1. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi, Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi мен Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгi Қазақстан Республикасының Энергетикасын, 2030 жылға дейiнгi кезеңге арналған атом энергетикасын дамыту тұжырымдамасын әзiрлеудi аяқтасын. Республикада атом энергокөзiн перспективалық орналастыру жөнiнде техникалық-экономикалық баяндама (ТЭБ) әзiрлесiн. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Тұжырымдама мен техникалық-экономикалық баяндама әзiрлеуге арналған қажеттi қаражат бөлудi көздесiн.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгi, Әдiлет министрлiгi, Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi, Атом энергетикасы жөнiндегi агенттiгi 1995 жылғы 30 желтоқсанға дейiн республика атом энергиясын пайдалану жөнiндегi заң актiлерiнiң жобаларын әзiрлеудi аяқтасын және оны Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына енгiзсiн.
3. Қазақстан Республикасы Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгiнiң, Қазақстан Республикасы Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгiнiң, Өнеркәсiп және сауда министрлiгiнiң, Атом энергетикасы және өнеркәсiбi жөнiндегi "КАТЭП" ұлттық акционерлiк компаниясының, Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы мен Атом энергиясы жөнiндегi агенттiктiң бұрынғы Семей ядролық полигон аумағына атом электр станциясының соңғы буынын салу туралы ұсынысы қабылдансын.
4. Қазақстан Республикасының Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгiне, Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгiне 1995-1996 жылдары әлемнiң iрi фирмаларының арасында Қазақстан Республикасының аумағында атом электр станциясының жобасын әзiрлеуге және жүзеге асыруға арналған халықаралық тендер ұйымдастыру мен оны өткiзу тапсырылсын.
5. Қазақстан Республикасының Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгiне, Экономика министрлiгiне, Өнеркәсiп және сауда министрлiгiне және Қазақстан Республикасы Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне АЭС-ке дейiнгi электр энергиясын тұтыну қашықтығына немесе салықтарды баламды кемiтуге байланысты энергоресурстар үшiн сараланған (аймақтық) төлем жөнiндегi ұсыныстарды 1995 жылғы 30 желтоқсанға дейiн әзiрлеу және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына енгiзу тапсырылсын.
6. Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгi, Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi, Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгi 1995 жылғы 15 желтоқсанға дейiн мына ұйымдар жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлесiн және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына енгiзсiн.
"Үлбi металлургия зауыты" акционерлiк қоғамының өндiрiсiн, республиканың уран өндiретiн және өңдейтiн кәсiпорындарын пайдалануға беру бағытымен Шығыс Қазақстан мемлекеттiк университетiнде 1996/97 оқу жылдарында атом өнеркәсiбi саласында мамандар даярлау жөнiндегi кафедра;
1996/97 оқу жылдарында атом энергетика саласында ұлттық кадрлар даярлау үшiн Семей облысы Курчатов қаласындағы Қазақ инженерлiк-физика университетi;
Өскемен және Ақтау қалаларындағы жоғары оқу орындары атом-энергетика кафедраларының бiтiрушiлерiн тәжiрибеде даярлау үшiн Алматы қаласы Алатау поселкесiндегi ВВР-К/сынау реакторы базасындағы оқу-жаттықтыру орталығы.
7. 1996 жылы мамыр-маусымда Алматы қаласында "Атом энергетикасы. Даму перспективалары "халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткiзiлсiн. Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi мен Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгi, Экономика министрлiгi, Ұлттық ядролық орталығы, Атом энергетикасы жөнiндегi агенттiк, Атом энергетикасы мен өнеркәсiбi жөнiндегi "КАТЭП" ұлттық акционерлiк компаниясы конференцияны ұйымдастыру мен оны өткiзу жөнiндегi ұсыныстарды 1995 жылғы 30 желтоқсанға дейiн әзiрлеп, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына енгiзетiн болсын.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрi