Зейнетақылар мен еңбекақыны уақтылы төлеудi қамтамасыз ету жөнiндегi бiрiншi кезектегi шаралар туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 1997 жылғы 10 сәуiрдегi N 3446. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

      Зейнетақыларды және мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын қызметкерлердiң еңбекақысын уақтылы төлеудi қамтамасыз ету, сондай-ақ барлық деңгейдегi бюджеттердiң қаражатын нысаналы, әрi тиiмдi жұмсау мақсатында қаулы етемiн: 
      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi (Ә.Қажыгелдин): 
      1) Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына мыналарды әзiрлеп, енгiзетiн болсын: 
      - Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру жүйесiн реформалау мәселелерi жөнiндегi заңдардың жобалары - 1997 жылғы 15 мамырға дейiнгi мерзiмде; 
      - республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен Қазақстан Республикасының азаматтарына 1998 жылғы 1 қаңтардан кешiктiрмей әлеуметтiк зейнетақылар бойынша берешектi өтеудi көздейтiн "1997 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы - 1997 жылғы 15 мамырға дейiнгi мерзiмде; 
      - мемлекеттiк бюджеттiң және бюджеттен тыс қорлардың қаражаты есебiнен конкурстық негiзде мемлекеттiк сатып алуларды жүзеге асыруды көздейтiн "Мемлекеттiк сатып алулар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы - 1997 жылғы 20 мамырға дейiнгi мерзiмде; 
      2) 1997 жылға арналған республикалық бюджетке енгiзiлетiн өзгерiстердi ескере отырып, Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының 1997 жылға арналған бюджетiн қайта қарасын; 
      3) 1997 жылғы 1 шiлдеден бастап, өткен айға төлеу тәртiбiмен зейнетақыларды белгiленген мерзiмiнде төлеудi қамтамасыз етсiн; 
      4) облыстардың әкiмдерiмен және Алматы қаласының әкiмiмен бiрлесiп; 
      - 1997 жылғы 25 сәуiрге дейiн акцияларының мемлекеттiк пакетiн басқаруға берген немесе сатқан кезде осындай берешектерi болған акционерлiк қоғамдарға мемлекеттiк бюджет пен Қазақстан Республикасының Зейнетақы қоры алдындағы берешектерi бойынша мерзiмiн ұзарту тәртiбiн айқындайтын болсын; 
      - 1997 жылғы 1 мамырға дейiн Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына түсетiн жарналарды жоспарлау мен есепке алудың әдiстемесiн бекiтсiн, сондай-ақ жарна төлеушiлердiң аталған қорлардың алдындағы берешегiн өтеу кестесiн нақтыласын; 
      5) ай сайын бюджетке салық пен Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына қаражат жинау және әр аймақ бойынша оның алдындағы берешектi өтеу жөнiндегi жұмыстың жай-күйi туралы барлық дәрежедегi басшылардың есебiн тыңдайтын болсын, сондай-ақ осы жұмыстың нәтижесi бойынша салық пен Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына қаражат жинауды қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттерiн атқармағаны үшiн орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың басшыларын жауапкершiлiкке тарту туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныстар енгiзсiн. 
      2. Облыстардың әкiмдерi және Алматы қаласының әкiмi: 
      1) тиiстi жергiлiктi бюджеттiң қаражаты есебiнен ұсталатын қызметкерлерге еңбекақы, әрi зейнетақыларды төлеудi қамтамасыз ету жөнiнде барлық шараларды қолданып, жергiлiктi жерлердегi iстiң жағдайы үшiн аудандар мен қалалар басшыларының дербес жауапкершiлiгiн арттыратын болсын; 
      2) Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының орталықтандырылған шотына қаражат аудару жөнiндегi нормативтердiң орындалуын қамтамасыз етсiн; 
      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi, облыстардың әкiмдерi мен Алматы қаласының әкiмi осы Жарлықтың талаптарының орындалуы үшiн толық жауап бередi деп белгiленсiн. 
      4. Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi мен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi барлық деңгейдегi бюджеттер қаражатының тиiмдi және нысаналы жұмсалуына бақылауды күшейтетiн болсын. 
      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Мемлекеттiк тергеу комитетi, Мемлекеттiк Кеден комитетi және Қаржы министрлiгiнiң Салық комитетi мұнай өнiмдерiнiң, түстi және қара металдардың, астықтың, алкоголдiк iшiмдiктер мен темекi өнiмдерiнiң экспорты мен импортының, сондай-ақ барлық деңгейдегi бюджеттерге салық түсiмдерiнiң көлемiне ықпал ететiн басқа да тауарлардың экспорты мен импортының белгiленген тәртiбiнiң сақталуына бақылауды күшейтсiн.
      6. Осы Жарлықтың атқарылуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн. 
      7. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi. 

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады