Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Финляндия Республикасының Үкiметi арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы Келiсiмдi Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне бекiтуге ұсыну туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1995 жылғы 28 ақпан N 208


     Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
     Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Финляндия Республикасының
Үкiметi арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау
туралы 1992 жылғы 29 қыркүйекте Алматы қаласында қол қойылған 
Келiсiм Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне бекiтуге 
ұсынылсын.
     
     Қазақстан Республикасының
         Премьер-министрi
             
            Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Финляндия 
         Республикасының Үкiметi арасындағы сауда-экономикалық      
                       ынтымақтастық туралы
                             Келiсiм


      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Финляндия Республикасының Үкiметi, бұдан әрi "Уағдаласушы Жақтар" деп аталады, өзара сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға және оларды тең хұқылық пен өзара тиiмдi негiзде кеңейтуге жәрдемдесуге ұмтыла отырып, өздерiнiң халық шаруашылықтарының тиiмдiлiгiн нығайтуға, тығыз ынтымақтастық үшiн жағдайлар жасауға және дүниежүзiлiк сауда жүйелерiнiң ашық болуына көмектесуге ұмтыла отырып, тарифтер және сауда жөнiндегi Бас Келiсiмнiң (ГАТТ) мүшесi ретiнде Финляндияның мiндеттемелерiн ескерiп және Қазақстан Республикасының халықаралық сауданың жалпы жұрт таныған нормалары мен ережелерiн,

оның iшiнде ГАТТ нормалары мен ережелерiн қолданғысы келетiн
ниетiн атап көрсете келiп, мына төмендегiлер жайында келiстi:

            1-бап
     Бұл Келiсiмнiң мақсаты Қазақстан Республикасы мен Финляндия
арасындағы өзара тиiмдi және ұзақ мерзiмге негiзделген 
сауда-экономикалық ынтымақтастыққа жәрдемдесу болып табылады.

            2-бап
     Уағдаласушы Жақтар:
-    импорт және экспорт жөнiнде қолданылатын кедендiк баж салықтары 
     мен алымдар, оның iшiнде мұндай баж салықтары мен алымдарды 
     өндiртiп алудың тәсiлдерi,
-    кедендiк тазартуға, транзитке, қоймаға салуға және қайта тиеуге
     қатысты ережелер,
-    импортталатын тауарлардан тiкелей немесе жанама түрде алынатын
     кез-келген салықтар мен басқа да iшкi алымдар,
-    ақы төлеудiң және мұндай төлемдердi аударудың әдiстерi,
-    импорт пен экспорттың көлемi жөнiнде сан жағынан қойылатын
     шектеулер,
-    тауарларды iшкi рынокта сатуға, сатып алуға, тасымалдауға,
     бөлуге және пайдалануға қатысты ережелер, жөнiнде бiр-бiрiне
     мейлiнше қолайлық режимiн жасап берiп отырады.
     Алайда жоғарыда айтылған мейлiнше қолайлылық режимi Уағдаласушы
Жақтар:
-    Уағдаласушы Жақтардың бiрiмен бiрге қазiрдiң өзiнде бар
     немесе келешекте құрылуы мүмкiн экономикалық аймақтарға, кедендiк
     одақтарға немесе еркiн сауда аймақтарына қатысушы елдерге,
-    халықаралық келiсiмдер негiзiнде дамушы елдерге;
-    шекара бойындағы сауданы дамыту мақсатын көздейтiн көршi 
     елдерге; 
жасаған немесе жасап беретiн артықшылықтарына қатысты болмайды.

            3-бап


      Қазақстан Республикасы мен Финляндия арасында тауарлар және қызмет экспорты мен импорты, сондай-ақ экономикалық ынтымақтастық әр елде қолданылатын заңдарға сәйкес заңды ұйымдар мен жеке адамдардың келiсiм шарттар жасасуы жолымен жүзеге асырылады.

             4-бап
      Берiлген тауарлар және атқарылған қызметтер үшiн төленетiн ақы еркiн айналымдағы валютамен жүзеге асырылады.
      Тауар айналымын ұлғайту және оның номенклатурасын кеңейту мақсатымен заңды ұйымдар мен жеке адамдар Қазақстан Республикасында және Финляндияда қолданылатын заңдар шеңберiнде өзара байланысты сауда операцияларын, оның iшiнде өтемдiк негiздегi мәмiлелердi жүзеге асыра алады.

             5-бап
      Уағдаласушы Жақтардың құзырлы органдары елдердiң әрқайсысында қолданылатын заңдар шеңберiнде тауарлар мен қызметтер экспорты мен импортына қажеттi рұқсатты ешбiр кедергiсiз берiп отырады.

             6-бап
      1. Уағдаласушы Жақтар өзара саудада жанжалды жағдайлардан аулақ саудаға ұмтылады. Дегенмен, егер Уағдаласушы Жақтар арасындағы саудада осы баптың 2-тармағында айтылғандай проблемалар туса, онда олар өздерiнiң бiрi осы Келiсiмнiң 11-бабында айтылған Аралас комиссия шеңберiнде тиiстi өтiнiшiн табыс еткеннен кейiн әрi кеткенде 30 күннен кешiктiрмей консультациялар алмасуға кiрiседi. Бұл консультациялар туындаған проблемалардың өзара қабылдауға болатын шешiмдерiн iздеуге бағытталады. Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысы осы баптың 4-тармағында белгiленген қиын-қыстау жағдайлардан басқа кезде консультациялар өткiзiлгенге дейiн ешқандай да iс-қимыл қолданбайтын болады.
      2. Егер өзара саудада қандай да болсын бiр тауар Уағдаласушы Жақтар елдерiнiң бiрiнiң территориясына аса iрi мөлшерде немесе осындай тауарларды не тiкелей бәсекеге түсетiн тауарларды өз елiнде өндiрушiлерге нұқсан келтiретiн немесе нұқсан келтiру хаупiн туғызатындай шарттар негiзiнде импортталса, осы баптың 1-тармағының ережелерi қолданылады. Мұндай жағдайда консультациялар өткiзуге өтiнiш жасаушы Уағдаласушы Жақ екiншi Уағдаласушы Жаққа туындаған жағдайды егжей-тегжейлi зерттеуге қажеттi бүкiл ақпаратты бередi.
      3. Егер консультация басталғалы берi, бiрақ 3 айдан кешiктiрмей Уағдаласушы Жақтар мұндай жағдайға ұшырамауға мүмкiндiк беретiн iс-қимылдар жөнiнде келiсiмге келмесе, онда консультациялар алысуды өтiнген Уағдаласушы Жақтың нұқсанға жол бермеу немесе нұқсанды жою үшiн тиiстi тауарлар импортын қажеттi деңгейде және соған керектi уақытқа шектейтiн хұқы болады.
      4. Шаралар қолданудағы кiдiрiс орнын толтыру қиын болатын нұқсанға ұшыратуы мүмкiн қиын-қыстау жағдайларда Уағдаласушы Жақ алдын ала уақытша қорғану шараларын қолдана алады. Алайда мұндай жағдайда Уағдаласушы Жақтар қалыптасқан жағдайды шешу үшiн дереу тиiстi консультациялар алысуға кiрiсуi тиiс.
      5. Осы бапқа сәйкес қолданылатын шараларды таңдау кезiнде

Уағдаласушы Жақтар олардың iшiнен осы Келiсiмнiң мақсаттарына 
қол жеткiзуге терiс ықпалы мейлiнше аз шараларға басты назар
аударады.

            7-бап
     Уағдаласушы Жақтар осы Келiсiмдi жүзеге асыру кезiнде 
тарифтер және сауда жөнiндегi Бас Келiсiмнiң (ГАТТ) принциптерiн
негiзге алады.

            8-бап
     Уағдаласушы Жақтар сауда және басқа экономикалық ынтымақтастық
үшiн қажеттi алғы шарттарды қамтамасыз ету мақсатымен
-    экономикалық қызметке байланысты, оның iшiнде сауда,
     инвестициялар, салық салу, банк және сақтандыру қызметi 
     және басқа қаржы қызметтерi, көлiк және еңбек жағдайларының 
     мәселелерi жөнiндегi заңдар мен басқа да нормативтiк актiлердi 
     үнемi жариялап отырады,
-    өз заңдарындағы осы Келiсiмнiң орындалуына ықпал етуi 
     мүмкiн өзгерiстер туралы бiр-бiрiне дереу хабарлап отырады,
-    өнеркәсiптiк, сауда-саттық және интеллектуалдық меншiк 
     жөнiндегi хұқықтардың қорғалуын қамтамасыз етедi,
-    инвестицияларды қорғайды және олар үшiн кемсiтпеу және
     екi жаққа бiрдей болу принциптерi негiзiнде, атап айтқанда
     түскен пайданы аударуға және инвестицияланған капиталды қайтарып
     беруге қатысты iстерде қолайлы жағдай жасайды.

            9-бап
Уағдаласушы Жақтар саудаға және басқа экономикалық ынтымақтастықтың 
басқа да түрлерiне, оның iшiнде өнеркәсiптiк ынтымақтастық пен оқыту 
саласындағы ынтымақтастыққа көмектесу мақсатымен:
-    Уағдаласушы екi Жақ өнеркәсiп пен өндiрiстiң барлық салаларында 
     мүдделi болып отырған кәсiпорындар мен ұйымдар арасындағы 
     тiкелей ынтымақтастығына, сондай-ақ шағын және орташа
     кәсiпорындардың саудаға қатысуына көмектеседi,
-    түрлi салалардағы мамандар арасындағы тiкелей байланыстарға,
     оның iшiнде менеджментке үйрету iсiне де көмектеседi,
-    саудада семинарлар, көрмелер және симпозиумдар сияқты әртүрлi 
     формаларды ұйымдастыруға ынталандырып отырады.

            10-бап
     Уағдаласушы Жақтар экономика саласындағы ынтымақтастықты дамыту
мақсатымен ғалымдар, зерттеушiлер және мамандар, сондай-ақ 
ғылыми-зерттеу институттары мен ұйымдар арасындағы тiкелей
байланыстарды кеңейтуге және диверсификациялауға барынша көмектесiп
отыратын болады.

            11-бап
     Осы Келiсiмнiң орындалуын бақылау үшiн Аралас комиссия құрылады,
оның мiндетi:
-    сауданы және басқа экономикалық, сондай-ақ ғылыми-технологиялық 
     ынтымақтастықты дамыту жөнiнде,
-    осы Келiсiмдi қолдануда және жүзеге асыруда орын алуы мүмкiн 
     проблемаларды немесе пiкiр алшақтықтарын шешу жөнiнде
ұсыныстар әзiрлеу болып табылады.


      Комиссияның мәжiлiстерi Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң

ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасында және Финляндияда кезекпен
өткiзiлетiн болады.
     
            12-бап
     Бұл Келiсiм Уағдаласушы Жақтар оның күшiне енуi үшiн қажеттi
заңды iс-әрекеттердiң орындалғаны туралы бiр-бiрiн хабардар еткеннен
кейiн 30 күннен соң күшiне енедi.
     Бұл Келiсiм Уағдаласушы Жақтардың бiрi бұл жайында екiншi 
Уағдаласушы Жаққа алты ай бұрын жазбаша түрде хабарлап, оның 
қолданылуын тоқтатқанға дейiн күшiнде қала бередi. 
     1992 жылғы 29 қыркүйекте әрқайсысы қазақ, фин және орыс 
тiлдерiнде екi түпнұсқа дана етiп жасалды, барлық текстiң күшi
бiрдей.
            Қазақстан Республикасының     Финляндия Республикасының
              Үкiметi Үшiн                  Үкiметi Үшiн


            Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Финляндия
          Республикасының Үкiметi арасындағы инвестицияларды 
            ынталандыру және өзара қорғау туралы
                            Келiсiм


      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Финляндия Республикасының Үкiметi, бұдан әрi "Уағдаласушы Жақтар" деп аталады, Қазақстан Республикасы мен Финляндия арасындағы сауда-экономикалық қатынастарын дамытуға және кеңейтуге ұмтыла отырып, өзара теңдiк пен өзара тиiмдiлiк принциптерiн негiзге алып, Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысының инвесторларының екiншi Уағдаласушы Жақтың территориясында жүзеге асыратын инвестицияларын ынталандыру, қорғау және қолайлы жағдай жасау ниетiмен, инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау Уағдаласушы Жақтардың екеуiнiң арасындағы экономикалық қатынастарды дамыту iсiнде iскерлiк белсендiлiктi арттыратынын мойындай келiп, мына төмендегiлер жайында келiстi:

             1-бап
             Анықтамалар
      Осы келiсiмде:
      а)"Инвестиция "терминi экономикалық қызметпен байланысты құралдар мен мүлiктiк құнды заттардың барлық түрлерi деген мағынаны бiлдiредi және ол атап айтқанда мына төмендегiлердi қамтиды, бiрақ тек соларды ғана қамтып қоймайды:
      1) жылжымалы және жылжымайтын мүлiк және кепiл хұқы сияқты басқа да мүлiктiк хұқықтар;
      2) компанияларға салынған салымдар, акциялар және заңды ұйымдардың мүлкiне қатысудың басқа да нысандары;
      3) ақша қаражаты жөнiнде талап қою хұқы, ақшадай борышты талап ету хұқы;
      4) өнеркәсiптiк, коммерциялық және интеллектуалдық меншiк хұқылары, оның iшiнде авторлық хұқыларға, патенттерге, тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына, фирма атаулары мен өнеркәсiптiк үлгiлерге, коммерциялық құпияларға, технологиялық процестерге; "ноу-хау" және "гудвилдерге" байланысты хұқықтар;
      5) коммерциялық қызмет пен концессиялар жөнiндегi хұқықтар, оның iшiнде табиғи ресурстарды барлауға, өндiруге, алуға немесе пайдалануға қатысты хұқықтар, сондай-ақ заңға немесе келiсiмге сәйкес берiлген барлық басқа да хұқықтар;
      6) осы Келiсiмде көзделген және жалгер заңға сәйкес пайдаланатын инвестициялармен байланысты жалға алынған инвестициялық тауарлар.
      б) "Инвестор" деген терминнiң мағынасы:
      1) өз елдерiнде қолданылатын заңға сәйкес Қазақстанның немесе Финляндияның азаматы болып табылатын жеке адам не Қазақстанда немесе Финляндияда қолданылатын заңға сәйкес құрылған, сондықтан өз елiнiң заңына сәйкес екiншi Уағдаласушы Жақтың территориясына инвестицияларды жүзеге асыруға хұқы бар заңды ұйым;
      2) Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң немесе үшiншi бiр мемлекеттiң территориясында орналасқан мекенжайы бар заңды ұйым, оның үстiне Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң инвесторы оған көбiрек қатысады;
      3) 1 және 2-тармақтарда анықтамасы көрсетiлмеген заңды ұйым немесе жеке адам, бұл арада осы ұйым немесе жеке адам жоспарланған әрбiр жеке инвестициясын Уағдаласушы Жақтардың бiрлесiп мақұлдауы шарт.
      с) "Табыс" деген терминнiң мағынасы - инвестицияларға байланысты қызметтiң нәтижесiнде түскен ақша сомасы немесе басқа да мүлiктiк құнды заттар, оның iшiнде атап айтқанда түскен пайда, өсiм, дивиденттер, роялтилер және осы Келiсiмнiң 6-бабында айтылған басқа да өтемдер, бiрақ тек осылар ғана емес.
     d) "Территория" деген термин Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысының мемлекеттiк территориясы, сондай-ақ экономикалық аймақ, балық ауланатын аймақ және Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысының территориялық сулары шегiнен тыс жатқан және Уағдаласушы Жақтар халықаралық құқыққа сәйкес табиғи ресурстарды барлау, пайдалану және сақтау мақсатымен өздерiнiң егемендi құқықтары мен заңдарын жүзеге асыратын континенттiк шельф деген мағынаны бiлдiредi.

             2-бап
          Келiсiмдi қолдану
      1. Осы Келiсiм территориясында инвестициялар жүзеге асырылып жатқан Уағдаласушы Жақтың заңына сәйкес iске асырылған инвестицияларға қолданылады.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелерiн ескере отырып, бұл Келiсiм Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң инвесторлары екiншi Уағдаласушы Жақтың территориясында жүзеге асырған барлық инвестицияларға осы Келiсiм күшiне енгенге дейiн де және одан кейiн де қолданыла бередi.

             3-бап
             Мейлiнше қолайлылық режимi
      1. Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысының өз территориясында осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес екiншi Уағдаласушы Жақтың инвесторлары жүзеге асырған инвестициялар және олардан алынатын табыстар жөнiнде жасайтын режимiнiң қолайлылығы үшiншi бiр елдер инвесторларының осындай жағдайлардағы инвестициялары мен табыстары жөнiнде қолданылатын режимнен кем болмайды.
      2. Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң инвестициялары соғыс немесе басқа да қарулы жанжалдар, төтенше жағдай жариялануы, қоғамдық тәртiпсiздiктер салдарынан шығындарға ұшыраса, екiншi Уағдаласушы Жақ оның инвесторларына қолайлылық режимiн жасауды қамтамасыз етедi, бұл режим мүлiктi қалпына келтiру, мүлiктiң есесiн қайтару, орнын толтыру немесе материалдық құнды заттарға байланысты реттеудiң басқа да түрлерi жөнiнде екiншi Уағдаласушы Жақтың кез-келген үшiншi бiр елдердiң инвесторларына қолданатын қолайлылық режимiнен кем болмауы керек.
      Осының алдындағы абзацта айтылған төлемдер еркiн айналымдағы валюта арқылы жүзеге асырылуы тиiс және бiр елден екiншi елге еркiн аударылуға тиiс.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген режим Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң үшiншi бiр елдердiң инвесторларына, инвестицияларына және табыстарына беретiн және де:
      - экономикалық кеңiстiк, кедендiк одақ немесе еркiн сауда аймағы туралы қазiргi бар және болашақтағы келiсiмнен;
      - екi жақтан салық салудан босату туралы келiсiмнен;
      - салық салумен толық немесе iшiнара байланысты басқа да халықаралық келiсiмнен туындайтын артықшылықтарға, жеңiлдiктерге немесе есесiн қайтарудың негiздерiне қолданылмайды.

             4-бап
             Инвестицияларды қорғау
      Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысы екiншi Уағдаласушы Жақтың инвесторлары жүзеге асырған инвестицияларға, сондай-ақ инвестициялардан түсетiн табыстарға барлық жағдайда және өзiнiң заңдары мен ережелерiнде көзделген шеңберде, сондай-ақ халықаралық хұқыққа сәйкес ақылға сыйымды және әдiл режим жасауды қамтамасыз етедi.
             5-бап
             Экспроприация
      1) Кез-келген Уағдаласушы Жақ инвесторларының екiншi Уағдаласушы Жақтың территориясында жүзеге асырған инвестицияларын мемлекет қарамағына алуға, экспроприациялауға немесе олар жөнiнде сол мемлекет қарамағына алудан, экспроприациялаудан туындайтын зардаптарға ұшырататындай шараларды (бұдан әрi - "экспроприация") қоғамдық мүддеден басқа жағдайға қолдануға болмайды. Оның үстiне осы территорияда қолданылатын заң бойынша белгiленген тәртiп сақталады және тиiстi өтем төленедi.
      Мұндай шаралардың кемсiту сипаты болмауы керек.
      Өтем жөнiнде есеп айырысу, тура экспроприация жүзеге асырылар алдынан немесе осындай шаралардың қолданылатыны туралы шешiм халыққа жарияланғаннан кейiн жүргiзiледi, ол бұдан бұрын қандай оқиғалар болатынына байланысты етiп жүргiзiледi және бағалаудың халықаралық практикада қабылданған принциптерiне сәйкес айқындалады. Өтем еркiн айналымдағы валютамен мүлiктiң құны белгiленген күнi қолданылған ресми валюта курсы бойынша төленедi. Өтем қаржының сомасы, әдетте оны аударуға байланысты iстi хаттау үшiн керек болатын мерзiм iшiнде, бiрақ экспроприация жасалған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей негiздi себепсiз кiдiрiлмей аударылады. Өтем соманың мөлшерiне инвестициялар құнының өсiмi қосылуы тиiс, ол осы инвестициялардың нақты құны белгiленген күнiнен бастап Лондон банкаралық ұсыныс ставкасына (ЛИБОР) сәйкес төленген күнiне дейiн есептеледi. Мұндай ставка жоқ болған күнде мәжбүр ету шараларын жүзеге асырып отырған Уағдаласушы Жақтың орталық банкi қолданатын әдеттегi коммерциялық өсiм мөлшерi пайдаланылады.
      Инвесторларына нұқсан келген инвестор экспроприация жасаушы Уағдаласушы Жақтың заңдарына сәйкес өзiнiң бұл iсiн тез арада сотта немесе осы Уағдаласушы Жақтың басқа бiр тәуелсiз органында қаратуға және осы тармақта айтылған принциптерге сәйкес өз инвестицияларының құнын анықтатуға құқылы.
      2) Егер Уағдаласушы Жақтардың бiрi қолданылып отырған заңдарға сәйкес өз территориясының кез келген бөлiгiнде құрылған компанияның немесе кәсiпорынның мүлкiн экспроприацияласа және олардың акцияларын екiншi Уағдаласушы Жақтың инвесторлары иеленiп отырса, осы баптың 1-тармағының ережелерi қолданылады.

             6-бап
             Инвестицияларға байланысты төлемдердi, табыстарды
             аудару және жылжымалы мүлiктi қайтару
      Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысы екiншi Уағдаласушы Жақтың инвесторларына инвестицияға байланысты жылжымалы мүлiктi негiзделмеген себепсiз кiдiртпей, бiрақ үш айдан аспайтын мерзiмде кедергiсiз қайтарып берудi және инвестицияларға байланысты төлемдердi және атап айтқанда мына төмендегiлердi еркiн айналымдағы валютамен аударуды қамтамасыз етедi:
      1) пайда, дивидендтер, өсiмдер, роялтилер, лицензиялық төлемдер, комиссиялық сыйақы, техникалық көмек пен техникалық қызмет үшiн төлемжер және екiншi Уағдаласушы Жақтың инвесторы жүзеге асырған инвестициялардан алынатын басқа да табыстар;
      2) қарыздар немесе тиiстi мiндеттемелердi орындауға байланысты ақша сомасы;
      3) инвестицияларды сатуға, iшiнара немесе толық жоюға байланысты инвесторға берiлуге тиiстi сома;
      4) инвестор елiндегi азаматтардың жалақысы және инвестицияларға байланысты қабылдаушы елдiң территориясында атқарылған жұмыс үшiн берiлетiн табысқа байланысты басқа да кiрiстер.

             7-бап
             Инвестицияларды жүзеге асыруға жәрдемдесу
      Уағдаласушы Жақтар өз заңдарының шеңберiнде инвестициялық қызмет үшiн қолайлы жағдайлар жасалуына көмектеседi.

             8-бап
             Уағдаласушы Жақ пен инвестор арасындағы даулар
      1. Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң екiншi Уағдаласушы Жақ территориясындағы инвестицияларына қатысты бiр Уағдаласушы Жақтың инвесторы мен екiншi Уағдаласушы Жақтың арасында құқылық дау туып дауласушы жақтар оны реттеу туралы екi жақтың бiрi екiншi жаққа жазбаша талаптарын табыс еткен күннен бастап үш ай iшiнде уағдаластыққа қол жеткiзе алмаса, мұндай құқылық даулар екi жақтың бiрiнiң талап етуiмен мына төмендегiлердiң қарауына берiле алады:
      а) инвестициялық дауларды реттеу жөнiндегi Халықаралық орталық (бұдан әрi "орталық" деп аталады); бұл арада егер Уағдаласушы екi Жақ осы айтылған Келiсiмге қатысушылар болса, 1965 жылғы наурыз айының 18-iнде Вашингтонда жасалған мемлекеттердiң және басқа мемлекеттер азаматтарының арасындағы инвестициялар саласындағы дауларды реттеу туралы Конвенцияның (Конвенция ICSID) оңтайлы ережелерi ескерiледi; немесе
      б) Бiрiккен Ұлттар Ұйымының халықаралық сауда құқы жөнiндегi комиссиясының қолданылып жүрген Төрелiк регламентiне сәйкес құрылатын "ad hoc" халықаралық төрелiк сотқа. Дауласушы жақтар Төрелiк регламенттiң ережелерiндегi өзгерiстер туралы жазбаша уағдаласқан келiсiмдер жасаса алады.
      2. Дауды төрелiк соттың қарауына беруге қатысты осы баптың 1-тармағының ережелерiне қарамастан инвестор оны шешудiң ретiн дауды төрелiк соттың қарауына бергенге дейiн таңдауына құқы бар.
      3. Уағдаласушы Жақтар төрелiк соттың шешiмiн мойындайды және оны шетелдiк төрелiк шешiмдердi мойындау және орындау туралы 1958 жылы Нью-Йоркте қабылданған Конвенцияға сәйкес орындайды.

             9-бап
             Уағдаласушы Жақтар арасындағы даулар
      1. Уағдаласушы Жақтар арасындағы осы Келiсiмдi түсiндiруге немесе қолдануға қатысты даулар мүмкiндiгiнше дипломатиялық арналар арқылы шешiлуге тиiс.
      2. Уағдаласушы Жақтар арасындағы дауды дипломатиялық арналар арқылы шешу мүмкiн болмаған жағдайда Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша оны төрелiк соттың қарауына берген жөн.
      3. Мұндай төрелiк сот әрбiр нақты жағдай үшiн мынадай тәртiппен бөлек құрылатын болады. Төрелiк туралы өтiнiш алынғаннан кейiн екi ай iшiнде Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысы бiр-бiрден төрешi тағайындайды. Осы екi төрешi бұдан кейiн Уағдаласушы Жақтардың келiсуi бойынша төрелiк соттың төрағасы болып тағайындалатын үшiншi бiр мемлекеттiң азаматын сайлайды. Төраға төрелiк соттың басқа екi мүшесi тағайындалған күннен кейiн айдың iшiнде тағайындалуға тиiс.
      4. Егер қажеттi тағайындаулар осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мерзiмде жүзеге асырылмаса, Уағдаласушы Жақтардың қай-қайсысы да өзге уағдаластық болмаған жағдайда Халықаралық Соттың төрағасынан қажеттi тағайындаулар жүргiзуге өтiнiш жасай алады. Егер Төраға Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң азаматы болса немесе егер ол қандайда бiр себептерге байланысты аталған қызметтi жүзеге асыра алмайтын болса, онда қажеттi тағайындауларды жүргiзу Халықаралық Соттың Вице-Төрағасына ұсынылады. Егер Вице-Төраға Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң азаматы болса немесе егер ол да аталған қызметтi жүзеге асыра алмайтын болса, онда қажеттi тағайындауларды Уағдаласушы Жақтардың бiрiнiң азаматы болып табылмайтын және аталған қызметтi кедергiсiз жүзеге асыра алатын Халықаралық соттың үлкендiгi бойынша одан кейiн тұрған мүшесiне ұсынылады.
      5. Төрелiк сот шешiмдi көпшiлiк дауыспен қабылдайды. Төрелiк соттың шешiмi Уағдаласушы Жақтардың екеуiне де мiндеттi болып табылады. Уағдаласушы Жақтар төрағаның шығынын теңдей бөлiп көтередi. Тағайындалған төрешiнiң қызметiне байланысты шығындарды Уағдаласушы Жақтардың әрқайсысы өтейдi. Төрелiк сот алайда өзiнiң шешiмiнде Уағдаласушы Жақтардың бiрi шығындардың көпшiлiк бөлiгiн көтередi деп белгiлеуi мүмкiн, ал мұндай шешiм Уағдаласушы Жақтардың екеуiне де мiндеттi болады. Iс жүргiзу тәртiбi туралы мәселенi соттың өзi шешедi.

             10-бап
             Суброгация
      Егер Уағдаласушы Жақ немесе оның тағайындаған өкiлi осы Уағдаласушы Жақ инвесторының инвестициялары жөнiнде өздерi берген кепiлдiк негiзiнде инвесторға өтем төлесе, онда осы Уағдаласушы Жақ немесе оның тағайындаған өкiлi суброгация ретiнде инвестордың осы Келiсiмге негiзделген тиiстi хұқықтарына ие болады.

             11-бап
             Ұлттық заңдар мен халықаралық келiсiмдердi
             қолдану
      Егер Уағдаласушы Жақтардың бiрi өзiнiң заңдарына немесе Уағдаласушы Жақтардың екеуi де қатысатын Халықаралық Келiсiмге сәйкес екiншi Уағдаласушы Жақ инвесторларының инвестицияларына осы Келiсiм жасаған қолайлы режимнен қолайлырақ режим жасайтын болса, онда қолайлық режим қолданылады.

             12-бап
             Келiсiмнiң күшiне енуi, мерзiмi және қолданылуының
             тоқтатылуы
      1. Осы Келiсiм Уағдаласушы Жақтар Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi конституциялық хаттау iстерiнiң орындалғаны туралы бiр-бiрiне дипломатиялық арналар арқылы хабарланғаннан соң отыз (30) күн өткеннен кейiн күшiне енедi.
      2. Осы Келiсiм он бес (15) жыл бойы қолданылады және егер осы баптың 3-тармағына сәйкес доғарылмаса, ол осы мерзiм аяқталғанға дейiн күшiнде болады.
      3. Уағдаласушы Жақтардың кез-келгенi алғашқы он бес (15) жыл мерзiм өткеннен кейiн немесе бұдан кейiнгi кез-келген уақытта бұл жайында екiншi Уағдаласушы Жақты дипломатиялық арналар арқылы алдын ала кемiнде бiр (1) жыл бұрын хабарлар етiп, оның қолданылуын тоқтата алады.
      4. Осы келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылғанға дейiн жүзеге асырылған инвестициялар жөнiнде 1-11-баптардың ережелерi Келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылғаннан кейiн он бес (15) жыл бойы күшiнде қала бередi.
      Алматы қаласында 1992 жылғы 22 қыркүйектегi әрқайсысы қазақ, фин және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа дана етiп жасалды, барлық текстердiң күшi бiрдей.
      Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасының
        Үкiметi үшiн Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады