Қазақстан Республикасының темiр жол көлiгiндегi әскерилендiрiлген күзет қызметi туралы ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 1994 жылғы 2 желтоқсан N 1341. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы N 1321 Қаулысымен.

       Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы  N 1321 Қаулысымен.
 
        Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      Қазақстан Республикасының темiр жол көлiгiндегi әскерилендiрiлген күзет қызметi туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн.     

       Қазақстан Республикасы
       Премьер-министрiнiң
       бiрiншi орынбасары

                                           Қазақстан Республикасы  
                                           Министрлер Кабинетiнiң
                                         1994 жылғы 2 желтоқсандағы
                                             N 1341 қаулысымен
                                                 Бекiтiлген

          Қазақстан Республикасының темiр жол көлiгiндегi
              әскерилендiрiлген күзет қызметi туралы
                              ЕРЕЖЕ

                          I. Жалпы Ереже

      1. Қазақстан Республикасының темiр жол көлiгiндегi әскерилендiрiлген күзет қызметi /бұдан былай - күзет қызметi/ өз қызметiн республика темiр жолының жүктер мен объектiлердi күзету, сондай-ақ материалдық игiлiктердi қорғау мiндетi жүктелген кәсiпорындарында, мекемелер мен ұйымдарында жүзеге асыратын арнаулы әскерилендiрiлген ұйым болып табылады. 
      2. Күзет қызметi Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң темiр жол басқармаларының құрамына кiредi. 
      3. Күзет қызметiнiң құрылымдық бөлiмшелерi заңды ұйым болып табылады, төрелiк және халық соттарында даулаушы мен жауапкер болуы мүмкiн, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы бейнеленген және өзiнiң аты жазылған мөрi, дербес балансы, Қазақстан Республикасының банк мекемелерiнде ағымдағы есеп шоты бар және өз құзырының шеңберiнде қаржылық-шаруашылық және шарттық қызмет мәселелерiн дербес шешедi. 
      4. Күзет қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетiнiң актiлерiн, Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң, Iшкi iстер министрлiгiнiң, Темiр жол көлiгi департаментiнiң, темiр жол бастықтарының бұйрықтары мен нұсқауларын, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады. 
      5. Күзет қызметiнде басқару мен iс жүргiзу, сондай-ақ қызмет барысында хат жазысу мемлекеттiк тiлде және ұлтаралық қатынас тiлiнде жүзеге асырылады. 
      6. Күзет қызметi оны ұстауға арналған сметаға сәйкес, темiр жол басқармаларының пайдалану шығындарына кеткен қаражат есебiнен ұсталады. 
      7. Күзет қызметi шарт бойынша жүк жөнелтушi мен жүк алушыға станциялардың кiрме жолдарына, сондай-ақ күзетуге жататын объектiлердiң тiзбесiне енбеген жүктердi күзету жөнiнде қосымша қызмет көрсетуге құқылы. Мұндай қызмет көрсетулер үшiн төлем еркiн тариф бойынша жүзеге асырылады. 
      8. Күзет қызметi өзiне жүктелген мiндеттердi темiр жол бөлiмшелерiнiң құрылымдарымен, құқық қорғау органдарымен, меншiктiң барлық нысанындағы мүдделi кәсiпорындарымен, мекемелермен, ұйымдармен, еңбек ұжымдарымен және азаматтармен өзара қарым-қатынаста шешедi. 
      9. Күзет қызметiнiң қызметi заңдылық және дара басшылық принциптерiнде жүзеге асырылады. 

         II. Күзет қызметiнiң негiзгi мiндеттерi мен құзыры 

      10. Күзет қызметiне мыналар жүктеледi: 
      жүрiс жолдары мен станция парктерiнде жүктердi күзету; 
      объектiлер мен ерекшеленген жайларды күзету; 
      темiр жолдағы өте маңызды объектiлердi күзету; 
      қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету мақсатында жолаушы поездарына iлесiп жүру /жол бастығының ыңғайы бойынша/; 
      темiр жол көлiгi объектiлерiнде және қозғалмалы құрамда өрттi жою мен болдырмау; 
      өрт қауiпсiздiгiнiң талаптарын орындауды бақылау, өрттiң алдын-алу шараларын жүргiзу; 
      темiр жол кәсiпорындарында, мекемелерiнде, және кәсiпорындарында материалдық игiлiктердi сақтау шартының, қоршаулар жөндемдiлiгiнiң, күзеттiң техникалық құралдарының, лауазымды адамдардың белгiленген ережелердi орындауының жай-күйiне бақылауды ұйымдастыру; 
      темiр жолдың тиiстi бөлiмдерiмен бақытсыздық оқиғаларын болдырмау жөнiндегi шараларды дайындау мен жүргiзу; 
      темiр жолдардың жүруге рұқсат етiлмеген жерлерiнде және жүк поездарында бөтен адамдардың жүрiсiн болдырмау; 
      ғимараттар мен үйлердiң құрылысын жүргiзгенде олардың техникалық мықтылығына, өрт қауiпсiздiгiне, күзет және өрт сигнализациясы құралдарымен жабдықталуына қатысты жобаларды келiсу мен қарау; 
      темiр жол көлiгi объектілерi мен жүктердiң сақталуы, өрт қауiпсiздiгi мәселелерi жөнiндегi ережелердi, нұсқауларды, ұйғарымдарды дайындау мен жасау;
     күзет қызметiнiң бөлiмшелерiнде техника қауiпсiздiгi мен еңбек қорғауды қамтамасыз ету жөнiнде рационализаторлық ұсыныстарды, жаңа техника мен алдыңғы қатарлы еңбек әдiсiн даярлау және енгiзу;
     жеке құрамның оқу-жауынгерлiк даярлығын ұйымдастыру;
     ерiктi өрт жасақтарын дамыту мен нығайтуға жәрдемдесу;
     еңбек тәртiбiн нығайту жөнiндегi шараларды әзiрлеу және жүзеге асыру;
     күзет қызметi бөлiмшелерiнiң жұмылдыруына әзiрлiгiн қамтамасыз ету шараларын жүргiзу.     

        III. Күзет қызметi қызметкерлерiнiң мiндеттерi,
                   құқығы және жауапкершiлiгi

     11. Күзет қызметiнiң қызметкерлерi:
     тасымалданатын жүктер мен күзет объектiлерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге;
     күзетiлетiн объектiлер мен тасымалданатын жүктерге қол салудың алдын-алуға және жолын кесуге;
     өрттi сөндiру, адамдарды құтқару және оларға көмек көрсету жөнiнде шұғыл шаралар қолдануға;
      iшкi iстер органдарының қызметкерлерiмен бiрлесiп жолаушылар поездарында қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге, жолаушылардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне қылмыстық қол салудың алдын-алуға және жолын кесуге; 
      өрт қауiпсiздiгi, жүктер мен мүлiктердi талан-тараждап және бүлдiруден сақтау қамтамасыз етiлмеген темiр жол көлiгi объектiлерiнiң жұмысын тоқтатуға; 
      сенiммен берiлген қаруды, арнайы және техникалық құралдарды сақтауға және оларды дұрыс ұстауға; 
      тәртiптi болуға, өзiнiң кәсiби бiлiмiн ұдайы арттырып отыруға, мемлекеттiк, қызметтiк және коммерциялық құпияларды қатал сақтауға; 
      темiр жол көлiгiндегi ғимараттар мен үй құрылыстарын салу кезiнде өрттен сақтау талаптарының орындалуына бақылау жасауды жүзеге асыруға, пайдалануға берiлген ғимараттар мен үй құрылыстарын қабылдап алуға қатысуға; 
      қызметтiк мiндеттердi атқару кезiнде белгiленген киiм үлгiсiн киiп, айырым белгiсiн тағып жүруге; 
      қызметтiк мiндеттердi орындауға адал және iзгiлiкпен қарауға, жүктердiң сақталуын, объектiлердiң күзетiлуiн және өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi Қазақстан Республикасының заңдарын, осы Ереженiң, қолданылып жүрген нұсқаулардың және басқа актiлердiң талаптарын қатаң сақтауға мiндеттi. 
      12. Күзет қызметiнiң қызметкерлерi қызметтiк мiндеттерiн атқару барысында: 
      жұмысшылардан, қызметшiлерден және басқа адамдардан темiр жол көлiгiнiң кәсiпорындарында, мекемелерiнде және ұйымдарында өткiзу режимiнiң Ережелерiн, өрт қауiпсiздiгiн сақтауды талап етуге; 
      азаматтардан және лауазымды адамдардан қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi жасайтын заң бұзушылық пен iс-әрекеттi тоқтатуын талап етуге, осы талаптар орындалмаған жағдайда қолданылып жүрген заңдарда қарастырылған жолын кесудiң тиiстi шараларын қолдануға; 
      күзетiлетiн объектiлерге қылмысты қол сұғуға және басқа тәртiп бұзуға байланысты iс-әрекеттерге барған адамдардың кiм екенiн бiлу, хаттама түзу және iшкi iстер органдарына тапсыру үшiн оларды ұстауға, күзеттiң немесе iшкi iстер органдарының /милицияның/ қызметтiк үй-жайына жеткiзуге; 
      көлiк құралдарына тексеру жүргiзуге және темiр жол көлiгiнiң күзетiлетiн объектiлерiнiң аумағынан әкетiлетiн және әкелiнетiн жүктердiң тауар-көлiк құжаттарына сәйкестiгiн тексеруге; 
      Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес қару мен арнайы құралдарды қолдануға, сондай-ақ қызмет иттерiн пайдалануға; 
      жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн iшкi iстер органдарына белгiленген тәртiппен жеке қорғану және белсендi қорғаныс құралдарын пайдалануға; 
      адамдардың өмiрiне қауiп төндiретiн төтенше жағдай туындағанда /жер сiлкiнiсi, тасқын, өрт және басқа табиғат апаттары/ адамдарды, материалдық игiлiктердi қауiптi аймақтан әкетуге өкiм беруге, құтқару жұмыстарын жүргiзу мен төтенше жағдайды жою кезiнде объектiлердегi жұмысты тоқтатуға; 
      объектiлердi күзет-өрт сигнализацияларымен және өрт сөндiрудiң бастапқы құралдарымен жарақтандыруды талап етуге; 
      жедел алдын-алу шараларын жүргiзгенде және өртке қарсы қауiпсiздiк ережелерiн насихаттау кезiнде байланыс құралдарын тегiн пайдалануға құқылы. 
      13. Жүктелген мiндеттi орындамағаны үшiн кiнәлi күзет қызметiнiң қызметкерлерi заңда белгiленген тәртiппен қылмыстық, әкiмшiлiк, материалдық және тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылады. 
      14. Күзет қызметi қызметкерлерiнiң құқық аясына сыйымсыз әрекеттерiне жоғары тұрған және сот органдарына заңдарда белгiленген тәртiппен шағым берiлуi мүмкiн. 

               IV. Күзеттi ұйымдастыру 

      15. Күзет қызметi темiр жолдарда ұйымдастырылады және мамандандырылған, атқыштар, өрттi атқылаушылар өрт сөндiру бөлiмшелерiнен, сондай-ақ басқарушы және қызмет етушi қызметшiлерден тұрады. 
      16. Күзет қызметiнiң бөлiмшелерiн құруды, қайта құруды және жоюды темiр жол бастықтарының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi жүзеге асырады. 
      17. Станция парктерiнде және жүрiс жолдарында жүктердi, объектiлердi, оқшау үй-жайларды күзету Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Темiр жол көлiгi департаментi бекiткен тiзбе бойынша жүзеге асырылады. 
      18. Темiр жолдағы аса маңызды объектiлердi күзету Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Темiр жол көлiгi департаментi Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгiмен және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсе отырып, бекiтiлген тiзбе бойынша жүзеге асырылады. 
      19. Жүктердi, объектiлердi, оқшау үй-жайларды және аса маңызды объектiлердi атқыштар мен өрт сөндiру бөлiмшелерiнiң күзетуiн ұйымдастырудың тәртiбiн Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Темiр жол көлiгi департаментi белгiлейдi. 
      20. Күзет қызметiнiң құрылымы мен штатын темiр жол бастықтарының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Темiр жол көлiгi департаментi бекiтедi. 
      21. Күзет қызметiнiң жеке құрамы басшы /жоғары, аға, орта, кiшi/ және қатардағы құрамға бөлiнедi. Лауазым номенклатурасын Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Темiр жол көлiгi департаментi айқындайды. 
      22. Объектiлер мен жүктердi күзетушi қызмет бөлiмшелерiн кескiлеу қаруы /қажет болғанда тегiс оқпанды/ және арнайы құралдары болады. 
      Қаруды, оқ-дәрi мен арнайы құралдарды беру, сақтау, есепке алу Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiмен келiсе отырып, Көлiк және коммуникациялар министрлiгi белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi. 
      Жүктердi, объектiлердi күзету және күзетте тұру үшiн қызмет иттерiн пайдалануы мүмкiн. 

               V. Жеке құрамды iрiктеудiң және олардың 
                      қызмет өтеуiнiң тәртiбi 

      23. Күзет қызметiне жасы 20-дан кем емес, әскери қызметтi өтеген, жүйке ауруларынан және есiрткiден емдейтiн диспансерлерде есепте тұрмайтын, қылмыстық жауапкершiлiкке тартылмаған, күзет қызметiне денсаулығы жөнiнен жарайтын Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. 
      24. Күзет қызметi қызметкерлерiнiң қызметтiк жұмысы еңбек туралы заңдармен және Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарында қызмет өтеудiң шартын белгiлейтiн нормативтiк актiлермен, Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң, Темiр жол көлiгi департаментiнiң, темiр жол бастықтарының бұйрықтарымен және нұсқауларымен әрi осы Ережемен реттеледi. 
      25. Әскерилендiрiлген күзетке арналған айырым белгiлерi туралы Ереженi, өрттен қорғау бөлiмшелерi жеке құрамын айқындау және оларға бiлiктiлiк сыныбын берудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Темiр жол көлiгi департаментi бекiтедi. 
      26.Тұрақты жұмысы жол жүру сипатына ие, сондай-ақ қызмет көрсететiн учаскелерi шегiнде қызмет бабымен сапарда жүрген қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi белгiленген тәртiппен мөлшерде шығынды өтеу жасалады. 
      27. Жеке құрамның жұмыс уақытының ұзақтығы жұмыс аптасының заңмен белгiленген ұзақтығы сақталған жағдайда iшкi тәртiп ережелерiмен анықталады. 
      Жоғары, аға және орта басқарушы құрамына нормаланбаған жұмыс күнi белгiленедi. 
      Кiшi және қатардағы құрамға тоқсандық жұмыс уақытын жинақтап есептеу белгiленуi мүмкiн. 
      28. Күзет қызметiнiң қатардағы және басқарушы құрамы Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Темiр жол көлiгi департаментi белгiлеген бағдарламамен тәртiп бойынша жауынгерлiк оқу даярлығынан өтедi. 
      Жауынгерлiк оқу даярлығынан өтпеген адамдар жүктер мен объектiлердi күзету қызметiне жiберiлмейдi. 
      29. Жол күзетi қызметiнiң бастығын темiр жол бастығының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Темiр жол көлiгi департаментi тағайындайды. Күзет Қызметi бастығының орынбасарын, бас бухгалтердi темiр жол бастығы тағайындайды. 
      30. Темiр жолдардағы күзет қызметiнiң қызметкерлерiне оның жеке басын және өкiлеттiгiн растайтын арнайы үлгiдегi қызметтiк куәлiк берiледi. 
      31. Күзет қызметi қызметкерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiндегi талаптарын азаматтар мен лауазымды адамдардың орындауы мiндеттi. Күзет қызметi қызметкерiнiң заңды талаптарын орындамау, қарсыласу немесе оның өмiрiне, денсаулығына, ар-намысына, мүлкiне қастандық жасау, жүктелген мiндеттерiн орындауға кедергi жасайтын басқа да iс-әрекеттер заңмен белгiленген жауапқа тартылады. 
      32. Күзет қызметiнiң қызметкерлерi лауазымды адамдардың әрекетiне жоғары органдар мен сотқа Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасауға құқылы. 

       VI. Әлеуметтiк-тұрмыстық және материалдық-техникалық 
                     қамтамасыз ету 

      33. Күзет қызметiнiң қызметкерлерiне темiр жол қызметкерлерi үшiн қолданылып жүрген заңдарда қарастырылған барлық ережелер мен жеңiлдiктер таратылады. 
      34. Күзет қызметiнiң қызметкерлерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен темiр жол қаржысының есебiнен сақтандырылуға жатады. 
      35. Күзет қызметiнiң қызметкерi қызметтiк мiндетiн орындау кезiнде қайтыс болған немесе ауыр жарақат алған жағдайдағы, зиянды өтеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. 
      36. Күзет қызметiнiң қызметкерлерi темiр жол жұмыскерлерi Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес темiр жол қызметкерлерiмен тең дәрежеде тұрғын үймен қамтамасыз етiледi. 
      37. Күзет қызметiнiң қызметкерлерi, олардың отбасы мүшелерi, зейнеткерлер /зейнетке күзет қызметiнен кеткендер/ емханаларды, ауруханаларды, санаторийлердi, демалыс үйлерiн, мектеп лагерьлерiн, бала бақшалар мен сәбиханаларды, тамақтану пункттерiн темiр жол қызметкерлерiмен жалпы негiзде пайдаланады. 
      38. Объектiлер мен жүктердi тiкелей күзететiн күзет қызметiнiң қызметкерлерi темiр жол бастықтары белгiлеген тiзбе мен мөлшер бойынша темiр жол қаражаты есебiнен азық-түлiк күйiндегi немесе ақшалай өтемдегi үлеспен қамтамасыз етiледi. 
      39. Күзет қызметiнiң жеке құрамы темiр жол қаржысы есебiнен және Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Темiр жол көлiгi департаментi белгiленген норма бойынша арнаулы киiммен қамтамасыз етiледi. 
      40. Жеке құрамының киiм түрлерi қысқы және жазғы болып бөлiнедi. 
      41. Күзет қызметiн қарумен, оқ-дәрiмен және арнайы құралдармен қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi белгiлеген тәртiппен темiр жол қаржысының есебiнен Қорғаныс министрлiгi жүзеге асырады. 
      42. Күзет қызметiнiң жеке құрамына бiр жолғы жәрдемақы төлеуге қажеттi қаражат, сондай-ақ санаториялық-курорттық емдеу мен балаларды сауықтыру мекемелерiне жұмсалатын шығындар жол күзету қызметiн ұстауға арналған сметада қарастырылады. 
      43. Қатардағы және басқарушы құрамға сыйақы беру темiр жол көлiгi қызметкерлерiне сыйақы беру туралы ережеге сәйкес, бөлiмше қызметiнiң түпкi нәтижесiне әрбiр қызметкердiң жеке үлесiн есепке ала отырып жүргiзiледi.
     44. Әскерилендiрiлген күзеттегi үздiксiз қызметi үшiн жеке құрамның лауазымдық жалақысына төмендегiдей стажы болған жағдайда қосымша үстеме /процентпен/ белгiленедi:
         2 жылдан 5 жылға дейiн           - 5
         5 жылдан 10 жылға дейiн          - 10
         10 жылдан 15 жылға дейiн         - 15
         15 жылдан 20 жылға дейiн         - 20
         20 жылдан жоғары                 - 25
      45. Күзет қызметiнiң жеке құрамына күзеттегi үздiксiз қызметiне орай әрбiр 2 жыл үшiн күнтiзбелiк күн, бiрақ 5 күннен аспайтын жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс берiледi. 
      46. Күзет қызметiнiң бөлiмшелерi үшiн қызмет ғимаратын және үй-жай салу, сондай-ақ казармаларды, өрт сөндiру депосын, көлiк пен техника құралдарын ұстау, күрделi жөндеу темiр жолдар мен олардың бөлiмшелерi есебiнен жүзеге асырылады. 
      47. Күзет қызметi өртке қарсы қару-жарақпен, арнаулы автокөлiкпен, жүзу құралдарымен, радиостанциялармен, жабдықтармен және басқа техникалық құралдармен, сондай-ақ арнайы киiммен және қызмет иттерiн азықпен қамтамасыз ету темiр жол қаржысының есебiнен жүзеге асырылады. 
      48. Күзетiлушi объектiлерде радио және телефон байланысымен, жылумен және сумен, жарықпен, қажеттi жабдықтармен, әрi құрал-саймандармен жарақтандырылған қызметтiк үй-жайлар тегiн берiледi. 

               VII. Күзет қызметiне жәрдемдесу және 
                       олардың қызметiн бақылау 
 
        49. Кәсiпорындар, мекемелер, темiр жол көлiгiнiң ұйымдары, iшкi iстер органдары және азаматтар күзет қызметiнiң қызметкерлерiне жүктердi және объектiлердi сақтауды қамтамасыз етуде жәрдем көрсетуге мiндеттi. 
      50. Күзет қызметiнiң жұмысын бақылауды Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Темiр жол көлiгi департаментi мен темiр жол басқармасы жүзеге асырады. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады