Қазақстан Республикасында зейнетақы төлеу жөнiндегi берешектердi жою туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы 1997 жылғы 26 маусымдағы N 1022. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2006.07.07. N 646 Қаулысымен

      "Зейнетақылар мен еңбекақыны уақтылы төлеудi қамтамасыз ету жөнiндегi бiрiншi кезектегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 10 сәуiрдегi N 3446  U973446_  Жарлығын (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 15, 113-құжат) зейнетақы төлеу жөнiндегi берешектердi 1998 жылдың 1 қаңтарынан кешiктiрмей өтеу көзделген бөлiгiнде одан әрi жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi: 
      1. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi республикалық бюджеттен зейнетақы төлеу жөнiндегi берешектердi өтеуге трансферттер бөлудiң кестесiн бекiтсiн. 
      2. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Қаржы министрлiгiмен, Экономика және сауда министрлiгiмен, Әдiлет министрлiгiмен келiсiм бойынша 1997 жылға арналған республикалық бюджеттiң тиiстi өзгерiстерiн ескере отырып, Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының үстiмiздегi жылға арналған бюджетiн нақтыласын және Үкiметке 1997 жылдың 30 маусымына дейiн мерзiмде осы мәселе жөнiндегi қаулының жобасын енгiзсiн. 
      3. Облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi: 
      жергiлiктi қаржы органдарының басшыларына 1997 жылдың 1 шiлдесiндегi жағдай бойынша қалыптасқан зейнетақы төлеу жөнiндегi берешектердi өтеу жөнiнде шаралар қолдануды мiндеттесiн; 
      1997 жылдың 1 шiлдесiнен бастап тауарлық-материалдық құндылықтарды халықты әлеуметтiк қорғау органдарына бере отырып, зейнетақыларды жеткiзу қызметтерiн таратсын; 
      деректердi Қазақстан Акционерлiк халықтық Жинақ Банкiнiң тиiстi филиалдарына табыс ете отырып, 1997 жылдың 1 шiлдесiндегi жай-күйi бойынша, аудандар мен қалалардың тұрғысында зейнетақы төлеу жөнiндегi берешектердiң шамасын нақтыласын; 
      зейнетақы төлеу жөнiндегi берешектердi тамақ өнiмдерi және басқа ла тауарлық-материалдық құндылықтар түрiнде өтеу, талондарды - вексельдердi, чек кiтапшаларын және белгiленген тәртiппен рәсiмделмеген басқа да төлем нысандарын пайдалану практикасын тоқтатсын; 
      зейнетақы төлеудi және ағымдағы зейнетақыны төлеу жөнiндегi берешектердi өтеудi жариялылық жағдайында жүргiзсiн, зейнеткерлерге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы зейнетақы алудың мерзiмдерi мен тәртiбi туралы дәл және жедел ақпарат жеткiзсiн; 
      зейнетақы төлеуге байланысты мәселелердi шешудi жедел ұйымдастыруға жәрдемдессiн, қажет болған жағдайларда көлiк бөлуге, зейнетақыларды төлеуге арналған қаражатты күзетуге жәрдем көрсетсiн, зейнетақы төлеу пункттерiн энергиямен жабдықтау мәселелерiн шешсiн. 
      4. Аймақтарда зейнетақыны уақытында төлеу мәселелерiн шешу үшiн жеке жауаптылық облыстардың әкiмдерiне жүктеледi. 
      5. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi 1997 жылдың 15 шiлдесiне дейiн мерзiмде облыс әкiмдерiнiң "Зейнетақылар мен еңбекақыны уақтылы төлеудi қамтамасыз ету жөнiндегi бiрiншi кезектегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығының орындалу барысын атқаруы туралы мәселенi Үкiметтiң қарауына енгiзсiн. 
      6. Қазақстан Акционерлiк Халықтық Жинақ Банкi (келiсiм бойынша) үш күндiк мерзiм iшiнде еңбек және халықты әлеуметтiк қорғаудың барлық ведомстволық бағыныстағы филиалдары мен органдарына Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiмен және Қаржы министрлiгiмен келiсiлген зейнетақы төлеу жөнiндегi берешектердi өтеудiң тәртiбiн жеткiзсiн. 
      7. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (келiсiм бойынша) зейнетақы төлеу жөнiндегi берешектердi өтеу кестесiн атқаруы үшiн Қазақстан Акционерлiк Халықтық Жинақ Банкiнiң филиалдарын қолма-қол төлеу қаражатының жеткiлiктi мөлшерiмен бiрiншi кезекте қамтамасыз етсiн. 
      8. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi 1997 жылдың 1 шiлдесiне дейiн мерзiмде "Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру жүйесiн реформалауды жүзеге асыру жөнiндегi Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлеудiң жоспарын бекiту туралы" қаулының жобасын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына енгiзсiн. 

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады