Атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметтi лицензиялау туралы ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1998 жылғы 12 ақпандағы N 100. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 19 наурыздағы N 270 Қаулысымен.

       Ескерту. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 12 ақпандағы N 100 қаулысының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 19 наурыздағы N 270  Қаулысымен  (қолданысқа енгізілу тәртібін   3-тармақтан  қараңыз).

      "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 сәуiрдегi N 93-1 Заңын жүзеге асыру мақсатында, "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 17 сәуiрдегi N 2200  Z952200_  Заң күшi бар Жарлығына, "Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 17 сәуiрдегi N 2201 қаулысын жүзеге асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 1894   P951894_   қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      Қоса берiлiп отырған Атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметтi лицензиялау туралы ереже бекiтiлсiн.

     Қазақстан Республикасының
       Премьер-Министрi

                                       Қазақстан Республикасы
                                             Үкiметiнiң
                                       1998 жылғы 12 ақпандағы
                                          N 100 Қаулысымен
                                             бекiтiлген

               Атом энергиясын пайдалануға байланысты
                    қызметтi лицензиялау туралы
                               ЕРЕЖЕ

                         I. Жалпы ережелер

      1. Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясының Атом энергиясы жөнiндегi агенттiгiнде (бұдан әрi - Агенттiк) лицензиялауға қызметтiң мынадай түрлерi: 
      атом энергиясын пайдалану объектiлерiн орналастыру, жобалау, салу, пайдалануға қосу, пайдалану, консервациялау және пайдаланудан шығару; 
      коммерциялық мақсаттарда берудi, сатуды немесе сатып алуды немесе коммерциялық емес сипатта берудi қоса алғанда атом энергиясын пайдалану саласындағы тауарлар мен қызмет көрсетулердiң экспорты мен импорты; 
      атом энергиясын пайдалануға байланысты жұмыстарды орындау және қызметтер ұсыну; 
      бұл материалдар мен заттар бар пайдалы қазбаларды барлау және өндiру кезiнде ядролық материалдарды, иондаушы сәулелену көздерiн және радиоактивтi заттарды ұстау, жұмыстарды радиациялық қауiпсiз жүргiзу, сондай-ақ ядролық материалдарды, радиоактивтi заттарды және радиоактивтi қалдықтарды өндiру, пайдалану, қайта өңдеу, тасымалдау және орналастыру; 
      ядролық қондырғыларды, иондаушы сәулелену көздерiн, ядролық материалдарды және радиоактивтi заттарды пайдалану арқылы ғылыми зерттеулердi жүзеге асыру; 
      атом энергиясын пайдалануды басқару; 
      ядролық жарылыстар жүргiзiлген жерлердегi қызметтердiң барлық түрлерi; 
      ядролық қондырғылар мен ядролық материалдарды физикалық қорғау; 
      ядролық материалдардың, иондаушы сәулелену көздерiнiң, радиоактивтi заттардың және радиоактивтi қалдықтардың есебiн жүргiзу және бақылау жасау; 
      Қазақстан Республикасының аймақтарындағы радиациялық жағдайға бақылау жасау; 
      Қазақстан Республикасының аумағы арқылы ядролық материалдар мен радиоактивтi заттарды транзиттiк тасымалдау; 
      мамандар мен қызметкерлердi даярлау және аттестациялау жатады. 
      2. Осы Ереженiң талаптары атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметтi жүзеге асыратын барлық заңды және жеке тұлғалар үшiн мiндеттi. 
     3. Атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметтi лицензиялау үшiн ақы төлеудiң мөлшерi мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 
      4. Лицензияның қолданылуы тоқтатылған немесе ол керi қайтарылып алынған жағдайда лицензиат олардың толық тоқтатылғандығына немесе қайта бейiнденуiне дейiн қызметтер объектiлерiндегi радиациялық қауiпсiздiк пен физикалық қорғауды қамтамасыз ету үшiн толық жауаптылықта болуы жалғастырады. 
      5. Мәлiмделген қызметтердiң түрiне қарай тұрақты немесе уақытша лицензиялар берiледi. Лицензиялардың белгiлi бiр түрiн беру туралы шешiмдi өтiнiш берушi ұсынған құжаттарды және қызметтiң мәлiмделген түрлерiнiң инженерлiк-техникалық қамтамасыз етiлуiне сараптаулардың нәтижелерiн зерделегеннен кейiн Агенттiк қабылдайды. 
      6. Агенттiк лицензия алу үшiн ұсынылған құжаттарды тiркеудi жүзеге асырады, берiлген, тоқтатыла тұрылған және керi қайтарылып алынған лицензиялардың тiзiлiмiн жүргiзедi. 

              II. Атом энергиясын пайдалануға байланысты 
                  қызметтердiң түрлерiне бiлiктiлiк талаптары 

      7. Атом энергияларын пайдалануға байланысты қызметтiң түрi мынадай бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуi тиiс. 
      Заңды тұлға үшiн: 
      өтiнiш берушiнiң құрамы мен бiлiктiлiгi бойынша қолданылып жүрген нормаларға сәйкес келетiн және мәлiмделген қызметтi жүзеге асыру кезiнде қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн жеткiлiктi басқару құрылымы, кадрлар мен қызметкерлердi даярлау және аттестациялау жүйесi болады; 
      өтiнiш берушi қолданатын технологиялар, ұйымдастыру және техникалық шаралар радиациялық және ядролық қауiпсiздiктiң оның Қауiпсiздiк жөнiндегi есебiнде негiзделетiн белгiленген қолданылып жүрген нормалар мен ережелерден төмен емес деңгейлерiне жетудi және ұстап тұруды қамтамасыз етедi; 
      өтiнiш берушi қызметтiң мәлiмделген түрiнiң сапасын қамтамасыз ету бағдарламасын әзiрлейдi; 
      өнiмдердiң сертификациясы мен буылып-түйiлуi белгiленген стандарттар мен талаптарға сәйкес келедi; 
      өтiнiш берушiнiң кәсiпорындарындағы иондаушы сәулелену көздерiн, радиоактивтi заттарды және радиоактивтi қалдықтарды ұстаудың бар немесе жобаланған жүйесi қолданылып жүрген нормативтерге сәйкес оларды жинауды, бақылауды және есебiн жүргiзудi, сақтауды, қайта өңдеудi және сақтау немесе көму орындарына тасымалдауды қамтамасыз етедi; 
      инженерлiк-техникалық қамтамасыз ету (өндiрiстiк кешендер, технологиялық учаскелер, қондырғылар, ядролық және радиоактивтi материалдар мен радиоактивтi қалдықтарды орналастыру пункттерi, мәлiмделген қызмет жүзеге асырыла алатын мәлiмдеушiге тиесiлi басқа да объектiлер) Агенттiк тағайындаған сарапшылар мен ұйымдар беретiн сараптық қорытындылармен расталатын мәлiмделген қызметтi орындаудың қауiпсiздiгiн кепiлдендiредi; 
      ядролық қондырғылар мен ядролық материалдарды физикалық қорғау қолданылып жүрген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады; 
      өтiнiш берушiнiң аварияға қарсы шараларды жүзеге асыруға арналған әзiрленген жоспарлары мен техникалық құралдары, жобада көзделген аварияның зардаптарын жоюға және бәсеңдетуге арналған жоспарлары мен техникалық құралдары болады; 
      өтiнiш берушiнiң оның қол жеткiзiлулiгiн, есеп жүргiзiлуiн, қолдан жасаудан қорғалуын, қажет уақыттың iшiнде сақталуын қамтамасыз ететiн техникалық құжаттамаларды ұстау жүйесi болады; 
      өтiнiш берушiнiң атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметтен мүмкiн болатын залалды өтеу, сондай-ақ ядролық қызметтi тоқтатқаннан кейiн қоршаған ортаның барлық элементтерiн оңалту үшiн қаржы қаражатын жинақтау бағдарламасы болады. 
      Жеке тұлғалар үшiн: 
      - өтiнiш берушiнiң Агенттiкте аттестациялауында расталатын қызметтiң мәлiмделген түрi бойынша жұмыстар жүргiзуге тиiстi бiлiктiлiгi мен тәжiрибесi болады. 
      Жеке адамға атом энергиясын пайдалану объектiсiне оның меншiк құқығын талап ететiн атом энергиясы пайдаланылатын қызметтердiң түрлерiне лицензиялар берiлмейдi. 

           III. Лицензияларды берудiң шарттары мен тәртiбi 

      8. Атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметтердi жүзеге асыру құқығына лицензиялар берудiң тәртiбi: 
      лицензиялар беру туралы өтiнiштi қарауды және лицензиялар алу үшiн ұсынылған құжаттарға алдын ала тексеру жүргiзудi; 
      ядролық және радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi негiздейтiн құжаттардың жиынтығын қоса алғанда лицензия алу үшiн ұсынылған құжаттарды қарауды;
      лицензиялардың қолданылу шарттарын белгiлеу арқылы лицензиялар берудi қамтиды.
      9. Агенттiкке лицензиялар алу үшiн белгiленген тәртiптерге сәйкес ресiмделген мынадай құжаттар:
      Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен нысан бойынша лицензия беруге арналған өтiнiш;
     лицензиялық алымды төлегендiгiн растайтын құжаттар;
     заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелгендiгi туралы куәлiктiң көшiрмесi;
     құрылтай құжатының көшiрмесi;
     оларға сәйкес қызметтiң мәлiмделген түрлерiнiң қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлетiн ұйымда қабылдаған нормативтiк-техникалық құжаттамалардың тiзбесi;
     санитарлық қадағалау органдарының қорытындысы;
     экологиялық қадағалау органдарының қорытындысы;
     тау-кен-техникалық қадағалау органдарының қорытындысы ұсынылуы тиiс.
      10. Бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн негiздеу үшiн қажеттi басқа да мiндеттi құжаттардың құрамы қызметтiң әрбiр түрi үшiн Агенттiк бекiтетiн тiзбемен айқындалады. 
      11. Лицензиялар алуға арналған өтiнiштен, егер: 
      қызметтердiң белгiлi бiр түрлерiн жүзеге асыруға заң актiлерiнде субъектiлердiң аталған санаттары үшiн тыйым салынса; 
      Жарлықтың 16-бабына не басқа да заң актiлерiне сәйкес талап етiлетiн барлық құжаттар ұсынылмаса, Өтiнiш берушi көрсетiлген кедергiлердi жойған кезде өтiнiш жалпы негiздерде қаралады; 
      лицензиялар беру үшiн алым енгiзiлмесе; 
      өтiнiш берушi Жарлықтың 15-бабына сәйкес белгiленген талаптарға жауап бермесе; 
      өтiнiш берушiге қатысты соттың оған қызметтiң аталған түрiмен айналысуына тыйым салатын шешiмi болса "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 17 сәуiрдегi N 2201 Заң күшi бар  U952201_  Жарлығының (бұдан әрi - Жарлық) 19-бабының 1-тармағына сәйкес бас тартылуы мүмкiн. 
      12. Агенттiк өтiнiштiң материалдарын алған сәттен бастап 10 күндiк мерзiмде өтiнiш берушiге оның қабылданғандығы немесе бас тартудың себептерiн көрсету арқылы бас тартылғандығы туралы хабарлайды. Өтiнiш берушi құжаттарды пысықтағаннан және түзеткеннен кейiн осы Ережеде белгiленген тәртiппен тағы да өтiнiш бере алады. 
      13. Агенттiк өтiнiштiң материалдарын қарау процесiнде лицензиаттың мәлiмделген қызметтердi қауiпсiз жүзеге асыруы үшiн қажеттi шарттардың болуын және жеткiлiктiлiгiн тексеру мақсатында өзiнiң шешiмi бойынша мәлiмделген қызметтердiң объектiлерiне инспекциялар жүргiзе алады. Инспекциялардың жұмысына басқа ұйымдар мен ведомстволардан сарапшылар тартылуы мүмкiн. 
      14. Агенттiк ұсынылған материалдардың жеткiлiксiз негiзделуi жағдайында лицензиаттың мәлiмделген қызметтiң қауiпсiздiгiне қосымша негiздемелер ұсынуын талап етуге, сондай-ақ ұсынылған материалдардың ғылыми-техникалық сараптауын жүргiзуге құқылы. 
      15. Ғылыми-техникалық сараптауды Агенттiк тағайындаған сарапшы немесе ұйым жүргiзедi. 
      16. Құжаттарды қарау мен лицензияларды ресiмдеу инспекциялар мен сараптаулардың қорытындысын қоса алғанда барлық негiздеушi құжаттар тiркелген күннен бастап 1 айдан кешiктiрiлмей аяқталуы тиiс. 
      17. Өтiнiштiң материалдарын қараудың нәтижелерi бойынша Агенттiктiң басшылығы бекiтетiн мәлiмделген қызметтердiң белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгi немесе сәйкес еместiгi туралы қорытынды ресiмделедi. 
      18. Лицензия Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен нысан бойынша 2 данада ресiмделедi және Агенттiк пен өтiнiш берушiде (бiр-бiр данадан) сақталады. 
      19. Атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметтердi жүзеге асыру құқығына арналған лицензиялардың қолданылу шарты мәлiмделген қызметтердiң ерекшелiктерiн ескере отырып өтiнiш берушiнiң қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгi мен құрамына, қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге, қоршаған ортаны, қызметкерлер мен халықтың денсаулығын қорғауға арнаулы талаптарды айқындайды және оның ажырамас қосымшасы болып табылады. 
      20. Агенттiк лицензиаттың лицензияның қолданылу шарттарын сақтауына мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асырады және олар орындалмаған жағдайда өз құзыретiнiң шегiнде санкциялар қолданады. 
      21. Лицензияларды бергеннен кейiн қауiпсiздiкке әсер ететiн жаңа факторлар анықталған жағдайда немесе лицензиялардың иесiнiң өтiнiмi бойынша Агенттiк оның қолданылу шартын түзете алады. 
      22. Берiлген лицензиялардың қолданылуы лицензиат лицензиялардағы талаптарды орындамаған жағдайда 6 айға дейiн мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкiн және лицензиар лицензиялардың қолданылуын тоқтата тұрған себептер жойылмаған жағдайда немесе сот лицензиатқа ол лицензия алған қызметтi жүзеге асыруына тыйым салған жағдайда тоқтатылуы мүмкiн. 
      23. Агенттiк лицензиялардың қолданылуының тоқтатылғандығы немесе олардың керi қайтарылып алынғандығы туралы жазбаша нысанда лицензиатқа, санитарлық-экологиялық және тау-кен-техникалық қадағалауды жүзеге асыратын органдарға хабарлайды. Керi қайтарып алу туралы құлақтандырылғаннан кейiн 10 күндiк мерзiмде лицензия Агенттiкке тапсырылуы тиiс. 
      24. Лицензиат лицензиялар беруден бас тартылуына немесе оның қолданылуының тоқтатылуына сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады