Қорқытып алушылық туралы заңдарды қолдану тәжірибесінен туындайтын даулы мәселелерді түсіндіру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы
Қаулы етеді:
1. Қорқытып алушылықтың барлық көріністері күштеп жасалған ұрлықтың түрі болып табылады. Бұл қылмыстың объектісі есебінде (шабуыл жасап және күш қолданып тонау секілді), тек меншік қана емес, жәбірленушінің жеке басы да кіреді. Қорқытып талап қойған сәттен бастап қылмыс аяқталған болып есептеледі.
Қорқытып алудың нәрсесі болып мүлік қана емес, мүлікке құқықтылық та кіреді. Мұндай жағдайда қорқытып алушы мүлікті бір жолы ғана алуды немесе әрдайым төлем ретінде алып тұруды мақсат етуі мүмкін: Сондықтан да айыпкердің жәбірленушілерден оған күштеп (қорқытып) отырып көрсеткен қисынсыз қызметі үшін әрдайым төлем алумен байланысты әрекеті (үй-жайды "күзеткенім", өнім өткізуге "көмектескенім" үшін деген және т.б.), қорқытып алу деп саралануға тиіс.
2. Айыпкердің әрекеттерін қорқытып алушылық деп саралағанда заңның диспозициясындағы қорқытудың нақты түрлерін анықтап алу керек. Бұл жерде жәбірленуші болып мүлік иесінің өзі, сондай-ақ мүлік күзетінде немесе қарамағында болған адам және олардың жақындары да болуы мүмкін екендігін ескерген жөн. Мұндай жағдайда қылмыс құрамының болуы үшін қорқытуды іске асырушы қорқытушының өзі ме, әлде оның сыбайласы ма, әлде байланысы жоқ басқа адам ба, бәрібір.
3. Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіп келтірмей күш көрсету арқылы немесе сондай күш көрсетемін деп қорқыту арқылы жасалған айыпкердің әрекеттері ҚК-тің 76-7-бабы 1-бөлігімен қамтылады. Бұл жердегі кісі өмірі мен денсаулығына қауіпі жоқ күш көрсету деп - ұрып-соғу, денсаулықтың уақытша бұзылуына немесе еңбек қабілетінің қалпын аз да болса жоюға әкеліп соқтырмаған жеңіл дене жарақатын салу, сондай-ақ жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмей қамауда ұстау және басқа да тән азабын шектіретін әрекеттерді түсінген жөн.
Айыпкердің кісі өмірі мен денсаулығына қауіпі бар күш көрсету арқылы бөтеннің мүлкін немесе мүлікке ие болуға құқық беруін талап етуі қорқытып алушылықтың сараптау түрі болып табылады. Бұл жерде жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпі бар күш көрсету деп - денсаулықтың бұзылуына немесе еңбек қабілеті қалпының аз да болса жойылуына әкеп соқтыратын денеге түсірген орта немесе жеңіл дәрежедегі жарақаттар, сондай-ақ аталған зақымдарды түсірмегенімен сол сәтте жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретін басқа да күш көрсетулер есептеледі.
Қорқытып алушылық қасақана ауыр дене жарақатын түсіру немесе қасақана кісі өлтірумен ұштасса, айыпкердің әрекеттері сол қылмыстардың жиынтығы бойынша сараланады.
4. Жәбірленушіден мүлік талап еткен кезде оның өзінің немесе жақын туыстарының ар-намысы, абыройына нұқсан келтіретін кез-келген мәліметті жария етемін деп қорқытуды, масқаралайтын мәліметтерді жариялаумен қорқытып мүлкін алу деп саралау керек. Мұндайда аталған мәліметтердің шындыққа сай болу-болмауы шарт емес. Солай болған күнде де, жәбірленушінің бұл мәліметтерді құпия ұстауға тырысқаны, ал айыпкердің оны жариялаймын деп қорқытуын оның мүлкін немесе мүлкіне құқығын беруге көндірудің тәсілі екенін ескерген жөн.
Егер жәбірленуші немесе оның жақындары туралы немесе қорлау сипатындағы мәліметтер жарияланған жағдайда, оған негіз бар болса, айыпкердің әрекеттері ҚК-тің 76-7-бабында және тиісінше 18 немесе 119-баптарының жиынтықтары бойынша саралануға жатады.
5. Айыпкердің мүлікті жойып жібермек болып қорқытумен жасалған қорқытып алушылық әрекетін саралау үшін, қандай мүлік жайында (жәбірленушіге күзету үшін сеніп тапсырылған немесе оның жеке меншігіндегі қозғалатын, қозғалмайтын) сөз болып отырғанымен қорқытудың қандай жолмен жүзеге асырылатынының мәні жоқ. Бұл жерде қорқытудың шынайы және оның жәбірленушіге үрей туғызарлықтай ықпалы болуын ескерген жөн.
Жәбірленушінің мүлкін жою немесе бүлдіру арқылы немесе мүлікке құқығын беруін талап ету - қорқытып алушылықтың сараптау түрі болып табылады және ол қосымша саралауды қажет етпейді. Егер қорқытып алушылық жасалғанда ҚК-тің 82-бабының диспозициясында көрсетілгендей жағдайларда мүлік жойылып жіберілсе немесе бүлдірілсе, онда айыпкердің әрекеттері көрсетілген қылмыстардың жиынтығын құрайды.
6. Жәбірленушінің мүлкін немесе мүлікке құқығын беруге мәжбүр етерлік жағдай жасай отырып қорқытып алушылық деп азаматтың жеке өміріне ия болмаса шаруашылық иесіне немесе басқа да қызмет объектісінен бөліп тастау арқылы шаруашылығының қалыпты тірлігін бұзған, қызметте өсуіне кедергі келтірген, тұрғын үй құқығына нұқсан жасаған, сондай-ақ жәбірленушінің немесе оның жақындарының басқа да жеке өмірі саласына араласқан әрекет деп түсіну керек.
7. Айыпкердің кез-келген қаруды қолданып қорқытып алу әрекеті ҚК-тің 76-7-бабы 2-бөлігінің "а" тармағынан саралануға тиіс. Бұл жерде қаруға Қазақстан Республикасының 1993-жылғы 27-қазандағы "Қарудың кейбір түрінің айналымына мемлекеттік бақылау қою туралы" Заңына сәйкес, тірі немесе басқа да нысананы құртуға арнап құрастырылған (атыс, суық, газ, электр, пневматикалық) құрылғылар мен заттар жатады.
Егер айыпты адам қорқытып алушылық жасаған кезде өзінде заңсыз болған атылатын және суық қаруды қолданса, оның әрекеттері осы қылмыстар жиынтығы бойынша сараланады.
8. Қылмысқа екі одан да көп адам қатысса, қорқытып алушылықты бір топ адам жасаған деп есептеу керек.
Қорқытып алушылықты ұйымдастырған әлде оның жасалуына басшылық еткен немесе қылмыс жасауға итермелеген немесе оның жасалуына ықпал жасаған адамдар, осы қылмысқа қатысқаны үшін жауап береді.
Қорқытып алушылықты жүзеге асырған айыпты адамдар ұйымдасқан топта немесе қылмысты қоғамдастықта тұрса, онда олардың әрекетін бір топ адам болып қорқытып алушылық деп саралау керек.
(Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1996-жылғы 25-шілдедегі N 10 қаулысының редакциясында).
9. Адам бұрын ҚК-тің 76-бабына келтірген ескертуінің "а" тармағында көрсетілген қылмыстардың бірін жасаса, бұл үшін сотталмаған жағдайда, қорқытып алушылық қайталап жасалған болып есептелуі тиіс. Егер осы қылмысты жасаған сәтке дейін бұрын жасаған қылмысы үшін қылмысты жауапқа тартудың мерзімі өтіп кетсе, сондай-ақ белгіленген тәртіп бойынша сол үшін сотталғандығынан арылса немесе сотталғандығы жойылса, қорқытып алушылық қайталап жасалған деп есептелмейді.
Егер бұл талаптар бір пиғылға және сол мүліктің өзін иеленуге біріктірілсе, бір немесе бірнеше адамнан мүліктің берілуін немесе сол мүлік құқығына ие болуын әлденеше рет талап ету, қылмыс қайталап жасалған деуге негіз бола алмайды.
10. (10-тармақ Пленумның 1997-жылғы 5-мамырдағы N 3 қаулысымен алынып тасталған).11. Кез-келген тәсілмен (құпия, ашық, алдау немесе күш қолдану жолымен), бір немесе бірнеше адамның бас бостандығын шектеу, ал оларды босатудың басты шарты қорқытып аманатқа алушының талабын орындау болса, бұны зорлықпен аманатқа алу деп түсіну керек.
Аманатқа алушының өлтіремін немесе дене жарақатын саламын деп қорқытуы қосымша саралауды қажет етпейді. Кепілге алынған адам қасақана өлтірілген жағдайда, бұл әрекеттер қылмыстар жиынтығы бойынша кепілге алушыны қолға түсіре отырып, қорқытып алушылық және парақорлық ниетпен қасақана кісі өлтіру ретінде сараланады.
Аманатқа алушыларды қолға түсіру қорқытып алушылықтың тәсілі болғандықтан, бұл әрекеттердің ауыр зардапқа әкеп соққан жағдайлардан басқасы, ҚК-тің 115-1-бабымен қосымша саралауды қажет етпейді.
12. Қорқытып алушылықты озбырлықтан айыруда, өзінің барлық түрлері бойынша қорқытып алушылық ұрлықтың күштеу үлгісінде болатынын, яғни оған пайдақорлық мақсат тән екенін ескеру керек. Әрекеттерді озбырлық ретінде саралағанда айыпты өзінің нақты немесе жорамал құқығын өз бетімен, белгіленген тәртіпті бұза отырып, жүзеге асыратынын ескеру тиіс. Қылмыс ретінде жазаланатын озбырлықтың объективті, дәлелді жағының міндетті белгісі - азаматтардың құқығын елеулі бұзу болып табылады.
13. Тонау мен шабуыл жасап тонауды қорқытып алушылықтан айыруды шешкен кезде, тонау мен шабуыл жасап тонауда күш жұмсау мүлікті иелену құралы болып табылса, қорқытып алушылықта күш жұмсау мүлікті иелену құралы болып табылса, қорқытып алушылықта күш жұмсау тек адамның жүйкесіне қысым ету түрінде болады және қорқытып алушының талаптарын орындамаған жағдайда одан қатал қысым жасау қорқынышын тудыру үшін жасалатынын ескеру керек.
Тонау мен шабуыл жасап тонауда мүлікті иелену қысым жасау әрекеттерімен бір мезгілде жүрсе немесе бірден олар жасалынған соң жүрсе, қорқытып алушылықта айыпкердің пиғылы талап еткен мүлігін алдағы уақытта алуға бағытталады.
Егер қорқытып алушылық жәбірленушінің қолындағы мүлікті алып қоюмен ұласса және қылмыс жиынтығы айқын көрінсе, онда, бұл әрекеттер қолданылған қысымның сипатына сәйкес тонау немесе шабуыл жасап тонау ретінде қосымша саралануы тиіс.
14. ҚК-тің 76-7-бабында көрсетілген қылмыстың саралау белгілерін қорқытып алушылық жәбірленушіге, сондай-ақ оның жақын-туыстарына жасалғанда да ескеру керектігі түсіндірілсін.
Жәбірленушінің жақын туыстары ретінде заңда белгіленген туысқандарын, сондай-ақ қалыптасқан өмір жағдайларына байланысты жәбірленушіге өмірі, денсаулығы мен жайлы тіршілігі қымбат басқа да адамдарды түсіну керек.