Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi жанындағы республикалық астық инспекциясы жөнiндегi ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1995 жылғы 30 маусымдағы N 900. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 1999.03.17. N 251 қаулысымен.

     Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
     1. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi жанындағы Республикалық астық инспекциясы жөнiндегi қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн.
     2. "Қазақ КСР Астық өнiмдерi және құрамажем өнеркәсiбi  министрлiгiнiң Мемлекеттiк астық инспекциясы жөнiндегi Ереженi
бекiту туралы" Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң 1966 жылғы 26 маусымдағы N 514 қаулысы күшiн жойған деп танылсын.

     Қазақстан Республикасы
     Премьер-министрiнiң
     бiрiншi орынбасары

Қазақстан Республикасы      
Министрлер Кабинетiнiң      
1995 жылғы 30 маусымдағы     
N 900 қаулысымен         
Бекiтiлген           

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы
министрлiгi жанындағы Республикалық астық
инспекциясы туралы
Ереже

      1. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi жанындағы Республикалық астық инспекциясы (бұдан әрi - Инспекция) "Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi жанынан Республикалық астық инспекциясын құру туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 25 сәуiрдегi N 562 қаулысына сәйкес құрылған және Ауыл шаруашылығы министрлiгi жанындағы дербес құрылымдық бөлiмше болып табылады.
      2. Инспекция өз қызметiнде Қазақстан Республикасының заңдық актiлерiн, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарын, қаулылары мен өкiмдерiн, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң қаулыларын, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң шешiмдерiн, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң бұйрықтары мен өкiмдерiн және осы Ереженi басшылыққа алады.
      3. Инспекция құрамына республикалық орталық лаборатория, лабораторияларымен және астық инспекциясы пункттерiмен қоса облыстық басқармалары кiредi.
      4. Инспекция заңды ұйым болып табылады, банк мекемелерiнде шоты, қазақ және орыс тiлдерiнде өз атауы жазылған белгiленген үлгiдегi мөрi болады.
      5. Инспекцияның құрылымы мен штаттық кестесiн Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрi бекiтедi.
      6. Инспекция Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi комитет органдарымен және оның тiркелген сынақ бөлiмшелерiмен, астық пен астық өнiмдерiнiң, бұршақты, майлы дақылдар мен шөптер тұқымдарының сапасына бақылау жасайтын Қазақстан Республикасының басқа да министрлiктерi мен ведомстволарының инспекциялық қызметтерiмен және тиiстi шет ел қызметтерiмен байланыста жұмыс iстейдi.
      7. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң мемлекеттiк және аймақтық ресурстарына, сондай-ақ меншiк нысанына, аумақтық, ведомстволық бағыныстылығына қарамастан осы өнiмдердi өндiрушiлер мен тапсырысшылардың өтiнiмдерi бойынша оларға қызмет көрсету барысында инспекция:
      сауда-сатып алу операциялары, сақтау және ұқсату барысында астық, астық өнiмдерiне мемлекеттiк стандартты және олардың сапасын бағалау әдiстемесiн сақтай отырып ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлер мен басқа да ұйымдардың астықты, астық өнiмдерiн, майлы, бұршақты дақылдар мен шөптердiң тұқымдарын сатып алу-сату кезiнде олардың сапасын, салмағын анықтаудың дұрыстығына бақылауды жүзеге асырады;
      айналадағы ортаның хауiпсiздiгi мен ластануына қауiп туғызатын технологиялық процестерге тұрақты және жан-жақты бақылау жүргiзедi;
      елден тысқары жерлерге, республика iшiнде басқа бағыттарға жөнелтiлетiн астықтың, майлы және бұршақты дақылдардың, шөптер тұқымдарының, ұнның, жарманың, құрамажемнiң және импорт бойынша түсетiн тиiстi тауарлардың сапасын инспекциялайды;
      Қазақстан Республикасының Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi комитетпен бiрлесе отырып сертификаттау туралы заңда белгiленген тәртiппен өздерiне бағынысты сертификациялық органдардың, орталықтардың өз құзыры шегiнде ауыл шаруашылығы өнiмдерi сапасына, сәйкестiлiгiне сертификаттар беру үшiн оларды тiркеудi жүзеге асырады;<*>
      жаңа егiн астығының сапасын зерттейдi, оның тауарлық-технологиялық сипаттамасын жасайды, астық өндiрушiлердiң, мемлекеттiк және басқа тапсырыс берушiлердiң астық рыногының мүмкiндiктерi жөнiндегi тиiстi ұсыныстарын әзiрлейдi;
      мемлекеттiк астық инспекторларының жұмыс тәртiбiн реттейтiн нұсқауларды және басқа нормативтiк актiлердi, инспекциялау ережелерiн, астықтың сапасы мен оның ұқсатылған өнiмдерi жөнiндегi құжаттамалар нысандарын әзiрлеп, бекiтедi және оларды хаттау ережесiн белгiлейдi;
      астықты, майлы және бұршақты дақылдар, шөптердiң тұқымдарын, ұнды, жарманы, құрамажемдi сапалы түрде қабылдау, сақтау, өңдеу, ұқсату және жөнелту жөнiндегi талаптарға сәйкес астық тауарын өндiрушiлерiнiң, астық қабылдау ұйымдарының материалдық техникалық базасының жағдайын қадағалайды;
      астық қабылдау, ұн тарту, жарма, құрамажем ұйымдарында өнiмдер шығару жөнiндегi технологиялық процестердi жүргiзудiң белгiленген ережелерiнiң сақталуына бақылау жасауды жүзеге асырады;
      астық пен оның ұқсатылған өнiмдерi сапасының мәселелерi бойынша өндiрушiлер, сатушылар мен сатып алушылар, ұқсатушы, сатушы және басқа ұйымдар арасында алауыздық туған кезде қорытындылар бередi;
      астық қабылдау, астық ұқсату ұйымдарындағы астықтың, майлы және бұршақты дақылдар, шөптердiң тұқымдарының, ұнның, жарманың, құрамажемнiң сапалық-сандық есебi мен сақталуының дұрыстығына бақылау жасайды;
      белгiленген тәртiппен оның облыстық басқармалары бекiткен тазарту, астық өнiмдерiнiң, шөптер тұқымдары мен құрамажем салмағындағы кему актiлерiн қарайды, сақтау процесiнде сапасын жоғалтқан астық және басқа өнiмдер тобын арзандатуды жүргiзедi;
      өз құзыры шегiнде өнiмдердiң жаңа түрлерiн, прогрестi технологияны, талдаудың, нормативтi-техникалық құжаттамалардың озық әдiстерiн әзiрлеу мен енгiзуге қатысады;
      астық пен астық өнiмдерiнiң сапасы, астық қабылдау және астық ұқсату ұйымдарында технологиялық процестердi жүргiзу мен ұйымдастыру ережелерi бойынша стандарттарды, техникалық шарттарды, басқа да нормативтiк актiлердi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      тауар өндiрушiлердiң, қабылдау және ұқсату ұйымдары өндiрiстiк-технологиялық лабораторияларының олардың өндiрiстiң технологиялық режимi мен стандарттарды сақтау, талдау жүргiзу және астық пен астық өнiмдерiнiң сапасы жөнiндегi құжаттамаларды хаттау бөлiгiнде жұмысын ұйымдастыруға әдiстемелiк және практикалық көмек көрсетедi;
      кеңестер, семинарлар, конференциялар, байқаулар, көрмелер, сондай-ақ астық пен астық өнiмдерi сапасының мәселелерi бойынша республика аграрлық секторы қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру жөнiнде шаралар өткiзудi ұйымдастырады. Өз құзыры шегiнде Қазақстан Республикасының Стандарттау, метрология және сертификаттау комитетi, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi, басқа да министрлiктер мен ведомстволар өткiзетiн сапа мен санитарияға байланысты шараларға қатысады.<*>
      ЕСКЕРТУ. 7-тармаққа өзгерiстер енгiзiлдi - ҚРҮ-нiң 1996.08.20. N 1031 қаулысымен
      8. Инспекцияның мыналарға:
      меншiк нысанына қарамастан, мемлекеттiк және аймақтық ресурстардың өнiмдерiмен жұмыс iстейтiн ұйымдардағы астық, майлы, бұршақты дақылдар, шөптердiң тұқымдарын, ұн, жарма мен құрамажем қабылдау, өңдеу, сақтау, ұқсату, жөнелту және сату орындарына кедергiсiз кiруге және тексеруге, сондай-ақ бұл орайда олардың сапасын анықтауға талдау жасау үшiн сынақ жүргiзе алуға және жiберуге;
      меншiк нысанына қарамастан, астық қабылдау және астық ұқсату ұйымдарынан астықтың, астық өнiмдерiнiң, майлы, бұршақты дақылдардың, шөптер тұқымдарының сапасы, олардың техникалық базасын мемлекеттiк және аймақтық ресурстар өнiмдерiн қабылдауға, орналастыруға, сақтауға, ұқсату мен сатуға әзiрлеу мәселелерi бойынша қажеттi материалдар мен түсiнiктер алуға;
      ұйымдардың басшыларына технологиялық процестердi жүргiзудiң белгiленген ережелерiн, мемлекеттiк және аймақтық ресурстар астығын, астық өнiмдерiн, майлы, бұршақты дақылдардың, шөптердiң тұқымдарын қабылдау, сақтау, өңдеу, ұқсату, жөнелту, тасымалдау мен сапасын анықтау ережелерiн бұзуды жою жөнiнде орнатуға мiндеттi бұйрықтар беруге құқылы. Пайда болған ереже бұзушылық туралы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтердi хабардар етуге;
      өтiнiмдер бойынша сатып алушылармен және сатушылармен бiрлесе отырып жөнелтiлетiн астық және басқа өнiмдердiң орташа сынағын алуды жүргiзуге және тиiстi талдаулар жүргiзуге құқылы. Тексерiлiп, бекiтiлген сынақтар жөнелтiлген күннен бастап бiр ай сақталады;
      сату-сатып алу операциялары барысында сатушылар мен сатып алушылар өтiнiмдерi бойынша астықты, майлы және бұршақты дақылдардың, шөптердiң тұқымдарын, ұнды, жарманы, құрамажемдi тасымалдау үшiн жүк тиеуге берiлетiн вагондардың, кемелердiң, автомобильдердiң жарамдылығын тексеруге және бұл мақсаттарға жарамсыз көлiк құралдарына және ыдыстарына оларды тиеп, жөнелтуге тыйым салуға;
      мемлекеттiк және аймақтық ресурстарға жинақталатын астықты, астық өнiмдерiн, майлы, бұршақты дақылдардың, шөптердiң тұқымдарын жарамсыз ыдыстарға салуға, сондай-ақ сапа, кондиция мен нақты мақсаттың белгiленген нормасына сәйкес келмейтiн осы өнiмдердi жөнелтуге тыйым салуға;
      "Стандарттау және сертификаттау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес стандарттар мен техникалық шарттар талаптарын бұзғаны үшiн заңды тұлғалардың жауапкершiлiгi жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
      мемлекеттiк және аймақтық ресурстар астығы, астық өнiмдерi, майлы, бұршақты дақылдардың, шөптердiң тұқымдары жөнiндегi тексеру материалдарын қарауға және меншiк нысанына қарамастан, тауар өндiрушiлерге, астық қабылдау, астық ұқсату ұйымдарына орындауға тиiстi бұйрықтар беруге құқылы.
      9. Инспекцияның сатып алынатын және сатылатын астықтың, майлы, бұршақты дақылдардың, шөптердiң, өндiрiлетiн ұнның, жарма мен құрамажемнiң сапасы жөнiндегi, сондай-ақ экспорт-импорт операциялары кезiндегi, қорытындысы ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысанына қарамастан, барлық ұйымдар үшiн түпкiлiктi болып табылады.
      10.<*>
      ЕСКЕРТУ. 10-тармақтың күшi жойылды - ҚР Президентiнiң 1998.04.27. N 3928 жарлығымен
      11. Инспекция өзi берген сертификатқа тауар сапасының сәйкес келмегенi үшiн жауапты болады.
      12. Инспекцияны Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрi бекiтетiн бастық басқарады.
      Инспекция бастығына өзiне жүктелген мiндеттер мен қызметтердi орындамағаны үшiн дербес жауапкершiлiк жүктеледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады