Үкiмет (бюджет) резервiне өткiзiлетiн құндылықтарды өткiзу, беру, есеп айырысу мен сату тәртiбiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ҚАУЛЫСЫ 1995 жылғы 27 қазан N 1391. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2004.06.24. N 695 қаулысымен.

      "Бағалы металдар мен асыл тастарға байланысты қатынастарды мемлекеттiк реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 20 шiлдедегi N 2372 Заң күшi бар  Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1. Үкiмет (бюджет) резервiне өткiзiлетiн құндылықтарды өткiзу, беру, есеп айырысу мен сатудың қоса берiлiп отырған тәртiбi бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттiк комитеттерi мен ведомстволары, Ұлттық Банкi екi ай мерзiм iшiнде ведомстволық шешiмдерi осы қаулымен бекiтiлген тәртiпке сәйкес келтiрiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-министрi

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң      
1995 жылғы 27 қазандағы 
N 1391 қаулысымен    
БЕКIТIЛГЕН    

Үкiмет (бюджет) резервiне өткiзiлетiн құндылықтарды өткiзу, беру, есеп айырысу және сату
ТӘРТIБI

I. Жалпы ережелер

      1. "Бағалы металдар мен асыл тастарға байланысты қатынастарды мемлекеттiк реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 20 шiлдедегi N 2372 Заң күшi бар Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi Үкiмет (бюджет) резервiне өткiзiлетiн құндылықтарды өткiзудiң, берудiң, есеп айырысу мен сатудың мынадай тәртiбiн белгiлейдi. 
      2. Үкiмет (бюджет) резервi: 
      а) монеталық алтыннан, күмiстен, платинадан және құйма, түйiршiк, ұнтақ, сондай-ақ саф түрiндегi платина тобындағы металдардан; 
      б) қаптамалық жұқа алтын мен күмiстi қоса алғанда, зергерлiк қорытпалардағы, дайындамалардағы және басқа өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы басқа да өнiмдердегi бағалы металдар; 
      в) өңделмеген және өңделген күйдегi асыл тастардан; 
      г) халықтан сатылып алынған, тәркiленген, иесiз мұрагерлiк құқық бойынша мемлекетке өткен, қазына немесе археологиялық қазбалар құрамында табылған бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған бұйымдар және солардың сынықтарынан тұрады. 
      3. Үкiмет (бюджет) резервiн Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi жанындағы Қазынашылық: 
      а) құйма және басқа түрдегi бағалы металдарды қазақстандық өндiрушiлерден, бастапқы саудада және екiншi iшкi нарықта, сондай-ақ Үкiметпен контракт негiзiнде бағалы металдарды өндiру мен ұқсату саласында құрылған бiрлескен кәсiпорындардан және дүниежүзiлiк нарықтан сатып алу; 
      б) Үкiмет (бюджет) резервiне бағалы металдардан, асыл тастардан жасалған тәркiленген иесiз, мұрагерлiк құқық бойынша мемлекетке өткен бұйымдарды тапсыру; 
      в) халықтан бағалы металдардан, асыл тастардан жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдарды ломбардтар және Каззергерсауданың сатып алу пункттерi арқылы сатып алу; 
      г) қазына құрамында немесе археологиялық қазбалар кезiнде табылған бағалы металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды, сондай-ақ көтерме алтынды мемлекетке өткiзу (сату); 
      д) республикада және басқа мемлекеттер азаматтарының бағалы металдардан, асыл тастардан жасалған бұйымдарды өз ерiктерiмен қайырымдылыққа беруi; 
      е) қымбат металдардың табиғи кесектерiн сатып алу жолымен құрады және толықтырады. Қазақстан Республикасының аумағында бағалы металдарды барлау мен өндiру жұмыстарын жүргiзетiн кәсiпорындардың және шаюшылар артельдерiнiң бағалы саф металл кесектерiн iрiктеп алу Үкiмет (бюджет) резервiне өткiзу ережелерi арнаулы нұсқаулығымен реттеледi. 
      4. Үкiмет (бюджет) резервiне заңды тұлғалар, сондай-ақ халық сатқан құндылықтардың құнын төлеу республикалық бюджетiн шығыс бөлiгiнде қарастырылған қаражат есебiнен жүргiзiледi. 
      5. Үкiмет (бюджет) резервiнен құру, пайдалану және сату Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң жанындағы Қазынашылық арқылы жүзеге асырылады. Үкiмет (бюджет) резервi құрамындағы бағалы металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, төлем құралы ретiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидент еместерiне кепiлдiктер беруге пайдалануға жол берiлмейдi. 
      6. Үкiмет (бюджет) резервiне кiретiн құндылықтар Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң жанындағы Қазынашылық пен Мемқойма арасында жасалған шарт негiзiнде Мемлекеттiк қазына қоймасында сақталады. 
      7. Осы тәртiппен белгiленген ережелердi барлық меншiк нысанындағы және бағыныстағы шаруашылық жүргiзушi субъектiлер, оның iшiнде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыратын құқық қорғау, салық, кеден органдары және ломбардтар сақтауға тиiс. 

II. Құндылықтарды Үкiмет (бюджет) резервiне өткiзу тәртiбi

      8. Құйма, түйiршiк, ұнтақ, басқа да түрде және күйде Үкiмет (бюджет) резервiне өткiзiлетiн немесе тапсырылатын бағалы металдар Қазақстан Республикасының оны берушiлер орналасқан немесе басқа мемлекеттердiң қолданыстағы стандарттарына, не техникалық шарттарына сәйкес буып-түйiлуге тиiс. 
      9. Ломбардтар, сатып алу пункттерi, кедендер, Қазақстан Республикасының құқық қорғау, салық органдары асыл тастарды, бағалы металдардан, асыл тастардан жасалған бұйымдарды, сондай-ақ бағалы металдардың сынықтарын бағалы посылкалармен жiбередi. Құндылықтар матамен қапталған ағаш немесе картон қораптарға салынуы қажет. Қаптау - тiгiстi, байламдарды және мөрдi (пломбы) бұзбайынша iшiндегi құндылыққа қол жеткiзуге мүмкiндiк бермейтiндей болуы керек, бұл үшiн тiгiс iш жағынан жасалып, саңылаусыз болуға тиiс. Қаптың аузы түйiндерi жоқ, тұтас жiппен қысып байланып, тiгiледi, оның ұштары сүргiш мөрге арналған ойығы бар ағаш тақташаның тесiгiнен өткiзiледi. 
      Посылка жөнелтушiнiң сүргiш мөрiмен мөрленедi және посылканың теңгемен бағалау құны, жөнелтушi мен алушының мекен-жайлары көрсетiлген белгi қағазбен жабдықталуы қажет. 
      10. Қапталмаған ағаш жәшiктер үзiлмес үшiн оның үстiндегi ойықтар арқылы жүргiзiлген, қырларындағы тесiктерден өткiзiлген жiппен немесе сыммен байланады. Жiптiң немесе сымның ұшы сүргiш мөрмен мөрленедi немесе пломбаланады. 
      11. Құндылықтар салынған посылкалар екi данада ресiмделген iлеспе құжатпен (сипаттама, реестр, т.с.с.): бiреуi жеке пакетте, ал екiншiсi посылканың iшiнде құндылықтармен бiрге жiберiледi. 
      12. Лигатуралық салмағында 30 проценттен астам бағалы металдары бар жалпы техникалық мақсаттағы өнiмдер Үкiмет (бюджет) резервiне Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң жанындағы Қазынашылықтың өкiлеттi органмен немесе дайындаушы-кәсiпорынмен жасаған шарттардың негiзiнде сатылады. 
      13. Үкiмет (бюджет) резервi бағалы емес металдардан және асыл емес тастардан жасалған бұйымдарды, өндiрiсте пайдаланылған қымбат металдар мен асыл тастарды және олардың қалдықтарын, қолданыстағы техникалық талаптарға жауап беретiн алмастарды қоспағанда), сондай-ақ құрамында 10 проценттен кем алтыны, 30 проценттен кем күмiсi бар және бағалы металдары мен асыл тастары жоқ зер бұйымдарды қабылдамайды. 
      14. Мемқоймаға түсетiн және Үкiмет (бюджет) резервiне алынатын құндылықтарды қабылдауды Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi тағайындайтын комиссия қажеттi жабдықтармен және мүкәммалдармен жабдықталған арнаулы үй-жайларда жүргiзедi. Қабылдау кезiнде құндылықтарды тапсыруға және қабылдауға тiкелей қатысы жоқ адамдардың бұл үй-жайларға кiруiне тыйым салынады. 
      15. Үкiмет (бюджет) резервiне есептеуге жататын құндылықтарды өткiзу мен қабылдау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң келiсiмiмен бекiткен арнаулы нұсқаулықпен (осы Тәртiптiң 6-тармағы) айқындалады. 
      16. Посылкаға (немесе басқа орынға) құндылықтардың дұрыс салынуына оларды салған және мөрлеген (пломбалаған) адамдар жауап бередi. 
      17. Дайындаушы кәсiпорындардан түскен бағалы металдардың және олардан жасалған бұйымдардың сапасы үшiн дайындаушы кәсiпорындар жауап бередi. 
      18. Үкiмет (бюджет) резервiне салық, кеден, құқық қорғау органдарынан алынған, осы тәртiптiң 2-тармағына сәйкес келмейтiн құндылықтар, жiберушiнiң есебiнен, оның өзiне қайтарылады. 
      19. Мемқойма орауы бұзылған посылкаларды, сондай-ақ қағазға оралған құндылықтарды қабылдамайды. 
      20. Мемқоймаға құндылықтарда тасымалдау тәртiбi "Қымбат металдармен және асыл тастармен, сондай-ақ олардан жасалған бұйымдармен жүргiзiлетiн операциялар туралы ережелердi бекiту жөнiндегi" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 7 қыркүйектегi N 1004 қаулысымен реттеледi. 

III. Үкiмет (бюджет) резервiнен құндылықтарды беру 

      21. Үкiмет (бюджет) резервiндегi бағалы металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды беру мынадай жағдайларда жүргiзiледi: 
      а) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң жанындағы Қазынашылықтың шетел банктерiнде депозитке немесе металл шоттарда Қазақстан Республикасының Үкiметi жасаған кредиттiк, не басқа да келiсiмдердi кепiлдiкпен қамтамасыз ету ретiнде орналастыруы үшiн; 
      б) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң жанындағы Қазынашылықтың кейiн сату үшiн дүниежүзiлiк сауда орталықтарына шығаруы үшiн; 
      в) берiлген лицензияларға сәйкес өндiрiстiк, ғылыми-зерттеу және өзге де қызметтердi жүзеге асыруы үшiн екiншi iшкi нарықта заңды және жеке тұлғаларға сату мақсатында; 
      г) бөлшек сауда кәсiпорындары арқылы немесе аукциондық саудада халыққа зергерлiк бұйымдарды сату үшiн; 
      д) мұражайларға, дiни немесе өзге де қоғамдық ұйымдарға пайдалануға беру үшiн. 
      22. Үкiмет (бюджет) резервiне алынған құндылықтарды Мемқоймадан берудiң негiзi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi (қаулысы, өкiмi) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi бойынша тиiстi бұйрық болып табылады. 
      23. Үкiмет (бюджет) резервiнен құндылықтарды беру тәртiбi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi бекiткен арнаулы нұсқаулығымен (осы Тәртiптiң 6-тармағы) белгiленедi және ол барлық заңды және жеке тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi. 
      24. Заңды тұлғаларға құндылықтарды беру - олардың қызметкерлерiне немесе Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң арнаулы байланыс өкiлдерiне берiлетiн бiр жолғы сенiмхат бойынша, оның жеке басын куәландыратын құжатты қоса көрсеткенде, ал жеке тұлғаларға - Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты мен оның құндылықтарды алуға құқын растайтын құжатты көрсеткенде жүзеге асырылады. 
      25. Бағалы металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды есептеу ерекшелiгiне байланысты ағымдағы айдың соңғы күнi және желтоқсанның 25-iнен 31-iне дейiн Үкiмет (бюджет) резервiнен құндылықтар босатылмайды. 

IV. Бағалы металдар, асыл тастар және олардан жасалған бұйымдар үшiн есеп айырысу

      26. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi жанындағы Қазынашылық Үкiмет (бюджет) резервiне есептеуге алатын құйма және басқа түрдегi тазартылған бағалы металдар, асыл тастар үшiн дүниежүзiлiк бағаны ескере отырып, бастапқы саудада және екiншi iшкi нарықта қалыптасқан келiсiмдi баға бойынша есеп айырысады. 
      27. Ломбардтардан және сатып алу пункттерiнен, сондай-ақ қазына тапқан адамдардан түскен бағалы металдардан, асыл тастардан жасалған бұйымдар үшiн есеп айырысулар прейскуранты Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетi әзiрлейтiн және ағымдағы баға бойынша жасалады. 
      28. Үкiмет (бюджет) резервiнен заңды және жеке тұлғаларға босатылатын бағалы металдардың, асыл тастардың құнын төлеу 21-тармақтың "в" тармақшасынан сәйкес алдын-ала толық төлеу жағдайында берiлген күнгi әлемдiк ағымдағы бағаларды ескеру арқылы екiншi саудада жинақталатын келiсiмдi бағасы бойынша жүргiзiледi. 
      Төлемге арналған есеп шоттың көшiрмесi берiлген күн болып саналады. 
      29. Үкiмет (бюджет) резервiнен ұйымдардың сатуы немесе пайдалану үшiн босатылатын бағалы металдардан, асыл тастардан жасалынған бұйымдардың құнын осы тәртiптiң 21-тармағындағы "г" және "д" тармақшаларына сәйкес Қазақстан Республикасы Сынамалық қадағалаудың мемлекеттiк инспекциясының, Мемқазынаның, Қаржы министрлiгiнiң, ал қажет болған жағдайда республиканың басқа да министрлiктерiнiң мамандарының сарапшыларының қатысуымен құрылған сараптау комиссиясы анықтайды. 
      30. Көркем, ғылыми және өзге де құндылықтарға жатқызылған бағалы металдардан жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдар сараптау комиссиясының қорытындылары бойынша кейiн қайтадан сату немесе мұражайларға, дiни және басқа да ұйымдарға беру мақсатында қайта жаңғыртуға жiберiлуi мүмкiн. 
      31. Бағалы металдармен, асыл тастармен, сондай-ақ үкiмет (бюджет) резервiне есептелген және содан босатылған, осылардан жасалған бұйымдармен операциялар жасау жөнiндегi есеп айырысу кезiнде Қазақстан Республикасының салық заңы белгiлеген салықтар, алымдар мен баждар төленедi. 
      32. Тәркiленген, иесiз және мұрагерлiк құқы бойынша мемлекетке өткен бағалы заттар қайтарусыз үкiмет (бюджет) резервiне есептелiнедi. 

V. Үкiмет (бюджет) резервiнен құндылықтарды сату 

      33. Тазартылған бағалы металдарды шетелдiк банктерде депозит ретiнде енгiзу немесе кейiн сату мақсатында металл есеп шоттарында орналастыру үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ұсынысы негiзiнде белгiленген квота шегiндегi өкiмi бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi жанындағы Қазынашылық арқылы жүргiзiледi. 
      Аталған ұсыныста ұсыныс жiберілген күнгi жағдай бойынша үкiмет (бюджет) резервiнде бар тiстi құндылықтардың жалпы мөлшерi туралы, олардың жоспарланып отырған түсiмi туралы және осы құндылықтармен болжамды операциялардан қаражат жұмсаудың нақты бағыттары туралы ақпарат болуы керек. 
      34. Шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң берiлген лицензия бойынша оларды өндiрiстiк, ғылыми-зерттеу және өзге де қызметтердi жүзеге асыру үшiн тазартылған металдарды, зергерлiк құймалар мен басқа да өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өнiмдердi сатуы өкiлеттi банктердегi металл есеп шоттарда нәтиженi көрсету, сондай-ақ бағалы металдарды нақты алмастыру арқылы екiншi iшкi нарықта жүргiзiледi. 
      35. Халықтан сатып алынған, тәркіленген, иесiз, мұрагерлiк құқығы бойынша үкiмет (бюджет) резервiне өткен құрамында бағалы металдар, асыл тастар бар бұйымдарды сату өкiлеттi банктердегi металл есеп шоттарында нәтижесiн көрсету арқылы екiншi iшкi нарықта жүргiзiледi. 
      36. Құрамында бағалы металдар, асыл тастар бар бұйымдарды пайдалануға мұражайларға, дiни және басқа да ұйымдарға беру осы бұйымдарды сараптау комиссиясы бағалағаннан кейiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаржы министрлiгi жанындағы Қазынашылықтың шешiмдерi бойынша жүргiзiледi. 
      37. Саф түрiндегi бағалы металдарды сату Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi жанындағы Қазынашылықтың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерiне сәйкес аукциондарда жүзеге асырылады. 
      Саф түрiндегi бағалы металдарды сараптап бағалау және оларды аукциондарда сату Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң жанындағы Қазынашылық өкiлдерiнiң қатысуымен Мемлекеттiк қойма жүзеге асырады. 
      38. Тәркiленгенi туралы соттың шешiмiнiң (үкiмiнiң) негiзiнде үкiмет (бюджет) резервiне есептелген бағалы металдарды, асыл тастарды және солардан жасалған бұйымдарды заңды және жеке тұлғаларға қайтару, егер олар сатылмаса немесе белгiленген тәртiппен қайта өңделмесе табиғи түрде жүргiзiледi. Аталған бұйымдар сатылған немесе қайта өңделген жағдайда олардың құны Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетi бекiткен баға бойынша қайтарылады. 
      Жартылай фабрикат, өндiрiстiк және лабораториялық мақсаттағы құйма, қожды, саф түрiндегi, сынық түрiндегi бағалы металдар (алтын, күмiс, платина және платина тобындағы металдар) өңделмеген түрдегi асыл тастар, сондай-ақ революцияға дейiнгi және кеңестiк өрнектелген алтын теңгелер иелерiне қайтарылмайды, осы құндылықтардың құны қайтарылған күнгi әлемдiк баға ескерiле отырып, екiншi саудада қалыптасқан келiсiмдi баға бойынша қайтарылады. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады