Республиканың жергiлiктi бюджеттерiн түзу мен атқару жөнiндегi жұмыстың жай-күйiне кешендi тексерiстер жүргiзу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1995 жылғы 7 наурыз N 227. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997.04.22. N 605 қаулысымен. ~P970605

      Бюджеттердi түзу мен атқару жөнiндегi жұмыста жiберiлген кемшiлiктер мен тәртiп бұзушылықты дер кезiнде анықтау және оны жою жөнiнде тиiмдi шаралар қабылдау, шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге есептелген салық сомаларын төлеу жөнiнде бақылауды күшейту, ақша қаражаты мен тауарлық-материалдық құндылықтарды сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Облыстардың, қалалардың, аудандардың бюджеттерiн түзу мен атқару жөнiндегi жұмыстың жай-күйiне шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң, қаржы мекемелерiнiң қаржы-шаруашылық қызметiн тексерулер мен тексерiстердi қамти отырып, үш жылда кемiнде бiр рет кешендi тексеру жүргiзген орынды деп саналсын.
      2. Бюджеттердi түзу мен атқару жөнiндегi жұмыстың жай-күйiне кешендi тексерiстердi:
      облыстардың, республикалық бағыныстағы қалалардың бюджеттерi бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қаржы бақылау комитетi Экономика министрлiгiнiң, Қаржы министрлiгiнiң, басқа да республикалық органдардың қатысуымен жүргiзедi;
      аудандардың, облыстық бағыныстағы қалалардың бюджеттерi бойынша - Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қаржы бақылау комитетiнiң облыстар бойынша басқармалары тиiстi қаржы және экономикалық органдардың қатысуымен жүргiзедi деп белгiленсiн.
      3. Кешендi тексерiстердi ұйымдастыру мен жүргiзудiң мынадай негiзгi ұсыныстары анықталсын:
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қаржы бақылау комитетi аталған кешендi тексерiстердi ұйымдастыру, жүргiзу және методологиялық қамтамасыз ету үшiн бас атқарушы, жауапты болып табылады. Аталған комитет, оның аумақтық органдары қызметкерлер құрамын - кешендi тексерiстер жүргiзуге жiберiлген тексеру бригадаларының мүшелерiн өз бұйрықтарымен бекiтедi. Тексеру бригадасының жетекшiсi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қаржы бақылау комитетi мен оның аумақтық органдарының басшы қызметкерлерi iшiнен тағайындалады;
      аудан, қала, облыс бюджеттерiн түзу мен атқару жөнiндегi жұмыстың жай-күйiне жүргiзiлген кешендi тексерiстер қорытындылары аудандық, қалалық, облыстық әкiмшiлiктер алқасының мәжiлiстерiнде талқыланып, тиiстi шешiмдер қабылданады. Кешендi тексерiстер қорытындылары туралы депутаттардың тиiстi Мәслихат - жиналыстарына хабарланады.
      Облыстарда, республикалық бағыныстағы қалаларда Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қаржы бақылау комитетi жүргiзген кешендi тексерiстер нәтижелерi туралы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне ауық-ауық баяндалып отырады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қаржы бақылау комитетiнiң облыстар бойынша басқармалары жүргiзген аудандардың, облыстық бағыныстағы қалалардың бюджетiн тексерулер қорытындылары жөнiндегi осындай ұқсас баяндаулар ауық-ауық облыстар әкiмдерiне және депутаттардың облыстық Мәслихат - жиналыстарына берiлiп отырады.
      4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қаржы бақылау комитетi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiмен бiрлесiп, жергiлiктi бюджеттердi түзу мен атқару жөнiндегi жұмыстың жай-күйiне кешендi тексерiстер жүргiзудiң осы тәртiбiн бекiтуге байланысты қолданылып жүрген заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу жөнiнде ұсыныстар беретiн болсын.
     Қазақстан Республикасының
         Премьер-министрi     


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады