Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Словения Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Мәдени ынтымақтастық туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1996 жылғы 15 сәуiр N 441

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1994 жылғы 18 қаңтарда Алматыда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Словения Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Мәдени ынтымақтастық туралы келiсiм бекiтiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Словения
Республикасының Үкiметi арасындағы мәдени
ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ

(1997 жылғы 24 ақпанда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрi "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Словения Республикасының Үкiметi,
      екi ел арасында бiлiм, мәдениет және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту ниетiн көздей отырып,
      мұндай ынтымақтастық өзара жақсырақ түсiнiсуге және әр түрлi деңгейлердегi қатынастарды нығайтуға жәрдемдесетiндiгiне кәмiл сене отырып,
      мына төмендегiлер жайында келiстi:

1-бап

      Уағдаласушы Тараптар бiлiм, мәдениет, ғылым, спорт, туризм және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы өзара ынтымақтастық пен қарым-қатынастарды дамытады, сөйтiп осы мақсаттарда университеттер, басқа да оқу орындары, мәдениет мекемелерi мен ұйымдар арасындағы тiкелей ынтымақтастық пен қарым-қатынастарды қолдайды,
      Олар сондай-ақ университет профессорларын, студенттер, ғалымдар, сарапшылар және артистер алмасуға да қолдау жасайды.

2-бап

      Уағдаласушы Тараптар, өз мүмкiндiктерiне қарай, өзаралық негiзiнде оқу мен стажировкаға арнап стипендия бередi.

3-бап

      Уағдаласушы Тараптар екiншi Тараптың тiлiн оқытуға және үйретуге қолдау жасайды.

4-бап

      Уағдаласушы Тараптар дипломдарды, университеттiк дәрежелер мен академиялық атақтарды өзара тану мүмкiндiктерiн қарастырады.

5-бап

      Уағдаласушы Тараптар екiншi Тараптың мәдениетi туралы бiлiмдi кеңейтуге ықпал жасап, мәдениеттiң барлық нысандары саласындағы қарым-қатынастарды қолдайды.

6-бап

      Уағдаласушы Тараптар баспасөз агенттiктерi арасындағы тiкелей ынтымақтастықты қолдайды.

7-бап

      Ғылым, ғылыми-зерттеулер және технологиялар саласындағы ынтымақтастық жөнiнде жеке келiсiледi.

8-бап

      Уағдаласушы Тараптар екi Уағдаласушы Тараптың жастары мен жастар ұйымдары арасындағы қарым-қатынастарды көтермелеп отырады.

9-бап

      Уағдаласушы Тараптар спорт ұйымдарының ынтымақтасуына және екi елдiң әрқайсысындағы спорт шараларына қатысуға жәрдемдеседi.

10-бап

      Уағдаласушы Тараптар өз аумақтарында қолданылып жүрген заңдар мен ережелердiң шеңберiнде, екiншi Тараптың келiсуi бойынша өкiлдердiң келуiне, болуына және кетуiне, сондай-ақ осы Келiсiмге сәйкес жүзеге асырылатын айырбас жасау бағдарламаларының орындалуына қажеттi материалдар мен жабдықтардың әкелiнуiне жәрдемдеседi.

11-бап

      Осы Келiсiмдi жүзеге асыруға байланысты шараларды қарау үшiн Уағдаласушы Тараптардың өкiлдерi қажет болған жағдайда немесе екiншi Тараптың өтiнiшi бойынша Бiрлескен Комиссия шеңберiнде кездесетiн болады.

12-бап

      Осы Келiсiм қол қойылған сәтiнен бастап уақытша қолданылатын болады және оны екi елдiң құзыреттi органдары бекiткенi туралы жазбаша хабарлама алмасқан күннен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм бес жыл мерзiмге жасалып отыр. Егер Уағдаласушы Тараптардың бiр де бiрi дипломатиялық арналар арқылы екiншi Тарапқа өзiнiң оны бұзғысы келетiнi жөнiнде тиiстi мерзiмi бiткенге дейiн кемiнде алты ай бұрын жазбаша түрде хабарламаса, онда оның қолданыс мерзiмi өздiгiнен бес жылдық кезеңге ұзартылады.
      Алматы қаласында 1994 жылы 18 қаңтар екi данада, әрқайсысы қазақ, словен және ағылшын тiлдерiнде жасалды, сондай-ақ барлық текстiң де күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмдi түсiндiруде алшақтық туған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тiлiндегi текстi басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының     Словения Республикасының
            Үкiметi үшiн                  Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады