Зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi лицензиялау туралы ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 2 қазандағы N 1402 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 24 шілдедегі N 735 қаулысымен. ~P030735

      "Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңы мен "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 17 сәуiрдегi Заң күшi бар Жарлығын орындау үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:

      1. Қоса берiлiп отырған Зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi лицензиялау туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы осы қаулыны iске асыру жөнiндегi қажеттi шаралар қабылдасын.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрiнiң
      мiндетiн атқарушы

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
1997 жылғы 2 қазандағы   
N 1402 қаулысымен     
бекiтiлген          

Зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi лицензиялау туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы Ереже Қазақстан Республикасындағы жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi лицензиялау мен бақылаудың тәртiбiн белгiлейдi және осы қызметтi жүзеге асыруға бiлiктiлiк талаптарын айқындайды. <*>
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 12 мамырдағы N 439 қаулысымен .

I. Жалпы ережелер

      1. Лицензиялау зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың және зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөніндегi қызметтi дербес жүзеге асыратын жинақтаушы зейнетақы қорларының (бұдан әрi - Лицензиат) қызметтерiне бақылау жасауды қамтамасыз ету мақсатында жүргiзiледi. <*>
      Ескерту. 1-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 12 мамырдағы N 439 қаулысымен .
      2. <*>
      Ескерту. 2-тармақ алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 12 мамырдағы N 439 қаулысымен .
      3. Бағалы қағаздар рыногын реттеу жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi - Лицензиар) зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия алған Лицензиаттардың бiрыңғай тiзiлiмiн жүргiзедi. Аталған тiзiлiмге лицензияларды уақытша тоқтату мен Лицензиаттан оларды қайтарып алудың барлық фактiлерi туралы мәлiметтер де енгiзiледi.
      4. Лицензиат зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жүзеге асырады.

II. Лицензия алу үшiн қажеттi құжаттар

      5. Зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензия алу үшiн өтiнiш берушi Лицензиарға мынадай құжаттарды ұсынады:
      а) белгiленген үлгiдегi өтiнiш;
      б) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу(қайта тiркеу) туралы куәлiктiң көшiрмесi; <*>
      в) шаруашылық жүргiзушi субъектiнiң статистикалық кәртiшкесiнiң көшiрмесi;
      г) барлық өзгерiстермен және толықтырулармен қоса алғанда, нотариалдық куәландырылған құрылтай құжаттарының көшiрмелерi (екi данада);
      д) өтiнiштi берушiге қойылатын бiлiктiлiк талаптарын, сондай-ақ құрылтайшыларға(акционерлерге), басшы қызметкерлерге "Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Лицензиардың нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген талаптарды растайтын құжаттар; <*>
      е) лицензиялық алымның төленгенi туралы төлем құжаттарының көшiрмелерi.
      Ескерту. 5-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 12 мамырдағы N 439 қаулысымен .
      6. <*>
      Ескерту. 6-тармақ алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 12 мамырдағы N 439 қаулысымен .

III. Құжаттарды қарау және лицензия беру

      7. Зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi лицензиялауға ұсынылған құжаттарды Лицензиар құжаттар берiлген күннен бастап 30 күннiң iшiнде қарайды. Пысықталуына байланысты құжаттар қайталап берiлгенде, өтiнiш берушi құжатта қайталап берiлген күнгi жеке капиталының есебiн және Лицензиардың нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына сай келетiн қаржылық есептi ұсынады. <*>
      Ескерту. 7-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 12 мамырдағы N 439 қаулысымен .
      8. Ұсынылған құжаттар қолданылып жүрген заңдардың және осы Ереженiң талаптарына сай келгенде, өтiнiш берушiге зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия берiледi.
      9. Лицензия басшыға немесе Лицензиаттың уәкiлеттi өкiлiне (сенiмхат негiзiнде) берiледi.
      10. Зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүргiзуге арналған лицензиялар тұрақты болып табылады.
      11. Лицензияның күшi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына тарайды.

IV. Лицензия бергенi үшiн алым

      12. Лицензиялық алымның мөлшерi мен оны төлеудiң тәртiбi Қазақстан Республикасының салық заңдарымен айқындалады.

V. Лицензия беруден бас тарту және оған шағымдану

      13. Лицензия, егер:
      қызметтiң белгiлi бiр түрiн жүзеге асыруға субъектiлердiң осы санатына заң актiлерiмен тыйым салынса;
      талап етiлетiн барлық құжаттар тапсырылмаса;
      ұсынылған ақпараттың жалғандығы фактiсi анықталса;
      лицензиялық алым төленбесе;
      өтiнiш берушiге қатысты соттың оған қызметтiң осы түрiмен айналысуға тыйым салуы болса;
      өтiнiш берушi белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сай болмаса, берiлмейдi.
      14. Лицензия беруден бас тартылған кезде өтiнiш берушiге лицензия беру үшiн белгiленген мерзiмдерде жазбаша түрде дәлелдi жауап қайтарылады.
      15. Егер лицензия белгiленген мерзiмде берiлмесе немесе лицензия беруден бас тарту өтiнiш берушiге негiзсiз болып көрiнсе, ол бұл әрекеттерге сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.

VI. Лицензияның күшiн тоқтату

      16. Лицензия мынадай жағдайларда:
      лицензия берiлген заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылғанда;
      зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi қызмет тоқтатылғанда;
      лицензия керi қайтарып алынғанда өз күшiн тоқтатады.
      17. Заңды тұлға қайта тiркелген кезде лицензия сақталады.
      18. Лицензияның күшiн тоқтатуға байланысты даулар сот тәртiбiмен шешiледi.

VII. Лицензияның күшiн уақытша тоқтату және оны керi
қайтарып алу

      19. Лицензиар уақытша тоқтату себебiн көрсете отырып, лицензияның күшiн алты ай мерзiмге дейiн тоқтатуға құқылы.
      20. Лицензияның күшi мынадай жағдайларда:
      лицензия негiзделiп берiлген ақпараттың жалған екенi анықталғанда;
      зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер бұзылғанда, уақытша тоқтатылуы мүмкiн.
      21. Лицензияның күшi уақытша тоқтатылған жағдайда Лицензиат анықталған тәртiп бұзушылықтарды жоюға мiндеттi, олар жойылғаннан  кейiн лицензия қайта күшiне енедi, бұл туралы Лицензиатқа жазбаша  түрде хабарланады.
      Лицензияның күшiн уақытша тоқтату туралы жазбаша хабарлама алғаннан кейiнгi Лицензиаттың қызметi заңсыз деп саналады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      22. Лицензия мынадай жағдайларда:
      Лицензиат қолданылып жүрген заңдардың талаптарын орындамағанда;
      Лицензиар лицензияның күшiн уақытша тоқтатқан себептер жойылмағанда;
      сот Лицензиатқа жүзеге асыруға лицензиясы бар қызмет түрiмен айналысуға тыйым салғанда керi қайтарылып алынуы мүмкiн.
      23. Лицензия керi қайтарып алынған жағдайда, Лицензиат ресми хабарлама алған сәттен бастап он күн iшiнде лицензияны Лицензиарға қайтаруға мiндеттi.
      24. Лицензиардың лицензияны керi қайтарып алу немесе оның күшiн уақытша тоқтату туралы шешiмiне сот тәртiбiмен шағым берiлуiмүмкiн.

VIII. Лицензия шарттарының орындалуына бақылау жасау

      25. Лицензия шарттарының орындалуына бақылауды Лицензиар жүзеге асырады.
      26. Лицензиаттың зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметiнiң нәтижелер туралы есептi ұсынуының тәртiбi мен мерзiмдерi Лицензиардың нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

IХ. Бiлiктiлiк талаптары

      27. Лицензия алуға үмiттенетiн заңды тұлғаға (бұдан әрi - өтiнiш берушi) мынадай бiлiктiлiк талаптары қойылады:
      а) өтiнiш берушiнiң штатында (оның филиалында, өкiлдiгiнде) 3-санаттағы бiлiктiлiк куәлiгi бар кемiнде үш маманның болуы, оның iшiнде:
      басшы қызметкерлер:
      зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын бөлiмшелердiң басшылары;
      инвестициялық шешiмдердi қабылдау мен жүзеге асыруға тiкелей қатысатын мамандар;
      а-1) Қазақстан Республикасы заңнамасында айқындалған жарғылық капиталдың ең төменгi мөлшеріне, оның қалыптасу тәртiбiне және құрамына қойылатын талаптардың сақталуы; <*>
      а-2) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған меншiк капиталының қалыптасу тәртiбіне қойылатын талаптардың сақталуы; <*>
      б) үй-жайдың, ұйымдастыру техникасының, компьютерлердiң, бағдарламалық-техникалық құралдардың және зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруды қамтамасыз ететін телекоммуникациялық жабдықтың болуы; <*>
      в) заңды тұлға өз құрылтайшыларының қаржылық тұрақтылығын растауға тиiс;
      г) зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi ұйымдастыруды регламенттейтiн iшкi құжаттар әзiрленуi тиiс.
      Ескерту. 27-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 12 мамырдағы N 439 қаулысымен .

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады