Салық заңдарын бұзушылыққа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық пен ақпарат алмасу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасы Үкiметiнiң арасындағы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1996 жылғы 9 сәуiр N 412

      Қазақстан Республикасының Үкiметi Қаулы Етедi:
      1996 жылғы 15 ақпанда Алматы қаласында қол қойылған Салық заңдарын бұзушылыққа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық пен ақпарат алмасу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Келiсiм бекiтiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Салық заңдарын бұзуға қарсы күрес саласында ынтымақтастық
жасау және ақпарат алмасу туралы Қазақстан Республикасының
Үкiметi мен Өзбекстан Республикасы Үкiметiнiң арасындағы
КЕЛIСIМ

(1997 жылғы 20 тамызда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi өз мемлекеттерiнiң заңдары мен халықаралық мiндеттемелерiн,
      салық қылмыстары мен құқық бұзушылықтың алдын алуға, анықтауға және тыюға байланысты мiндеттердi тиiмдi түрде шешуге өзара мүдделiлiктi басшылыққа ала отырып,
      осы мақсаттар үшiн құқықтық және басқа да мүмкiндiктердi пайдалануға зор маңыз бере отырып,
      мынаған келiстi:

1-бап
Келiсiм тақырыбы

      1. Осы Келiсiмнiң тақырыбы салық заңдарын бұзуға қарсы пәрмендi күрес ұйымдастыру мақсатында Тараптардың құзырлы органдарының ынтымақтастық жасауы болып табылады.
      2. Осы Келiсiм азаматтық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы қолданылып жүрген халықаралық келiсiмдердi қозғамайды.

2-бап
Құзырлы органдар

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн Тараптардың құзырлы органдары мыналар болып табылады:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бас салық инспекциясы;
      Өзбекстан Тарапынан - Өзбекстан Республикасының Мемлекеттiк салық комитетi.
      Тараптардың құзырлы органдарының ресми атаулары өзгерген жағдайда олар бұл жайында дереу бiр-бiрiне жазбаша түрде хабарлайды.

3-бап
Ынтымақтастық нысандары

      Тараптар осы Келiсiмнiң шеңберiнде мынадай ынтымақтастық нысандарын пайдаланады:
      заңды немесе жеке тұлғалардың салық заңдарын бұзуы туралы ақпарат алмасу,
      салық қылмыстары мен құқық бұзушылықтың алдын алуға, анықтауға және тыюға бағытталған шараларды жүргiзу мәселелерi бойынша бiрлесiп iс-қимыл жасау,
      жеке және заңды тұлғаларға салық салуға байланысты құжаттардың тиiсiнше куәландырылған көшiрмелерiн беру,
      ұлттық салық жүйелерi туралы, салық заңдарының өзгерiстерi мен толықтырулары туралы ақпарат, сондай-ақ салық заңдарын бұзуға қарсы күрес жөнiнде әдiстемелiк ұсыныстар алмасу,
      салық заңдарын бұзуға қарсы күресте пайдаланылатын ақпарат жүйелерiн жасау және олардың жұмыс iстеу жөнiнде тәжiрибе алмасу,
      ынтымақтастық барысында туындайтын мәселелер бойынша қызметтi үйлестiрiп отыру, соның iшiнде жұмыс топтарын құру, өкiлдер сарапшылар алмасу және кадрлар оқыту,
      салық қылмыстары мен құқық бұзушылыққа қарсы күрес проблемалары бойынша ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткiзу.
      Осы Келiсiмдi орындауға байланысты мәселелер бойынша Тараптардың құзырлы органдары бiр-бiрiмен тiкелей хабарласып тұрады.

4-бап
Салық заңдарын бұзушылық туралы ақпарат алмасу

      1. Салық заңдарын бұзушылық туралы ақпарат алмасу мына мәселелер бойынша жүзеге асырылады:
      заңды немесе жеке тұлғалардың салық салудан табыстарын жасыруы, бұл орайда салық заңдарын бұзушылардың қолданылатын тәсiлдерi атап көрсетiледi,
      заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттiк және коммерциялық банкiлерде шоттар ашуы, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар жасаған салық құқығын бұзушылықтың нышандары анықталған және осы аталған мәлiметтердi алмайынша кiнәлiлердi жауапкершiлiкке тарту мүмкiн болмайтын жағдайларда қаражаттың осы шоттар бойынша қозғалысы,
      салық заңдарын бұзған заңды және жеке тұлғалардың табыстары және салынған салық мөлшерлерi.
      2. Осы баптың 1-бөлiмiнде атап өтiлген ақпаратты беру сұрау салушы Тараптың заңдарына және мүдделерiне қайшы келмейтiн жағдайда оны бiр Тараптың құзырлы органы екiншi Тараптың құзырлы органының сұрау салуы негiзiнде бередi.
      Егер Тараптар бiрiнiң құзырлы органы өзiнiң қолында бар ақпарат екiншi Тараптың құзырлы органы үшiн ынта туғызады деп есептесе, ол ақпаратты өз инициативасы бойынша бере алады.

5-бап
Шаралар өткiзу

      Салық қылмыстары мен құқық бұзушылығын жасаған немесе оларды жасады деп күдiк туғызған адамдар жөнiнде осындай қылмыстар мен құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау және тыю жөнiндегi шараларды өткiзу кезiндегi Тараптардың құзырлы органдарының өзара iс-қимылы күш пен құралдарды бiрлесiп жоспарлауды, пайдалануды, осы шараларды өткiзудiң барысы мен нәтижелерi туралы ақпарат алмасуды қамтиды.

6-бап
Құжаттар көшiрмелерiн беру

      Тараптардың құзырлы органдары заңды және жеке тұлғаларға салық салуға қатысты құжаттардың (шоттар, фактуралар, тiркеме қағаздар, шарттар, келiсiм шарттар, сертификаттар және басқа да қажеттi құжаттар), сондай-ақ салық заңдарын бұзушылыққа қатысы бар мәселелер бойынша құжаттардың көшiрмелерiн бiр-бiрiне сұрау салу бойынша бередi. Көшiрмелер өкiлеттi адамның қолымен және сұрау салушы құзырлы органның мөрiмен куәландырылады.

7-бап
Құқықтық сипаттағы материалдар алмасу

      Тараптардың құзырлы органдары ұлттық салық жүйелерi, салық заңдарындағы өзгерiстер, қылмыстарға тергеу жүргiзудiң және салық заңдары саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша өндiрiстiң құқықтық негiздерi жайында бiр-бiрiне жүйелi түрде хабарлап тұрады.

8-бап
Хабар-ошармен қамтамасыз ету мәселелерi
бойынша ынтымақтастық

      Тараптардың құзырлы органдары салық заңдарын бұзуға қарсы күрестi ұйымдастыру кезiнде әдiстемелер мен ғылыми материалдар алмасып тұрады, өздерiнiң архивтерi мен мәлiметтер қоржынында сақтаулы ақпаратты осы Келiсiмге сәйкес бiр-бiрiне тегiн бередi.

9-бап
Тәжiрибе алмасу және кадрлар даярлауда
көмек көрсету

      Тараптардың құзырлы органдары өздерiнiң оқу орындарының негiзiнде кадрлар оқытуды және қайта даярлауда, салық заңдарын бұзуға қарсы күрестiң көкейтестi мәселелерi бойынша бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзуде ынтымақтастық жасайды, сондай-ақ сарапшылар алмасып отырады.
      Осы баптың шеңберiнде ынтымақтастық жасаудың нақты нысандары және, атап айтқанда, оны қаржыландыру Тараптардың құзырлы органдарының арасында жасалатын тиiстi келiсiмдермен айқындалады.

10-бап
Сұрау салудың нысаны мен мазмұны

      1. Ақпарат алуға сұрау салу жазбаша түрде немесе телетайып, факсимильдiк яки компьютерлiк байланысты пайдалану арқылы жiберiлуге тиiс.
      Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда телефон байланысы арқылы берiлген ауызша сұрау салу қабылдануы мүмкiн, алайда ол дереу жазбаша түрде қуатталуға тиiс.
      Телетайып, факсимильдiк немесе компьютерлiк байланысты пайдаланғанда, сондай-ақ сұрау салудың нақтылығы немесе мазмұны жөнiнде күдiк туа қалса, сұрау салушы құзырлы орган жазбаша түрде растама сұрата алады.
      Сұрау салудың жазбаша нысаны құзырлы органның бланкасымен жiберiлiп, оның елтаңбалы мөр басылып, оған басшы қол қояды.
      2. Ақпарат алуға сұрау салу: сұрау салушы құзырлы органның атауын; сұрау салудың мән-жайы мен негiздемесiнiң қысқаша мазмұнын; сондай-ақ оны орындау үшiн қажет басқа да мәлiметтердi қамтуға тиiс. Қылмыстық iстер бойынша сонымен бiрге: жасалған қылмыстың нақты егжей-тегжейiнiң сипаттамасы; жасалған қылмыстың сараптамасы; келтiрiлген нұқсанның мөлшерi көрсетiледi.

11-бап
Сұрау салуды орындау

      1. Сұрау салу 10 тәулiк iшiнде орындалады. Сұрау салынған құзырлы орган анықтап алу ретiнде, егер бұл сұрау салуды орындау үшiн қажет болса, қосымша ақпарат сұрата алады.
      2. Сұрау салу бойынша көмек көрсету мүмкiн болмаған жағдайда сұрау салынған құзырлы орган 10 тәулiк iшiнде себептерiн көрсетiп, бұл жайында сұрау салушы құзырлы органға хабарлайды.
      Сұрау салу мемлекеттiң егемендiгiне немесе қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруi мүмкiн болса яки сұрау салынған құзырлы орган мемлекетiнiң заңдарының негiзгi принциптерiне қайшы келетiн болса, оны орындаудан бас тартылады.
      Сұрау салуды орындаудан бас тартудың себептерi жайында сұрау салушы құзырлы орган жазбаша түрде хабарлайды.

12-бап
Сұрау салуды орындау кезiндегi өзара iс-қимыл

      Сұрау салушы құзырлы орган сұрау салынған құзырлы органның өкiлеттi өкiлдерiне, егер бұл оның мемлекетiнiң заңдарына қайшы келмесе, өз мемлекетiнiң аумағында сұрау салуды орындауға қатысуға рұқсат ете алады.

13-бап
Тiлдер

      Ақпарат алуға сұрау салу және оған жауап алу өзара келiсiм бойынша орыс тiлiнде жасалады.

14-бап
Ақпаратты пайдалану

      Тараптардың құзырлы органдары салық қылмыстары мен құқық бұзушылықтың алдын алуға, анықтауға және тыюға байланысты мәселелерге қатысты ақпараттың құпиялылығына кепiлдiк бередi.
      Осы Келiсiмнiң шеңберiнде алынған ақпарат осы ақпаратты берген құзырлы органның жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi бiр тарапқа берiлмейдi.

15-бап
Шығындар

      Тараптардың құзырлы органдары өз мемлекетiнiң аумағында осы Келiсiмдi орындауға байланысты шығындарды көтередi. Қосымша шығындарды қажет ететiн сұрау салу алынған жағдайда оларды қаржыландыру туралы мәселенi Тараптардың құзырлы органдары өзара келiсе отырып қарайды.
      Тараптардың құзырлы органдары, егер олардың арасында басқа жағдай келiсiлмесе, сұрау салуды орындау кезiнде қажет болып қалуы мүмкiн аудармашылардың қызметiне ақы төлеу жөнiндегi шығындарды бiр-бiрiне өтеп отырады.
      Жоспарланған кездесулер кезiнде, егер басқаша жазбаша уағдаластық болмаса, қабылдаушы құзырлы орган өз мемлекетiнiң аумағында басқа құзырлы органның делегациясын қабылдауға байланысты барлық шығындарды қамтамасыз етедi және төлейдi, ал жiберушi құзырлы орган барлық iссапар шығындарын көтерiп алады.
      Кезектен тыс кездесулер өткiзгенде барлық шығындарды осы кездесулердiң ұйытқысы болған құзырлы орган көтередi.

16-бап
Даулы мәселелердi шешу

      Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн пайымдауға немесе қолдануға байланысты туындауы мүмкiн барлық даулы мәселелердi консультациялар мен келiссөздер жүргiзу арқылы шешедi.

17-бап
Өзгертулер мен толықтырулар енгiзу

      Қағидаттық сипаты жоқ барлық өзгертулер мен толықтырулар осы Келiсiмiнiң жаңа редакциясына қол қою арқылы енгiзiледi.
      Қағидаттық сипаттағы өзгертулер мен толықтырулар iшкi мемлекеттiк рәсiмдер орындалғаннан кейiн енгiзiлген болып есептеледi.

18-бап
Келiсiмнiң күшiне енуi және қолданылу күшiн тоқтатуы

      Осы Келiсiм Тараптардың ұлттық заңдарында көзделген iшкi мемлекеттiк рәсiмдеулердi олардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабархат алған күннен кейiн күшiне енедi.
      Осы Келiсiм бес жыл мерзiмге жасалып, егер Тараптардың бiрi оның күшiн тоқтату жөнiндегi өзiнiң ниетi жайында алты ай бұрын екiншi Тарапқа жазбаша түрде хабарламаса, өздiгiнен келесi бес жыл мерзiмге ұзартылады.
      1996 жылдың 15 ақпанында Алматы қаласында екi дана етiп, әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тiлдерiнде жасалды, және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.

      Қазақстан Республикасының          Өзбекстан Республикасының
           Үкiметi үшiн                      Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады