Республиканың өнеркәсiптiк кәсiпорындары үшiн жоғары бiлiктi мамандар даярлауды одан әрi жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Томск политехникалық университетiнде Қазақстанның өнеркәсiптiк кәсiпорындары үшiн ғылыми және инженер-техник кадрларын даярлау және осы университеттiң республика жоғары оқу орындарына әдiстемелiк көмек көрсетуi туралы Атом энергетикасы мен өнеркәсiбi жөнiндегi "КАТЭП" Ұлттық акционерлiк компаниясының, "Қазметалл" акционерлiк өнеркәсiп-қаржы компаниясының, Қазақстан Республикасы Бiлiм министрлiгiнiң және Томск политехникалық университетiнiң (Ресей Федерациясы) ұсынысы қабылдансын.
2. Атом энергетикасы мен өнеркәсiбi жөнiндегi "КАТЭП" Ұлттық акционерлiк компаниясының және "Қазметалл" акционерлiк өнеркәсiп-қаржы компаниясының Инженерлiк және ғылыми кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық қор құру туралы ұсынысы мақұлдансын. Аталған компаниялар осы қордың құрылтайшылары болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы Бiлiм министрлiгiнiң жолдамасы бойынша Томск политехникалық университетiнде оқып жүрген студенттер үшiн жоғарыда аталған Инженерлiк және ғылыми кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық қордың есебiнен Томск политехникалық университетiнiң түлегi Қ.И. Сәтбаев атындағы республикалық стипендия тағайындау туралы аталған компаниялар мен Қазақстан Республикасы Бiлiм министрлiгiнiң ұсынысымен келiсiлсiн.
Томск политехникалық университетiндегi Қ.И. Сәтбаев атындағы стипендия туралы Ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
4. Қазақстан Республикасының бiлiм министрлiгi Инженерлiк
және ғылыми кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық қордың
Кеңесiмен бiрлесiп, ұзақ мерзiмдi ынтымақтастық туралы Томск
политехникалық университетiмен шарт жасасу және Қазақстан
Республикасы үшiн инженерлiк және ғылыми кадрлардың тиiмдi
даярлануын, олардың кәсiпорындар мен ұйымдардың өтiнiмдерiне
сәйкес қызметке орналастырылып, орнықтандырылуын қамтамасыз ететiн
құжаттар пакетiн бекiтсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетiнiң
1995 жылғы 9 қаңтардағы
N 23 қаулысымен
Бекiтiлген
Томск политехникалық университетiндегi Қ.И. Сәтбаев
атындағы стипендия туралы
Ереже
1. Қазақ ССР Ғылым академиясының тұңғыш Президентi, Томск политехникалық университетiнiң түлегi Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы стипендия Қазақстан Республикасы Бiлiм министрлiгiнiң жолдамасы бойынша Томск политехникалық университетiнде оқитын студенттер үшiн тағайындалады.
Оның мақсаты - Томск политехникалық университетiнде Қазақстан Республикасы үшiн Инженерлiк және ғылыми кадрларды даярлаудағы ынтымақтастыққа, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы азаматтарының достығын нығайтуға жәрдемдесу.
2. Қ.И.Сәтбаев атындағы стипендия:
студенттер шығармашылық бастамасын дамытуды;
оларды ғылыми-зерттеу және конструкторлық жұмысқа тартуды;
жоғары үлгерiм мен кәсiби сапаға жетуге ынталандыруды;
студенттердi белсендi қоғамдық жұмысқа ұмтылдыруды көздейдi.
3. Қ.И.Сәтбаев атындағы стипендиялар жыл сайын берiлiп тұрады, олардың санын Инженерлiк және ғылыми кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық қордың кеңесi белгiлейдi.
4. Қ.И.Сәтбаев атындағы стипендияны беру туралы шешiм Томск политехникалық университетi факультеттерiнiң, Қазақстан Республикасының Бiлiм министрi орынбасарының, Инженерлiк және ғылыми кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық қор төрағасының (немесе оның орынбасарының) ұсыныстары негiзiнде қабылданады.
5. Стипендия негiзгi стипендияның 200 процентi мөлшерiнде белгiленiп, екiншi курстан бастап бiр оқу жылына берiледi.
6. Атамалы стипендиаттың жылына бiр-екi рет шығыны Инженерлiк және ғылыми кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық қордың қаражаты есебiнен толық төленетiн Қазақстанның кез келген ауданына барып-қайтуға, сондай-ақ шет елдерге оқуға iссапармен жiберу кезiнде басқа үмiткерлерге қарағанда артықшылық алуға, факультет деканының ұсынысы бойынша шығармашылық iссапарлары үшiн төлем ақыға құқығы бар.
7. Стипендияға төленетiн қаражатты Инженерлiк және ғылыми кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық қор бөледi.