Шет елде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссия туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1993 жылғы 13 желтоқсан N 1245. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997.03.03. N 3375 жарлығымен. ~U973375

      "Шет елде кадрлар даярлау үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендияларын белгiлеу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 5 қарашадағы N 1394 Қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi

қаулы етедi:
     1. Шет елде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссия
туралы ереже қосымшаға сәйкес бекiтiлсiн.
     2. Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгi Шет елде кадрлар
даярлау жөнiндегi республикалық комиссияның қызметiн 
ұйымдық-техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асырсын.
            Қазақстан Республикасының
              Премьер-министрi
                                       Қазақстан Республикасы
                                       Министрлер Кабинетiнiң
                                    1993 жылғы 13 желтоқсандағы
                                        N 1245 қаулысына
                                         Қосымша
            Шет елде кадрлар даярлау жөнiндегi
             республикалық комиссия туралы
                   Ереже


      1. Осы Ереже шет елде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссияның (бұдан былай - республикалық комиссия) мақсатын, мiндетiн, атқаратын негiзгi қызметiн, құқықтары мен мiндеттiлiгiн белгiлейдi.
      2. Республикалық комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарын, қаулылары мен өкiмдерiн, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулыларын, Премьер-министрдiң өкiмдерiн және осы Ереженi басшылыққа алады.
      Республикалық комиссияның шешiмдерi оның құзыры шегiнде министрлiктер, ведомстволар, мемлекеттiк емес бiлiм мекемелерi және басқа бiрлестiктер үшiн мiндеттi.
      3. Республикалық комиссияның негiзгi мiндетi даярлығы неғұрлым жоғары жастарды iрiктеп шет елдердiң алдыңғы қатарлы оқу орындарына оқуға жiберу болып табылады.
      Осы мақсатта Республикалық комиссия өз жұмысын:
      шет елде кадрлар даярлау стратегиясын белгiлеу;
      Қазақстан студенттерiн оқуға қабылдау жөнiнде шет елдердiң бiлiм министрлiктерiмен және оқу орындарымен келiссөздер жүргiзу;
      ерекше бейiмдiлiк танытқан республика азаматтарына бiлiгi биiк арнаулы бiлiм алуына жәрдемдесу;
      оқуға жiберуге ұсынылып отырған талапкерлерге халықаралық стипендия тағайындау үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгiзу;
      негiзгi қызметiне қажеттi заңға қайшы келмейтiн басқа да мiндеттердi атқару бағыттары бойынша жүзеге асырады.
      4. Республикалық комиссияның:
      мамандарды шет елдерде оқытуға байланысты жекелеген мәселелердi зерделеу үшiн жұмыс топтарын құруға;
      шет елдерде кадрлар даярлауды жүзеге асыратын министрлiктер, ведомстволар, мемлекеттiк емес бiлiм мекемелерi мен басқа да бiрлестiктер жұмысын тиiмдiлiгiн тексеруге және қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Президентiне және Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне ұсыныстар енгiзуге;
      өз мәжiлiстерiнде атқарушы өкiмет пен барлық деңгейдегi басқару органдары басшыларының "Шет елде кадрлар даярлау үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендияларын белгiлеу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 5 қарашадағы N 1394 қаулысын жүзеге асыруға байланысты атқарып жатқан жұмысы туралы ақпары мен есептерiн тыңдауға құқығы бар.
      5. Республикалық комиссия Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгiмен бiрлесе отырып мынадай қызметтер атқарады;
      республиканың мүдделi министрлiктерi мен ведомстволарын қатыстыра отырып, Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгi мен шет елдер арасында бiлiм беру мәселесi жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi, шарттар, келiсiмдер түзедi, ынтымақтастық жөнiнде нақты шараларды жүзеге асырады;
      бiлiм беру мәселелерi бойынша белгiленген тәртiпке сай халықаралық мәжiлiстер, съездер, симпозиумдар ұйымдастырады;
      шет ел жоғары оқу орындарына түсу үшiн өткiзiлетiн конкурстардың шарттары мен мерзiмдерi жайлы жастарды жан-жақты хабардар етедi;
      дарынды да қабiлеттi жастарды анықтау үшiн арнаулы пәндер бойынша конкурстар мен олимпиадалар ұйымдастырып, өткiзедi;
      халықаралық талаптарға сәйкес қажеттi құжаттар дайындайды;
      белгiленген тәртiпке сәйкес шет ел оқу орындарына оқуға жiберiлетiн студенттермен контракт жасасады;
      шет ел бiлiм министрлiктерiмен бiрлесе отырып, шарт пен келiсiм негiзiнде шет елде оқитын оқушылар, студенттер, дәрiстенушiлер мен басқа да қызметкерлердiң тұрғын үй-тұрмыстық, тамақтану, медициналық қызмет көрсету жағдайларын жақсарту жөнiндегi шараларды жүзеге асырады.
      6. Республикалық комиссияның мәжiлiстерi оның жұмыс жоспарына сәйкес өткiзiледi. Жоспардан тыс мәжiлiстер қажеттiлiгiне қарай комиссия төрағасының ұйғарымы бойынша шақырылады.
      7. Республикалық комиссияның төрағасы комиссия жұмысын Қазақстан Республикасының заңдары мен осы Ережеге сәйкес ұйымдастырылуын қамтамасыз етедi, Республикалық комиссия төрағасы орынбасарларының өкiлеттiлiгiн белгiлейдi.
      Республикалық комиссия хатшысы комиссияның iс жүргiзуiне жауап бередi, оның мүшелерiнiң қызметiн үйлестiредi.
      8. Республикалық комиссияның шешiмдерi оның мәжiлiске қатысып отырған мүшелерiнiң жәй көпшiлiк дауысымен қабылданады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады