1. Қоса берiлiп отырған:
<*> Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк авиациялық регистрi (Мемавиарегистр) туралы ереже бекiтiлсiн. ЕСКЕРТУ. 1-тармақтың 2-абзацы күшiн жойды - ҚРҮ-нiң 1998.12.23. N 1322 қаулысымен. P981322_ 2. "Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi жанындағы Әуе кеңiстiгiн пайдалану және азаматтық авиация қызметi жөнiндегi комитет туралы" 1996 жылғы 19 желтоқсандағы N 1563 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж.,N 52, 500-құжат) мынадай толықтыру енгiзiлсiн: 3-тармақтың екiншi және үшiншi абзацтары "азаматтық" деген сөзден кейiн "және эксперименттiк" деген сөздермен толықтырылсын. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 21 қаңтардағы N 31 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк авиациялық регистрi (Мемавиарегистр) туралы ЕРЕЖЕ
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк авиациялық регистрi (бұдан әрi - Мемавиарегистр) Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгi Әуе кеңістiгiн пайдалану және азаматтық авиация қызметi жөнiндегi комитетiнiң (бұдан әрi - Комитет) ведомстволық бағынысындағы мемлекеттiк мекеме болып табылады.
2. Мемавиарегистрдiң қызметi Қазақстан Республикасының аумағында әуе тасымалын, авиациялық жұмыстарды, азаматтық және эксперименталдық авиацияның әуе кемелерiн, олардың жабдықтары мен агрегаттарын пайдалануды, оларға техникалық қызмет көрсетудi және жөндеудi, азаматтық авиация әуе кемелерiнiң әуежайларында жолаушыларды, багажды, жүктердi қабылдауды, шығаруды және ұстауды, әуе қозғалысын басқаруды және әуе трассалары мен аэродром аймақтарында радиолокацияны, радионавигация мен электр байланысын пайдалануды жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларға қолданылады.
3. Мемавиарегистр өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiн, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық ұйымдардың стандарттарын, нормаларын және қағидаларын, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
4. Мемавиарегистрдiң қызметкерлерi Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы үшiн белгiленген нысанды киiммен, қызметкерлердiң санаттары үшiн тиiстi айырым белгiлерiмен және мемлекеттiк рәмiзбен қамтамасыз етiледi, оларды қызметкерлер қызметтiк мiндеттерiн атқаруы кезiнде тағып жүруi мiндеттi.
5. Мемавиарегистр заңды тұлға болып табылады, дербес балансы, банктерде шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген, өз атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрi, сондай-ақ тиiстi бланкiлерi мен мөртаңбалары болады.
6. Мемавиарегистрдiң қызметiн қаржыландыруды Комитет, сондай-ақ Мемавиарегистрдiң негiзгi функцияларын орындауына қайшы келмейтiн болса, оның шаруашылық қызметi қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.
II. Мемавиарегистрдiң мақсаттары мен мiндеттерi
7. Мемавиарегистрдiң негiзгi мақсаты Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және азаматтық авиация қызметi саласында халықаралық стандарттармен, нормалармен, қағидалармен және ұсынымдармен бiрыңғай, үйлесiмдi мемлекеттiк сертификаттау жүйесiн қалыптастыру және мемлекеттiк тiзiлiмдердi жүргiзу болып табылады.
8. Мемавиарегистрдiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
әуе кемелерiн, әуежайлар мен аэродромдарды, аэронавигация кешенiн пайдаланушыларды, әуе трассаларын олардың жер бетiндегi техникалық жарақтау объектiлерiмен, авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу базаларымен (орталықтарымен) бiрге сертификаттауды және азаматтық авиацияның авиациялық қызметкерлерiн даярлауды ұйымдастыру және жүргiзу;
әуе кемелерi ұшуларының қауiпсiздiгi және әуе қозғалысына қызмет көрсету жөнiндегi стандарттардың, нормалардың, қағидалар мен талаптардың қолданылуын қамтамасыз ету;
әуе кемелерi мен азаматтық авиация аэродромдарының мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу;
пайдаланушылар мен техникалық құралдарды сертификаттауға байланысты стандарттардың, техникалық шарттардың, нормалардың, ережелердiң, қағидалардың, басшылықтардың, тәлiмдемелердiң, нұсқаулар мен рәсiмдердiң жобаларын әзiрлеу;
Мемавиарегистрдiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының стандарттау органдарымен, Стандарттау жөнiндегi халықаралық ұйыммен (ISО), Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен (IСАО), ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң мемлекетаралық авиация ұйымымен (МАҰ) өзара iс-қимылды қамтамасыз ету.
III. Мемавиарегистрдiң функциялары
9. Мемавиарегистр өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес және заңда белгiленген тәртiппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
әуе кемелерiн, аэродромдарды, әуежайларды, аэронавигация кешенiн, оларды пайдаланушыларды сертификаттау және тiркеу саласында стандарттардың, техникалық шарттардың, нормалардың, қағидалардың, тәлiмдемелердiң, ережелердiң, басшылықтардың, нұсқаулықтар мен рәсiмдердiң, әуе кемелерiнiң ұшу жарамдылығы нормаларының және аэродромдарды пайдалану жарамдылығы нормаларының жобаларын әзiрлейдi және оны тиiстi мемлекеттiк органға бекiтуге енгiзедi, сондай-ақ олардың атқарылуын бақылауды жүзеге асырады;
әуе кемелерiн, аэродромдарды, әуежайларды, аэронавигациялық кешендi және оларды пайдаланушыларды сертификаттау және тiркеу саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарға, әуе кемелерiнiң ұшу жарамдылығының нормаларына, оларды мемлекеттiк нормалар мен қағидаларды жетiлдiру үшiн пайдалану мақсатында, талдау жүргiзедi;
- азаматтық авиацияға арналған азаматтық әуе кемелерi мен аэродромдардың бiрыңғай мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзедi, сондай-ақ оларды мемлекеттiк тiркеу туралы тиiстi куәлiктердi ресiмдейдi және бередi;
әуе кемелерiн, әуежайлар мен аэродромдарды, аэронавигация кешенiн, әуе трассаларын олардың жер бетiндегi техникалық жарақтау объектiлерiмен, азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу базаларымен (орталықтарымен) бiрге сертификаттауға әзiрлеу және оны жүргiзу рәсiмдерiн жүзеге асырады;
тиiстi куәлiктер (сертификаттар) берудi ресiмдейдi және дайындайды, олардың қолданылып жүрген нормалар мен талаптарға сәйкестiгiн анықтау жөнiнде қажеттi тексерулердi жүзеге асырады;
азаматтық және эксперименталдық әуе кемелерiне мемлекеттiк және тiркеулiк танымалдық және қосымша белгiлердi (рәмiздердi, жазбаларды, эмблемаларды) берудiң тәртiбiн әзiрлейдi және оны қолданысқа енгiзедi, олардың атқарылуына бақылауды жүзеге асырады;
үлгiлiк конструкцияларды әзiрлеушiлермен бiрлесiп Қазақстан Республикасы өндiрiсiнiң азаматтық әуе кемелерiнiң жаңа үлгiлерiне, олар Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген ұшу жарамдылығының нормаларына сәйкестiгiне зауыттық, мемлекеттiк және пайдалану сынақтарынан өткен соң, сертификаттау жүргiзедi;
үлгi сертификатын ресiмдейдi және бередi;
шетел мемлекетi берген әуе кемесiнiң ұшу жарамдылығының сәйкестiк сертификатына (куәлiктерiне) оның, Қазақстан Республикасының талаптары мен стандарттарына сәйкестiгiне сараптама жүргiзедi және осы сертификаттардың Қазақстан Республикасында күшi бар екендiгiн тану мүмкiндiгi туралы қорытынды бередi;
авиациялық техникаға, әуе қозғалысының жабдықтары мен техникалық құралдарына, әуежайлардың (аэродромдардың) объектiлерiне қойылатын талаптар мен техникалық шарттарды әзiрлеуге қатысады, олардың сақталуын бақылайды;
азаматтық авиацияның қызметiн реттейтiн әзiрленетiн тәлiмдемелердiң, нұсқаулықтардың, ережелердiң Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген стандарттарға, нормалар мен талаптарға сәйкестiгiн келiседi;
қолданылып жүрген заңдарға қайшы келмейтiн өзге де функцияларды орындайды.
IV. Құқықтары
10. Мемавиарегистрдiң:
заңды және жеке тұлғалардан өзiнiң қызметiне қатысты коммерциялық құпияға жатпайтын қажеттi құжаттарды, материалдарды, ақпаратты, анықтамалық және басқа да деректердi сұрауға және алуға;
әуе кемелерiн пайдаланушылар мен азаматтық авиация объектiлерiн сертификацияланған қызмет жөнiнде ақиқат ақпарат алу мақсатында инспекциялауға;
қызметi азаматтық авиацияға байланысты заңды және жеке тұлғалардың азаматтық авиация саласындағы сертификаттау және тiркеу мәселелерi бойынша қолданылып жүрген талаптарды орындауын бақылауға;
азаматтық авиацияның қызметiн реттейтiн белгiленген нормаларды, қағидаларды, стандарттар мен талаптарды бұзу фактiлерi анықталған жағдайларда бұл жолсыздықтарды жоюды талап етуге, пайдаланушыға берiлген куәлiктiң (сертификаттың) қолданылуын тоқтата тұруға;
пайдаланушыдан куәлiктi (сертификатты) тоқтата тұрғаннан кейән белгiленген нормаларды, қағидаларды, стандарттар мен талаптарды бұзу фактiлерiн белгiленген мерзiмдерде жоймаған жағдайда, оны алып қоюға;
өз құзыретiнiң шегiнде Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясының барлық пайдаланушылары мен әуе кеңiстiгiн пайдаланушылардың орындалуы мiндеттi нұсқаулықтар, қағидалар, ережелер мен басқа да нормативтiк құжаттар шығаруға;
Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын стандарттау, метрологиялық қамтамасыз ету және сертификаттау саласындағы экономикалық, ғылыми-техникалық және нормативтiк құқықтық реттеудi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге және оны уәкiлеттi органның бекiтуiне енгiзуге;
Мемавиарегистрге жүктелген мiндеттер мен функцияларды орындау кезiнде шетелдiктердi қоса алғанда, шарттық негiзде басқа ұйымдарды және олардың мамандарын тартуға құқығы бар.
V. Мемавиарегистрдiң қызметiн ұйымдастыру
11. Мемавиарегистрдi Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Әуе кеңiстiгiн пайдалану және азаматтық авиация қызметi жөнiндегi комитетiнiң төрағасы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады.
12. Төрағаның Мемавиарегистр төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Әуе кеңiстiгiн пайдалану және азаматтық авиация қызметi жөнiндегi комитетiнiң төрағасы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары болады.
13. Төраға Мемавиарегистрге дара басшылық негiзiнде басшылық жасайды және Мемавиарегистрге жүктелген мiндеттер мен функциялардың орындалуына бүкiл толық жауапкершiлiкте болады.
14. Мемавиарегистрдiң құрылымы мен штат санын Комитет бекiтедi.
15. Мемавиарегистрдiң төрағасы:
осы Ережемен өзiне жүктелген тапсырмалардың, функциялар мен мiндеттердiң орындалуының сапасы мен уақытылығы үшiн, куәлiктердiң (сертификаттардың) негiзсiз берiлгенi, сондай-ақ шетел сертификаттарының қолданылуын тану үшiн жеке жауапкершiлiкте болады;
өзiнiң орынбасарлары мен Мемавиарегистр қызметкерлерiнiң арасында мiндеттердi бөледi, Мемавиарегистрдiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ереженi бекiтедi;
Мем авиарегистр аппаратының, оның құрылымдық бөлiмшелерi мен өкiлдiктерiнiң қызметкерлерiн келiсiм-шарттық негiзде қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
Мемлекеттiк органдар мен халықаралық ұйымдарда Мемавиарегистрдiң мүдделерiн бiлдiредi, шарттар мен келiсiмдер жасайды, банктерде шоттар ашады, берiлген құқықтар мен өкiлеттiктердiң шегiнде Мемавиарегистрдiң кiрiстерi мен мүлкiне билiк етедi;
өзiнiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша Мемавиарегистрдiң қызметкерлерi мен азаматтық авиация объектiлерiн пайдаланушылардың орындауы мiндеттi бұйрықтар шығарып, нұсқаулар бередi.