Маңғыстау аумақтық-өндiрiстiк кешенiн дамыту жөнiндегi шұғыл шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 22 қараша 1993 ж. N 1166

      Маңғыстау облысы экономикасының жай-күйiн және оның ерекше географиялық жағдайын, табиғи-климаттық ахуалын, облыс өнеркәсiбiнiң бұрынғы КСРО халық шаруашылығы кешенiне терең интеграциялануын, өндiрiсiнiң айтарлықтай құлдырауын және мамандардың кетуi барған сайын көбейе түскенiн ескере отырып, сондай-ақ аймақтың бiрегей индустриалдық және кадр әлеуетiн сақтау, халқының тұрмыс деңгейiн қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Маңғыстау облысының әкiмi республиканың мүдделi министрлiктерiмен және ведомстволарымен бiрлесiп 3 айлық мерзiм iшiнде Маңғыстау аумақтық-өндiрiстiк кешенiн дамытудың басым бағыттарын анықтасын, облысты әлеуметтiк-экономикалық дамытудың 1994-1995 және 2000 жылға дейiнгi кезеңге арналған кешендi бағдарламасын әзiрлеп, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң бекiтуiне енгiзетiн болсын.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiнен:
      "Тұранбанк" қазақ акционерлiк банкi мен "Таимбанк" коммерциялық банкiн "КАТЭП" ұлттық акционерлiк компаниясына кредит берген сәттен бастап Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң "Уран мен минералды тыңайтқыш қорларын жасау туралы" 1993 жылғы 26 наурыздағы N 237 қаулысында көзделген шарттар негiзiнде бiр жыл мерзiмге кредиттеудi қамтамасыз етуге мiндеттеу;
      "Арна" акционерлiк сауда компаниясына және мұнайшылардың сауда ұйымдарына ауыл шаруашылығы өнiмдерiн, тамақ өнiмдерiн сатып алу үшiн 1994 жылдың мамырында қайтару шартымен 10 млрд. сом мөлшерiнде кредит бөлу;
      Маңғыстау облысын басым тәртiппен қолма-қол ақшамен және қосымша кредит ресурстарымен қамтамасыз ету сұралсын.
      3. Маңғыстау облысының әкiмшiлiгiне облыстың кәсiпорындарында өндiрiлетiн өнiмнiң 10 процентiне дейiнiн аймақтың әлеуметтiк мұқтаждарына пайдалануға рұқсат етiлсiн.
      4. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi 3 айлық мерзiмде аймақтың жоғары бiлiктi мамандармен және жұмысшылармен қамтамасыз етiлуiне терең талдау жасап:
      аймақтың базалық салаларында кадрларды тұрақтандыру жөнiнде;
      Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгiмен бiрлесiп Ресей Федерациясы мен ТМД-ның басқа да елдерiнiң жоғарғы оқу орындарынан жас мамандарды тартуды қоса, еңбек ресурстарын толықтыру жөнiнде шаралар әзiрлесiн.
      5. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi, Сыртқы iстер министрлiгi, Еңбек министрлiгi және Әдiлет министрлiгi Маңғыстау облысының әкiмiмен бiрлесiп, жасалған контрактыларға сәйкес облыс кәсiпорындарында еңбек қызметiн жалғастырып жатқан және кейiннен ТМД елдерiне қайтуға тiлек бiлдiрген адамдардың азаматтығын (тұратын орнын) белгiлеу процедурасы туралы мәселенi 3 айлық мерзiмде қарастырсын, сондай-ақ үкiметаралық келiсiмдерде көрiнiс табатын контракт жасау шарттарын анықтап, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне және Жоғарғы Кеңесiне тиiстi ұсыныстар енгiзсiн.
      6. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөнiндегi агенттiгi және "КАТЭП" ұлттық акционерлiк компаниясы БН-350 ядролық реакторының қауiпсiз жұмысын қамтамасыз етумен тiкелей байланысты мамандықтардың тiзбесiн анықтап, аталған санаттағы мамандар мен олардың отбасылары Ресей Федерациясының атом өнеркәсiбi жүйесiнде тұрғын үй алуына және еңбекке орналасуына кепiлдiк беру туралы Ресей Федерациясының тиiстi ведомстволарымен келiсiлген ұсынысты Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне енгiзетiн болсын.
      7. Маңғыстау облысының әкiмiне Маңғыстау энергокомбинатымен бiрлесiп, облыс халқының тұрмыстық мұқтажына арналған электр және жылу қуатына оның босату бағасының 50 процентiне дейiнгi жеңiлдiк тарифтерiн белгiлеуiне рұқсат етiлсiн.
      8. Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлiгi мен Маңғыстау облысының әкiмi Жаңаөзен қаласы мен Жетiбай поселкесiнiң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын белгiленген тәртiппен жергiлiктi органдардың балансына берудi жүзеге асырсын.
      9. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi 1994 жылға арналған бюджет жобасын әзiрлеу кезiнде Жаңаөзен қаласы мен Жетiбай поселкесiнiң әлеуметтiк салаларын ұстауға қаржы бөлу туралы мәселенi қарастырсын.
      10. Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп министрлiгi Маңғыстау облысының әкiмiмен, Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен бiрлесiп, республиканың мүдделi министрлiктерi мен ведомстволарын қатыстыра отырып, 3 айлық мерзiмде облыстың өнеркәсiп орындарына шикiзаттар, материалдар, жинақтау бұйымдарын және жабдықтар беруге республикалық кәсiпорындарды мейлiнше тартуды қарастыра отырып кооперациялық байланыстардың жаңа схемасын пысықтасын.
      11. Республикалық "Қазконтракт" контракт корпорациясы республиканың министрлiктерiмен және ведомстволарымен бiрлесiп Ақтау қаласының кәсiпорындарын концентратпен және бензолмен қамтамасыз ету мәселесiн қарастырсын.
      12. Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлiгi, Экономика министрлiгi жанындағы Шетелдiк инвестициялар жөнiндегi ұлттық агенттiк Қаржы министрлiгiмен бiрлесiп Маңғыстау мұнай өңдеу зауытының құрылысына шетелдiк фирмаларды тартуға байланысты мәселелердi шешудi тездетсiн, қаржыландыруды бастау және оны ұтымды пайдалануды бақылау үшiн валюталық қорды неғұрлым белсене қалыптастыру жөнiнде шаралар қолдансын. Зауыт құрамында "АКПО" акционерлiк қоғамының мұқтаждары үшiн бензол өндiретiн технологиялық қондырғы болуын көздейтiн болсын.
      13. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi республика ауыл шаруашылығының "КАСКОР" акционерлiк компаниясы (Ақтау қаласы) шығаратын азотты-фосфор тыңайтқыштарға қажетiн қамтамасыз ету мүмкiндiгiн қарастырсын.
      14. Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп министрлiгi минералды тыңайтқыштар өндiруге арналған реагенттiк базаны жаңғырту жөнiндегi шараларды пысықтап, республика Министрлер Кабинетiне ұсыныстар енгiзсiн.
      15. Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлiгi үкiметаралық келiсiмдер бойынша Қазақстан мұнайын берiп тұру үшiн төлемдердi есепке алып, төлем қабiлетi бар сатып алушыларға мұнайды алдын ала өтеу шарты негiзiнде еркiн сату құқығы берiлуiн ескере отырып, оны Ресей Федерациясының кәсiпорындарына берiп тұру мөлшерiне республика Экономика министрлiгiнiң келiсуi бойынша өзгерiс енгiзсiн.
      16. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi жанындағы Баға комитетi Қазақ газ өңдеу зауытының (Жаңаөзен қаласы) өнiмдерiне баға түзу туралы мәселенi қарап, тиiстi шешiм қабылдасын.
      17. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөнiндегi агенттiгi, "КАТЭП" ұлттық акционерлiк компаниясы Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң, Әдiлет министрлiгiнiң, басқа да мүдделi ведомстволардың қатысуымен Маңғыстау энергокомбинатындағы атом реакторының жұмыс iстеу қабiлетi мен ядролық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы келiсiмдi 3 айлық мерзiмде әзiрлеп, екi мемлекет Үкiметтерiнiң қарауына табыс етсiн.
      18. Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технология министрлiгi атом реакторын пайдалануды ғылыми демеудi қамтамасыз етуде, сирек кездесетiн металдар бағдарламасын, химия өнеркәсiбiн дамытудың тұжырымдамасы мен бағдарламасын әзiрлеуде, Өзен кен орнының мұнай беруiн арттыру жөнiндегi жұмыстарда аймақтың кәсiпорындарына ғылыми-әдiстемелiк қолдау жасайтын болсын.
      19. Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп министрлiгi "КАТЭП" ұлттық акционерлiк компаниясымен және "КАСКОР" акционерлiк компаниясымен бiрлесiп тiс пастасының түтiктерiне арналған алюминий рондольдерi өндiрiсiн ұйымдастырсын.
      20. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi 1994 жылы БН-350 реакторының қауiпсiздiк жүйесiнiң сенiмдiлiгiн арттыруға, Теңiз-Ақтау этан айдау құбыры мен Ақтау әуе жайының құрылысын жалғастыруға және тауарлы скандий өнiмiн алуға Қазақстан Республикасының Экономиканы өзгерту қорынан 5 млрд. сом мөлшерiнде қаржы бөлiнуiн көздейтiн болсын.
      21. Атом энергиясы жөнiндегi агенттiк, "КАТЭП" ұлттық акционерлiк компаниясы Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технология министрлiгiмен бiрлесiп:
      1994 жылдан бастап БН-350 ядролық реакторын алмастыру жөнiндегi жобалау-конструкторлық жұмыстардың орындалуын ұйымдастырсын;
      3 айлық мерзiмде Маңғыстау энергокомбинаты мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының техникалық тапсырмаларын қарап, республиканың Министрлер Кабинетiне келiсiлген ұсыныстар енгiзсiн.
      22. Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп министрлiгi, Энергетика және отын ресурстары министрлiгi республиканың қорғаныс кәсiпорындарында мұнай кәсiпшiлiгi жабдықтары өндiрiсiн ұйымдастыру туралы мәселенi шешетiн болсын.
      23. Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлiгi Маңғыстау энергокомбинатының тұшыту батареясының құрылысын өз қаражаты есебiнен 1995 жылы пайдалануға берiлетiн етiп одан әрi жалғастырсын.
      24. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi, Қаржы министрлiгi, Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi Маңғыстау облысының өнеркәсiп орындары мен әлеуметтiк салалар объектiлерiн Каспий теңiзi тасуынан қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асыру үшiн республика Министрлер Кабинетiнiң резерв қорының төтенше жағдайларды қаржыландыруға арналған қаражаты шеңберiнде жыл сайын бөлiнуiн қарастыратын болсын. <*>
      ЕСКЕРТУ. 24-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚРҮ-нiң 1996.08.20.
               N 1031 қаулысымен. P961031_
     Қазақстан Республикасының
         Премьер-министрi


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады