Ғылыми зерттеулердiң аймақтық қоры туралы үлгi ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 26 шiлде 1994 ж. N 828. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 9 ақпандағы N 124 қаулысымен

      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      Ғылыми зерттеулердiң аймақтық қоры туралы қоса берiлiп отырған Үлгi ереже бекiтiлсiн. 

      Қазақстан Республикасының 
      Премьер-министрi 

Қазақстан Республикасы     
Министрлер Кабинетiнiң     
1994 жылғы 26 шiлдедегi     
N 828 қаулысымен       
Бекiтiлген        

                   Ғылыми зерттеулердiң аймақтық қоры туралы                            ҮЛГI ЕРЕЖЕ 

                        I. Жалпы ережелер

        1. Ғылыми зерттеулердiң аймақтық қоры /бұдан былай - қор/ "Қазақстан Республикасының ғылыми және мемлекеттiк ғылыми-техникалық саясаты туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өкiлдi өкiметтiң жергiлiктi органдарының шешiмiне құрылады. 
      Қор дербес ұйым болып табылады және ол өз қызметiнде Қазақстан Республикасының заңдары мен осы Ереженi басшылыққа алады. 
      2. Қор қаржысы: 
      жергiлiктi бюджеттiң аударымдары; 
      Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi жыл сайын бөлетiн мақсатты қаржылары; 
      Қазақстан Республикасы Ғылым қорының аударымдары; 
      кәсiпорындардың, бiрлестiктер мен ұйымдардың табысынан ерiктi аударымдары; 
      қазақстандық және шетелдiк кәсiпкерлердiң, ұйымдар мен жеке азаматтардың қайырымдылық және басқа салымдары; 
      нақты ғылыми бағыттар мен проблемалар бойынша зерттеулер жүргiзуге мүдделi тапсырыс берушiлердiң мақсатты жарналары есебiнен құралады. 
      3. Қордың бюджеттiк қаржыдан басқа ағымдағы жылы жұмсалмаған қаржысы ауыспалы болып табылады, оны алып қоюға болмайды. 

               II. Қордың мақсаты мен мiндеттерi 

       4. Қордың басты мақсаты - аймақ үшiн басым бағыттар бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды және жобаларды конкурстық жолмен қаржыландыру арқылы Қазақстан Республикасының аймақтарында ғылыми-техникалық әлеуеттi дамытуды ынталандыру болып табылады. 
      5. Қордың мiндеттерi: 
      қор қаржысы есебiнен қаржыландырылатын ғылыми зерттеулердiң аймақтық басым бағыттарын айқындау; 
      таңдап алынған аймақтық басымдықтар бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалар конкурсын өткiзу; 
      аймақтық мақсатты ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыру; 
      аймақта орналасқан ғылыми мекемелердiң, жоғары оқу орындарының және ғылыми кiтапханалардың материалдық-техникалық базасын дамытуға жәрдемдесу; 
      ғылым мен техниканың болашағы бар бағыттары бойынша аймақ мүдделерi үшiн кадрларды шет елдерде даярлау мен қайта даярлауды қоса алғанда, аса бiлiктi ғылыми кадрлар даярлау бағдарламасын жүзеге асыруға қатысу болып саналады. 
 

            III. Қорды басқару және аймақтық мақсатты ғылыми 
              және ғылыми-техникалық бағдарламаларды қор 
               қаржылары есебiнен қаржыландыру тәртiбi 
 

        6. Қорды басқарудың жоғары органы қоғамдық негiзде жұмыс iстейтiн Қор кеңесi /бұдан былай -Кеңес/ болып табылады. 
      Кеңес құрамына Кеңестiң төрағасы, оның орынбасарлары, ғылыми хатшысы және Кеңес мүшелерi, мұның iшiнде Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi мен өкiлдi өкiметтiң жергiлiктi органдарының өкiлдерi кiредi. Кеңестiң жеке құрамы Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгiнiң қатысуымен жергiлiктi өкiметтiң өкiлдi органдарының шешiмiмен үш жыл мерзiмге бекiтiледi. Аталған мерзiм өткен соң, Кеңес құрамының кем дегенде үштен бiрi жаңартылып отырады. 
      7. Қор кеңесi: 
      Қор қаражатынан қаржыландыру үшiн аймақта ғылым мен техниканы дамытудың басым бағыттарын белгiлейдi; 
      ғылыми зерттеулер жүргiзуге арналған жобалар конкурсын өткiзудiң шарттары мен тәртiбiн бекiтедi; 
      конкурстық iрiктеуден өткен бағдарламалар мен жобалар туралы шешiм қабылдап, оларды қаржыландыруды жүзеге асырады; 
      жобаны немесе бағдарламаны одан әрi жүргiзудiң келешегi жоқтығы байқалған кезде қаржыландыруды тоқтату туралы шешiм қабылдайды; 
      қордың жылдық сметасын қарап, бекiтедi және оның орындалуын бақылайды; 
      мемлекеттiк және қоғамдық, оның iшiнде халықаралық ұйымдармен қарым-қатынаста қордың атынан өкiл болады; 
      өз жұмысының нәтижелерi туралы өкiлдi өкiметтiң жергiлiктi органдарының алдында жыл сайын есеп берiп отырады. 
      8. Қор кеңесiнiң жұмысын төраға, ал ол жоқта орынбасары басқарады. Егер Кеңес мүшелерiнiң кемiнде үштен екiсi қатысса, Кеңес мәжiлiсi құқықтық күшi бар деп танылады. Кеңестiң шешiмi жай көпшiлiк дауыспен қабылданады. Дауыстар тепе-тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешушi болып табылады. 
      Кеңестiң шешiмдерi хаттамалармен рәсiмделедi. 
      9. Қордың жұмыс органы /атқарушы дирекция/ Қордың ағымдағы қызметiн қамтамасыз етедi және оның құрамын Қор кеңесi атқарушы дирекцияға контракт негiзiнде жұмысқа тартылатын мамандар мен ғалымдардан құрады. 
      Қор директоры Қор кеңесiнiң мәжiлiсiнде бекiтiледi. 
      10. Атқарушы дирекция: 
      ғылыми мекемелерден, жоғары оқу орындарынан, ұйымдар мен жеке ғалымдардан, шетелдiктердi қоса алғанда, iргелi және iзденiс зерттеулерiн қаржыландыру жөнiнде келiп түсетiн ұсыныстарды қабылдайды және оларды Қор кеңесiнде қарауға әзiрлейдi; 
      Қор кеңесiнiң келiсiмi бойынша конкурс өткiзедi және келiп түскен жобаларды қаржыландыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу үшiн тәуелсiз сараптама ұйымдастырады; 
      орындаушылардың жұмыстарды атқару мерзiмдерiн сақтауына, сондай-ақ бөлiнетiн қаржының мақсатты түрде пайдалануына бақылау жасайды; 
      қор Кеңесiнiң бекiтуiне шығыс-кiрiс сметасының орындалуы туралы есептер ұсынады. Қор кеңесiнiң iс қағаздарын жүргiзедi. 
      11. Конкурстан өткен ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыру қор мен орындаушының /заңды ұйымның/ арасында жасалған шарттар негiзiнде жүзеге асырылады. 
      12. Қор қаржысын ғылыми зерттеулерге қатысы жоқ әлеуметтiк, шаруашылық және өзге де жергiлiктi мұқтаждықтарға пайдалануға тиым салынады. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады