3. Тағайындалған авиакәсiпорындары келiсiлген әуе жолдары бойынша ұшардың алдында iшiнде ұшу жиiлiгi, пайдаланатын әуе кемелерiнiң типтерi, олардың iшкi компановкасы, ұшып келу және ұшып кету уақыттары туралы мәлiметтер бар ұшу кестелерiн өзара үйлестiрiп алады.
4. Тағайындалған авиакәсiпорындар арасында келiсiлген ұшу кестелерi күшiне кiретiн белгiлi күннен кем дегенде 30 (отыз) күн бұрын Келiсушi Жақтардың авиациялық билiк орындарының бекiтуiне тапсырылады. Келiсушi Жақтардың авиациялық билiк орындарының арасындағы өзара келiсiм бойынша көрсетiлген отыз күндiк мерзiмнiң қысқартылуы да мүмкiн.
5. Егер тағайындалған авиакәсiпорындар ұшу кестесiн үйлестiру мәселесi бойынша уағдаластыққа жете алмаған болса, онда бұл мәселе Келiсушi Жақтардың авиациялық билiк орындарының арасында тiкелей шешiледi.
6. Келiсушi Жақтардың авиациялық билiк орындарының бекiтуiнсiз ұшу кестелерi күшiне енгiзiле алмайды.
Бекiтiлген кестеге алдағы уақытта енгiзiлетiн қандай-бiр өзгерiстер болса да, олар Келiсушi Жақтардың авиациялық билiк орындарының бекiтуiне тапсырылуы тиiстi.
7. Келiсiлген және бекiтiлген ұшу кестесi соның iшiнде көрсетiлген мезгiл бойы күшiнде болады.
1. Кез келген келiсiлген әуе жолдарындағы тарифтер пайдаланыс шығыстарын, орынды пайданы, әуе жолының сипаттамаларын (мәселен, ұшу жылдамдығы мен қолайлылықты) және белгiленген маршруттың қайсыбiр бөлiгi үшiн болмасын, басқадай авиация кәсiпорындарының тарифтерiн қоса алып қарағанда, бүкiл тиiстi факторлармен санаса отырып, лайықты деңгейде орнықтырылады. Бұл тарифтер төменде көрсетiлген шарттарына сәйкес, бiрақ күшiне кiретiн күннен кемiнде 30 (отыз) күн бұрын анықталып орнатылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген тарифтер мөлшерiн, сондай-ақ сол тарифтерден түсетiн агент делдалдығы үшiн алынатын төлем мөлшерiн, тағайындалған авиакәсiпорындар әрбiр белгiленген маршруттар бойынша өздерi келiсiп отырады. Осылайша келiсiлген тарифтер Келiсушi Жақтардың авиациялық билiк орындарында бекiтiлетiн болады.
3. Егер тағайындалған авиакәсiпорындар бұл тарифтердiң ешқайсысымен де келiсе алмаса немесе қайсыбiр басқадай себептермен тариф осы баптың 2-тармағындағы шарттарға сәйкес келiсiлген болмаса, онда Келiсушi Жақтардың авиациялық билiк орындары тарифтi өзара уағдаластық бойынша орнатуға тырысады.
4. Егер авиациялық билiк орындары осы баптың 2-тармағына сәйкес ұсынылған қайсыбiр тарифтi орнату мәселелерi бойынша уағдаластыққа қол жеткiзе алмаса, онда ол келiспеушiлiк осы Келiсiмнiң 19-бабындағы шарттарға сәйкес реттеледi.
5. Келiсушi Жақтардың бiрiнiң авиациялық билiк орны бекiтпеген бiрде-бiр тариф өз күшiне кiре алмайды.
6. Осы баптың шарттарына сәйкес жаңа тарифтер орнатылғанға дейiн осы баптағы қағидаларға сәйкес орнатылған тарифтер күшiнде қалады.
12-бап
Баж салығынан, кедендiк салықтар мен
сол сияқты алымдардан босату
1. Келiсушi Жақтардың бiрi тағайындаған авиация кәсiпорынының келiсiлген әуе жолдарында пайдаланылатын әуе кемелерi, сондай-ақ олардың комплектiлiк құралдары, сондай әуе кемелерiнiң бортындағы жанармай қорлары мен жағармай материалдары, борт қорлары (азық-түлiк тағамдары, сусындық және темекi бұйымдарын қоса есептегенде) екiншi Келiсушi Жақтың территориясына әкелiнгеннен кейiн де және сол мемлекеттiң территориясынан кеткенде бортта қалатын болса да, кедендiк баж салығынан да, тексерiс кезiндегi алымдардан да және сол сияқты мемлекеттiк және жергiлiктi баждар мен алымдардан босатылады.
2. Сонымен бiрге көрсетiлген қызметтер үшiн алынатын төлемақыларды қоспағанда, ондай алымдар мен баж салықтарынан мыналар босатылады:
а) бiр Келiсушi Жақтың территориясында осы ескертiлген Келiсушi Жақтың өкiметi орнатқан шектеу мөлшерiнде тиелген, және де келiсiлген әуе жолдарында сыбайлас Келiсушi Жақ тағайындаған авиация кәсiпорнының пайдаланатын әуе кемесiнiң бортында қолдануға арналған борттық қорлар;
б) бiр Келiсушi Жақтың территориясына екiншi Келiсушi Жақ тағайындаған авиация кәсiпорнының келiсiлген әуе жолдарында пайдаланатын әуе кемесiн техникалық қызметтен өткiзу немесе жөндеу үшiн әкелiнген қосалқы бөлшектер;
в) бiр Келiсушi Жақтың тағайындаған авиация кәсiпорнының келiсiлген әуе жолдарында пайдаланатын әуе кемесiнiң тұтынуы үшiн арналған жанармай мен жағармай материалдары, тiптi ол қорлар екiншi Келiсушi Жақтың территориясында тиелiп, сол территория шегiнде жатқан маршрут бөлiгiнде қолданылатын болса да;
г) 15-бапта ескертiлген өкiлдiктердiң жабдықталуы мен қызмет атқаруы үшiн қажеттi материалдар мен құрал-жабдықтар (құрылыс материалдары, жиhаз, алдын ала орын сайлауға және байланысуға қажет электрондық құралдар, iс ұйымдастыру техникалары, автобустар мен оларға керек қосалқы бөлшектер), Келiсушi Жақтың бiрi тағайындаған авиация кәсiпорны пайдаланатын құжаттар, авиация билеттерiн, авиациялық жүк алу-жүк жiберу қағаздарын (авианакладная) қоса есептегенде, сондай-ақ жарнамалық материалдар.
3. Қойылған талап бойынша осы баптың 2-тармағында көрсетiлген материалдар, құрал-жабдықтар, қорлар мен қосалқы бөлшектер, сондай-ақ құжаттар кедендiк билiк орындарының бақылауына немесе қадағалап, тексеруiне тапсырылуы мүмкiн.
4. Бiр Келiсушi Жақтың тағайындаған авиация кәсiпорнының келiсiлген әуе жолдарында пайдаланатын әуе кемесiнiң бортындағы комплектiлiк құралдар, материалдар, қорлар мен қосалқы бөлшектер екiншi Келiсушi Жақтың территориясында тек осы Келiсушi Жақтағы кедендiк билiк орындарының келiсiмiмен ғана түсiрiлетiн болады. Ондай жағдайда олар керi әкетiлгенге дейiн және кедендiк ережелерге сәйкес басқадай қолданыс тапқанға дейiн ескертiлген билiк орындарының қадағалауында болып жайластырылуы мүмкін.
13-бап
Табыс ақшаның аударылуы
Әрбiр Келiсушi Жақ екiншi Келiсушi Жақтың тағайындаған авиация кәсiпорнына келiсiлген әуе жолдарын пайдаланудан түсетiн табыс пен шығыстың айырмалық сомасын еркiн аударып отыруға құқық бередi.
Мұндай ақша аударымы, Келiсушi Жақтар қолданатын валюта алмастыру ережелерiне сәйкес, ақша аударылатын күнде орныққан ресми халықаралық қаржы алмастыру құны бойынша еркiн конверсиялау валютасымен жасалып отырылады.
Егер Келiсушi Жақтар арасында өзара есеп айырысу мен төлем төлеулер туралы келiсiм-шарт жасалатын болса, онда олар осындай келiсiм-шартты басшылыққа алатын болады.
Келiсушi Жақтардың бiрi тағайындаған авиация кәсiпорынының екiншi Келiсушi Жақ территориясында жүрiп келiсiлген әуе жолдарын пайдаланудан тапқан табыстары екiншi Келiсушi Жақ тарапынан осы екiншi Келiсушi Жақтық нормативтiк актiлерiне сәйкес салынатын немесе қолданылуы мүмкiн болатын салықтардан босатылады.
1. Бiр Келiсушi Жақтың тағайындаған авиация кәсiпорынына келiсiлген әуе жолдарын пайдалануды қамтамасыз ету үшiн екiншi Келiсушi Жақтың территориясында қажеттi мөлшердегi әкiмшiлiк, коммерциялық және техникалық қызметкерлер тобы бар өзiнiң өкiлдiктерiн ашуға құқық берiледi.
2. Әрбiр Келiсушi Жақтың тағайындалған авиация кәсiпорыны авиациялық тасымал жұмыстарын екiншi Келiсушi Жақтың территориясында тiкелей өзi немесе осы екiншi Келiсушi Жақтың заңдарына немесе нормативтiк актiлерiне сай тағайындалатын өз агенттерi арқылы сата алады.
3. Егер бiр Келiсушi Жақтың кәсiпорынының екiншi Келiсушi Жақ территориясында жасайтын коммерциялық қызмет мәселелерi, тасымал жұмыстарын сатуды қоса есептегенде, Келiсушi Жақтар арасындағы арнайы Келiсiммен реттелетiн болса, онда сол арнайы келiсiм қолданылатын болады.
1. Келiсушi Жақтар, өздерiнiң халықаралық құқықтардан туындайтын құқықтары мен мiндеттерiне сәйкес, азаматтық авиация қауiпсiздiгін оған заңсыз түрде араласу актiлерiнен қорғау жөнiндегi бiр-бiрiне қатысты мiндеттемелерiн осы Келiсiмнiң ажыратылмас бөлiгiн құрайды деп растайды. Халықаралық заңдар бойынша алған өз құқықтары мен мiндеттерiнiң жалпылама қолданысын шектеп қоймай, Келiсушi Жақтар 1963 жылы 14-қыркүйекте Токиода қол қойылған әуе кемесiнiң бортында жасалатын қылмыстар мен қайсыбiр басқа актiлер туралы Конвенцияның, 1970 жылы 16-желтоқсанда Гаагада қол қойылған әуе кемесiн заңсыз басып алумен күресу туралы Конвенцияның, 1971 жылы 23-қыркүйекте Монреальда қол қойылған Азаматтық авиация қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз актiлермен күресу туралы Конвенцияның, 1988 жылы 24-ақпанда Монреальда қол қойылған Халықаралық азаматтық авиацияға қызмет көрсететiн аэропорттардағы заңсыз зорлық жасау актiлерiмен күресу туралы Хаттаманың қағидаларына, Келiсушi Жақтар арасындағы күшi сақталған екi жақтық келiсiмдер қағидаларына, сондай-ақ алдағы уақытта олардың арасында жасалатын басқадай келiсiмдер қағидаларына сәйкес әрекет-қимыл жасайды.
2. Келiсушi Жақтар өтiнiш бойынша әуе кемелерiн заңсыз басып алу мен сол әуе кемелерiнiң, олардың жолаушылары мен экипаждарының, аэропорттар мен әуе навигациялық құралдарының қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған басқадай заңсыз актiлерге, сондай-ақ азаматтық авиация қауiпсiздiгiне қатер туғызатын басқадай кез келген әрекеттерге жол бермеу мәселелерi бойынша бiр-бiрiне барлық қажеттi көмегiн көрсетедi.
3. Келісушi Жақтар Халықаралық азаматтық авиация ұйымы орнатқан авиация қауiпсiздiгi туралы ережелер мен техникалық талаптарға және Халықаралық азаматтық авиация туралы Конвенцияның Қосымшаларында қарастырылған ережелерге сәйкес ол ережелер мен талаптар Келiсушi Жақтарға қаншалықты қолданымды болса, соншалықты дәрежеде қимыл-әрекеттер жасайды; олар әуе кемелерiн пайдаланушылар мен оларды тiркеушiлерден және өз территорияларында түбегейлi түрде тұрақтап жүрген немесе негiзгi қызметтiк орыны бар әуе кемелерiнiң пайдаланушыларынан және де олардың территорияларындағы әуежайларды пайдаланушылардан сол авиация қауiпсiздiгi туралы ережелер мен талаптарға сәйкес қимыл-әрекет жасауларын талап ететiн болады.
4. Келiсушi Жақтардың әрқайсысы да екiншi Келiсушi Жақтың территориясына кiру, одан ұшып кету немесе оның территориясы шеңберiнде болу үшiн қарастырылған 3-тармақта ескертiлген авиация қауiпсiздiгi жөнiндегi ережелер мен талаптардың сол әуе кемелерін пайдаланушылар тарапынан ұқыпты сақталуын екінші Келісуші Жақ талап ете алады дегенге келіседі. Әрбір Келісуші Жақ өз территориясы шеңберінде әуе кемелерін қорғау үшін жолаушыларды, экипажды, қол жүгін, багажды, жүкті, борттық қорларды әуе кемесіне отырғызудан немесе тиеуден бұрын, әйтпесе сол кезде тексеруден өткізіп, тиісті шаралардың қолданылуын қамтамасыз ететін болады. Әрбір Келісуші Жақ сонымен бірге нақтылы қатер туған жағдайда арнайы қауіпсіздік шараларын қолдану туралы екінші Келісуші Жақтың қай өтініші болса да тілектестікпен қарайтын болады.
5. Азаматтық әуе кемесін заңсыз басып алуға байланысты қақтығыс немесе қақтығыс қатері әйтпесе басқадай әуе кемесінің, оның жолаушылары мен экипажының, аэропорттар мен әуе навигациялық құралдардың қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілер орын алған болса, Келісуші Жақтар ондай қақтығыстарды немесе қақтығыс қатерін жедел және зардапсыз жою мақсатында өзара байланысты жеңілдету мен тиісті шаралар қолдану арқылы бір-біріне көмек көрсететін болады.
Бір Келісуші Жақтың авиациялық билік орындары екінші Келісуші Жақтың авиациялық билік орындарының сұрауы бойынша келісілген әуе жолдарында бірінші Келісуші Жақ тағайындаған авиация кәсіпорынының атқарған тасымалдар көлемін анықтау мақсатымен лайықты түрде талап етілетін статистикалық ақпараттарды оқтын-оқтын беріп отырады.
1. Осы Келісімнің орындалуына қатысты барлық мәселелер бойынша тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін Келісуші Жақтардың авиациялық билік орындары арасында мезгіл-мезгіл кеңесулер өткізіліп тұруы мүмкін.
2. Мұндай кеңесулер, Келісуші Жақтар арасында басқадай уағдаластықтар болмаса, кеңестік кездесу өткізу туралы Келісуші Жақтардың бірінің жазбаша өтініші алынған күннен бастап 30 күндік мерзім ішінде өткізіледі.
1. Осы Келісімді немесе оған тіркелген Қосымшаны түсіндіруге, әйтпесе қолдануға байланысты туындаған кез келген дау-дамай Келісуші Жақтардың авиациялық билік орындары арасындағы тікелей келіссөздер арқылы шешіледі. Егер аталған билік орындары келісімге келе алмаса, онда дау-дамай дипломатиялық каналдар бойынша шешіледі.
2. Егер келіссөздер үстінде Келісуші Жақтар уағдаластыққа қол жеткізе алмаса, онда дау-дамай Төрелік соттың қарауына тапсырылуы мүмкін. Ол үшін әрбір Келісуші Жақ өз жағының төрешісін тағайындайды. Тағайындалған төрешілер үшінші төрешіні анықтап, оған Төрелік соттың Төрағалық міндеті жүктеледі. Тараптар дау-дамай мәселелерін төрелік сот арқылы шешу жөнінде ұсыныстар түскені туралы дипломатиялық каналдар бойынша хабар алған күннен бастап 60 (алпыс) тәулік ішінде өз төрешілерін тағайындайды. Төрелік соттың Төрағасы келесі 60 (алпыс) тәулік ішінде тағайындалады. Егер Келісуші Жақтардың біреуі өз төрешісін тағайындамаса немесе межелі мерзім ішінде төрелік соттың үшінші мүшесі тағайындалмаса, онда Келісуші Жақтар төрешіні және (немесе) Төрелік соттың Төрағасын тағайындауды Халықаралық Азаматтық авиация Ұйымының Кеңесі Президентінен өтіне алады.
3. Келісуші Жақтар осы баптың 2-тармағына сәйкес, қабылданған Төрелік соттың шешімін орындауға міндеттенеді.
4. Егер Келісуші Жақтың біреуі Төрелік соттың шешімін орындамаса, онда екінші Келісуші Жақ сыбайлас Келісуші Жаққа берілген құқықтар мен артықшылықтарды жоюға ерікті болады.
5. Келісуші Жақтардың әрқайсысы тағайындалған өз төрешісінің жұмысына байланысты шығындарды өзіне алады. Төрелік Сот Төрағасының қаламақысы мен шығынын, сондай-ақ Төрелік Соттың жұмысымен байланысты шығындарды, егер Төрелік Сотта басқадай көзі ескерілмесе, екі Келісуші жақ тепе-тең төлейді.
20-бап
Өзгертулер мен толықтырулар енгізу
1. Егер Келісуші Жақтардың бірі осы Келісімнің немесе оған тіркелген Қосымшаның шарттарын өзгертуге, әйтпесе толықтыруға ұсыныс етсе, онда ол ұсынылған өзгерістерге немесе толықтыруларға қатысты Келісуші Жақтардың авиациялық билік орындары арасында кеңесулер өткізіледі. Кеңесулер, егер Келісуші Жақтардың авиациялық билік орындары мерзімді ұзарту туралы уағдаласпаса, кең өткізу туралы сұраныс түскен күннен бастап санағанда 60 (алпыс) күннің ішінде басталулары керек.
2. Өзгертулер мен толықтырулар дипломатиялық каналдар (жолдар) бойынша ноталармен алмасып, оларды растағаннан кейін барып күшіне енеді. Қосымшаға енетін өзгерістер мен толықтырулар Келісуші Жақтардың авиациялық билік орындарының өзара келісімімен енгізіледі.
Бұл Келiсiм мен оған жасалатын кез келген түзетулер Халықаралық Азаматтық авиация ұйымында тiркелетiн болады.
1. Бұл Келiсiм нақтылы анықталмаған мерзiмге жасалды.
2. Әрбiр Келiсушi Жақ дипломатиялық каналдар бойынша осы Келiсiмнiң күшiн тоқтату туралы өз ниетiн екiншi Келiсушi Жаққа кез келген уақытта ескерту хатпен хабарлай алады. Ондай жағдайда, екiншi Келiсушi Жақ ескерту хатты алған күннен бастап 12 (он екi) ай өткеннен кейiн Келiсiм күшi тоқтатылады, егер де осы мерзiм өткенге дейiн Келiсiмнiң күшiн тоқтату туралы ескерту хат екi Жақтың бiрдей келiсуi бойынша керi қайтарылып алынбаса.
Бұл Келiсiм уақытша оған қол қойылған күннен бастап қолданыла бередi және де Келісушi Жақтардың конституциялық формальдылықтары орындалғаны туралы дипломатиялық ноталармен алмасқан күннен бастап күшiне енедi.
Келiсiм Вильнюс қаласында 1993 жылдың 21 шiлде күнi түпнұсқалық екi дана болып, әрқайсысы қазақ, литва және орыс тiлдерiнде жасалды, сонымен бiрге барлық текстiлердiң де күшi теңдес саналады.
Бұл Келiсiмдi талдап түсiндiруде қайшылық туған жағдайда негiз ретiнде орыс тiлiндегi текстi қабылданады.
(Қолдары)
1. Қазақстан Республикасы Yкiметiмен тағайындалған авиация кәсiпорынының келiсiлген әуе жолдарын мынадай маршруттар бойынша жүйелi пайдалануына құқы болады:
_________________________________________________________________
| Шығатын | Аралық | Баратын | Литва |
| пункттері | пункттері | пункттері | Республикасынан |
| | | | сыртқары пункттер|
|________________|_______________|_____________|__________________|
| Алматы | | Вильнюс | |
|________________|_______________|_____________|__________________|
2. Литва Республикасы Yкiметiмен тағайындалған авиация кәсiпорынының келiсiлген әуе жолдарын мынадай маршруттар бойынша жүйелi пайдалануына құқы болады:
_________________________________________________________________
| Шығатын | Аралық | Баратын | Қазақстан |
| пункттері | пункттері | пункттері | Республикасынан |
| | | | сыртқары пункттер|
|________________|_______________|_____________|__________________|
| Вильнюс | | Алматы | |
|________________|_______________|_____________|__________________|
3. Алматы мен Вильнюстен басқа Келiсушi Жақтардың территориясындағы нақтылы пункттер Келiсушi Жақтардағы авиациялық билiк орындарының арасындағы келiсiм бойынша анықталатын болады.
4. Аралық пункттер және Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасынан сыртқары пункттер Келiсушi Жақтардағы авиациялық билiк орындары арасындағы келiсiмнiң тақырыбы болады.